М.ӘУЕЗОВ ТЕАТРЫ АСТАНАЛЫҚТАРДЫ КӨРМЕГЕ ШАҚЫРАДЫ!
Астанадағы Ұлттық мұражайда М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театр мұражайының «Тарих толқынындағы театр шежіресі» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған көрме алтыншы қазанға дейін жалғаспақ.
Қазақ өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мұражайының 48 жылдық тарихы бар. Театр мұражайы ол – қазақтың театр және кино өнерінде терең із қалдырған, атақты тұлғалардың өмірінің аяулы сәттеріндегі жарқын бейнесі. Мұражай жәдігерлері арасында әйгілі театр және кино актерларының сирек кездесетін фотосуреттері, әр жылдардағы сахналық киімдері, афишалар, спектакльдердің макеттері мен эскиздері, театр өнері майталмандарының портреттері және тағы басқа құнды заттар сақталған. Театрдың 90 жылдық ғұмырынан сыр шертетін осынау жәдігерлер Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын арналған көрмеге қойылып отыр.
Көрменің салтанатты ашылуына КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі, профессор, кеңесші Есмұхан Обаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығы лауреаты, театр директоры Ерлан Біләл, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Журналистика Академиясының академигі Әлия Бөпежанова және т.б. өнер майталмандары қатысты.