ҚазҰУ әлемдік рейтингтегі көрсеткіштерін арттырды
06.04.2022
80
0

Бүгінде QS әлемдік рейтингінде 175-орынды иеленген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – әлемнің ең үздік 200 университеті қатарына кіретін жалғыз қазақстандық ЖОО.

ҚазҰУ –  QS by Subject пәндік рейтингінде де қарқынды түрде алға жылжи бастады.

Бұл пәндік рейтингте университет екінші жыл қатарынан білім беру бағдарламаларын ілгерілету бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр.  2021 жылы үздіктер тобына 11 даярлық бағыты кірген болса, 2022 жылы олардың саны 16-ға дейін өсті. Осылайша, биылғы QS by Subject 2022-де ҚазҰУ өз көрсеткішін нығайта түсті.

Атап айтқанда, «Заманауи тіл білімі» мамандарын даярлау бағытында кезекті рет тамаша нәтиже көрсетіп, әлемнің үздік университеттері арасында 60-орынға көтерілді.

«Лингвистика» бағыты бойынша университет топ 101-150-ге енді, ал «Дінтану» және «Антропология» мамандықтары алғаш рет әлем бойынша топ 101-150 құрамынан көрінді.

«Ағылшын тілі мен әдебиеті» және «Құқықтану» дайындық бағыттары топ 151-200 қатарында.

Сондай-ақ «Археология» және «Философия» мамандықтары беделді халықаралық рейтингке биыл алғаш рет кіріп, 151-200 тобынан табылды және «Саясат және халықаралық зерттеулер» әлемдегі үздіктер арасында топ 201-220-ға енді.  

«Экономика және эконометрика» және «Математика» – 251-300, «Физика және астрономия» 451-500 позициясына орналасты.

Бұдан бөлек, 2021 жылмен салыстырғанда ҚазҰУ ағымдағы жылы «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» пәні бойынша жалпы көрсеткішін жақсартып, 156-дан 145-орынға жоғарылады. Сонымен қатар «Жаратылыстану ғылымдары» және «Инженерлік ғылымдар» пәндері бойынша 451-500 тобындағы позициясын сақтап қалды.

Нәтижесінде, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия және посткеңестік аумақтағы өз көшбасшылығын кезекті рет дәлелдеді.

Қарашаңырақ ұжымын жоғары жетістігімен құттықтаймыз және алдағы уақытта да зор табыстар тілейміз!

 

ПІКІР ҚОСУ