«Франкфурт шақырады»: Әлемдік көрмедегі Ұлттық стенд жетістіктері
04.11.2025
200
0

Жыл сайын төрткүл дүниенің оқырмандарына, кітап шығарушылары мен баспаларына сауын айтып, дүркіреп өтетін кітап көрмесі ашылады. Бұл – Германияның Гессен федералды жерінде орналасқан Майн­дағы Франкфурт қаласында дәстүрлі түрде күз айларында өтетін ірі халықаралық кітап көрмесі. Тарихын 1473 жылдан бастайтын, 1949 жылдан бері жүйелі түрде өтіп келе жатқан Frankfurter Buchmesse халықаралық кітап көрмесі 77 мәрте ұйымдастырылды. Ең маңыздысы – әлем елдері кітаптарымен, кітап шығару технологиясымен, авторларымен бәсекеге түсетін зерде жарысына Қазақстанның екінші рет Ұлттық стенд қойып, жоғары дәрежеде қатысқаны.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мұрындық болуымен халықаралық көрмеге еліміздің кітап ісі саласының қызметкерлері, баспа өкілдерінен тұратын арнайы делегация қатысты. Жай қатысып қоймады – Ұлт­тық стенд алдында бес күн бойы түрлі кездесулер мен пікір алмасу сағаттарын, тұсаукесер-таныстырулар өткізіп, кәрі құрлық жұртшылығы мен көрме қонақтарына ұлтымыздың іргелі еңбектері паш етілді.
Салты жүйеленіп, дәстүрі қалыптасқан халықаралық көрме – кез келген ел үшін, делегациялар мен жалпы қатысушылар үшін үлкен тәжірибе алаңы. Әлемнің кітап нарығы, кітап өндірісі саласы, баспа технологиялары қандай деңгейде екенін анықтайтын, білім мен зерде бәсекесінде озықтар қатарында келе жатқан жұрттың пайым-танымының тамырын басатын, жаһан бағытын ой таразасына салатын орын – бұл. Осындай маңызын ескере отырып, ұлтымыздың тарихын, бай мәдени мұрасын, айрықша салт-дәстүрін әлем халқына таныстыруды мақсат тұтқан Ұлттық стендтің құрылуы – соңғы жылдары қол жеткізген ең биік жетістіктеріміздің бірі.
Биыл 15–19 қазан аралығында өткен Франкфурт кітап көрмесіне 131 елден жалпы 238 мыңдай адам келген. Оның ішінде, 118 000 қатысушы – кітап ісі саласының кәсіби мамандары, 120 000 қатысушы – оқырмандар, баспа өнімін тұтынушылар. Бұл көрсеткіштер алдыңғы жылғы көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары, яғни тәжірибе алмасу алаңына қызығушылық, әсіресе кәсіби мамандар тарапынан айтарлықтай артып келе жатыр.

