ОРТАЙМАС ҚАЗЫНА
Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің дүниеден озғанына 55 жыл өтті. Содан бергі уақытта да, оған дейінгі жылдарда да сонау қаршадай балаң күнінен бастап-ақ елдік мұраттармен біте қайнасып кеткен осы бір қастерлі, қимас, қымбат есім халқымен бірге жасап келеді.
Қанипаш МӘДІБАЙ,
І.Жансүгіров атындағы
Жетісу мемлекеттік университетінің
профессоры, ф.ғ.д.
Оның бүтін бітімі (З.Қабдолов), тарихи тұлғасы, бай мазмұнды ғұмыр өнегесі, рухани әлуеті тұрғысында ондаған зерттеу еңбек, естелік, толғамдар бар.
Мұхтар Әуезовтің ХХ ғасырдың 20 жылдарының бас кезінде түскен суреттеріне қарағанда жаңа, қызу өмірге қаршығадай қомданып даяр отырған, ендігі заманның жамырай көтерілген рухани-әлеуметтік міндеттерін күн тәртібіне қоюға әрі соның шешімдері үшін еңбектенуге кірісіп те кеткен жас адамның бейнесі жылыұшырайды.
Жаппай ел ішін жайлап бара жатқан аштықтың алдын алу шараларын ойластырып, іс басында жүру, рухани дамудың көзден таса етуге болмайтын күрделі міндеттеріне кірісіп кету – оқу, ағарту шаруасын пысықтау, жолға қою, жөнге салу, елдің саяси мүддесін қозғау, қорғау – сол тұстағы әкімшілік-аймақтық тұрғыда бөлшектеніп кету қаупі бар шекара мәселесіндегі белсенді бастамашылдық нәтижелі әрекеттері…
Жас Мұхтар замандас-тұғырлас қайраткерлермен қатар жан қуатын аямай кіріскен түбегейлі, түпмақсат заманауи шаруалар сан тарап болатын.
Арада оншақты жыл өткен…
1933 жылғы ҚазПИ-ліктермен бірге түскен суретінде «басқа» Мұхтар Әуезов отыр. Жүдеу, беті қайтпаса да көңілі бұзылған, жүзінде қаяу бар. Аз ғана жылдарда осыншалықты шерленген, арада Алматы түрмесіндегі жылдар, жападан-жалғыз қалған бір бақытсыздық таңбасы көзге ұрады…
Әуезовтану тарихындағы елеулі еңбектер шоғыры түзген олжалы қомақты нәтижелер ХХ ғасыр басындағы рухани мұраға тұтас, түбегейлі жол ашқан 1988 жылдан кейін М.Әуезовтің ұлан-ғайыр ұлтжанды еңбегін танып, игеру ісіндегі тың бағыттармен тоғысып жалғасып отырғаны, Мұхтар Омарханұлының асыл ой қазынасын, тұлғалық тарихи тағылымын кешенді ғылыми тұтастықта, қағаберіс қалғандарын түгендеп, қайта зерделеп, толықтыра зерттеуге ұластыру ісіндегі байырғы ұлттық құндылық мүдде-мұратпен негізделе түскен жаңа зерттеу бағыттары – қазіргі әуезовтану өрісі.
М.Әуезов абайтанудағы ұзақ жолында Абайдың өмірбаянын төрт қайтара өңдеп, өзгертіп, түзетіп жазды. Соны заман талап етті. Бұл тарихты Мекемтас Мырзахметұлы бар ауыр, ащы ақиқатымен тарқатып, таратып жазды.
Мұхтар Әуезовтің өз өмірбаянын тануымызда да дәл осындай ақтаңдақтар жатқанын аңлай бастағанымызға да отыз жылдың шамасы болып қалыпты. Ендігі уақыт, кейінгі кезеңдегі әуезовтанудағы толымды, мақсатты зерттеулер ғұламаның ғұмырбаян кезеңдерін мейлінше толық тұтастықта ғылыми жүйеге түсіруге біршама оң мүмкіндіктер беріп отыр.
Мұхтар Әуезовтің ғұмыр кезеңдеріндегі елді өркениетке тартудағы өткір қойылымдар ұйымдастырып, шешімін тапқан іс-шаралар, азаттық күрес бағытындағы азаматтық ұстанымы, жалпыадамзаттық ізгі мұраттар, ұлтжандылық болмысы тұлғаланып тұрған зерттеу, публицистикалық еңбектері, оқу-ағарту саласындағы нақтылы нәтижелі бастамалары, т.б. тұтас күйде мазмұндалып сараланған ғылыми-танымдық, Мекемтас Мырзахметұлының «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» сынды еңбектердің жарық көруіне қазірде қажетті ғылыми алғышарттар жасалып отыр.
Ендігі замана көшіндегі рухани-танымдық бетбұрыстар, баянды ұлттық қазына – Мұхтар Әуезов мұрасын игеріп, сіңірудің толыға түскен, кешенді зерттеулерімен жалғаса беретін міндеттерін айқындауда.