ШЫНҚОЖА БАТЫРДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Шынқожа ауылында, күре жолдың бойына Шынқожа Базарқұлұлы батыр бабамыздың нар тұлғасын сомдап, тарихтан белгілі Шұбар атты тұлпарымен құрметтеп тұғырына қондырдық. Ұлт мақтаны – ұлыс тойына басшылық жасап, ұйымдастырған Аягөз ауданының әкімі Баяхметов Бақытжан Кәкенқажыұлы.
Осының бәрі Тәуелсіз еліміздің 25 жылдығына тарту ретінде өз қолымыздың өз жағамызға жеткендігінің белгісі деп түсінемін.
Тұрғаш Қалықжанов сынды азаматтар, Төлеген Жирентаевтай ел ақсақалдары бас болып, Шынқожа батырдың мүсінін жасаттырған Оңалғазы Болсамбеков есімді кәсіпкер бауырымызға ақ батасын беріп, арғымақ мінгізді. Игі шараға Болат Шахмұхаметов, Рефхат Мұхамадиев, К.Сакипов, Асан Қарашолақов, Берік Жирентаев, Болат Жирентаев, Зарипа Жұмаева, Айдархан Нұхманов, Марат Батырбаев, тағы көптеген ел азаматтары қомақты үлес қосты.
Аягөз ауданы осы тойға Астана, Алматы, Жезқазған, Ұлытау, тіпті Қытай Халық Республикасынан ат арытып келген бауырларымызды тік тұрып қарсы алып, сый-құрмет көрсетті. Осы тұста Шынқожа батыр атындағы ауылдың мектеп директоры Мұстапа Тұрсынұлының еңбегін ерекше айта кету парыз. Мұстапа Тұрсынұлы Шынқожа батырдың ауылдағы бұрынғы мүсінін мектептің алдына орнатты. Аламан тойдың басында Парламент мәжілісі депутаты Нұртай Сәбильянов, Парламент мәжілісінің экс-депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Ержан Рахметов, Жезқазған-Ұлытау аймақтық музей басшысы Кенжал Балкенов бастаған зерттеушілер мен Қытай Республикасынан Әлмұхаметұлы Ешмұханбетпен бірге келген бауырларымыз конференцияда арнайы сөз сөйледі. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аймақтық «Аягөз әлемі» журналының және «Мөлдір сана» газетінің бас редакторы Бақытөмір Шалғымбайдың мағыналы баяндамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Астанадан келген дінтанушы Дархан Аманжолұлы шеттен келген қандастарын тосып алып, жол көрсетіп отырды, жөн білген кісілігіне риза болыстық.
Айтулы ас – аламан бәйге болады деп бірнеше ай бұрын сауын айтқанда, ұлы даламыздың түкпір-түкпірінен бүркітін баптап, бәйгесін жаратып, құсбегі, атбегі, түйе балуандар көптеп жиналыпты. Балуандар күресіне 40-тан аса жігіт қатысты. Бірінші орынға Абай ауданы атынан қатысқан Айбек Нұғымаров ие болып, қомақты қаржылай сый алды. 25 шақырым аламан бәйгеде Аягөз ауданының Бозай ауылынан «Берік қара» тұлпары бірінші болып көмбеден өтіп, «Hyundai Accent» автокөлігін сыйлады. Кешқұрымнан түн жарымына дейін Аягөздің орталық алаңында қазақ эстрадасының шоқжұлдыздарының қатысуымен концерт өтті. Оған Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі Роза Рымбаева мен Мәди және Әли Оқаповтар, Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева, Абай Бегей, Ақылбек Жеменей, т.б. әншілер қатысып, аягөздіктерге тамаша көңіл сыйлады.
Дүйсенғали СЕРІКҚАЛИҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын.