БОСАҒАҒА ЖЕРЛЕНГЕН ҮМІТтЕР МЕН КҮДІКТЕР
Батыс пен Шығыс. Дөңгеленген дүниенің қос тарабы. Екі бағытқа меңзейтін мекен. Өркениет өрісі, сана сарабы, өнер өрнегі өзінше екі бөлек әлем.
Ақын Мирас Асан «Мен батысты Еділбекше түйсінем» дегенінде ойланып қалғаным рас. Еділбек Дүйсеннің «Қалалық құстар» кітабын бірнеше қайтара қолға алғанда бұл анықтаманың жайдан-жай айтылмағанына көзім жетті. Дегенмен Еділбектің батысқа деген сүйіспеншілігімен қатар, сол батыстың дәстүрден қол үзіп қалған қалыбын бойына дарытпағаны, қайта қазақтың төл дүниетанымына, ділі мен діңгегіне арқа сүйегені қуантты.
Осындайда Абай, Гете сынды ұлылардың шығыс пен батыс ақыл-ойының синтезінен туғызған толағай теңізі – Морис Мерло-Понти, Мартин Хайдеггерлердің Батыс пен Шығысша ойлау жүйелерінің арасына алтын көпір салып, оларды тоқайластыруға ұмтылғаны еріксіз еске түседі. Осы алып мұхиттардың тамшысын таңдайына татытып үлгерген Еділбек қалайша тек батысқа ғана көзсіз бас ұрсын?!
Жарығым…
Бір күні
Естеліктерімді босағаға жерлеп,
Ырымдарым мен тыйымдарымды
босағаға жерлеп,
Үміттерім мен күдіктерімді
босағаға жерлеп,
Ойым құсеттенген күйде,
Уақыттың гүлдегенін күтіп,
Табалдырықта отырсам…
… Түннің жеті пердесінен өткен,
Жердің жеті қабатынан жеткен
Бір үн «Сен біржол
жаратылғансың» десе…
Құдайдан ұмытуын сұраған,
Санамның ол жаққа
аяқ баспауын сұраған
Күнәмнің
Босағаның іргесінен өсіп
шыққанын көрсең…
Не ойлайтының ауыр, жарығым!
Не істейтінім қызық, жарығым!
Қазақта босағаны керме, табалдырықты баспа, маңдайшаға артылма дегендей ырым-тыйымдар бар. Осының бәрі Босаға ұғымының халық зердесінде қаншалықты сакралды екенін білдірсе керек.
Бір кездегі осы ырым-тыйымдардың, салт-жоралғылардың мазмұны бірте-бірте көмескіленіп, осы кезеңге ішкі мәнінен айырылған, тек іс-әрекеттік, сыртқы сипаты ғана жалаңаштанған күйде жетіп отыр. Тыйымдардың шығу төркінін, түп себебін тәпіштеп түсіндіріп беруде қиналатынымыз да сондықтан.
Қазақ ұғымында әркімнің өз босағасы – жер кіндігі. Адамның бар үміті мен үрейі, сенімі мен күдігі, тіпті босағаға басын иіп кіріп, шалқалап шығатын өмірі мен өлімі де сол босағаға байлаулы. Сондықтан ақынның барлық естелігін, бар салт-санасын босағаға жерлеуі – төл таным. Мұны адамның өзіне дейінгі ата-бабаларынан жалғасып жеткен, өзінен кейінгі ұрпақ-ұрқына ұласатын, «ұжымдық түпсанамыздың» шөгінділерінде қатталған, дәміл-дәміл сана деңгейіне қалқып шығып тұратын, ғасырлардың ұзына бойына тартылған үзілмес желі ме дерсің.
Ол табалдырықта отыр. Жай отырған жоқ, «Уақыттың гүлдегенін күтіп отыр». Табалдырық – екі әлемнің шегі түйісетін жер, екі уақыттың тоғысы, екі кеңістіктің соңы мен басы. Өмір мен өлімнің, бұ дүние мен о дүниенің, пәни мен бақидың алтын аралығы. Иен мазмұнды ішіне сыйғызып тұрған емеурін. «Табалдырықтан асқан тау жоқ» дегенде бабаларымыз алғашқы адымды жасаудың ауырлығын да меңзеген болар.
Табалдырықта отырып құлағына (бәлкім, көкейіне!) «Түннің жеті пердесінен өткен, Жердің жеті қабатынан жеткен» үн мүмкін біздің ішімізден, жанымыздың тоғыз қабат тереңінен шыққан дауыс болар. Сол дауыс айтатын «Сен біржола жаратылғансың» дегенді адамзат баласы қолынан келсе шындыққа айналдырар еді. Өйткені пәлсапаның тасын, мәңгіліктің суын іздеп сабылған адам жер бетіндегі шексіз өмірдің ақыры қаншалықты ауыр болатынын түсінгісі де, түйсінгісі де келмейді. Өлімді қасірет санайды, ажалдан игілік көре білмейді. Адам біржола жаратылған болса, расында оны Құдай ұмытып кеткен болар ма еді?! Адам біржола жаратылған болса, жер беті күллі пенденің күнәсінің салмағын көтере алар ма еді? Ойлаудың өзі қорқынышты!
Міз бақпай мәңгі тұрмақ болады
Күн – көк еркесі,
Жерді тұтас жапсам дейді
жапырақтың көлеңкесі
(«Балкон.Сәт» өлеңінен).
Бұл – мәңгілік өмірге жетуді армандаған бүгінгі адамзаттың асқынған амбициясы. Адам эгосының үлкейгені соншалық, ол «күн батып бара жатқан мезгілдегі көлеңкесінің ұзарғанына қарап, өзін ұлымын деп ойлап» жүр (Пифагор).
Бесігінен аунап кетіп боранның…
Құлап түскем нәжісіне қоғамның.
О, Боз жусан!
Қырауыңнан сілкініп,
Құшағыңа алшы мені,
Оралдым! – дейді Еділбек («Қыс. Дағаджукке оралу» өлеңінен).
Ілкі түптің тағы бір рәмізі ретінде Боз жусанның бәсі биік! Біздегі дәстүршілдіктің бір діңі – осы Жусан ұғымында жатыр.
Бүкіл дүниенің жұмбағы бірте-бірте ашылған сайын, имансыз ғылым сакралды нәрсенің бәрін сыпыра күреп келе жатқан бүгінгі әлемде киелілігінен айырылған дүние жалаңаштанып бара жатқандай. Әрине, бұл қараңғылықты аңсау емес, өркениет өрісінде осы жаратынды дүниенің иесі адам болып отырғанымен, киесі де бар екенін ұмытпасақ деген ой. Осындай шақта бізді құтқаратын – тағы да ұлттық архетиптерге арқа сүйеу.
Бұл өлеңдегі Жусан шөптің өзі ғана десек қателесеміз. Сьюзен Лангерше айтқанда, бұл жердегі Жусан сол объектінің өзі емес, объект туралы концепцияны сақтаушы, көне дәстүрлер туралы ұғымдарымызды бойына сыйғызушы. Еділбек бұл жерде тазарудың, жаңғырудың, жаңарудың жолы ен бастауға оралу екенін меңзейді.
Меңзей отырып, қазақтың сонау есте жоқ ескі заманынан бүгінге дейінгі сеніми жоралғыларын үш шумаққа сыйғызып бере қояды. Соның бір шумағында:
Әлі есімде…
Жел үйірген қоқыс ішінен ұшқан
тарғыл шүберек
Ауыл үстін айналып жүріп
Кетеуі кеткен ескі бағанаға ілінді.
Содан бастап тарғыл түс
ұранға айналды,
Тарғыл шүберек жалауға айналды.
Ескілік – беріктік мәніне ауысты,
Бағана қасиетті ағашқа айналды, – дейді («Ұйқысырау» өлеңінен).
Мұнда бір мысқал да пафос жоқ, өткен шақтан ұлылық іздеу, көрегендік көру, биікке көтеру, асқақтату, бас ию, осының бірі де жоқ. Ғасырлардың аралығын көлденеңінен көктей өтіп, көнедегі мифтік жасампаздыққа түгелдей, бүгінгі суық ақыл, салқын сана көзімен қарайды.
… Құдай туралы ашық айтудан
қорықтым,
Кейін ашық айтпаудың құдірет екенін
түсіндім
(«Ұйқысырау» өлеңінен).
Иә, адамның құдайлық сенімінің, діни пәлсапасының ең басты негізгі діңгегі де осы емес пе?! Дабыра дін, миссионерлік мұрат, алдамшы құлшылық, ғибратсыз ғибадат кімге керек? Ашық айтпау – ең алдымен өз үніңді ести алу, өз ішіңмен сырласу, өзіңді іздеу арқылы Құдайды табу. Осыдан артық қандай құлшылық керек!
Әуел баста маңайына көз жіберіп, табиғат метафизикасы туралы ойланған Адамзат натурфилософияға ден қойды, өзінің сыртқы жаратылысына назар салып, білектің күші мен келбетіне зейін танытты, бұлшық еті білеуленген жалаңаш кеуделі таңданарлық мүсіндердің талайын өмірге әкелді, оларды өзінің кемел кейіпкері санады. Кейін адамның қоғамдасуы, ғылыми индустрияның өркендеуі, еңбек ұжымдарын қалыптастыру, ортақ мақсат-мүддедегі адамның орны мен рөлі, қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынасы туралы әңгімеге назары ауғанда, оның мәдениет пен өнерге қандай ықпал тигізгенін жақсы білеміз. Қазіргі дәуірде ғылым макроәлемнен микроәлемге, кванттық құбылыстардың құпиясына бет бұрған шақта өнер де адамды қоғамның мүшесі деп қана емес, оны дара тұлға, жан дүниесі түпсіз тұңғиық индивид ретінде қарастыра бастады. Адам «Мен әлемнің ішіндемін, әлем менің ішімде» дейтін болды. Индивидуализмнің сүрлеуіне түсті. Басқаларда біршама бұрын салынған осы бір сүрлеудің бізге жайырақ жеткен жаңғырығы қазіргі поэзияда молынан байқалады.
Бүгінгі ақындарды қоғамның мұңынан бұрын өз мұңын алдыға шығарады дейтін пікірді ара-тұра естіп қалып жатсақ, оның бір себебі осында жатса керек. Ол ортасының, қоғамының, заманының зарын өз меніне орап береді. Айырмашылығы – сол!
Гүлдер!
Сап түзеп, тұрыңдар тапжылмай,
Сүйікті һәм сүйкімсіз
Отанды былғағанға дейін.
Мен сендерді көз жасыммен суарармын,
Қарашығым құрғағанға дейін
(«Гүлдер, қашпаңдар!» өлеңінен).
Ал осы өлеңде ақын өзін ғана айтып отыр ма, әлде алмағайып заманның бедеріндегі туған елдің ахуал-жайттарына жан ауыртып отыр ма? Бұл жанарының соңғы жарығы біткенше, кеудесінің соңғы сәулесі сарқылғанша, жанкештілікпен қызмет қылуға деген ниет емей немене?! Және бұл жай ғана жастық алыпұшпалықпен айтыла салған қызу лепес, қызба сөзге ұқсамайды. Бұл «Жаным менің, кеудемді жарып шық та, Бозторғайы бол оның шырылдаған» деген Мұқағали үнінің жаңа замандағы жаңғырығы.
Еділбектің өзі жаралған жер кіндігінің ата-бабалық алтын тамырына берік байланып үлгергенін пайымдадық. Пайымдадық та сөзіміздің басында тілге тиек еткен Батысқа да, Шығысқа да ен бойлап, еркін шарлап, ізденуінен тек қана игілік көрдік. Себебі оның түптің түбінде қайтып оралар қазығы бар.
Сағыныш Намазшамова,
ақын