«БҰЛ – БИКЕН АПА ТЕАТРЫ»
10.08.2024
313
0

1975 жылдың қоңыр күзі еді. Сол кездегі Талдықорған облысының орталығына артынып-тартынып бір топ жас келе қалсын. Онда Алматыдан жолаушы автобусы деген сирек қатынайтын. Қазір ғой, сүт пісірімде екі ортаға жетіп үлгересіз, ол кезде шынымен Жетісудың кіндік қаласына табан тіреу 4-5 сағаттық жол болатын. Хош, сонда астанадан аймақтағы шағын қалаға кім келіп, кім кетпей жатыр дерсіз, бірақ бұл келген жастардың жөні бөлек-тін…

«Біз бір энтузиазист екенбіз ғой..»

«Әй, біз бір энтузиазист екенбіз ғой. Сонда Құрманғазы атындағы мемлекеттік Алматы консерваториясын бітіре сала Талдықорғанға тартып кетіппіз. «Қайда барамыз, кімнің үйіне түсеміз, жұмысымыз не болады?» деген сұрақ желкілдеп келген оншақты жастың бірін де мазаламапты. Бар ойымыз, сенім артып, жолдамасын беріп шығарып салған Шолпан Жандарбекова апайдың үмітіп ақтап, есігін енді ашпақ болып жатқан Талдықорған театрына қызмет қылу еді. 4-қарашада театр ашылды. Біздің өнердегі жолымыз басталды…» деп еске алады Алмахан апай Талдықорған театрының тарихы туралы сұрағымызға жауап бере отырып.
Алмахан апай дейміз ғой, бұ кісі қазақ театр және кино өнерінің апогейіне айналған аңыз адам. Сол 1975 жылы қоңыр күзде Талдықорған театрының сахнасынан өнердегі жолын бастаған Алмахан Кенжебекова бүгінде Қазақстанның халық әртісі атағына ие болған ардагер жан. Апайдың театр сахнасы мен кино әлемінде сомдаған рөлдері туралы санап, жазар болсақ, ұзақ тізім болар еді. Ол туралы кейінірек міндетті түрде оралатын боламыз, әзірге театр туралы әңгімеге оралайық.
Сол, 1975 жылы Мәдениет министрі Мүсілім Базарбаевтың қамқорлығымен ашылған Талдықорған драма театры ширек ғасырға жуық уақыт арасында жоғары мәртебелі өнер мен парасатты көрерменге қызмет етуден жаңылған емес. Яғни өнер ордасы мәдени миссиясын мүлтіксіз атқарып келеді.
– Жоғарыда энтузиазм деп қалдым ғой, шынымен солай болды. Тек өнерге деген адалдық жетелеп Талдықорғанға әкелген біздің тәуекелімізді басқаша қалай атауға болады. Жетекші ұстазымыз, Қазақ КСР Халық артисі Шолпан Жандарбекова мен Татьяна Наурызбаевадан тәлім алған бір топ жас актерлер Талдықорған облыстық драма теарына жұмыс істеуге жиналдық. Тілек Әбжалиев, Кендебай Темірбайұлы, Жанат Чайкина, Жібек Лебаева, Әлімбек Оразбеков, Алма Бастемиева, Азат Базаркелді, Тілеген Ахметов, Асан Исаев, Аман Қожабеков, Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, Дүйсен Мұсабеков, Шәмшия Балтаева сынды қанаттастырым бір жақтан, екінші жақтан Рәбиға Мұқаева, Хадиша Бөкеева, Асқар Тоқпанов сияқты алыптардан бітірген шәкірттер, олардың арасында Өмірсерік Қалиев, Гүлжан Шәкірова, Мұқан Шәкіров сияқты жас әртістер бар – Талдықорғанға жиналдық қой. Мұнан бөлек Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрынан Серік Нұрхалық, Абай атындағы драма театрынан Әлихан Ыдырышева, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры студиясын бітірген Нұрлан Әлбосынов, Қарлығаш Исаева, Ысқақ Дәуітов те қасымыздан табылды. Бір жылдан кейін Асқар Тоқпановтың курсын бітіріп келген Талғат Теменов, Мұсақожа Әжібековтермен ортамыз толды. Аттарын атай алмаған қанша әріптесім бар, көбі бұ дүниеден өтіп кетті, жаңағы театр тарихы туралы сұрағасын айтып отырмын, театр­дың тарихы – актерлерімен толымды. Жаңа ашылған театрдың директоры болып Қалмахан Бейсенбиев келді. 4 қараша күні Талдықорған драма театры алғаш өз шымылдығын Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» трагедиялық спекталімен ашты, – деді тағы Алмахан апа Кенжебекова.

Тотыдай таранған театр

Таланттардың тұғырына айналған театрға 2000 жылы Халық әртісі Бикен Римованың есімі берілді.
– Талдықорған театры түрлі кезеңдерде республикада ғана емес, тіпті, шет елдерде өткен театр фестивальдері мен байқауларына белсенді қатысып, талай рет жеңіске қол жеткізді. Талдықорған театры қазақ халқының сонау көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихын жүйелі түрде көрсетіп келе жатқан республикамыздағы бірден-бір ұлттық патриоттық театр. Театр репертуары тақырыптық және жанрлық жағынан жылдан-жылға жаңарып, байып келеді. Театрдың репертуары әр алуан, соның ішінде заманауи драма мен әлемдік классикалар бар. Сондай ақ театрдың негізін қалаған кино және театр артистері, ҚР Халық артисі Алмахан Кенжебекова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлихан Идрышева, «Парасат» орденінің иегері Кендебай Темірбайұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Сағындық Жұмаділ, «Мәдениет саласының үздігі» Сандуғаш Мұңайтпасова сияқты артистер жемісті қызмет атқарып келеді, – дейді өнер ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сөзінде театрдың директоры Ерлік Жуасбек.
2018 жылы Бикен Римова атындағы Талдықорған театры әлемнің озық сәулет үлгісі бойынша салынған жаңа ғимаратқа көшті. Бүгінде Орта Азиядағы озық театрлар санатына еркін еніп тұрған жаңа ғимарат 510 орынға лайықталған. Бағзы еуропалық сәулет пен тамыры терең қазақы мәдениеттің сипаттарын қазіргі заманғы озық тәсілдермен бәдіздей өрген театр үйі екі қабаттан тұрады. Аумағы 10 538 шаршы метр.
– Талдықорғанға жаңа театр салу туралы сол кезде облысты басқарған әкімдердің бәріне айта беретінбіз. Мен өзім кездесу сайын әр әкімнің құлағын жауыр қылдым. Кейіннен Амандық Баталов әкім болғанда салынды. Салынуы да қызық, Баталов ұзақ жыл облыста әкімнің орынбасары болды ғой, құрылыс жағына жауапты болды, барлық кездесуде театр туралы айтқанда соны тұрғызатын, бірақ жаңа ғимарат салуға қаржы жетпей қала берді. Бірде Талдықорғанға Назарбаев келгенде тағы осы әңгіме айтылды, тағы да Амандық төмен қарады. Сосын, өзі әкім болғанда зиялы қауымды жинап алып айтты: «Театрға жаңа ғимарат саламыз, бір жылда бітіріп беремін» деді. Сөзінде тұрып, бәрімізді құрылыстың іргетасын құюға шақырды, уәделі уақытта жаңа ғимарат тотыдай таранып тұрды, – деп әңгімесін түйді Халық әртісі Алмахан Кенжебекова.

«Жыл сайын жасаратын сахна»

Әдетте, аймақтағы өнер ордаларына қатысты жаңсақ пікірлердің айтылатыны жасырын емес: периферияда ұлы өнер тумайды… Дәл осы сөзді Талдықорған
театры жоққа шығарды десек, өтірік айтпаймыз. Бірер ай бұрын кезекті қойылымның премьерасына жиналған көрермендер залға сыймай қалғанын көрдік. Адамдар толқулы, сонда журналистік әуестікпен бірер адамды сөзге тарттық. Сол қойылымға 25 шақырым жердегі Талапты деген ауылдан келген қария театрдан қалмайтынын, әсіресе премераны құр жібермейтінін айтты: «Актерлары шынайы ойнайды. Сахнасында күшті аура бар. Жыл сайын жасарып тұратын сияқты…», – деді көрермен.
Дерекке көз жүгіртсек, өнер ордасына келушілер саны жыл сайын көбейіп келе жатыр екен. Мысалы, 2022 жылы театрға 45 мың адам келіпті. Былтыр көрермен саны 60 мың адамға жеткен.
Айтпақшы, әлгі аншланг болған қойылым – «Медаль» болатын. Жазушы Қанат Тілеуханның әңгімесінің желісі бойынша, режиссер Фархат Молдағали сахналаған-ды.
– Осыдан екі жыл бұрын режиссер Фархад Молдағали: «Кәке, әңгімеңізді оқыдым. Театрға сұранып тұр», – деп хабарласып еді. Енді, міне, соның сахналанатын уақыты келіпті. Фархад инсценировкасын жасап, Бикен Римова атындағы театрда қойды. Мен үшін Римова театрының орны бөлек. Өмірімде алғаш барған театрым осы өнер ордасы. 1999 жылы «Талдықорған» газетінде штаттан тыс тілші болып жүргенімде, «Ескі үйдегі екі кездесуді» көрген едім. Әмбе туған жерім. Алғаш студент атанған қалам. Енді осы театрда «Медаль» сахналанды. 29–30 маусымда премьера болды. Жалпы Бикен Римова театры жарты жылдың ішінде 5 премьера қойды. Авторлардың бәрі заманауи қаламгерлер. Әлібек Байбол, Жәнібек Әлікен сияқты орта буын өкілдері. Данияр Базарқұлов келгелі театр жаңа тыныс алды. Көрермен қатары көбейді. Баяғыда Болат Атабаев: «Театр директор ауысқаннан алға жылжымайды. Режиссермен дамиды» деп еді. Талдықорған театрындағы қазіргі күй – Атабаев сөзінің бір көрінісі, – дейді жазушы Қанат Тілеухан.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір