АЛМАТЫ – МЕНІҢ ҚҰБЫЛАМ!
16.09.2016
1556
0

(МЫҢЖЫЛДЫҚ БАЯН ҮЗІГІ)

nurlan-orazalinНұрлан ОРАЗАЛИН,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

 

«Тереземнен Алатауға қараймын,
Алатауда бір құдірет, бар айбын».
Тұманбай.

 

 

Дүние – сынап… Аунады.

Өртеңнің шөбі қаулады.

Жеткізбей заман заманға,

Уақыт-тұлпар заулады.

 

Дүние – дүлей… Өтті ағып,

Жаңғырды неше көк талып.

Өткенім қайта жалындап,

тұтанды қозым шоқтанып.

 

Дүние, шіркін, ғайып үн,

тарылып неше, байыдым.

Бір бүтін болып түледі

Сарыарқа…

Алтай…

Жайығым…

 

Дүние – ұлы… Өзгерді…

Бәрін де, бәрін көз көрді.

Тербету үшін жүректі

Қазаққа өлмес Сөз берді.

 

Толқытып асау көлдерді,

Сөйлетіп шағыл, белдерді,

Тәңірге алғыс! Тағдырым

Азаттық берді, Ел берді!..

 

Тарихым ұзақ…

Не дейін?

Азайдым, бірде көбейдім.

Алматым!

Алғыс мың мәрте

ұйытқысы болдың көп ойдың…

 

Көгіңде сенің бар ұшқын,

үні бар талай арыстың;

жалғаған сөзі, ісімен,

арасын жер мен ғарыштың.

 

Қуаты, күші, қарымы,

мінезі, келбет, арыны

халқыма тыныс, дем берген

дәуірдің сенде бар үні.

 

Кеудеңде  – асау күй отты,

ғасырлар он сан сүйекті;

Сақ болып…

Ғұн боп…

Үйсін боп

жалғаған өркениетті.

 

Ұлы Даламен көшеді Ел,

Ұйқыда – Оба, неше бел?!

Өткеннің сенде ізі бар

өрісімді менің еселер…

 

Сыңсыған қою орманым,

сыланған сұлу арманым,

Сенде бар ұлы баяным –

мыңжылдық ұлы қорғаным.

 

Не деген ғажап жарасым?!

Алматым, әсем, дарасың.

Жалғаған Алтын көпірсің

Дәуір мен Дәуір арасын.

 

Өмір ғой…

Көктем, күзі бар,

шуағы, нұры, мұзы бар.

Арыстарымды жалғаған

уақыттың сенде ізі бар.

 

Айырған талай асылдан,

Өкпем бар!..

Өкпем, жасырман.

Жаңғырар сенде қайғым бар

қатыгез, қатал ғасырдан.

 

Ұлтымды үнсіз арбаған,

Жұртымды үнсіз алдаған.

Әлихан, Тұрар, Сәкенді,

Мағжандарымды жалмаған.

 

Ойласам… Іште – көк тұман,

өртейді бойды отты қан.

Білемін:

Ұлы Қасырет!

Алматым!

Сенің жоқ кінәң.

 

Қайғымды әр үй сезінген,

сезініп, үнсіз безінген.

Тұншығып Сенде, Алматым,

қанды жас аққан көзіңнен…

 

Уақыттың сенде – қарызы!

Уақыттың сенде – парызы!

Сақтаған ұлтты Өзіңде

ұлыларымның бар ізі.

 

Артықтау айтсам – кешірім!

Әр үйің – ұлы бесігім.

Сенде бар Алтын Дәуірім

қашаған ұлттың есімін!

 

Табиғат сынды әр таймас,

қазына, бағы ортаймас,

Алатауыма сүйенген

ұлы қаласың қартаймас.

 

Қарағай, қайың, тастарың,

тілдескен көкпен асқарың,

Елімнің ұлы қақпасы

қорғаған Алаш аспанын.

Тарқамас сәуле-шұғылам…

Ұлыңмын!

(Қайтып құбылам?!)

Тәуелсіздігімнің тұғыры –

Алматым менің…

Құбылам!

 

Айбыным асқақ, сұңғақсың,

Азаттығыма құндақсың.

Айналдым, ұлы мекенім,

қымбатсың маған,

қымбатсың!

 

Сенде бар өріс – өткенім,

Сенде бар нұрлы көктемім,

ізі бар жастық дәуреннің

ұшырған сезім кептерін…

 

Ұлы шаһарсың – ертегі,

қала біткеннің көркемі;

әр аулаң, әрбір саябақ

сағыныш сырын шертеді.

 

Әр көшең, әрбір үйіңнен,

жалын боп жанып, күй ілгем.

«Желсіз түнде жарық Ай»

сәуле­ нұрыңа сүйінгем.

 

Ысырып түннің пердесін,

жұлқылап жырдың кермесін,

есейгем сенде от кешіп,

уақыттың алып бермесін…

 

«Періште болдым» демеспін,

қайғырдым, күлдім, егестім.

Жалындап жанып Өзіңде

Уақытпенен тең өстім.

 

Жыр сұрап ессіз Ай, Күннен,

жүзгенмін еркін айдынмен.

Өзіңде алғаш табысып,

достарға құшақ жайдым мен.

 

Жанарда тұнып дала, шың,

аралап жұлдыз арасын…

Жыр оқып едік шулатып,

КазГУ­-дің жатақханасын…

 

Кеудеге қонып құс аппақ,

сезіммен жанды «пышақтап»,

Алматым!

Сенде тербелгем

бір қызды алғаш құшақтап…

 

Оңаша қалып бауменен,

кеудеме неше жауды өлең.

Атырау, Іле, Ертіс боп,

Сырласқам Алатауменен.

 

Сезім боп түнді ай қарып,

толқынын ойдың қайтарып,

сырласып асау ғасырмен

ән кешкен едік шайқалып…

 

Мойылдай едім, бозардым,

өзгерді ғалам – көз алдым…

Өзгердің, Ару Алматым,

Жылдарым озды…

Озармын!..

 

Табиғат заңы. Жоқ кесім.

Өтуде өмір-от кешім.

Жалғауда жаңа, жас ұрпақ

арманмен тербеп көк төсін.

 

Бақтардың ойнап желегі,

арулар жаңа келеді.

Тербетер Ұлы Даланы

жаңа ақындардың өлеңі.

 

Дүние – сұлу… Ән қашар…

Ескі мен жаңа алмасар…

Жыр менен сырды арқалап,

ғасырға ғасыр жалғасар.

 

Толқытып түнде жас Айды,

табиғат мүсін қашайды.

Сенемін!

Сенем Алматы

Алашпен мәңгі жасайды!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір