«Дүниеге көзқарас» немесе «Сыр сандықтағы» сырлы сөз
«Сыбызғымды тартып қара,
Үлкен-кіші, құрдасым.
Күйге көңіл артып қара,
Ұлағатты ел тындасын.
Жүрек жырын айтып қана,
Бағын ашып бұлдарсың.
Сезім сырын қайтіп қана
Досыңа айтпай тұлдарсың!
«Сырсандықтан» сыбағаңды ал,
Сырттап өтпе, сырласым.
Деп «Сыйға – сый, сыраға – бал»,
Сынап біл жан тұлғасын.
Бұл елге жамбылтанушы ғалым, өнертанушы, сазгер, драматург ретінде танымал Яһуда Амандықовтың «Сыр сандық» атты қолжазба кітабынан алынған өлең. Салмағы екі-үш кітапқа жүк болардай, жүрегінен үзіліп түскен мөлдір жырларын ұзақ жылдар жанының бір қалтарысына сақтапты. Баспаға бермей келді беріге дейін. 2018 жылы «Ақ шағыл» баспасынан «Дүниеге көзқарас» деген атпен жарық көріп, қолымызға тигенде үркіңкіреп, мұқабасын аялап қана ұстап, парақтап едік. Біз, ауылдағы жастар, Яһуда ағамызды, алдымен, Қаратау елінің гимніне айналған «Қаратауым» әнінің авторы деп таныдық, бері келе халық театрларында қойылып жүрген пьесалары арқылы драматург деп білдік. Яһуда ағамыздың білім саласында жемісті еңбек еткенін, мәдениет саласын басқарғанын ата-анамның әңгімесінен еститінмін. Шалғайдағы ауданда хор капелласын құрып, түрлі байқаулардан жүлделі орын алып, Айды аспанға шығарғанын үлкендер жыр ғып айтатын, іскерлігі мен сан қырлы талантына тамсанатын. Сөзі мен әні Яһуда Амандықовтыкі деп хабарланатын әндерді тындап өстік кішкентай қара радиодан. Өзі туып-өскен томаға-тұйық даладай, қатпар-қатпар сырларын қара тасына жасырған қарт Қаратаудай құпиясын сырт көзге бірден аша қоймайтын Яһуда ағаның «Сыр сандығы» ашылғанда абдырап та қалдық. Сол кітапты биыл ағаның 90 жылдығын атап өту барысында тағы да қолға алдық.
«Жасынан өлең жазуды серік етіп үндемей жүрген автор Яһуда Амандықовтың қолжазба өлеңдер кітабын қалай баспаға ұсынбай жүрген деп таңғалып оқып шықтым. Көркем дүниелер жабулы жатқан екен. Қай баспа болса да мұндай жақсы кітапты жарыққа шығаруға ықыласты болады деп ойлаймын. Яқанның жасы өскен сайын ойы өсіп отырған. Оны кітап көрсетеді. Көзім жетіп, көңілім тойды»,– деген екен қолжазбамен танысқан Сағат Әшімбаев. Бұл 1985 жылы еді. Араға жылдар салып Сағат ағаның осы пікірі кітапқа алғысөз боп алынды.
Сан қырлы талант иесі Яһуда аға алуан тақырыпқа қалам тербейді, өлеңдері әрқилы кезеңді қамтып, елдің тыныс-тіршілігімен астасып жатады. Ықыласпен оқи білгенге атүсті кесіп-пішпей мазмұнының тереңдігімен салмақты ой салады. Мұнда да Яһуда ағамыздың халық шығармашылығының зерттеушісі ретіндегі орасан еңбегі қылаң береді. Ұлттық колорит алуан өрнекте шұрайлы тілмен сөйлейді. Жалықпай оқығанды жаңа иірімдер тылсым тұңғиыққа жетелейді. Тың суреттеуімен таңғалдырады. Ғафу Қайырбековтің Яһуда ағамыздың өлеңдері жайлы пікірі ойымызды дөп басады:
«Мен түк жаңсағы жоқ шынымды айтсам, Яһуданың ақындығына риза болдым. Осы күні үш мың жол өлеңді, ол бір аты әйгілі ақын болса да, ешкім уақыты, ықыласы жетіп оқи бермейді. Қолына алса да, жалығып жаба салуы мүмкін. Мен жинақты жалықпай оқып шықтым. Өйткені барған сайын әр жаңа өлеңнен жаңа образ, жаңа теңеу, өрнек, тың сурет, тосын ойлар кездестіріп отырдым».
Ғафу Қайырбеков айтса – айтқандай, Яһуда ағаның өлеңдерінің ерінбей оқығанға әсері ерекше. Өмірден көп көріп, мол түйгені, ел ішінде өмір сүргені әр жолынан байқалады. Бұнда алдымен, Созақ даласы сыр шертеді. Қаратаудың тіл бітсе сөйлер әр тасы. Бетпақдаланың мидай жазығы. Сол даланы мекен еткен Созақ жұрты. Сайын даланың құм белдері, жазығы, тау — тасы , тұз тағылары, ит-құсы… Ұшса құс, жүгірсе аң жете алмайтын сахараның саф ауасын жұтып, бал суына қаныққан еркін елдің тынысы. Ақын өлеңімен бірге өседі. Елуінші жылдардағы алғашқы өлеңдерінің бірі – « Жас тілекте»:
Арманым – жас құрбыммен жүрсем деймін,
Тілегім – сүйген сізді ап күлсем деймін.
Білмеймін болашақ іс не боларын,
Беретін бір сертіңді білсем деймін, – десе, албырт жастықпен:
О, дегдар ару, сенің махаббатың
Шығарды бір бейбақтың лақап атын.
Қорланбай толамын деп өз сынына,
Өсіп келем.Ол – сенің шапағатың, – дейді алпысыншы жылдарға қадам басып. Ал «Өспес пенде» өлеңінде:
Өспес пенде өнбес дауды қуады,
Ел күтпеген өшпес жанжал туады.
Сонымен сол ел безер ер сенделіп,
Жайын жүрген жұрттың
жолын буады,–
дейді. Ердің сөзі емей немене?
Ақында осы сынды өмір толғаулары, тебіреністері өте мол. «Осы орайда Яһуда ағаның қаламға, сөзге деген жауаптылығы таңғалдырады. Өлең жаздым деп алып-ұшып ала жүгірмей, сан толғанып, өлшеп-пішіп, түзегені қолжазба беттерінде сайрап тұр» депті пікір жазушылар. «Яһуданы жасынан біле жүре, өнер қырының молдығын сезе жүре осынша жақсы өлеңдер жазып тастағанын білмедім. Сөйтсем, қартамыш Қаратауды, жал-жал боп созылған Мойынқұмды, көне Созақты, оның түрі бөлек, сөзі, тірлігі кесек, мінезі тіпті бөтен адамдарын жан жүрегінің жыры етіп жаза беріпті. Өлең жолдарында айнала тіршілік сайрап тұр», – деп алғаусыз ақтарылады сыншы Төлеген Тоқбергенов. Айтса – айтқандай, әр жолынан табиғатты құлай сүйіп, әр құбылысты жүрегінен өткізіп, зерделеп, тоқығаны сөйлеп тұр. Аңшылыққа құмартып қана қоймай көп бағып, із кеседі. Аңшылықтан құр қайтпаған қанжығасы қойын дәптерге ризығын мол төгіпті. Мысалы:
Қыс. Қалың қар. Тобықтан бұзып келем,
Жаяу шыққан сонардан қызып денем.
Демім түтін. Шығатын күнге қарсы,
Аппақ айдын даланы сызып келем.
Текектеген үшкіл із шарға салды,
Шардан қуып шығып ем жарға салды.