Ұлттық стенд – ұтымды шешім

Әйгілі халықаралық көрменің ел ішінде назарға іліне бастауы, сала мамандарының қызығушылығына ие болуы – отандық баспа ісі саласының бойына қан жүгіргенінің, ілгерілеу бар екенінің көрінісі. Биыл халықаралық көрмеде Қазақстанның Ұлт­тық стенді екінші рет қойылып отыр. Көрмеге 4 350 экспонент қатысты. Экспонент дегеніңіз – көрмеде арнайы стенд құрып, өзінің тауары мен қызметтерін көрме қатысушыларына таныстыратын баспа мекемесі немесе жеке тұлғалар. Осы қатарда Қазақ­станнан барған арнайы делегация болды. Делегация құрамында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кітап ісі саласына жауапты тұлғалары, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының, «Мектеп», «Алматыкітап», «Атамұра», «ARMAN-PV», «Steppe&World Publishing», «Эверо», «Kazformoms», «АmalBooks» баспаларының өкілдері болды.
Қазақстанның Ұлттық стендінде елімізде жарық көрген 350-ден астам баспа өнімдері қойылды. Гете еліндегі кітап тойына келген қонақтардың қатысуымен Абайдың жеті тілде жарық көрген жинағы, «Шоқан. Шығыстың жарық жұлдызы», Оразалы Сәбденнің «Түркі, Әлем өркениеті, Қазақстан және болашақ», «Симантика. Өю-өрнектер» (үш тілде), «Көшпенділер ойындары / Nomad Games / Игры кочевников», «Қазақстан – қызғалдақтар отаны», «Марк Аврелий «Өзіңмен әңгіме» атты кітаптарының тұсаукесер-таныстырылымдары өтті. Бұл қатарда Міржақып Дулатовтың әйгілі «Бақытсыз Жамал» еңбегі, Дүйсенәлі Әлімақынның «Америка ашқан қазақтар» кітабы да бар.
Қазақстандық делегация ұйымдастыруымен 5 күн бойы Ұлттық стенд алдында түрлі іс-шаралар өткізілді. Қазақстандық кітаптардың таныстырылымдары мен пікірталас алаңдары ҚХР, АҚШ, Еуроодақ елдері, Канада, Сингапур және түркітілдес елдерден келген қонақтардың ерекше қызығушылығын туғызды. Шетелдік жазушылар, журналистер, әдеби агенттер, баспа өкілдері арнайы келіп, еліміздің баспа ісі саласының жетістіктеріне, технологиялық шешімдеріне, аударма ісіндегі бастамаларына назар аударып, таныстырған ақпараттарға айрықша ден қойды.
Көрме ашылған күні Франкфурт кітап көрмесінің президенті Юрген Боос «ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы Франкфурт көрмесінде 25 жыл» деген арнайы сертификатын табыстап, қазақ­стандық қатысушылардың ерекше ықыласы мен ұмтылысына алғыс білдірді. Бұл – мемлекеттік қолдау мен ұдайы ұсыныс білдіретін белсенді баспа өкілдерінің жемісі.
Әлемнің 131 елінен баспагерлер келсе, соның ішінде Орталық Азия елдерінен Қазақстан мен Өзбекстан ғана қатысып отыр. Бұл ретте Түркі мемлекеттері ұйы­мына мүше елдер – Түркия, Әзербайжан баспаларының белсенділігін ерекше атап өту керек. Шынтуайтында, Франкфурт халықаралық кітап көрмесі – ұлттық мәдениетті, жаңа кітаптарды, салмақты шығармаларды, сапалы аудармаларды әлемнің 130-дан астам елінен келетін 300 мыңға жуық қатысушыға, оның ішінде, 120 мыңға жуық кәсіби мамандарға таныстыратын, келіссөз жүргізіп жаңа жобаларды ойласатын теңдессіз тәжірибе алаңы.
Көрмеге әлемнің 92 елі арнайы стенд қойып, экспонент атанды. Осы қатарда Қазақстан да абыройлы іс-шаралар өткізіп, көрме төрінде өз Ұлттық стендін қойды. Іс-шараға Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы
Таубалды Үмбетбаев қатысып, қазақстандық делегациямен кездесті. Бас консул шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне сәттілік тілеп, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің халықаралық деңгейде насихатталуына тілектестігін білдірді. Шетелдік баспа өкілдерімен пікір алысты.

Бас тақырып – жасанды интеллект, жаһандық диалог

Франкфурт кітап көрмесі жаһандық мәдени диалог алаңына айналды. Биылғы тақырыптың өзі осыған саяды: «Frankfurt Calling» – мәдениет пен саясат перспективалары». Ғалам жұртының пікірталасына түскен, болашақ инновацияның негізі саналатын жасанды интеллекті мәселесі көрме аясында кеңінен талқыланды. Жасанды интеллект дәуірінде баспа мекемелерінің жұмысы, баспаханаларда қолданылатын жаңа технологиялар, авторлық құқықтардың сақталуы, табиғи зерденің маңызы сияқты іргелі мәселелер беделді сарапшылардың баяндамасына ұласқан.
Әлемнің интеллектуалды меншік иелері және оны өнімге айналдыратын өндіріс мамандары, насихаттаушы топ пікірлерін саралай отырып, Қазақстанның жаһан жұрты бет алған бағытқа – жасанды интеллекті дәуіріне уақтылы қадам жасағанына көзіміз жетті. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында, түрлі баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде ұдайы тілге тиек ететін жасанды интеллект мәселесі шынымен күйіп-ақ түр екен. Еліміздің арнайы ведомство құрып, заң жобасын әзірлеп, мемлекеттік қызметтердің сапасын және қолжетімділігін арттыруда жасанды интеллект мүмкіндіктерін кең пайдалануға білек сыбана кіріскеніне марқайып қалғанымыз рас.
Қазақстан кітап саласының өкілі ретінде бірқатар жүйелі бастамалар назарымызға түсті. Жасанды интеллект пен адам зердесінің тартысқа түсетін жері де осы – шығармашылық қабілеттің бағалануы. Books by People деген атаумен таныстырылған британиялық стартап – баспаларға өз өнімдерінің адам қолымен, адам зердесімен дәстүрлі формада жазылғанын растайтын сертификаттау мүмкіндігін ұсынып отыр. Бұл – стартап иелерінің ойынша, қазіргі таңда әлем оқырмандары мен баспагерлерді алаңдатып отырған сұраққа оңтайлы жауап. Сертификаттаудан өткен баспа өнімдерінің мұқабасына еңбектің адам қолымен жазылғанын растайтын арнайы белгі қойылмақ. Расында, жасанды интеллекті қарыштап дамып келе жатқан дәуірде мұндай бастамалар көпшіліктің назарын аударатыны анық. Тіпті жоғарыда аталған стартап-жобамен британияның тәуелсіз 4 баспасы келісімшарт жасап үлгеріпті, алғашқы сертификатталған кітап биыл қарашада жарық көргелі отыр екен. Кейбір сарапшылардың, еуропалық елдердің жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерінің жасанды интеллектке үрке қараған пікірлерінің жанында мұндай жобалар нақтылық пен уақтылы реакция­ның маңызын көрсеткендей.
Екінші қызық бастаманың бірі – италияндық компания ұсынған Amlet жобасы. Бұл жоба цифрлық нарықтағы әділеттілік пен заңның орындалу процесін бақылайтын контент реестрі есебінде ұсынылып отыр. Стартап жетекшілері қазіргі таңда ЖИ өзін-өзі дамыту, ақпараттық деректерді жинау кезеңінде шығармашылық жұмыстарды да пайдаланатынын алға тартады. Аталған реестр айналымға енсе, ЖИ саласында жұмыс істейтін компаниялардың интеллектуалды меншікті ашық әрі заңды түрде пайдалануына жол ашылады. Сервистің Халықаралық контент стандарт коды (ISCC) негізінде құрылғанын және АҚШ-тың ірі халықаралық баспа тіркеу және библиографиялық ақпарат агенттігі саналатын әрі метадеректерді стандарттауда жетекші қатардағы компаниясы Bowker де бұл жобамен келісімшарт жасағанына қарасақ, маңызы терең бастама деп санауға болатын дүние.
Кітап қорын цифрландыру, метадеректерді стандарттау, ірі ақпараттық қорды жүйелеу, цифрлық библиографиялық каталог түзу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Қазақстанның цифрландыру бағытындағы мемлекеттік саясатына толығымен сыйымды міндет. Халықаралық кітап көрмесінде әлем елдерінің интеллектуалды меншікті ЖИ-ден қорғау, ЖИ-ді технологиялық дамуға тиімді пайдалану, ЖИ-ді үлкен деректер базасына жіктеу, жүйелеу жұмысында ұқсату сияқты ұлы мақсаттарға құлаш сермеп отырғанына толық көз жеткіздік. Отандық кітап саласының даму бағытын жүйелеу кезеңінде жаһан жұртының осындай іргелі тәжірибелеріне терең ой жүгірткен абзал.
Қазақстанда кітап нарығы, баспа ісі саласын дамыту салалық деңгейде күн тәртібінде тұр деп айта аламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Идеологиялық жұмысымыздағы басты бағыттардың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды» деген сөзі баспа ісі саласының әрбір өкіліне қамшы болуы тиіс.
Президент бекіткен даму бағдарына бүгінгі таңда жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектінің қарыштап дамуы қосылып отыр. Бұл тенденциялар – әрі мүмкіндік, әрі қауіп. Сондықтан осындай тағдыршешті жұмыстарды жүзеге асыру кезеңінде жоғымызды түгелдеп, қателікке жол бермейтін амал іздеген абзал.
Жаһандық кітап нарығы цифрландырудың, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін салада кеңінен пайдалануға көшкенде, осы көштің соңында қалмау – басты міндет.

Көрме жаңалықтары: бастамалар, ұсыныстар

Биыл 77-рет өткен Франкфурт халық­аралық кітап көрмесінде бірқатар іргелі жаңалықтар болды. Оның қатарына жасанды интеллектіні дұрыс пайдалану, жасанды интеллект дәуіріндегі авторлық құқықты сақтау, жаңа ірі ақпараттық базаларды пайдалану алгоритмін ұсынатын базалар, әдебиетті насихаттауда әлеуметтік желілерді пайдалану, халықаралық кітап реестрін қайта қарау, Frankfurt Rights Meeting тақырыптарына испантілді мемлекеттер нарығының қосылуы және т.б.
2021–2022 жылдары Халықаралық баспагерлер ассоциациясының президенті болған шейх Бодур әл-Касими көрме аясында PublisHer Lounge бағдарламасын ұсынды. Бұл жоба баспа ісі, кітап нарығы қатысушылары деп есептелетін әйел адамдарға ерекше қолдау білдіруді, жыл сайын әйел адамдар арасында арнайы сыйлық тағайындауды мақсат тұтады. Ал Book to Screen Day аясында өткен іс-шаралар баспагердің немесе автордың кинопродюсерлермен өзара қарым-қатынасын тереңдетуді көздейді. Бұл ретте, тіпті Visionary Tales жобасының жарық көрген кітаптардың шағын трейлерін әзірлеу арқылы экранизациялауға белсенді ұсыныс жасайтын бастамасы да ерекше назарға ілінді.
Франкфурт халықаралық кітап көрмесінде 18 қазан күні өткен TikTok Book Awards салтанатты жиыны барлық қатысушыларды қызықтырды. Алты номинация бойынша жарияланған байқауда Германия­ның 4 баспасы, АҚШ-тың 1 баспасы және Испанияның 1 баспасы жеңімпаз атанды. Әрбір аталым бойынша жеңімпаздарға 2 500 еуро көлемінде сыйақы тағайындалған. Біздің айтпағымыз басқа – TikTok желісінде танымал болған кітаптардың 1–5 миллион дана аралығында сатылғаны. #BookTok жобасына қатысқан кітаптардың бір жыл ішіндегі сатылым деңгейі 25 миллион дана кітапты құрайды. Бұл – әлеуметтік желінің кітап насихатын жүргізуде ерекше құрал екенін айқындайтын нақты дәйек. Мемлекет басшысы TikTok арқылы өскелең ұрпақтың мәдениетін, дүниетанымын тәрбиелеу ісіне баса назар аудару керектігін, қажет болса арнайы жобалар құру бастамаларына қолдау білдіруді ойластырған дұрыс екенін айтқан еді. Әлеуметтік желінің негізгі ақпарат көзіне, сапа мен талғамды қалыптастырушы сүзгіге айналып келе жатқанын ескерсек, қазақстандық ақпарат нарығы қатысушыларына осындай бағыттағы жобаларды қолға алған орынды деп ойлаймыз.
Ыбырайша айтсақ, «Өнер-білім бар жұрттардың» жаһандық деңгейдегі дамуды мақсұт еткен бастамаларына қанығып қайт­тық. Алтынсариннің «Желкілдеп шыққан көп шөптей / Жаңа өспірім достарым / Қатарың кетті-ау алысқа-ай» дейтін өлең жолдары еріксіз ойға оралып, қазақ кітабының, қазақ кітабы арқылы тұтас ұлт мәдениетінің, халық мұрасының, бай дәстүр-салтымыздың ғалам жұртына таныс болуына еңбек етудің қаншалықты маңызды екенін сана биігінен түсіндік, түйсіндік.

Қорыта айтсақ…

Франкфурт, Бейжің, Лондон шаһарларында ұдайы өтетін ірі кітап көрме-жәрмеңкелері – өркениеттер жарысы, ұстанымдар мен көзқарастар пікірталасқа түсетін алаң. Тек авторлардың шығармалары ғана емес, оны басып шығаратын, сататын, келіссөз жүргізетін саланың әрбір қатысушысы тәжірибе жинайтын, ой түйетін орын – бұл.
Қазақстанның екінші жыл қатарынан әйгілі кітап көрмесіне Ұлттық стенд қойып, алдыңғы қатарлы елдермен терезесі тең қатысушыға айналуы – Мемлекет басшысының саясатын дұрыс бағытта жүзеге асырып отырған, еліміздің мәдени саясатын жүйелі негізде қайта құрған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, министрлік бастамасына ауызбіршілікпен қолдау білдірген, атсалысқан қазақстандық баспалардың, авторлардың ортақ жеңісі.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру, жасанды интеллект бағытындағы ұстаным-саясатының өте орынды әрі уақтылы басталғанын көзіміз көрді. Қазақстанның баспа ісі, кітап ісі саласы да кейбір жұмыстарды жүйелеуде жасанды интеллекті мүмкіндіктеріне жүгінбесе, жылдар бойы жиған абырой, еткен еңбек, төккен тер далаға кететін түрі бар.
Франкфурт халықаралық кітап көрмесінің бағзыдан қалыптасқан дағдысы – әр жыл сайын «Құрметті қонақ» бекіту. Биылғы көрменің құрметті қонағы –
Филиппин. 700-ден аса кітап, қос стенд ұйымдастырған арал халқы өз жұртының әдеби мұрасын шетел тілдеріне аудару, әдебиеттің музыкамен және киномен байланысы, әдебиеттің салалық бағыттарын дамыту туралы сәтті жұмыс жасады деп пайымдауға болады. Ал көрменің 2026 жылғы құрметті қонағы – Чехия. Чехияның «құрметті қонақ» мәртебесін алуына сол елдегі үкіметтік емес ұйымдар – әдеби агенттіктер мен баспагерлер бірлестігі ерекше еңбек сіңіріпті. Келер жылы чех жұртының әдеби мұрасы күллі әлем назарына айрықша насихатталады. Міне, бұл – жеңіс, жетістік. Біз алдағы жақын жылдары дәл осы халық­аралық кітап көрмесінің құрметті қонағы болуға, өз мұрамызды мол насихаттау мүмкіндігіне жетуге ұмтылғанымыз жөн.
Түйгеніміз – жасанды интеллект мүмкіндіктерін интеграциялай отырып, еліміздің толық библиографиялық цифрлық каталогын әзірлеу, тәуір туындыларды экранизациялау мен маркетинг жұмысын ілгерілету, кітаптарды әлеуметтік желі арқылы насихаттау, қазақстандық авторлардың еңбегін шетел тілдеріне аудару жұмысын жүйелеу және тақырыптық шеңберімізді кеңейту. Осындай ой түюге, тәжірибе жинауға, әсіресе делегация құрамындағы саланың жас қызметкерлеріне кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік берген ҚР Мәдениет және ақпарат министр­лігіне разышылық білдіреміз.
Кітап ісі қазақ руханиятының тіреу­ші саласы болса, демек, оның бойына қан жүгірту, кәсібилік деңгейін арттыру, жаһандық тенденцияларға бейімдеу – парыз әрі аманат.

Әділ ҚОЙТАНОВ,
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап
палатасының директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір