БҰЛ НЕ ДЕГЕН ТАУСЫЛМАЙТЫН ШЕР ЕДІ…
Дәурен БЕРІКҚАЖЫҰЛЫ
Дистресс
Еш нәрсеге зауқым жоқ.
Кешіріңдер…
Күндіз-түні құлып тұр есігімде.
Ештеңеге бұл күнде селт етпеймін,
Селт етпеймін ешқандай есіл үнге.
Жақсы көре алмаймын ештеңені,
Қызық емес жалғанның еш дерегі.
Тіршілігі бар жанның қоңырауын
Тіршілігі жоқ жаным кеш көреді.
Көміп кете береді күлкімді мұң,
Бәрі бекер сияқты… жұлқын, жүгін!
Қабағымды бірдеңе аштырмайды,
Бірдеңе тұр үстінде кірпігімнің.
Тысты қайдам, іш тұтас өліп қалған,
Түсінбеймін жандарды өліп-талған.
Жынды адамдай әйтеуір бар қылығым
Жақын маңнан ажалды көріп қалған.
Тырс еткенді тосырқап құлағым да,
Қуанғым да келмейді, жылағым да!
Қиюы жоқ сөздер көп жауабымда,
Қисынсыздау ойлар жүр сұрағымда.
Түзік өзге айтса да, ұлық өзге,
Жылынбайтын боп алдым жылы сөзге.
Сүлдерімді сүйретіп жүрем сосын
Көрінгенмен әйтеуір тірі көзге.
Тіршілігің, тірлігің қыбырлаған
Бәрі-бәрі жасанды бүгін маған.
Еш нәрсеге зауқым жоқ,
кешіріңдер!
…Кешіріңдер, жанымды ұғылмаған…
Тур де Ски-2016
(Терезе Йохауға)
Жан дертін қозғайтын –
менде шарап бар.
Жан адам озбайтын –
сенде қанат бар!
Биыл қыс жан әйтеу
үздігіп болмады…
Болғанмен сол Альпі,
болғанмен сол ақ қар.
Болғанмен сол дода,
болғанмен сол дүбір,
Көзіме ып-ыстық
бірдеңе келді бір…
Жүрегім дерт еміп,
жалғаннан жеркеніп,
Жазбаймын деп едім
өртеніп енді жыр!
Шықтың да қайтадан
қаптырдың шаң бәрін,
Шулатып Тоблахты,
Оберсдорф орманын.
Сенімен жарысқан
қыздардың жолы ауыр,
Тағдыры солақай,
соры да сәл қалың!
Ел аза бастайтын биікте,
ер аза,
Ебідей екіленіп кететін
Тереза!
Сен қанша ғашықтың
оятып арманын,
Сен қаншама жасыққа
шығардың жаназа!
Альпе-Чермисте күлімдеп
көздерің аспанкөк,
Ақ қарға жаздың сен
рух жайлы дастан тек!
Ештеңе жаза алмай
бұл жақта мен жүрмін,
Шарапқа айтқызып
күнәсін шаштан көп.
***
Ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ:
Болған…
болды…
өлді өлең!
Ақыл айтып –
Алатындар беттен тек,
Жұбатады –
жаны ауырып көрмеген.
Зор жарысы
зорлықшылға ұнаудың –
Көкте…
жерде…
желіде!
…Екі күннен бері тұмаумын.
Бермеңдерші еріге!
***
Бұл не деген таусылмайтын шер еді:
Көзіңізге көзім түсе береді!
Түскен сайын тұла бойым өртеніп,
Өрт сапырған өлең жазғым келеді!
Бұл не деген таусылмайтын шер еді:
Көзім көктен Сізді ғана көреді!
Әз әлемді әпенді етіп әп-сәтте
Әлдеқайда алып кеткен тереңі.
Бұл не деген таусылмайтын шер еді:
Екі көзім Сізді іздей береді!
Бейтаныс қыз – тым сүйкімді қылығы,
Бейтаныс қыз – тым беймәлім дерегі!
Бұл не деген таусылмайтын шер еді:
Көзім Сізге көлеңкедей ереді!
Қайсыбір сәт елпең қағып еліктей,
Қайсыбір сәт сөз сөйлеген өрелі.
Бұл не деген таусылмайтын шер еді:
Сізді біреу хор қызындай көреді!
Бір жігіттің белгісіздеу бақыты,
Жүз ақынның жазылмаған өлеңі!
***
Бағытынан қалған ұлдай адасып
Сені неге ойлай бердім, Дамашық?
Айта-айта жауыр болған жайың мен
Пайым жайлы қайта-қайта бал ашып…
Сені неге ойлай бердім, Дамашық?
Топырағыңа тимесе де табаным
Басылмай-ақ қойды бір сәт алаңым.
Көз алдымда тұрып алды көлбеңдеп
Қабырғасы қирап қалған қаланың…
Сай-сүйегі сырқыраған бабаның!*
Ешкімді ешкім іздемейтін заманда
Ештеңе айтқың келмейді екен адамға.
Кейігенде керенау бір қоғамға
Тек екеуміз қалғандай-ақ күй кешем
Оспадарсыз, озбыр осы ғаламда!
Менің бала қиялыммен таласып
Даңқы дамыл бермей кеткен Дамашық,
Жаңалықтан сөйлейтұғын жаны ашып –
Мынау әлем өркениетті ойрандап
Тағы қайда бара жатыр адасып?
…ай түседі
(жай түскендей беймезгіл!)
Тереземнің пердесінен сәл ашық.
* Тарихи деректерге сүйенсек, ұлы жырау
Кетбұға мен Бейбарыс сұлтанның қабірлері Сирияның астанасы Дамаск
қаласында орналасқан.