ӘУЕЗОВ – ӘЛЕМДІК ТҰЛҒА
30.09.2016
3173
0

rafatРафат ӘБДІҒҰЛОВ,
әдебиеттанушы

Қазақ  әдебиетінің, қазақтың жазба әдебиетінің, прозасының бір ғасырлық тарихы бар. Қазір,  Құдайға шүкір,  жазушылардың да, шығармалардың да саны көп.  Қазақ әдебиетін Әуезовсіз, оның «Қорғансыздың күні» әңгімесінсіз, «Көксерегінсіз», «Қараш-қараш оқиғасынсыз», т.б. классикалық драмаларынсыз, «Абай жолынсыз» көзге елестету мүмкін емес. Кеңес Одағында 70-ші жылдары өте үлкен шара жасалды. Әлем әдебиетінің 200 томдығын шығарды. Сол
200 томдықтың екі томы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы. Әлемдік кітапханада  екі томдық шығармалары берілген жазушылар некен-саяқ. Осының өзі Мұхтар Әуезовтің әлемдік әдебиеттегі орнын көрсетеді.

Ал енді әлемдік әдебиеттен М.Әуе­зовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының осындай орын алуы – қазақ әдебиетінің мәртебесін өте үлкен деңгейге көтеріп тастағаны анық. Қ.Сәтбаев: «М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ халқының бір ғасырлық энциклопедиясы», – деп атаған. Тіпті, бір ғасырдың өзі де бері сияқты. Мысалы, Қазақ хандығы­ның құрылғанына 550 жыл толғанын тойлап жатырмыз ғой, сол кезден бастап Құнанбай мен Абай өмір сүрген заманға дейін қазақтың негізгі тұрмысы, өмірі, этнографиясы, психологиясы көп өзгере қойған жоқ. Көшпелілердің психологиясын социалистік заманға дейін анық сақтап әкелген халықтың бірі – қазақ халқы. Әлемде көшпелі өркениет бар. Сол көшпелі өркениеттің ең бір таза үлгісі қазақ халқының өмірі. Қазақ халқының өмірін ең толыққанды, ең терең, ең дәл ең реалистік сипатта берген М.Әуезовтің шығармалары деп айтуға толық хақымыз бар. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ халқы өмірінің барлық қырларын қамтыған. М.Әуезовтің тұңғыш баспа бетін көрген «Қазақтың өзгеше мінездері» дейтін мақаласы 1917 жылы жазылған. Сол мақалада қазақ халқының этнографиясы мен этнопсихологиясын анық берген. «Қорғансыздың күні» жазылғанға дейінгі үш-төрт жылда М.Әуезовтің жиыр­ма шақты мақаласы қазақтың мінезін, этнопсихологиясын зерттеуге арналған. Қазақ этнопсихология ғылы­мының негізін салған М.Әуезов деуге болады. Көркем шығармаларын жазбас бұрын қазақтың психологиясын, ұлттық болмысын әбден зерттеген. Қазір осыдан 100 жыл бұрынғы М.Әуезовтің жазған мақалаларын оқып отырып, қазақты қалайша дәл танығанына, терең білгеніне таңғаласың. Ол мақалаларда жалған патриотизм мен романтика жоқ. Өте дәл талдау жасалған. Әрине, талдаулар сол замандағы әлемдік этнопсихология ғылымының жеткен деңгейлеріне негіз­деліп жасалған. Ал енді осындай білім М.Әуезовтің прозасына да ауысады. «Абай жолында» сол кездегі қазақ қоға­мы­ның тұрмысы, шаруашылығы, әлеу­мет­тік топтары – барлығы да талданған. Әр түрлі психологиялық топтар мен әр түрлі психологиялық мінездер бар. Құнанбай образына тоқталсақ – әлем әдебиетіндегі ең реалды, ең көркем об­раз­­дардың бірі. Шындықтан еш ауыт­қы­май, дәл берілген образ. Бір топ зерт­теу­ші­лер­дің, әдебиетшілердің, жор­нал­шылардың мақалаларында Құнанбайды Абайдан да жоғары қойып жібереді. Құнанбайдан өте бір әлемдік тұлға жасап жіберетін жағ­дайлар бар. Ондай емес, Әуезов Құнан­байдың образын өте дәл берген. Оның ақыл-ойы, қайраты, оның қулығы да өте терең суреттелген. «Абай жолы» роман-эпопея­сында ұлттық образдар өте көп. Ұлттық образ ретінде әжесі Зерені алайық, ше­шесі Ұлжанды алайық, бауырлары Тәкежан, Оспан бұлар көркем образ, дара тұлға, психологиялық анализ жасаудың ең шырқау шегіндегі образдар. Осындай образдардың ішінде Абайдың образы дара тұрады. М.Әуезов әлемдік өр­ке­ниетті, әлемдік әдебиетті, әлеуметтік философияның барлығын білді. Осы романды жазу арқылы қаламгер әлемдік образ жасағысы келген сияқты. Әлемдік образ – Абай образы. Мысалы өмірдегі Құнанбай мен «Абай жолындағы» Құнан­байдың бейнесі дәлме-дәл десем, Абайды дәл мұндай деп айта алмаймын. Абайды типтендірген, көптеген өмірлік деталь­дар­дың бәрін ала бермеген. М.Әуезовтің айтар ойы көп, солардың бәрін бір об­разға сыйғызуға тура келді. Мысалы: Құнан­байға, Тәкежанға, Оспанға немесе Базара­лыға сыйғыза алмайды. Сол ой­лар­дың бәрінің идеясын, арман-мүддесін Абай образына сыйғызған. Көркем образ – әдебиеттегі ең басты мәселе. Жазушы­ның шеберлігі көркем образды қалай беретін­дігінде. Жасанды образ жасауға да, қан мен сөлі шығып тұрған тірі образ жасауға да болады. М.Әуезов осындай тірі образ­дардың бүтін галереясын жасады. Олар­дың бірқалыпта тұрып қалғанын емес, қалай өсіп-дамығанын көрсетеді. Образдармен қатар, халықтың тұрмыс-тірші­лігін де дәл берген. Ауылдар ара­сын­дағы адам­дардың қарым-қатынасын да өте шебер бейнелеген. Ұлттық мінез­дерді де дәл жеткізе білген. Батыр халық мәрт халық деп айтып жатамыз ғой, осы қасиеттерді бойына жиған кейіпкердің бір түрі Оспан болса, бір түрі Базаралы. М.Әуезов Базаралы жайында да мәлімет­терді әбден жинаған. Әйтсе де, Базара­лының өмірін дәл өмірдегідей бейнелеген жоқ. Шығарманың көркемдік табиға­тына қарай өзгерткен. Бірақ өмір­дегі Базаралы «Абай жолындағы» образдан кем емес. М.Әуезов музейіндегі қол­жазбаларындағы бір мәліметте Базаралы атақты Барақ сұлтанға барады. Янушкевич керемет тұлғасына таңғалып, Геракл деген алып қара күштің иесін іздеп барып, онымен күресіп, жеңеді. Бір үйір жылқысын айдап әкетеді. Абай мен Ба­за­ралының арасында үлкен текетірес­тер болған. Базаралы Итжеккенге айдал­ған. Бұған қатысты деректер архив құжат­та­рында сақталған. Оның бәрін дәл сол күйінде келтірмесе де, осы­лардың арасынан іріктеп, ықшамдап алған. Біз М.Әуезовті әлемдік тұлға деп айтуымызға толық хақымыз бар. Гомердің, Толстой­дың қатарына қоюымызға әбден болады. Әрине, Гомердің өмір сүрген уақыты өте әріде. Оның шығармалары аса көлемді емес, қазақ эпостарының дең­гейінде. Бірақ сол дәуірді Гомерден артық суреттеген шығарма жоқтың қасы. Толстой орыс қоғамының барлық қырларын жан-жақты көрсетіп, суреттей білген. Әсіресе, дворяндар ортасы мен әскерилерді керемет ашқан. Ал саны анағұрлым көп шаруалар мен мещандарды және жаңа қалыптасып келе жатқан жұмысшылар ортасын аса суреттей қойған жоқ. М.Әуе­зов шығармашы­лы­ғында қазақ қоға­мы­ның барлық әлеуметтік топтары жан-жақты ашылған. Осы себептен де
Қ.Сәтбаевтың: «М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ халқының бір ғасырлық энциклопедиясы», – деген  сөзіне толықтай қосыламын.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір