БОЛМЫСТЫ САҚТАЙТЫН ҚАЗАҚ ТІЛІ
30.09.2016
903
0

dosaj-kenzhetajДосай КЕНЖЕТАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық университеті
Дінтану кафедрасының
профессоры, философия және
теология ғылымдарының
докторы

 

  1. Қазақстандағы бүгінгі діни ахуал­­дың жай-күйін қалай бағалау­ға болады?
  2. Жастар діни уағыз-насиха­т­тар­ды талдап-таразыламай, кез кел­генге құлақ асуы, әсіресе, ради­кал­­ды ағым өкілінің айтқанына еріп кетуі – біздегі діни насихаттың кем­шін­дігі ме, болмаса оның басқа да себептері бар ма?
  3. Діни уағыздарды орыс тілінде де айту мәселесі көтерілгенін, оның қоғамда кереғар пікірлер тудыр­ға­ны­нан хабардар боларсыз. Бұл туралы пікіріңіз қандай?

 

  1. Діни ахуал, негізінен, саяси, сосын социологиялық мәселе. Онда діни құбылыстар адам мен қоғамдық қатынастарда және діни орындармен анықталады. Ал адам, дін және қоғам арасындағы қатынас бізде зайырлы өлшеммен, құқықтық негізде сарапталады. Бірақ құқық бұзылып жатса да, оны бұзушы топтар мен ағымдар нақты болса да, мемлекет ешқандай саяси шешім қабылдамай отыр. Демек, діни ахуалда белгісіз кілтипандар бар деген сөз. Негізі «діни ахуал» тіркесі дін құбылысының қоғамдағы тынысын анықтауды меңзейді. Біздегі діннің тыныс-тіршілігі тек қана саяси, құқықтық, қауіпсіздік, күштік құрылымдардың тіркеуі мен бақылауынан ғана тұрады. Олар діни орындар мен бірлестіктерді тіркеп, егер жоқ болса, қолдан диалектикалық қарсы топ жасап, ортасында «бақылап» отыру механизмін жасаған сияқты болып көрінеді. Салафиттер мен сопыларды айтыстырып, асып кетсе, терактілердің «түстерін» анықтап отырады. Сонда қоғамның, ұлттың, мәдениеттің, мемлекеттің баяндылығы мен тұрақтылығына кепіл болатын шаралар, саяси-құқықтық нормалар қашан пайда болады? Жер-жерде терактілер бұрқылдайды. Сол кезде бәріміз қоғам болып, мемлекет болып түйе тауық сияқты «құрқылдаймыз»… Енді министрлік құрылды, әліптің артын бағайық. Алладан үміт үзілмес…
  2. ҚМДБ және комитет есептеріне қарасаң, жыл сайын пәленбей адамды теріс ағымнан тура жолға салып жатыр. Қаншама қаржы жұмсалуда, діни ахуалды реттеу тетіктері мен ведомстволары да жеткілікті. Жастарымыз да діни сауатты, бірақ жұмыссыз. Әлеуметтік жағынан қамтылуы мардымсыз. Ауылда да, қалада да. Салафизм қазір елде экономикалық, сауда және жамағаттық құрылымдары жағынан ең белсенді, өзара иерархиялық орталықтары мен жүйесі бар «тіркелмеген» топ. Жастар қанша дегенмен басында қара бастың қамымен, сосын еркімен, саналы түрде зомбиге айналып кете барады. Меніңше, сіз айтқан себептерге қоса осы жағы реттелмесе, сосын дін және мемлекеттік қатынас тұрғысынан қайта қолға алынбаса бұл құбылыс тоқтамайды.
  3. Бірден айтайын, бұл мәселе «жаңа министрдің су жаңа ойы емес». Негізі мұндай пікір дін істері комитеті айналасында жүрген чиновниктердің аузынан көптен бері айтылып қалып жүр. Мен ойымды сол кезде-ақ айтқанмын. Бұл Ресейге қарап бой түзейтіндердің «ойлары». Сол кезде бір жиында «Ресейде, Дағыстанда мешіттерде орыс тілінде уағыз айтылады. Дәстүрлі емес топтарға қарсы осы жол өте тиімді» деп соғып қалған еді. Қазір мемлекеттік тілдің, яғни қазақ тілінің таза қолданыс аясы жалғыз мешіт еді. Бұл жерде мәселе дін мен мәдениет, яғни болмыстық табиғатты танымаудан туындап отыр. Мәселені тек жалаңаш социологиялық тұрғыдан ғана емес, социо-психологиялық және социо-мәдени тұрғыдан мемлекеттілік ұстанымына қарай саралау керек. Сондықтан бұл мәселе жаңа министрмен келген жаңалық емес. Сосын Ресейде солай екен деп, Қазақстанды Дағыстанмен салыстыруға еш келмейді. Дағыстан деген мемлекеттілігі де, тарихи саяси тәжірибесі де, діни мәдени болмыстық әлеуеті де, саны мен сапасы да қазақпен салыстыруға келмейді. Сондықтан бүгінгі министрдің аузынан шыққан ұсыныс қоғамдағы өзге ұлттардың хақы туралы қисынға жақын болғанмен, болмысқа қайшы әрекет. Болмыс дегеніміз – қазақтың мәдениеті, ділі мен діні туралы. Болмысты қазақ тілі ғана сақтайды. Егер сол болмысқа қазақ тілінен өзге тілді қоссаңыз, Ислам діні қазақты болмыстық бөлшектеуші дінге айналады да, ұлт мәдениеті, бірегейлігі, тұтастығы, бірлігі жойылады. Бұл мемлекеттің қолымен ұлтқа жасалған қиянат болып табылады. Құдайға шүкір, Ата заңымызда «Дін – мемлекеттен бөлінген» зайырлы елміз. Мешіттерде қазақ тілінде ғана уағыз айтылатын болады, оған мемлекет араласа алмайды деп сенемін.
ПІКІР ҚОСУ