Әлемдік су драмасы: қазақ қайтіп күн көрер?!
12.11.2021
982
0

«Қазақ әдебиеті»  газетінің   27  қазан күнгі  (№43, 2021) санында  Елдес  Орданың  «Каспий мен  Балқашты ойласам…» атты  Ібір-Сібір  су страгегиясын қозғаған   ойлы  мақаласы бізді бейжай қалдырмады. Дәл  осы  күні «Егемен  Қазақстан» газетінде  газет тілшісі Мұрат  Жетпісбайдың «Сырдарияның шынымен сарқылғаны ма?» атты  су  проблемасын  қозғаған  мақаласы  жарық көрді. Онда Арал-Сырдария бассейні суының азаюы әңгіме арқауына айналған.  

Адамзат тарихында  су үшін    талас  бұрынғы өткен  ғасырларда дәл бүгінгідей өткір  болмапты.  Бүгінгі таңда  урбанизацияның жедел дамуы  суға  адамзаттың  сұранысынының  аса  қажеттілігін  тудырып  отыр. Тарихи уақыттың  адам айтқысыз жылдамдықпен жылжып бара   жатқаны – дау туғызбайтын ақиқат. Оның  өн  бойында бір тамшы  судың  үлкен  басымдыққа  ие  екені  айқын. Бұл, әсіресе, жаһандық ақпараттық-коммуникация технологияларының өте жылдам әрі үздіксіз жаңаруынан, жаңа  өндіргіш  күштер мен адамзат  қоғамының жаңғыру  кезеңіне, қала  индустриясының  дамуы  мен урбанизация  дәуірінде зәрулікке  айналып  отыр.     Бұл қарқын алғашқы индустриялық революцияның қозғаушы күші  –  көмір мен будың біртіндеп жолдан шығып, екінші индустриялық революциялық  энергетикалық қуатына негіз болған мұнай мен көгілдір отынға, одан соң атом қуатына, енді міне, үшінші индустриялық революцияның  энергия иіріміне айнала бастаған балама қуат көздеріне орын босата бастағанынан анық байқалып тұр. Бұл құбылысты сонымен қатар, төртінші индустриялық  революцияның күретамырына айналып үлгерген  биотехнология, информатика және нанотехнология синтездерінен туындап жатқан   соны ғылыми  өркендеуден де көруге  болады. Осылардың  бәрінде судың  алатын  рөлі  айрықша  басымдыққа  ие.  Не істеу керек?

 

Әлемде 2 миллиардтай  адам ауыз  суға  зәру

 Осыдан  бірер  жыл  бұрын  АҚШ-та еліміздің сол  кездегі Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ шеңберінде Данил Тюркпен  кездесіп,   болашақтағы әлеуметтік  теңдіктің  ұтымды бағыты   туралы  әңгіме өткізген-ді.  Словенияның бұрынғы президенті Д.Тюрктің сол  тұстағы      адамзат қоғамын алаңдатып отырған мәселе туралы түсінігі көңіл  алаңдатарлықтай еді. Шынтуайтына сайсақ,  әңгіме  ауаны  адам  қызығарлықтай  емес. 

Д.Тюрк  өз тобының «Тірі қалу мәселесі» атты тұжырымымен жан-жақты  таныстырып,   Қазақстан  Сыртқы  істер министрін  осы  істе өзін  қолдауға шақырған.  Д.Тюрктің тобы  осы  мақсатта «Тірі қалу мәселесі» атты ғылыми  сараптамалық  еңбек жазып, оны ғаламдық деңгейде мемлекеттер басшылары мен көрнекті тұлғаларға таныстырған  болатын. Ол  өз еңбегінде  ғаламдық су мәселесі адамзаттың қоғамдық, құқықтық дамуы ғана емес, Жер бетінде тірі  қалудың өзі қауіпті екендігін көрсетіп  берген. Демек, алдағы  уақытта  су мәселесін шешпесе адамзаттың тірі қалуының өзі күрделі  мәселеге айналуы мүмкін. «Бұл мәселені кешенді түрде, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың араласуымен жаппай қатысып, шешуді қолға алуымыз керек.   Дипломатиялық сала бойынша халықаралық құқық негізінде жаңа институттар құрып, табиғаттың  бет алысын, қоршаған ортаны бақылау ісін дереу қолға алғанымыз абзал. Біздің тобымыз осы жұмыстарды іске асыру үшін нақты ұсыныстар дайындады. Су қатерінің алдын алу  –  жекелеген бір елдің емес, жалпы ғаламдық мәселе екенін  мойындап, оны шешуге бәрі де атсалысуы керек», – дейді Д. Тюрк. Егер  ядролық қару жер  бетіндегі  тіршілік  атаулыны  бір-бірлеп  өлтірсе,  су  жетіспеушілігі  адамзаттың өзін өзі өлтіруіне  әкеліп  соғатынын  ұмытпауға тиістіміз.

XXI ғасырдың алдағы 40 жылында әлемдік геосаясат пен халықаралық қатынастардың да, қаржы жүйелері мен экономикалық байланыстардың да, сол сияқты, ғылым мен мәдениеттің, қоршаған орта мен әлем қауіпсіздігінің болашақ болмысының қалай өзгеретіні жайында салмақты да салиқалы пікірлер түйінделген.  Сараптамалық  зерттеуде  қоршаған ортаның күйреуі, денсаулық сақтау саласындағы  төңкеріс, әлемнің дамыған елдеріндегі теңсіздіктің үлғаюы және алдағы 40 жылдан соң әлемнің қай елінің экономикасы басымдыққа ие болады? – деген өзекті сауалдарға  жауап  ізделген.  Оған 20 сарапшы ғылыми түрде  талдау жасай отырып, әлемнің 2050 жылдарға дейінгі болмысы жан-жақты  суреттелген. Нәтижесі  үрей тудырады.

Бүгінгі таңда адамзат су драмасының алдында тұр. Д.Тюрк тобының болжамына зер салсақ,  әлемде екі миллиардтай адам ішетін таза ауыз суға зәру екенін көреміз. Соның ішінде әлемнің түрлі кикілжіңдер мен соғыстардың  кесірінен тұрақсыздық жайлаған аймақтардағы ахуал тіпті көзге  ұрып тұр. Қарсыласушы жақтар су жүйелерінің нысандарын торуылдап, оның ағысын  бұрып,  оны қарсыластарына қарсы қару ретінде пайдаланып  жатыр. Оның үстіне аймақтардағы демографиялық өсім де су тапшылығын арттыруда. «Біз Таяу Шығыстағы Палестина мен Израильдың  арасындағы  басты проблема  су  мәселесінен  туындап  отырғанын  қаперімізге  алғымыз  келмейді. Жерді  бөлуге  болады, ал  суды  қалай  бөлесің? Бұрынғы  Кеңестер  одағында 110  өзен болыпты, ал Израильде  1-ақ  өзен бар. Оның  өзі  аймақтағы екі  мемлекеттің  иелігіндегі  өзен. Мұндайда  су  қоймасы  ауданында  шекара  жүргізу  аса  қауіпті  екені  айқын. Саясаткерлердiң ойлары бойынша таяу болашақта мұнай, газ, уран соғысының соңы су соғысына жалғаспақ көрiнедi. 2007 жылы БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның «Әлем су үшiн соғыстың алдында тұр» деп айтқаны бар. Мәселенiң маңыздылығын ескерген БҰҰ 2005–2015 жылдарды су проблемаларына арнап отыр.

Мәртебелi ұйымның мұндай маңызды мәселеге 10 жыл бөлуi – Еуропа құрлығындағы Португалияның құдайы көршiсi Испанияны өзiне тиесiлi өзен суын ұрлағаны үшiн айыптап, олардан өтемақы ретiнде 6 миллион евро талап етуiнен шыққан айтыс үлкен дауға айналуы себеп болған едi. Бiр тамшы судан үнем жасайтын португалдықтар сонда «Испания суды шектен тыс пайдаланады» деп кiнәлапты. Соңғы 50 жылда әлем елдерiнiң арасында суға қатысты 200-ден астам келiсiм-шарт  жасалынған. Алайда оның орындалмауынан 32 рет даулы мәселелер туындап, күш қолдану әрекеттерiне жол берiлген. Мәселен, Африка құрлығындағы ең үлкен өзен – Нiлдiң суын 9 мемлекет пайдаланады. Олардың iшiндегi ең алып елдер Судан, Египет, Эфиопия арасында су үшiн үнемi дүрдараздық айтыс туындап жатады. Кейде айтыстың соңы қарулы қақтығыстарға ұласып жүр.

1946 жылы Түркия, Сирия және Иран арасында да су мәселесiнде даулы жайт туындап, ол ұзақ уақытқа дейiн шешiмiн таппай келдi. Бiр ендiкте жатқан Сирия, Түркия, Ирак Тигр мен Ефрат өзендерiнiң су қорын пайдалануда ортақ келiсiмге келе алмады. Сол тұста ресми Ирак пен Сирия Түркияны «суды ретсiз пайдаланады» деп қатаң сынға алған болатын. Осы мәселелердi өз бастарынан өткерген Түркия осыдан екi жыл бұрын Қазақстан Республикасы Үкiметiне Орталық Азиядағы су бөлiсiн реттеуде маңызды ұсыныстар бiлдiрген едi. Соның арқасында Қазақстан Көксарай су қоймасын салуды қолға алды. Бұл шара дер кезiнде қолға алынған iргелi іс болып отыр. Су үшiн күрес көршiлес өзбек, қырғыз, тәжiк елдерінің арасында да күйiп тұр.

Адамзат  қоғамына   XXI ғасырдың ортасына дейін азық-түлік қорын 50 пайызға дейін  арттыруға тура келеді.  Жер  оны  көтере  алады. Ол үшін  алдымен су мәселесін шешпесе,  ондай мақсатқа қол жеткізу қиын. Сондықтан да халықаралық қоғамдастық су мәселесі жөніндегі  ықпалдастықты жаңаша көзқараспен бағалап, оны түбірімен   өзгерту керек», – дейді жоғарыдағы  Д.Тюрк тобы. Ол үшін   БҰҰ Бас Ассамблеясы мемлекеттер арасындағы су пайдалану жөніндегі ынтымақтастықтың нақты басымдықтары бойынша барлық қырларын қарастыруы  қажет. Өз кезегінде аталмыш құбылыстардың геосаясатқа да, мемлекетаралық қарым-қатынастар мен әлемдік нарықтарға да, сол сияқты азаматтық қоғамның жаңаша қалыптасып, адамзат ой-санасының жаңаша дамуына да тікелей  әсер ете бастағаны күмән тудырмайды. Өйткені, бүкіләлемдік мегаөзгерістер толқыны қазірдің өзінде-ақ айқын сыр беріп, планета тынысының болашақ болмысын болжайтын әйгілі футурист-философтарды да, физиктерді де, экологтар мен биологтарды да, макроэкономистер мен микроэкономистерді де, тіпті, мемлекет тізгінін ұстаған саясаткерлерді де жаппай ойландыра бастағаны шындықтан алыс емес және мұның дәлелдері жеткілікті.

Ғаламдық топ өздерінің есебінде кикілжің болып жатқан елдердің су ресурстары мен   құрылымдарын   қарсыластарына  қарсы құрал ретінде пайдалануы халықаралық адамгершілік құқығын аяққа басу, сондықтан мұндайды бүкіл адамзат айыптауы керек деп санайды. Ал су құрылымдарын дереу қалпына келтіру үшін  жергілікті атқарушы билік қайырымдылық ұйымдарымен бірлесе іс қылғаны жөн дейді. Сонымен қатар су шаруашылығы құрылымдарының қауіпсіздігін террористік шабуылдардан сақтауды  әлемдік қоғамдастықтың жауапкершілігіне жүктелуі тиіс. Ал оны ұйымдастырып, қорғауға алуды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тікелей өз мойнына алғанда  ғана  бұл  іс  алға  басады.

