«ҚИЛЫ ЗАМАН» ШЕРТКЕН СЫР
Тәуелсіздік деген аяулы ұғымды ауызға алғанда, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов сынды ұлт азаттығы жолындағы ұлы күрескерлерді еске алмай сөз қозғау, әсте мүмкін емес. Бұл – уақыт-ағзам өз бедерін салған тарих тарамдары алдындағы әділетсіздік те болар еді. Осы жауапкершілікті терең сезінген Жамбыл облыстық драма театры труппасының Астанаға бағыт бұрған бұл жолғы өнер сапары тұтасымен Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына арналыпты. Шығармашылық ұжым елордалықтар назарына Мұхтар Әуезовтің қос бірдей классикалық туындысы – «Еңлік-Кебек» трагедиясы (қоюшы-режиссері – Ерсайын Төлеубай) мен «Қилы заман» (инсценировка авторы – Нұрлан Оразалин, қоюшы-режиссері – Болат Ұзақов) тарихи драмасын ұсынды.
Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойына орай, Елорда төрінде араға апта салмай ат арытып келіп жатқан облыстардың мәдени көші, шын мәнінде, Астананың рухани өміріне үлкен серпіліс сыйлап, өзге облыстардың рухани тынысымен танысуға сауапты себепкер болуда. Өткен аптада біз тамашалаған Тараз театрының өнері ойымызға толық дәлел болатындай.
«Еңлік-Кебекті» республиканың бірқатар театрынан оқтын-оқтын тамашалап жүргенімізбен, «Қилы заманмен» сахнада сирек «жолығысамыз». Себебі, «Қилы заманның» сахналық қана емес, әу бастағы әдеби туынды ретіндегі жолы да қиын болды. Сондықтан болса керек, тарихтың қиын да қатпарлы, қасіретті жылдарынан сыр қозғар қойылымға жиналған халықтың да қарасы көп. Романның сахналық нұсқасын түзуші автор – Нұрлан Оразалиннен бастап, қазақ руханияты мен саяси әлемінің бір топ қайраткерлері театрға келіп, Тараз театры ұсынған «Қилы заманды» тамашалады.
«Қилы заман» – халқымыздың қасіреті, азаттыққа ұмтылған Алаш дейтін айбынды жұрттың сонау 1916 жылы болған көтерілісі, ұлы даламыздың жартысын алып кеткен алмағайып кезеңі жөнінде жазылған шығармалардың бірегейі. Мұхтар Омарханұлы Әуезов бұл шығарманы жазған кезде небәрі 30-ға жетер-жетпес жастағы қазақтың жоғын жоқтаған болашақ ұлы классигі еді. Сол кездің өзінде қаламынан қаншама шығармалар туып, елдің игілігіне айнала бастаған кезі болатын. Бірақ «Қилы заманның» жолы ауыр болды. Егер де Әуезов бұл шығармадан бас тартпаса, түрме түбіне жетер еді немесе атылып тынар еді. Қазақтың әдебиеті, бүкіл көркем сөзіміздің қасиеті, құнары – ұлы Абай хақындағы «Абай жолы» шығармасы жазылмай қалған болар еді сонда. Бірақ Мұхтар Әуезов Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш көсемдерінің – аяулы ағаларының ақылын тыңдап, өзінің қос шығармасы: «Хан Кене» мен осы «Қилы заман» романынан өз еркімен бас тартқан еді. Бірақ Мұхаң өсіп келе жатқан ұрпақтың тектілігіне, шығармаларын ақтап аларына сенді, сенді де осы жолды таңдады. Сөйтіп, Мұхтар Әуезовтің өзі түрмеден шыққанымен, аталған қос шығарма ақталмай, 40 жыл бойы түрмеде жабулы жатып қалды. Тек 1972 жылы ғана, араға 40 жыл уақыт салып барып, Мұхаңның ұлы шәкірттерінің бірі – Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов шығармаға араша айтып: «Бұл – әлемдік жауһарлардың қатарына қосылған, табиғаты да, жаратылысы да бөлек туынды» деген баға беріп, өзінің ұстазы алдындағы шәкірттік үлкен міндетін атқарды. Соның арқасында «Қилы заман» өмірге қайта келді».
Ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің «Қилы заманға» қатысты айтқан бұл пікірі шын мәнінде абыз жазушының мұрасына деген жанашырлықтан туған еді. Өйткені, шығарма ақталғаннан кейін, араға аз ғана уақыт салып, қаламгер шығармасын қайта жаңғыртпаққа бағытталған талпынысы – бүгінде сахна әлемінің үлкен олжасына айналып отыр. Әрине, әу баста баяндау стилінде жазылған романды сахналық жүйеге келтірудің оңай болмағанына қарамастан, тәуекелге бел буған ақынның еңбегі тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана өз діттеген мақсатын бағындырып, алғаш рет 1997 жылы режиссер Әубәкір Рахимовтың сахналауында көрерменімен қауышты. Бұған дейін Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің қолдауына ие болып, 1987 жылы көреген режиссер Қадыр Жетпісбаевтың саханалауға ниеттенген талпынысына қарамастан, «Қилы заман» көрерменге жетпей, жоспардан сызылып қалды. Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жаңаша түлеп, сілкінген рухани санамыздың арқасында 1997 жылы тұңғыш рет сахнаға жолдама алды. Одан кейін де араға бірнеше жыл салып, «Қилы заманның» М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Ә.Рахимовтың режиссурасымен қайта жаңғыртылғаны болмаса, бұл шығармаға күні бүгінге дейін тісі бата қойған режиссер болған жоқ. Міне, сол сеңді бүгін режиссер Болат Ұзақов бұзып, Жамбыл облыстық драма театры сахнасындағы жұмысымен астаналық көрерменнің бағасын алуға келіпті.
«Қилы заман» – Мұхтар Әуезов шығармашылығының алғашқы кезеңінде жазылса да, көркемдік һәм мазмұндық тұрғыдан жазушының кейінгі кемелденген шағында жазылған туындыларына дес бере қоймайды. Шығармадағы оқиға реалистік суреттелуімен, шынайы баяндалуымен құнды. Отарлаушы үкіметтің бір ғана қазақ елі емес, күллі адамзат қауымына жат саясатын дәл Мұхтар Әуезовше тереңнен талдап, сараптама жасаған шығарманы кейінгі қазақ әдебиеті тұрмақ, күллі Кеңес әдебиетінен кезіктіре қоюыңыз екіталай. «Қилы заман» арқылы қазақтың басынан кешкен қасіретті кезеңін ғана емес, қаламгердің ұлт алдындағы қазақ елінің төл перзенті ретіндегі ұлтшыл мінезін, биік махаббатын да жазбай тануға болады. Қылышынан қан тамып тұрған кезеңдегі жазушының көзсіз батырлығына да осы шығарма дәлел болатындай. Қырық жыл бұғауда жатқан «Қилы заманның» қиындау жолы бізге сонысымен күрделі, сонысымен қымбат. Тараз театрының елордалық көрерменге әкелген кезекті қойылымынан да біз Алаш арыстары кейінгі ұрпаққа – бізге аманаттап кеткен сол ірілікті көрсек деген асқақ арманның жетегінде асықтық. Тәуелсіз ұрпақтың жаңа заман көзқарасында ұсынған жаңалықтарын көріп, тұшынбаққа шымылдықтың ашылуын тағатсыздана күттік. Сезім алдамаса, үміт күйремесе дедік…
Болат Ұзақовты соңғы кезде тарихи тақырыптарға тереңнен бойлап жүрген режиссер ретінде көрермен жақсы таниды. Әсіресе, жазушы-драматург Думан Рамазан екеуінің арасындағы шығармашылық тандем театр мамандары тарапынан жылы қабылданып жүр. Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында қойылған «Кенесары – Күнімжан», «Абылайханның арманы» тарихи драмалары сөзімізге дәлел. Ол мүмкін труппаның мықтылығынан, мүмкін астаналық көрерменнің талғамынан болар… Бірақ Болат Ұзақовтың облыстық театрларда жасаған жұмыстарын дәл Астана театрындағыдай сәтті шықты деп айта алмаймыз. Мәселен, Шығыс Қазақстан облыстық драма театрындағы « Керей – Жәнібек», бүгінгі Жамбыл облыстық драма театрымен қойған «Қилы заман» қойылымдарын, өкінішке қарай, ауыз ашқызып, көз жұмғыза қаратарлық көркемдік биіктен көре алмадық. Әрине, труппа бөлек, мектеп басқа. Салдары да бірден көзге ұрады. Режиссер қойылымның өн бойына шығармадан тыс та тың деректер қосуға талпынған. Жаңаша көзқарас пен соны сараптауларға барғысы келгенін де байқауға болады. Бірақ уақыт пен дәуірдің ерекшеліктерін ескермеудің салдарынан, қойылымның, жалпы, көркемдік көрінісі шашыраңқылыққа жол берген. Әсіресе, кейіпкерлердің сахналық костюмдеріндегі уақыт пен дәуір шарттылықтарының, аймақтық ерекшеліктердің ескерілмеуі қойылымды тұтастай эклектикаға ұрындырған. Бірақ соған қарамастан, спектакльдің жалпы сценографиялық шешіміндегі кейбір бейнелі айшықтаулар аталған кемшіліктердің тігісін жатқызып, олқылықтың орнын толтыруға жарады. Мәселен, сахнадағы шаңырақ пен уықтардың қиым-әрекеттік шешімдері спектакльдің жалпы динамикасына оң әсер етіп, бірсыдырғылықтың алдын алуға айтарлықтай септігін тигізді. Қозғалмалы шаңырақ пен уық қойылым динамикасынан бөлек, алмағайып заманның аумалы-төкпелі көңіл-күйін, шаңырағы шайқалған, ошағының оты өшкен, ертеңі бұлыңғыр, келешегі күңгірт халықтың толқымалы сезімдері мен қаупін жеткізуде сәтті бейнелілікке қол жеткізген. Сол арқылы режиссер ұлттың не өмір сүруі, не жойылуы керектігі тезге салынған 1916 жылдың күдік пен қорқыныш қатар қабаттасқан аласапыран күйін көрсетуге ұмтылған деп түйдік. Қасиетті тақырыптың алдындағы жауапкершілік режиссерді де, шығармашылық труппаны да бейжай қалдырмаса керек, сахна шарттылықтарын ұстануға барынша тырысып жүр. Әйтсе де, актерлік шеберлік пен үн, дыбыс құбылту жағынан кетіп жатқан олқылықтар да қойылымға өз деңгейінде салқынын тигізбей қоймады.
Ал спектакльдің музыкамен көркемделуі жағына тоқталсақ, оқиға әсерін беруде режиссер Сыдық Мұхамеджанов пен Әбиірбек Тінәлінің әуендерін пайдаланыпты. Олқы деп айта алмаймыз, әйтсе де, режиссер зар-мұңды әнмен жеткізгісі келді екен, ендеше, фонограмманың көмегіне тым-тым жиі иек артпай, жанды дауыста хордың мүмкіндігіне жүгінсе, қойылым бұдан да бірнеше есе әсерлілікке қол жеткізер ме еді деген тілек кетті ішімізде. Сонымен қатар, соңғы кезде тарихи қойылымдардың түйінін эстрадалық әуенмен түйіндейтін бір түсініксіздеу әдет пайда бола бастағанын көптеген облыстық театрлардың жұмысынан байқап қалып жүрміз. Әрине, тақырыбы ауырлау қойылымның мұңлылау әсерінен көрерменді осылай арылтпаққа бағытталған психологиялық әрекет те болар. Бірақ дәл сол деңгейде спектакльдің көркемдік сапасына сұлулық үстеді дей алмаймыз. Керісінше, жанды өнердің бар жақсысын жапырып тастағандай, түсініксіз сезімдерге ұрындыратынын ескертуге тиіспіз. Осы сынды азды-көпті кемшіліктерді ескермегенде, жалпы, Тараз театры труппасының «Қилы заман» сынды тарихтың талайлы қатпарларынан сыр шертетін күрделі тақырыпқа барған батылдықтарын айрықша атап өткіміз келеді. Бұл жөнінде қойылымның режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов: «Астанадағы шығармашылық ұжымды, труппаның шама-шарқын білесіздер. Енді онымен салыстырғанда, әрине, Тараз театрындағы сахнагерлердің көбісінің әлі тәжірибесі аздау, жас мамандар. Бірақ соған қарамастан, барлығы жұмыс істеуге деген ынтасы, ізденгіштігі, бастысы, тарих алдындағы өздерінің перзенттік жауапкершіліктері мен құрметтері мені режиссер ретінде айрықша тәнті етті. Сондықтан бұл ұжыммен жұмыс істеу айтарлықтай қиындық тудырды деп айта алмаймын. Ал енді спектакльді қолға алудағы негізгі мақсатымызға келсек, ұлттың азаттыққа, бостандыққа деген рухын өшірмеу – бұл қойылымның басты айтар ойы, тірегі. Осы азаттық деген аяулы ұғым үшін бабаларымыз шыбын жанын шүберекке түйді. Қасық қаны қалғанша күресіп, өмірлерін тәуекелге тікті. Міне, сол үшін де бізге Тәуелсіздіктің бағасы теңдесіз, құны қайтарымсыз. Осыдан айырылып қалмауымыз керек. Кейінгі ұрпақ осы азаттығымыздың бағасын біліп, қадіріне жетсе деген ниетпен «Қилы заманды» қолға алған едік», – деп өзінің ой-пікірімен бөлісті.
Шымылдық жабылды. Көңілде көп ой қалды. Бабаларымыз артқан аманаттың, бүгінгі 25 жылдық Тәуелсіздігіміздің бағасын өз деңгейінде түсініп, соған сай қызмет ете алып жүрміз бе?..
Көңіл түкпірінде тұрақтаған сан сауалға жауап тауып үлгергенімізше болған жоқ, қойылым соңынан сөз алған шығарманың сахналық нұсқасын жасаушы автор Нұрлан Оразалин ойымызды оқығандай-ақ, тоқсан ауыз сөздің түйінін төмендегіше қорытты: «Қилы замандағы» есімдері аталған қайраткер тұлғалардың ұрпағы осы залда отыр. Солардың бірі – менмін. Менің бабаларым, менің аталарым сол Қарқара түрмесінде атылған кісілер. Олардың бәрін бүгінгі шығармада түгендеп жату мүмкін емес болды. Бірақ бүгінгі қойылым ұлттық қозғалыстың туын көтерген сол тұлғаларымыздың рухын, сонау Жетісу мен Тәңіртаудың бөктерін, Қарқараның қойнауын күңіренткен қанды оқиғаның куәсі болған жылдарды қазақтың қасиетті жаңа Астанасының төрінде қайта жаңғыртты деп есептеймін.
Бүгінгі біздің Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы жайлы сөз болатын болса, оның қайнарлары кім? Қайдан туды бұл идея? Тәуелсіздікке, азаттыққа жету дейтін – қасиетті сөз. Кенесарылар, кешегі өткен алаштың арыстары мен алыптары: Әлихандар, Ахметтер, Міржақыптар, Мағжандар, Мұхтарлар, Шәкәрімдер – міне, осылардың барлығы қазақтың басына бақ болып қонған ширек ғасырлық тойын атап өткелі отырған бүгінгі біздің Тәуелсіздігіміздің алғашқы баспалдақтары болатын. Қасиетті Қарқара, Торғай өңіріндегі, Созақ пен Әулиеатадағы көтерілістер – бұлардың барлығы тарихқа өзінің таңбасын салған, ұлттық санамыздағы азаттыққа деген ұмтылысымызды тәрбиелеген, халықтың рухын көтерген тарихтың тағылымды парақтары болатын. «Қилы заман» арқылы ұлы Мұхаңның айтқысы келгені де осы еді…».
Назерке ЖҰМАБАЙ.
Астана.