Қуыс қылта астынан өтті-дағы,
Қара қопа қаусырған орға салды, – дейді. Міне, жас та болса табиғатпен бітеқайнасқан ақынның сөзі. 1954 жылы жазылған өлең. 19 жаста. Таңғалмасқа шара жоқ…
Ай астынан – көкжиекті бөктерден,
Ой салады көз ұшынан от көрген.
Түн түрілді көлді қауып әупілдек,
Тамағыма келді ықылық кептелген.
Қоғалы көл салқ-салқ соғып ұрмайды,
Түпке тартып сүттей жарық тұрды Айды.
Көз ұшынан көрген оттың қиялын,
Әупілдек те, көл де менен бұрмайды.
Бұл да – 19 жастың өрнегі. Ал «Адам- ау!» өлеңі әлі күнге өзектілігі күйіп тұрған, ересектің өзінің тіл ұшына орала бермейтін фәлсапалы орамдар.
АДАМ-АУ!
Көгерсінші деп ойласаң көсегең,
Тыныштықта гүлдей жайнап өсер ең.
Есің кірмей, етек жаппай не теңің,
Күйіп тұрған Күннің көзін көсеген.
АДАМ-АУ!
Өзді-өзіңе толдың, білем. Абайла.
Жұлдыздардан мейман кеп жүр, оны ойла.
Бір машинаң, бір мылтығың оталмай,
Ол көрінсе, таппай жүрсін жан айла, – бұл да 19 жаста туған. Бірақ албырт ойы емес, қырықтың құрыш шынықтырар арыны дерсін.
Рас, Яқанның өлеңдері тосындау алғашында… көз жүгіртіп құмарта қоймайсың. Абайлап оқып бастап, біржола баурап алғанын байқамай да қаласың. Сөздің құдіретінің өзі сол емес пе? Сыздықтап сырын әрең ашқан Яқаң жырлары сәт сайын ажарлана түседі, мөлдір…тұмса… Берідегі өлеңдері не дейді? 2001 жылы жазылған «Бетің аумасын» өленін алайықшы:
Ей, ер жігіт, сызды тасқа сүйкенбе,
Әйел алсаң, көркі үшін үйленбе.
Қарқаралы қалыңдық бар оң жақта,
Тегіңді айтып, теңдесіп ал сүйгенге.
Тәрбиелі, діні таза, деңі сау,
Қызға үйленсең, бас білдіріп бас асау.
Бар төркіні сені ес көріп, саған жақ,
Қайын жұртты, ер күйеулі ел осы-ау! – дей келе, 2011 жылы «Дүниеге тіктеп қарашы» өлеңінде:
Дүниеге тіктеп қарашы,
Тіршіліктің сол ғой анасы,
Адамзаттың мәңгі панасы,
Соны ұғынып жүрміз бе?..
Көзіңді ашқалы жолсерік,
Жаратылыс қана жансерік,
Түсіңсең сырларын еңсеріп,
Өркенді үй ғой ол бізге, –
деп тіршілік парқын бағалай білудің маңыздылығын меңзейді. Асыра әсірелеу, бояма суреттеу жоқ, қарапайым тілмен шұрайлы өрнектелген жүрек сөзі. Теңеулері тосын әрі шынайы.
Баспа редакторы О.Кенжебеков редакторлық пікірінде: «Яһуда Амандықовтың бұл қолжазбасына белгілі ақындар
Ғ.Қайырбеков, С.Жиенбаев және азулы сыншы Т.Тоқбергеновтің өзі де тәнті болып, жүректерінен үзіліп шыққан жылы лебіздерін білдіріпті. Дүйім жұртқа белгілі, парасатты, талантты ақын-жазушылардың жыл құсындай көзге жылы ұшырайтын ілтипатқа, құрметке толы пікірлерін көлденеңдеген көк аттыға, көріне қалған көкезуге майшелпектей үлестіре бермесі ақиқат қой… қорыта айтқанда, Я.Амандықовтың бұл қолжазбасын тақырыптық жоспарға ұялмастан енгізуге болады», – депті
(1989 ж. «Жазушы» баспасы).
Ақын өлеңдеріндегі сан алуан тақырыпты өмірден алған. Ел тынысы, тұрмысы, табиғаттың мінезі, жастарға насихат, құрдасқа наз, ел-жерге, адамға махаббат. Көп екшеп, терең үңілген. Пайымды оқырман алар ой мол. Үш кітапқа жүк болардай «Дүниеге көзқарас» жыр жинағы жайлы пікірлер бір кітапқа тең. Яһуда ағамыздың 90 жылдық мерейлі жылында жыр кітабын қолға алып, түйген ойымыз осы еді.
Елден кеткелі біршама жылдың жүзі болған ғалым елден қол үзбеген еді. Жылма-жыл демесек те, арагідік елге ат басын бұрып, сағынышын басып, ағайын-туыспен қауышып қайтатын. Өнер мен әдебиет ордасы – Алматыға ғылым жолына түсіп, білімі мен біліктілікті шыңдасам деген арман-мақсаты жетелеп кеткен Яқаңның жүрегінің бір бөлшегі Қаратаудың теріс беткейінде қалыпты. Яқаңның туған елі, қазақтың қара шаңырағы Созақта қалған өнерлі ел, өнерді құрметтеген ел жамбылтанушы ғалым, сазгер Яһуда Амандықовтың туғанына 90 жыл толғанын ескерусіз қалдырмады. Жақсы дайындықпен лайықты денгейде аталып өтті. С.Қожанов атындағы музейде бұрыш ашылды, аудандық мәдениет үйінде облыстық ән байқауы өтті. Ұмытылмаса да есімі елеусіздеу еді соңғы жылдары. Ел жиылып еске алды, өлке білім саласы мен мәдениетін дамытудағы сүбелі үлесі айшықтала айтылды. Есіміне құрмет көрсетілді, мол мұрасы таныстырылды. Әуелете әндері шырқалды. Ғұмыр жолына көз салсақ, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, сазгер, ақын, жамбылтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Созақ ауданының Құрметті азаматы Яһуда Амандықов 1935 жылы Түркістан облысы Созақ ауданында Созақ ауылында дүниеге келген. Созақ мектебінде орта білім алып, Шымкент педагогикалық институтының филология факультетінде білімін шыңдап, 1957 жылы бітіреді. Еңбек жолын Созақ орта мектебінде мұғалімдіктен бастап, «Құмкент» совхозындағы М.О.Әуезов атындағы орта мектептің директоры қызметтерін атқарып, 1967–1976 жж. Созақ аудандық мәдениет бөлімін басқарады. 1969 жылы аудан өнер ұжымының халық театры атағын иеленуіне айтулы еңбек сіңірді. Яһуда Амандықов жетекшілік еткен аудандық хор капелласы 1975 жылы Таллинде өткен халықаралық фестивальге қатысып, жүлде алды. Талантты сазгер ретінде 40-тан астам ән жазды, оның 20-сы Қазақ радиосының «Алтын қорына» енген. «Сыр сандық» өлеңдер жинағы, «Үміт шырағы» әңгімелер жинағы, «Әнші Әміре», «Өмір сабақтары» кітаптары жарық көрген. 1976 жылдан Қазақстан Республикасы халық шығармашылығы үйі директорының орынбасары, 1979 жылдан Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Жамбылтану бөлімінде ғылыми қызметкер боп жемісті еңбек етті. 1984 жылы «Қазақ совет әндерінің даму сатысы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
Бұл Яһуда ағамыздың ғұмыр баянының цифр деректері десек, әр цифрдың арғы жағында ғалымның ерен еңбегі, ұстаздық тәлімі, өнердегі өркенді істері, сазгерліктің тылсымы, ақындықтың қияметі жатыр. Көзіқарақты оқырман еңбегін екшеп, керегін табар деген ойдамыз.
Гүлнәр ӨМІРБЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының,
Журналистер одағының мүшесі,
ақын, аудармашы