Соңымен қатар Д.Тюрктің тобы суға байланысты құқық пен трансшекаралық өзендер мәселесін қарастыру – аурудың алдын алумен тең әрекет екенін атап көрсеткен. Өйткені осы арадан туған кикілжіңдердің аймақтағы  бейбітшілікті аяқ  асты ету қатері бары айтылады. Әрине, халықаралық өзен ағындарын қалай пайдалану жөніндегі қағидаттар жүйесі, нормалар мен институттар қабылданған. Олар «Халықаралық кеме жүзбейтін су ағындарын пайдалану құқықтары» және «Трансшекаралық өзендер мен халықаралық көлдерді күзету мен пайдалану туралы» БҰҰ Конвенциялары бойынша реттеледі. Алайда әлемнің көптеген аймақтарында су пайдалану жөніндегі  трансшекаралық және аймақтық ынтымақтастықтарды барлық жаққа тиімді деңгейге көтеру мәселесі шешілмей отырғандығын   ғаламдық  топ атап өткен.  «Қазақ  әдебиеті»  газеті  көтеріп  отырған  мәселе де  осыған  саяды.

 

«Су дипломатиясы» сақтала ма?

Қазақстан Республикасы Сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында еліміздің Орт

алық Азияның  саяси тұрақты, экономикалық орнықты және қауіпсіз дамуына мүдделі екені атап көрсетілген. Бұл сыртқы саясатымыздағы басымдықтардың бірі болатыны айтылған. Қазақстан  Президенті  Қасым-Жомарт  Тоқаев  әлем  назарына  «Су  дипломатиясын»  ұсынып отыр.  Бұл  аса маңызды  проблема.  Орталық  Азия  елдеріндегі халықты  сумен  қамтамасыз  ету ең гүйінді мәселенің бірі. Су мәселесін  жүйелі шешу жолындағы  барлық әрекеттер  нәтижесіз  аяқталып  келеді. Су ресурстарына  тауар  ретінде  қарайтын  Қырғызстан суды  пайдаланатын  Орта Азия  елдерінің бәрінен өтемақы  сұрауды әдетке  айналдырып  алған. Әрине,  су – тауар. Сондықтан бүгінгі  нарықтық  жағдайда  оны  дұрыс емес деп те айта  алмайсың. Қырғызстан  президенті Садыр Жапаровтың  жыл басында  елімізге  жасаған  сапарында  да  су  проблемасы әңгіме арқауына  айналды.  Соңғы   бірнеше жылдың ішінде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы бұрынғы ынтымақтастықты қайта жандандыруды   тағы бір   пысықтап, қайта  қарамаса  болмайды.  Осыдан бірер  жыл бұрын Қырғызстаннан  шығатын  су  арнасын көріп, су қорының мол екеніне тәнті болғанбыз.  Қазір  қырғыз ағайындардың  өзі   сол  судың жетіспейтінін айтып жатыр.

Кеңестiк кезеңде Қырғызстан мен Тәжiкстаннан келетiн су Қазақстан мен Өзбекстанның егiстiк және техникалық дақыл алқаптарын суғаруға жұмсалып келдi. Аймақтағы елдер өз тәуелсiздiгiн жариялаған тұста, күнiлгерi болашағын ойлаған Қырғызстан мен Тәжiкстан көршiлерiмен санаспай, су электр стансаларын салып, су жолдарын шегендеп тастады. Әмударияның суын 40 пайыздан бөлiп алған түрiкмен мен өзбек ағайындар арасына сына қағылды.

Су дегенде  түркімендердiң де оған тәбетi алабөтен. Кеңiрдектен өтпегенiн бiр тамшы болса да шекпенге тамсын деген көрсеқызарлықтан Қарақұмға сiңдiруді көздейді. 2008 жылы Өзбекстанның трансшекаралық «Достық» каналынан Қазақстанға келетiн судың бастапқы мөлшерi секундтына 85 текше метр деп келiсiлгенiмен, ол қысқартылып, 65 текше метрге түсiрiлген. Аймақтағы әр елдiң өз бетiнше суармалы алқапты ұлғайтуға тырысып бағуының әсерiнен өлкеде суармалы жерлердiң аумағы жетi пайызға ұлғайып кеткен. Жоспарсыз жүргiзiлген жұмыс қыруар шығынға ұрындырған. Орталық Азия мемлекеттерi сыртындағы Ресей, Иран сияқты геосаяси күштер судың бұрынғы арнасын бұрып, Сыр мен Әмударияның суын бөгеп, тәжiк пен қырғыздың қолтығына су бүркiп, ол жерлерге су электр стансаларын салуды күштеп қояды. Сыртқы күштердiң мұндай ұсыныстарға баруына аймақтағы мемлекеттер арасында су ресурстарын ортақ пайдалану жөнiндегi нақты шаралардың болмауы да әсер етiп отыр. Кезiнде бiздiң елiмiздiң Орталық Азия елдерi бiрiккен су-энергетикалық концорциумын құру идеясын Қырғызстан ғана қолдаған болатын. Су – энергетикалық концорциумын құру – Орталық Азия үшiн өте маңызды. 1993 жылы аймақ елдерi мемлекетаралық су ресурстарын қорғау, бiрлесiп пайдалану жөнiндегi ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қойған болатын. Алайда, ол келiсiмдер орындалмады.

Сырдария мен  Әмудария ескі  діни  кітаптарда (Жейхун мен  Сейхун) аттары  аталатын  қос  өзен.  Осы қос өзеннің  бірі –  Әмударияның суы азая бастағанына 60 жылдан асып барады. Әйтсе де, трансшекаралық  өзенді  Түркіменстан  басыбайлы  өздерінің меншігіне  айналдырып  алғаны  қашан! Ол туралы  ештеңе айтылмайды.      

 

Трансшекаралық  өзендердің  бағын байламау  керек

Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі өзінің рөлі мен жауапкершілігін жете сезінеді. Себебі қазіргідей алмағайып  заманда өңірлік тұрақтылық  пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жаңа  сын-қатерлерге, оның ішінде шекаралас жатқан мемлекеттерден таралуы   ықтимал қауіпке қарсы іс-қимыл жасау басты міндеттердің бірі. Сондықтан  еліміз өзіне  алған  су  мәселесі  бойынша  міндеттемесінде «Қазақстан Орталық Азияда жанжалға бейім әлеуетті әлсірету, әлеуметтік-экономикалық проблемаларды,  су-энергетикалық торап пен өзге де қайшылықтардың  түйінін шешу мақсатында ішкі өңірлік интеграцияны  дамытуға ұмтылады», – деп көрсетуі тегін емес.      

Кез келген мемлекетке, оның ішінде көрші әрі тарихы тамырлас елдерге әр салада интеграциялық байланыстар орнатып, ынтымақтастықты нығайту аса қажет және ол барлық тарапқа тиімді. Рас, мұндай ынтымақтастық кезінде өңірдегі бес мемлекеттің арасында болған. Өкінішке қарай, түрлі себептерге байланысты тереңге тамыр  тартуы тиіс сол байланыстар соңғы онжылдықта әлсірей бастаған.  Сайып  келгенде,  бұл өңірдегі елдердің экономикасына да кері  ықпал  етіп  отыр.  Бұл  туралы  Қазақстанның Тұңғыш  Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  өзінің сөзінде: «Бұл мәселе бүкіл Орталық Азия өңірінің одан әрі дамуы үшін айрықша маңызға ие. Орталық Азияның шекара аралық су ресурстары өңірдегі барлық халықтардың ортақ мұрасы мен игілігі болып табылатынын атап өткен жөн», – деді. Арал теңізінің проблемасына қатысты: «Келесі жылы Халықаралық Аралды құтқару қорына 25 жыл толады. Қазір ол Арал мәселесі жөніндегі бірден-бір мемлекетаралық тетік болып табылады. Осыған орай біз Қордың жүмысын жандандыру қажеттігі жөніндегі ұстанымдарымыз ортақ екенін растадық. Атап айтқанда, біз  жоғары деңгейде кездесу өткізіп, әріптестерімізбен бірге баршамызға ортақ осы мәселені шешудің өзара тиімді жолдарын талқылауға ниеттті екенімізді білдірдік», деді. Осы орайда, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Астанада өткен кездесуі аймақтағы  елдер арасындағы ынтымақтастыққа жаңаша серпін береді деген сенімдеміз. Қазақстан  Президенті:  «Біз Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану жөніндегі ұстанымдарымыздың ұқсас екенін тағы да растадық. Өзара тиімді  шешімдер табу қажеттігін айттық. Бұл мәселе бойынша халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне ерекше мән беріледі», –деді. Дәл осындай мәселені Ресей  тарапымен де өткізу  керек болып тұр. Себебі, күні кеше Жайық  өзенінің  қайраңда  қалғаны  туралы  дабыл қағылды.

Бүгінгі таңдағы «жаһандану» дегеніміз – әлемдік нарықтардың мемлекеттік шекараларды аттап өтіп, сыртқа қарай кең қанат жаюда.  Бұл – тек экономикалық қатынастармен ғана шектелмейді.  Алдағы  уақытта  «ұлттық шекаралар» мен  «географиялық кеңістіктер» деген ұғымдар әлсіреп,  керісінше, халықаралық қатынастар деген ұғымның аясына жұмыс қолы мен тауарлардың да, капитал мен технологиялардың да, тіпті, идеялар мен мәдени-рухани құндылықтардың да сыйып кететіні және олардың еркін айналуына ешнәрсе бөгет бола алмайтыны көрініп тұр.

Қытай, Қазақстан, Ресей елдерінің аумақтарынан өтетін Ертіс өзені бассейнінің де кейбір проблемалары халықаралық Конвенциялармен реттелген. Сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстан да Еуразия құрлығындағы су ресурстарынан ішінара тапшылық көруші елдердің біріне жатады. Республиканың жер үсті суларының жартысына жуығы шекаралас мемлекеттердің аумағынан келетіні  айқын. Соңғы 15 жылда жер үстілік судың табиғи ресурстарының тапшы  бола бастағандығы  байқалуда. Соның ішінде 90 пайызы көршілес елдерден  ағып келетін суға тіреліп отыр. Оңтүстіктегі  таяу көршіміз Қытай елі  өзінің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өсіп келе жатқан қала  тұрғындарының су мұқтаждығына байланысты халық  сұранысын толық қанағаттандыруға шамасы жетпей, Ертістің суын тежей түсуде. Ал бұл трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша БҰҰ   Конвенциясының талабын бұзу болып есептеледі.   Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы аумағынан 24 трансшекаралық өзен ағады  екен. Соның ішінде Ертіс, Іле, Текес және т.б. өзендердің ағын су көлемі мен сапасы бойынша екі мемлекет жасалған келісімшарттың негізінде ақпараттармен алмасып  келеді. Алайда Қытай тарапының өзендердің суын гидро тоғандармен іркіп отыруы себебінен туындап отырған проблемалар баршылық.  Мұндай  проблемалар  өз  ішімізде де   бар.  Жақында «Жас  Алаш» газетінде Қызылордалық  бір топ   қайраткердің  Сырдария  өзенінің  бүгінгі  жағдайы  туралы жанайқаймен  жазған  мақаласы  жарық  көрді. Көтерілген  мәселе орнықты,  дұрыс. Бүгінгі  таңда ұлы  өзен  саналатын   Сырдариядан  аққан  су Арал  теңізіне жылап  ағып  жатыр. Бұл  көктемгі  ауылшаруашылығы  жұмыстарының  қызған  шағында  орын  алуы  ертең  экономикамызды ойсыратып  кетпесіне  кім  кепіл?     

Судың  тапшылығынан  дүниежүзі бойынша қоршаған орта ластанып, жер бетіндегі климат біршама өзгеріске   түсіп  отыр. Ауа температурасының көтеріле бастағаны сезілуде. Мысалы, Алматы  –  әлемдегі үстінен 22 өзен кесіп өтетін жалғыз мегаполис.   Егер ол өзендер болмаса қаланың сәні де болмасы анық. Бірақ сол өзендер өз бастауын алатын Алатаудың биік шыңдарындағы мұздықтар соңғы елу жылдың ішінде елу пайызға еріп кеткен көрінеді. Болашақта    жағдай  осылай жалғаса берсе, елу жылдан кейін Алматының табиғаты адам шошырлық күйге түсуі мүмкін  деседі  ғалымдар. Алдағы үлкен мақсат – 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің ішіне ену екені белгілі.  Оған  кіру үшін бізге Еуропа мемлекеттері жеткен деңгейге жету керек. Мемлекет басшысы ұсынған елімізді төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамуға арналған 10 негізгі міндет – Қазақстан дамуының жаңа бағыты.  Еліміздің әлемдегі технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделуіне   Жолдауда  да алғышарттар  жасалған. Су  ресурсының  араласпайтын  саласы  жоқ. Егіншілік  азайғанмен,  қалалар қарқындап   өсуде.  Оның  үстіне  халықтың  суға  деген  сұранысы да артуда. Демек, оны  қазірден  бастап  шешпесек,  ертең  кеш  болмақ.

Демографтардың зерттеулерi бойынша, алдағы 30 жылда әлем халқының саны жылына 80 миллионға көбейiп, оның жалпы саны 2050 жылы 9 миллиардқа жететiн көрiнедi. Суға сұраныс сонда болмақ. Ресей мамандары қазiрдiң өзiнде су ортасында отырып, ындыны кекендей кейіп танытып отыр. Ресей үшiн әлемдiк су дағдарысы 2025 жылы басталмақ көрiнедi. Суға дiлгiрлiгi жоқ Ресей сол күндерi суға сұранысты қамтамасыз ететiн 4 елдi көрсетiп берiп отыр. Олар: Бразилия, Канада, Ресей, Австрия. Осылардың iшiндегi бiзге жақыны да, қолұшын бере алатыны да – Ресей. Демек, кеңес кезiнде 20 жыл бойы зерттелiп, оның жұмысына 160 ұйым, 48 жобалау-зерттеу мекемелерi, 112 ғылыми-зерттеу институттары, 32 одақтық министрлiк, 9 одақтас республикалардың министрлiктерi айналысқан Сiбiр өзендерiн Орталық Азияға бұру туралы жобаны тағы бiр мәрте көтеру сұралып тұр. Кезінде  Мәскеу мэрi Юрий Лужковтың Объ өзендерiн Орталық Азияға бұру туралы ұсынысын, аумақтағы 5 елдiң мемлекет басшылары саясат тақтасында тағы бiр рет жылжытып қойса дұрыс болар едi.

«Пәленi басталмай тұрып шешуге ұмтылуымыз керек, болмаса су тапшылығы халықаралық жанжалдарға себеп болады» (Гарет Томас, Ұлыбританияның халықаралық даму министрi). Бұл – бүгiн қолға алатын маңызды iс. Осы орайда дәл қазiр құрғақ континенталдық аймақта орын тепкен қазақтың құдайы көршiлерiне жалғыз ғана даты бар. Ол – су.  Зерттеу мақаламызды осындай  әуенде аяқтауымызға тура келіп отыр. «Қазақ әдебиеті» газетіндегі Елдес  Орданың «Ібір-Сібір» проектісі  туралы  байламдарына орай,   кезінде  СОКП  ОК -нің  Саяси  бюросында  қаралған  «Сібір  өзендерін  Орта  Азияға  бұру» туралы    шешімінің неге  қолдау   таппағаны    туралы алдағы зерттеу  мақаламызда айтатын боламыз.   

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір