ХАЛЫҚ – ҰСТАЗ
23.09.2016
1473
1

190121_2125919674___________Жарас СӘРСЕК,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері

 

Жақсы сөзбен жарасымды ой айту – оңай шаруа емес.  Ол сенің жоба-жоспарыңның іргетасы болуы да мүмкін ғой. Сол іргетасты әлдекімдер жауынсыз күнді,  айы жарық түнді пайдаланып,  әп-сәтте қопарып алып, өз ауласына апарып қонжита қойса, қайтпек керек? Дауласуға дәлел қайсы? Бітпеген дүниені меншігім деп тануға бола ма өзі? Міне, рухани дүниеге байланысты күрмеуі қиын мәселенің бірі осы. Бұл түйінді шешкен пендені өз басым әлі күнге кез­дестірген жоқпын. «Менің идеямды ұрлап алыпты…»  деп күңкілдейміз де қоямыз. Ұрлаттым дегендерінде – әрекет, ұрладым дейтіндерінде – ұят жоқ. Бұл – жер басып жүргендерге қатысты әңгіме.

Ал енді әлдеқашан халықтық мұраға, ұлтымыздың баға жетпес қазынасына айналып кеткен жауһарларымызға меншік иесін іздеу (дұрысы – таңу)  – барып тұр­ған бассыздық. Соңғы кезде ақпарат құралдарында, оның ішінде әлеуметтік желілердегі  халық әндеріне қатысты өршіп тұрған дауға кім нүкте қояды? «Дай­дидау» әнін дала немесе қа­ла қазағының әні деп дауға май құйғаннан не ұтамыз? Оны  ұлы перзенттерімізге меншіктеп беру ұмтылысы – ақиқат жолын­да­ғы Алаш баласының ар-ұяты­на жарасар әрекет пе? Халық өз қа­лауынша қашап алған Сөз,  Ой, Саз мүсіндерімен бізге дейін­гілерді қалай тәрбиелеп кел­се, бізден кейінгілерді де солай тәрбиелейтін болады. Ха­лықтан өткен ұстаз жоқ. Ті­лі­міз­дің мәйегі саналатын ма­­қал-мәтелдерімізге де автор іздеуіміз керек пе сонда?

Біз қиылған, құртылған, қол­ды болған жеке дүниеміз үшін бір-бірімізбен дауласа алатын шығармыз. Дауласып та, жау­ласып та жүрміз. Ал халық мұ­расына қол салғандарға кім пәтуа айтпақ? Бізді қойшы. Ха­лық – Қазына  авторы. Қазынаны жырымдағандарға ар соты да, заң соты да қатал болуы тиіс.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 17.03.2021 | 17:18

Халыё ұстазы кім?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір