КІЛТ НЕМЕСЕ ЖЕТЕЛІ СӨЗ
Кеңес Одағы кезінде Ленинградтағы архитектура институтында оқып жүрген қазақ жастарының көшбасшысы Серіктес Төленбайұлы Тоққұлов ондағы Әлия Молдағұлова оқыған мектепке мұражай ашуға мұрындық болғанының өзі бір әңгіме. Сол тұстағы ұлттық іс-шараларды жандандыру барысында қазақ диаспорасымен байланысты нығайтуға белсене кірісіп, өмірдің күрес өткелдерінде шыңдалған ол тарих пен тілге, қазіргі қоғамымыздағы көкейкесті мәселелерге қызу үн қатып, ой-пікірлері мен өткір ұсыныстарын айтудан әсте жүрексініп көрген емес. Бүгін сондай тоқтамының бірін оқушы назарына ұсынып отырмыз.
Серіктес ТОҚҚҰЛОВ
Біздің қазақтың тарихындағы ең қисынсыз жері – оның түп дерегінің жоқтығын немесе өзіміздің оны таба алмайтынымызды айтқанда өтірікті судай сапыратынымыз. Екінші бір қисынсыздығымыз немесе еңірегенде етегіміз жасқа толатын тұсымыз – етекбасты ездігіміз бен жүндеуге жақсы жуастығымызға бола кім көрінгеннің табанының астында болуға ләппайлығымызды жариялайтынымыз.
Үшінші – Ресейдің, орыстардың бізді әманда отарлап, ата-бабаларымызды қынадай қырып келгендігіне оп-оңай сенетініміз.
Төртінші қисынсыздық – Қытай бізге әуелден-ақ әзірейілдей жау, отарлаушы дұшпан болды дейтін түсінік.
Бесінші – жоңғарлардың немесе қалмақтардың бізге үнемі тұтқиылдан тиіп, ауылымызға ат ойнатып, қатын-баламызды ойбайлатумен келді дейтін пайым.
Алтыншы – ата-бабаларымыз ежелдің ең түбінен бері-ақ мұсылман болатын дейтін сенім.
Жетінші – кеңес өкіметінің, коммунистердің идеологиясы қазақтарға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат еді, КСРО бізге тек қана қайғы мен қасірет әкелді деген қисын.
Өткенімізді бұрмаланған көзқарас тұрғысынан пайымдаудың ертеңгі болашағымызды бұлыңғырландырғаннан басқа пайдасы жоқ. Сондықтан біз өткен жолымызға қарап немесе күңгірт көзілдірікпен емес, объективті түрде қарап, болғанды болғандай бағалап үйренуіміз керек.
Әсілі, белгілі бір халыққа, ұлысқа, ұлтқа қатыстылық мәселесіне ден қою, өзіңнің түп тамырыңды білмекке құмарту қаншалықты қызық болса, соншалықты жұмбақ та нәрсе. Әсіресе, біздің заманымызда – ХХІ ғасырда, жаһандану мен интернационализм дәуірінде солай.
Тегінде, коммунист Сталин, ирландтық Кеннеди, жаһаншыл Девид Кемерон тектерін ұмытып па? Қайдам, ұмытпаған сияқты.
Баршаға сүйкімді, әмбеге ортақ Шыңғыс Айтматов болды. Оның жүрегі бүкіл әлемнің қан тамырымен бірге соғатын, бірақ оған өзінің қырғыздары өзгелерден артық көрінетін. Сондықтан біздің де әрқайсымыз оқта-текте тегімізге қайрылып, тарихтың шытырманынан өз орнымызды іздесек, ол ешкімді таңдандырмауы тиіс.
Қазақтардың тарихы дерек көздерінде қамтылуы жағынан соншалықты кенде емес. Күнбе-күн демесең, әрбір тарихи кезеңдер мен жылдардан қаптап табылады. Марко Поло, Рашид ад-Дин, Мұхаммед Хайдар Дулати, Темірлан, Бабыр, Карамзин, Левшин, Бартольд – бәрі-бәрісі біздің тарихымызды тәнті болып әрі егжей-тегжейлі жазған. Бұл тізімді соза берсе де болар еді. Ал бұлардың ең құндылығы – мәселен, Марко Поло сияқты, бәрі де өз көздерімен көрген оқиғаларды айнытпай хатқа түсіріп отырған.
Әйтсе де, біздің тарихымыздың ең даулы тұстары «қазақ» сөзінің және рулар мен жүздердің шығу тегіне, Шыңғыс хан мен маңғұлдардың біздің тарихымызбен байланысына қатысты болар деймін. Қалай да бір даусыз нәрсе – қазақтардың түрік тектес екендігі және әлімсақтан бері Еуразияны мекендеп келе жатқаны болса керек.
Енді осы түріктер кімдер? Бұл сөз қандай мағынаны білдіреді?
Жалпы, түрік тілі өте бейнелі әрі терең мағыналы. Тек үнемі есте болатын нәрсе: сөздің мағынасы көбіне-көп ұзын-сонар уақыт көшінде болған өзгерістердің астарында көмескіленіп қала береді, өзге тілдердің әсеріне, сөзді хатқа түсіруші адамдардың тіліндегі грамматиканың ықпалына түседі. Мәселен, біз Тунгус ойпаты дейтін жер бар екенін білеміз. Бірақ тунгус дейтін сөздің мағынасына екінің бірі бойлай бермейді. Ал бұл түрік тіліндегі Түн және Қыс дейтін екі сөзден құралған. Демек, Түн Қыс, яғни бір түні – бір қыс деген мағынада. Қазіргі тілде біз оны Поляр түні деп жүрміз.
Географиялық атауларға қатысты да осыны айтуға болады. Байқал – Бай Көл, Балқаш – Балық Аш (Аш Балық), Сібір – Сыбыр (сыбдырлау).
Дәл осылайша түрік сөзінің де өзіндік мәні бар: Көк Түрік=Көк Тірегі, яғни Көктің (Аспанның) Тірегі.
Ал Хазар және Қазақ сөздерінің түбірі де бір, мәні де ұқсас. Қаза түрік тілінде ажал, өлім, құрбандық дегенді білдіреді, Ақ – Әділ. Қаза
Ар – Ардың Құрбандығы. Қаза Ақ – Әділдік Құрбаны.
Дулати мен Гумилевтің жазуынша, түріктерде жас жігіттердің ерлігін, өжеттігін, қайсарлығын таныту үшін жападан жалғыз дала кезіп кететін салты болған. Бұл, бәлкім, олардың абырой-атағын шығару үшін өздеріне лайық қарсылас іздеудің жолы да болар. Еуропада кезбе ерсерілердің (рыцарлардың) осындай үрдісі болғанын білеміз. Мінеки, ар мен әділдік жолында бастарын бәйгеге тіккен осындай адамдар Ұлы далада Қаза Ақ деп аталса керек. Әрине, олар онша көп те болмаған. Ал ондайлардың одағы, қауымдастығы ҚАЗАҚ жұрты деп аталған. Мәселен, мальта орденнің ерсерілері құрған Мальта мемлекеті сияқты. Қазақ біткеннің бәрі «қару-жарақ асынған, жауды көрсе қашырған» сайыпқырандар еді деп айтуға болмас, әрине. Сол ерсерілердің туыстарынан, ізбасарларынан, жауынгерлерінен рулар қалыптасты. Ал қазақтың жүздері – солардың қалыптасуы кезеңдеріне байланысты солай аталған ордалар. Сөйтіп, әуелі Ұлы жүз, содан соң – Орта жүз және оған жалғас Кіші жүз құрылған. Демек, қазақтар құбылыс ретінде, ерсерілер түрінде түріктердің және көршілес халықтардың – мәселен, славяндардың арасында ежелден бар болған.
М.Х.Дулати өз кітабында Моғолстан мен моғолдар туралы көп жазады. Сол кездегі түрік халықтары немесе түрік елдері туралы айта келіп, оларды моғолдар, қазақтар, жетелер, қазақ-өзбектер, қырғыздар, шағатайлар, шейбанидтер, түрікмендер деп атайды. Өзін моғол ретінде көрсетеді. Сол моғолдар кімдер еді және қазір олар қайда кетті? Моғол мен маңғұл сөздері бір мәндес, тек өзгеріске түскен деп санау қате. Тіпті де олай емес. Моғол сөзінің синонимі – Жете немесе Чете. Жұрттың бәрі Жетісу аталатын өлкемізде әлдебір жеті өзеннің түсін түстеп бере алмай әуреге түсе береді. Неге десеңіз, біздегі өзен жетеу емес, әлдеқайда көп, сондықтан бұл тұрғыда бәтуалы пікір жоқ. Тіпті ол болмайды да. Неге десеңіз өлкенің өз аты Жетісу емес, Жете Су, яғни Көне Жасақ. Су сөзінің түрік тілінде екі мағынасы бар: 1) су, 2) жасақ, қол, әскер. Сондықтан Жете Су – Мүк Елінің синонимі, Жете Су десек – Моголстан дегеніміз. Моғол – Мүк елі дегеннің өзгеріске түскен түрі, демек, мүк басқан, ежелден келе жатқан ел деген сөз. Жете немесе чете – тамыр, ежелгі. Біздің қазақта «жетесіз» деген сөз қаңбақ дейтінді білдіреді. Демек, өздерін Мүк елі атаған немесе Моғол деп аталған түріктер көшпелі жауынгерлер болды және олар Шыңғыс ханның көшіп-қонып жүру, бір жерде тұрақтамау, тәңір дінінен басқа дінді қабылдамау, түріктердің көне дәстүрлерін сақтау туралы өсиеттерін орындады.
Ал жетедей емес, исламды ерте қабылдаған, отырықшылыққа ыңғай беріп, сарттармен (парсылармен, тәжіктермен) некеге отырған және олардың дәстүрлерін тұтынған түріктер өзбек-қазақтар деп аталды. Шыңғыс ханның ұрпақтары арасында ислам дінін тұтынған немересі Өзбек хан болатын, Өзбек-қазақ атауы содан шыққан. Моғолдар оларды қара ойнас деп атады. Бұл сірә, өзбек-қазақтардың бөтен ұлыс – тәжіктермен қан-жыны араласып, солардың салтымен өздерінің немерелес, шөберелес қыздарына үйлене бастауларына байланысты болар. Ал моғолдарда ондай әбестікке тыйым салынған. Тек жеті атадан асқандардың ғана некеге тұруына рұқсат етілетін. Керей мен Жәнібек сұлтандардың өзбек-қазақтардан бөлініп, біраз халқымен бірге моғолдарға кетіп қалуынан, өзгеден бұрын, түріктерге жат осындай салттан безгендікті көруге болады. Содан былай моғолдар мен қазақтар мидай араласып, бір халыққа айналған болу керек.
Түріктердің елеулі бір бөлегі, негізі моғол-қазақтар Бабырмен бірге Үнді жорығына аттанып, сол жерде Ұлы Моғолдар мемлекетін құрғаннан кейін моғолдардың аты көмескі тартып, қазақ атауы жарқырай көрінді. Сондықтан қазақтар, моғолдар мен жетелер де және маңғұлдар да бір. Ал өзбек атауы дербес ұлыс ретінде аса тұлғалана қоймады. Олар көбінесе ташкенттіктер, хиуалықтар, қоқандықтар, бұхаралықтар, әндіжандықтар ретінде белгілі болды. Өйткені, бұл жерлердің халқы тәжіктер, сарттар, түркімендер, қазақтар және өзбек-қазақтар аралас болатын және олар түрік тілдес бола тұрып, отырықшылыққа бой ұрды және тәжіктердің салт-санасын ұстанды. Қазақтар ол жерлерге сауда-саттықпен баратын және хан тұқымы – төрелер негізінен Моғолстанды мекендейтіндіктен қазақтар билік ауысқанда оларды арнайы әкеліп, хан сайлайтын.
Өзбек атауы Шыңғысхан немересінің атынан шыққанын шағатайлықтардың, шайбанидтердің, сондай-ақ, Ноғай дейтін билеушінің атына байланысты ноғайлардың болуы растайды. Ноғай – Нақ ай дейтін сөзден шыққан. Мамайдың Мами Ай, яғни Қасқыр Ай дегеннен шығатыны сияқты. Мами Ұлық – Ұлы Бөрі мағынасында, мамлюк сөзі де содан шыққан. Қазақтардың шежіресі бойынша, бір кезде Ноғай бастаған түріктер қазақтармен қоян-қолтық бірге өмір сүріп, бертінде бөлінген сияқты. Сірә, рулар арасында бір алауыздық туып, ірге бөлісуге соқтырған болса керек.
Сондай-ақ, Тәңірі және Науырыз дейтін екі сөзді таратайық. Әуелгісінің
дұрысы – Таң Нұры болар деймін. Тегінде, ежелгі түріктер Күнге табынушылар болған сияқты. Олар ең жоғары ғарыштық күштер – Күн мен Айға табынған. Бір ғажабы, олар Ай Күннің сәулесін шағылыстыратынын білген, ал ол кезде еуропалықтар оны күлкілі санаған.
Науырыз – Нәр уыз дейтін сөз. Көктемде, наурыз айында, жер көктеп, мал төлдеп, жаңаша өмір басталады. Түріктер
22 наурызда күн мен түннің теңелетінін де білген.
Айдың Күн сәулесін шағылыстырушы әрі небәрі Жердің табиғи серігі ғана екенін білуден Ай Елі дейтін сөзі туған жұрт азаматтың өмірлік серігін әйелі – Жұп Айы деп атаған. Қалай жарасымды! ЕрКөк – сол әйелдің Көктен түскен ері, ғарыштық адам. Бәлкім, біздің түп аталарымыз өзге планетадан – Көктен келген болар?!
Фунт, доллар, еуро дейтін валюта аттарының мәні ақшаға тіпті де үйлеспейтін кездейсоқ сөздер. Ал біздің ақшамыздың теңге дейтін керемет атауы бар. Бұл – тек сәл ғана өзгеріске түскен Теңгер дейтін сөз, яғни тауардың тең эквивалентін шартты бірліктегі ақшаға шақ деген мағынада.
Қалмақтар мен жоңғарлар күштерін жинап келіп, кенет қазақ даласына лап қойды дейтін пікір де қате. Тіпті де олай емес.
Көшпелі қалмақтар түрік тектес емес-ті және басқа тілде сөйлейтін, әрі будда діндес болатын. Бірақ тұрмыс-салты қазаққа ұқсас болатын. Сондықтан біздің ата-бабаларымызбен қанаттаса көшіп жүруші еді. Бұл арада бір ескеретін нәрсе: ол кезде халық саны қазіргіден әлдеқайда аз болатын. Сондықтан жер деген ен-тегін болушы еді.
Бірақ моғол-қазақтар ислам дінін ұстанатындықтан олардың қалмақтармен арақатынасы біртіндеп шиеленісе бастағанға ұқсайды. Ақыры бұл қарулы қақтығыстарға ұласып, бірде өршіп, бірде өшіп отырғанын білеміз.
Қалмақтар біресе қазақтармен, біресе қырғыздармен шарпысып, қытайларға, Ресей қалаларына шабуыл жасауын үдетті. Ақыры сонысы өздерінің сорына шықты. Қалмақтарды Шыңғыс ұрпағының – қазақ хандарының қол астындағы ел деп санаған қытайлар оларға тиісе қойған жоқ. Ал Абылай хан манчжурдың императорына одақтасу туралы ұсыныс жасағанда олар бұған бірден келісім берді. Сөйтіп, шығыстан манчжур экспедициялық әскерлері, батыстан Абылай хан қыспаққа алып, қалмақтардың тас-талқанын шығарды. Жоңғарлардың қалған азын-аулақ тамтығы Ресейге барып паналады. Бұл Қытайдың қазақтарға жаулаушылық жасамағанын, қайта керек жерінде көмектескенін, ал біздің бабаларымыз агрессиялық пиғылда болып, бөтен елдің жерлерін де басып алуға дейін барғанын көрсетеді. Мәселен, Ирак пен Ауғанстанды айтпағанда, сол баяғы Дулати бабамыз жазған Тибет пен Үндістанның
мысалы – осыған дәлел.
Сөздер мен олардың кілті туралы тағы бірер мысал. Түріктер қазіргі Бейжің қаласын Ханбалық атаған. Ханы – хан, патша, ал Балықтың екі мәні болған, олар – балық және қала. Сонда Ханбалық – Патша қаласы болып шығады, яғни – Астана.
Шыңғыс хан өз мемлекетін Мәңгі Ел деп атады. Айтпақшы, оның немересі Құбылай құрған қағанатттың (империя) атауы – Юань, ал мұның бір аудармасы – Шексіздік, Мәңгілік.
Марко Поло өз кітабының (1290 ж.) С ХХХІХ тарауында: «Мәңгінің басым бөлігінде мәңгі мәртебелі Факфур» билік етеді» деп жазады. Кіріспе мақалада (И.Магидович) бұл: Манги – Орталық «Оңтүстік – Қытай» деп түсіндіріледі де одан әрі CLVІІІ тарауға дейін Манги елі сипатталады. Демек, Марко Поло Қытайды – Манги немесе дұрысы Мәңгі Ел деп ашықтан ашық айтқан.
Енді Татарға келсек, оның әңгімесі басқаша. Ол кезде парсыларды және де кейбір ұйғырларды тат деп атапты. Сонда Тат Ер – Татар – түрік емес жауынгерлер. Маңғол-татарлар – Мәңгі Елдің жауынгерлері және олардың одақтастары. Қазан татарлары – лингвистиканың еріксіз матасы, олар – бұлғарлар. Күллі түрік халықтарының ішінде Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары – қазақтар, өзбектер, ноғайлар, қырым татарлары – болды, бітті.
Көп тараған аттың бірі Барақ болатын. Ол Бәрі Ақ, Кіршіксіз дегеннен шыққан.
Исламды қабылдағаннан кейінгі ұрпақтардың аттары арабтық сипат алған – Ахмет, Ханафия және т.б.
Дегенмен, Темір, Бәрі Ақ дейтін аттар сақталды. Шыңғыс, яғни Жаңғыз деген атқа тыйым салынды, себебі ол – Жалғыз.
Шыңғыс хан заңдарының аты Яса және Билик деп жазылды. Дұрысы – Жаза және Билік. Яғни Жаза – жазалау (заңдар мен тыйымдар жинағы). Билік, яғни басқару – мемлекетті басқару ережелерінің жинағы.
Шыңғыс хан – халықтарды қызық үшін қанға бояп, өзін-өзі тоқтата алмаған қандықол диктатор болған жоқ. Ол – Ашына әулетінен шыққан түрік қаһандарының ұрпағы, дүние жүзін жеке билеу идеясының жолын жалғастырушы. Сондықтан ол өз мемлекетін Мәңгі Ел – Мәңгілік Мемлекет деп, ал өзін Жаңғыз Хан деп атады. Яғни мұндағы
мақсат – жер бетінде тыныштық жайлаған, біртұтас заңдар мен ережелер үстемдік ететін, барлық діндер тең болатын және Шыңғыс хан ұрпақтары билік жүргізетін бірегей, мәңгілік мемлекет орнату болды. Бірақ сол билеушілер қаһанның отырықшылыққа бейімделмеу, көшіп-қонып жүру, байлыққа бой алдырмау, әділетті болу, Жаза мен Билікті орындау, Тәңірден басқа дінге сенбеу, бүкіл дүниені жаулап алу сияқты өсиеттерін бұлжытпай басшылыққа алуға тиісті еді.
Гильем де Рубрук «Шығыс елдеріне саяхат» кітабының қырық сегізінші тарауында: «Мәңгі Құдайдың өсиеті бар, жер үстінде тек бір ғана
билеуші – Құдайдың ұлы Темучин Хингей (яғни темірдің шыңылы) бар. Олар Шыңғыс қаһанды темірдің шыңылы деп атайды, өйткені ұста болған», – деп жазады.
Қырғыздардың, түркімендердің, башқұрттардың, қазан татарлары мен басқа да түріктердің Шыңғыс ханға ешқандай қатысы жоқ.
Шыңғыс ханның шын
аты – Темірдің Үні. 1206 жылы хан болып таққа отырғанда ол Жаңғыз деген ат алды,
қытайша – Иго. Орыстың «татаро-монгольское иго» дейтіні осыдан. Әкесінің аты – Ес Әкей, яғни Ақылды Әке, Естияр Әке. Жалпы оның кім екенін, тегі түрік пе әлде басқа ма дейтінді сөз еткенде ең әуелі жақын айналасының, туған-туыстарының есімдеріне көңіл аудару керек. Бабаларының бірінің аты – Менен Тудың. Демек, сен менен тудың, менің баламсың. Анасының аты – Өлең. Бұл сөз қазақта күні бүгінге дейін бар. Қайын
атасы – Дәу Шешен.
Тұңғыш ұлының аты Жошы, Жучи, Туши деп әр түрлі жазылумен келеді. Дұрысы – Тушы, яғни Ту ұстаушы, зат есім түрінде болғанда – осылай. Ал етістік түрінде айтқанда, ол «Тушы» дейтін өтініш райына ауысады.
Екінші ұлы – Шағатай. Дұрысы – Шығады Ай. Яғни Айдың шығуын мегзейді. Үшінші ұлы – Үгедей. Сірә, дұрысы Үкідей болар. Үкіге ұқсаса деген мағынада. Төртінші ұлы – Тули, Төле деп, бұл да әр түрлі нұсқада айтылады. Дұрысы – Толы болар деймін. Берекеге толы. Жеткілікті. Бір нұсқасы – Төле. Қарызыңды төле. Береріңді бер. Бәлкім, қаһанның бір баласы шетінеп кетіп, бұл соның төлеуі, өтеуі ретінде қабылданған болар.
Немерелерінің аттары: Бат Ай, Батай – Айдың батуы; Құбыл Ай – Айдың (фазасының) құбылуы.
Хулагу – Құлағы.
Тоқтамыш, Тоқтамыс. Дұрысырағы: Тоқтамыс – Тоқтаусыз. Тоқтамайтын.
Сартақ – Сары Тақ. Яғни Алтын тақ.
Бәлкім, орыстың царь дейтіні осы Сары тақтан шыққан болар.
Оның үстіне, бұрын шалаң тұтып, шаң басқан көптеген идеялар тарих көмбесінен алынып, жаңа мұраттар ретінде ұсынылып жататыны да бар. Мәселен, Шыңғыс ханның идеяларын ең көкейкесті мұраттар ретінде алға тартып отырған АҚШ-ты алыңыз. Бәлкім, мән-мәнісі жөнінен олардікі дұрыс та шығар, бірақ формасы жағынан дұрыс деп айту қиын. Тіпті, бұған Шыңғыс қаһанның өзі де бәрекелді дей қоймас еді.
Бұл өсиеттерді Сталин жақсы білген. Ал қазір оларды АҚШ-та жақсы біледі және оларды жүзеге асыруға тырысулы. Сол елдің президенттері мен жоғары лауазымды адамдарының сөздеріне зер салсаңыз, соны байқайсыз. Тек мәселе олардың ақ нәсілшілдер әрі христиан екендігінде. Сондықтан олар Крестшілер жорықтары идеясының табиғи жалғастырушысы болудан әлі қалған жоқ. Наполеон мен Гитлер де Шыңғыс хан мен крестшілердің идеяларын қойыртпаққа айналдырып қабылдады да, ақыры содан опық жеді.
Мәңгі Ел қағанатының иелігінде болған аумақтағы Моңғолия, Қазақстан, Орта Азия, Иран елдері қазір бірігуге әрекет етуде. Бірақ олардың арасында жетекшілік тізгініне ие болу, дін ұстану және т.б. тұрғыдағы келіспеушіліктер бар. Батыс Чан Қайшы, Хрущев, Горбачев, Ельцин сияқты ел басшыларын Шыңғыс хан идеяларын өз бесігінде тұншықтыруға тырысып бақты.
Ресей – Алтын Орданың, Қытай – Юань қағанатының, Қазақстан – Ақ Орданың,
Иран – Хулагилдер қағанатының мұрагерлері. Енді тағы бір Жаңғыз хан – Бірегей көсем шығуы мүмкін бе?
Ол сайыпқыран Шыңғыс хан емес, тағы бір Жаңғыз
хан – Наполеонның ізін басушы да, белгілі бір діннің тізгінін ұстаушы да, нәсілшіл де, шовинист те емес, Құнфұдзының (Конфуций) теңдесі дерлік ақылман ойшыл, философ болуы тиіс. Әпербақандықпен білегі көтере алмас шоқпарды беліне қыстырған әумесер крест көтерушіден жер дүниені құтқарарлық кім бар?
Бүкіл әлемдік дін өкілдері құрылтайларының Астанада өтуі, G-Global идеясының дүниеге кеңінен тарап, Мәңгілік Ел құру шараларын Елбасының үздіксіз көтеретіні біздің сөз қып отырған әңгімеміздің басты түйіні емес пе?!