ЖАҢА ТАРИХ: ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ САНАСЫ
16.09.2016
3103
1

3a066576cdac8966e9710e26dcd1b2b5Ұлт тарихы  бейне үлкен дарақтың тереңде жатқан тамырындай тарам-тарам. Ағаштың әр бұтағындағы  әрбір жапырақ терең тамырдан нәр алатыны секілді, әр мемлекеттің бүгінгі бағыты  кешегі жүріп өткен жолымен байланысты. Басына алмағайып небір нәубет орнаса да тарих – тамырынан алыстамауға бекінген қазақ елі былтыр,  2015 жылы тарих қойнауын тағы бір парақтап, Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтті. Тарам-тарам тарихты білу мен тану мұндай науқандық шараларға байланып қалмасы ақиқат. Адамзат баласы өмір бойы өзін-өзі тануға ұмтылып өтетіні секілді, ұлт та өз тарихына сәт сайын үңіліп отырады. Бұл жолда еліміздің ғалымдары мен идеологтары қарап жатпағаны анық.

Биыл – Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Тәуелсіздік алғанына 25 жыл. Еліміздің әр аймағында осы айтулы датаға орай тарихи-мә­дени шаралар өтуде. Тәуел­сіздік мерекесін атап өту оны мақ­тан етіп, жетістіктерді тіз­бе­леу­мен ғана шектелмесе керек. Бұ­дан 25 жыл бұрын ашылған та­рих беттерін парақтасақ, дербес мемлекет ретінде көп шаруа­ның атқарылғанын көреміз, дей­тұр­ғанмен арқаны кеңге салуға бол­майтынын ел тізгінін ұстаған аза­маттарымыз бен интеллигенция өкілдері айтып келеді. Тәуел­сіз­дік деген тұғыр­дың беки түсуі үшін әр сала мамандары өз саласын жетік меңгеріп, ұлттық идеология, мемлекеттік сана дең­гейін­де жа­уап­кершілікпен қарап дамытуға күш салғаны абзал. Қа­зақ хал­қының тұғырын бекі­те­тін ең басты саланың бірі – тарих. Тарихын білмеген ұлт тамырынан алыстаған өсімдік секілді нәрсіз, кез келген тосқауыл мен кедер­гінің алдында дәрменсіз бол­мақ. Елдің тізгінін бұдан 25 жыл бұрын қолға алғанымызбен, ұлт санасындағы елдік мұрат пен мақ­сат о бастан қазақпен бірге жа­сасып келеді. Оның айқын дә­лелі тарихтан табылады. Біз бүгін бар­қатар тарихшы ғалымдармен пікірлесіп, бағзы тарихпен жал­ғасып, жаңа заманға ілескен жаңа тарих туралы әңгіме өр­біт­тік.

– Ғылымдағы жаңа тарих категориясы нені негізге алды? Біздің қоғам жаңа тарихқа қанша­лықты ден қойып жүр?

220px-talas_omarbekovТалас ОМАРБЕКОВ,
тарих ғылымының докторы,
профессор:
 – Қазіргі заман­ғы тарих кеңестік жүйе тұсында Қазан төңкерісінен, яғни 1917 жылдан бастап оқы­тылатын. Бүгінде қазіргі заман тарихы деп 1991 жылдан бергі уақытты қарастыру ұсынылып жүр. Бірақ 1991 жыл кеңестік  жүйемен, 1980 жылдардың аяғындағы  жария­лылық, қайта құру, демократияландыру кезеңімен байланысып жатыр. Желтоқсан оқиғасы да кеңестік дәуірде болды. Кеңестік дәуірді айтпай тәуелсіз ел болғаны­мызды, коммунистік жүйе­ден құтыл­ғанымыз­ды ұғындыру қиын. Сондық­тан қа­зіргі заман тарихын ХХ  ғасыр­ ба­сын­дағы  Ұлт-азат­тық қозғалыстар, дәлірек айтсақ, ұлттық интеллигенция өкілдерінің ұлт тәуелсіздігін алу жолындағы күресі­нен, Алаш интел­ли­генциясы­ның тарих сахнасына шығу кезінен бастау керек.

foto-kokebaevoj-g-kГүлжауһар КӨКЕБАЕВА,
тарих ғылымының докторы, профессор:
– Егер ғылымдағы «жаңа тарих» деген түсінікті алсақ, онда сонау XVI-XIX ғасырларға кетіп қаламыз. Бұл жерде тәуелсіз Қазақстан туралы сөз болып отырғандықтан «қазіргі заман тарихы» деген түсінік сәйкес келеді. Тәуелсіз Қазақстан тарихы жалпы тарих ғылымында қабыл­дан­ған кезеңдеу  жүйесі бойынша қазіргі заман тарихына жатады. Бұл кезең – индустриалдық өркениеттің дағ­да­рысқа ұшырап, постиндустри­ал­дық даму сатысына, одан кейін ақпараттық қоғамға өту үдерісі іске асып жатқан кезең. Тәуелсіз Қазақ­с­тан тарихы – осы қазіргі заман тарихының бір бөлігі. Біздің қоғамда жалпы адамзат тарихында ХХ ға­сырда болған және болып жатқан құбылыстар мен үдерістерге көп назар аударылмайды, назар аударылса да, ол тек бір нақты оқиғаларды еске түсірумен шектеледі. Ең бастысы – біз тарихтың фактологиясына мән береміз  де, оның философиялық, теориялық негіздеріне көңіл бөлмей­міз. Сол себепті де, күні кеше ғана жоғары оқу орындарында тек тәуел­сіз Қазақстанның тарихын оқыту ұсынылды. Бұл қазіргі Қазақстанды жалпы сол өзін тудырған ХХ ғасыр­дың саяси, рухани және әлеуметтік-экономикалық үдерістерінен бөліп алу болған болар еді. Әрбір тарихи кезеңнің   уақыттық шегін анықтау­мен кәсіби тарихшылар айналысуға  тиісті, ал бұл мәселені жоғарыдан түс­кен қаулының күшімен шешу тарих ғылымын  саясатқа бағындырып қоя­ды да, ол ғылым болудан қала­ды.

rashid-orazovРашид ОРАЗОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының ғылыми қызмет­кері:
– Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Бұл – мемлекет­тік мереке. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын оқыту тек 1900 жылдан бастап бүгінгі уақытқа дейінгі кезеңге басым бағыт беріліп отыр. Тәуелсіз­дігі­міздің 25 жылдық мерекесін атап өтер уақытта тарихты келте оқыту, тәуелсіздікке деген ғасырлар бойы күрес тарихын, әсіресе XVIII-XIX ға­сыр­­лар тарихын, оның ішінде Жоңғар мемлекеті мен Ресей империясына қарсы азаттық жолындағы күрестер­ді оқытпау арқылы біз неден ұтып, неден ұтыламыз деген сұрақтың туындауына әкеледі. Тәуелсіздік бізге көктен КСРО-ның тарауымен беріле қойған жоқ. Сол тәуелсіздік жолын­дағы күрес ғасырлар бойы үздіксіз жалғасып келді. Тереңге бойламай-ақ, ХІХ ғасырдағы Ресей империясы­ның отарлау саясатына қарсы бағытталған Сырым Датұлы бастаған күрес пен кешегі КСРО-ның іргесін шайқалтып, оның ыдырауына себеп болған 1986 жылғы қазақ жастары­ның көтерілуі сол азаттық жолындағы ұлттық рухтың жалыны, жалғастығы деп түйіндеуге болады. Биыл еліміз­дің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толып отыр. Осындай тарихи оқиғалар бір жылға тоқайласып келіп отырғандығының өзі осындай дала тарихының мәңгілік сабақтастығының дәлелі. Өткенді білмей тек бүгінгі тарихқа ғана мән берген билік тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына ғана назар аударып, ал осы тәуелсіздігімізге негіз болған 1916 жылғы көтерілістің 100 жыл­дығы ­мен Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына мемлекеттік деңгейде бір қаулы шығармауы өкінішті жайт. Жастарға тәуелсіздіктің тарихын оқытуда ата-бабаларымыздың ұлан-байтақ жерді бүгінгі ұрпаққа сақтап қалдыру жолындағы күрестер тарихын жүйелі оқытудың еш айыбы жоқ. Біз одан ұтпасақ, ешқашан ұтылмай­мыз. Кез келген оқиғалар тарихын оқыту арқылы біз өткенімізден са­бақ алып отыруымыз үшін керек. Ата тарихымызды тұтас жүйелі түрде оқыт­пай, саналы ұрпақ тәрбиелеу мүмкін емес. Тарих кеше де, бүгін де қоғамдық сананы қалыптастырушы фактор, оның жетекші қозғаушы күші екенін мойындау керек.

elmiraЭльмира ТЕЛЕУОВА,
тарих ғылымының кандидаты, доцент:
– ХХ ғасырдың екінші жартысын­дағы – ХХI ғасыр басындағы гумани­тар­лық ғылымның жаңа бағытының қалыптасуына қоғамдық-саяси өзге­ріс­тер, оның ішінде саяси жүйе­лер­дің бәсекелестігі, КСРО-ның құлауы ықпал етті. Бұл ғылыми тұр­ғыда адам­зат тарихын қайта түсінуге және зерттеуге түрткі болды. Қо­ғам­ның демократиялық жолын­дағы идеялы, мәдени плюрализм және нарықтық экономика мен ғылыми-техникалық революция тарихшы­лар­дың зерттеу аясын өзгертті. Әрине, бұрыннан қалыптасқан баяндайтын, субстанциялық тарих өзінің жалға­сын тапқанымен, тарихшылар жаңа зерттеулердің бағыттарын іздестіре бастады. Қазіргі кезеңде әлеуметтік ғылымның барлық жүйесінде қайта қарау үдерісі орын алуда. Бүгінгі таңда тарих әлеуметтік ықпалы зор іргелі ғылым ретінде орнықты. Жыл­намалық сипаттағы батырлар­дың, қолбасшылардың, әлеуметтік топтар мен элита тарихынан шығып, әлеу­меттік және қоғамдық үдерісті, ха­лықтық мәдениет, ауқымды әлеу­мет­тік топтарды зерттеуге және тал­дауға бағытталды. Тарих бүгінді талдайтын ғылым ретінде айшықтала бастады. Өткен мен бүгіннің арасын­дағы ажырамас байланыс кейбір тұжы­рымдардың әлеуметтік ғылым­дар арқылы ауысуына мүмкіндік бер­ді. Әдіс, тұжырымдамалар, ғы­лыми қағидалар мен мәселелерге ХХ ға­сыр ортасында қалыптасқан жаңа бағыттар өзінің ықпалын ти­гізу­де. XX ғасырдың көрнекті философ, әлеу­меттанушы, мәдениет­тану­шы­­лар мен антропологтар қа­лып­тас­тырған негізгі тұжырымдарын қолдану орын алып отыр. Қазіргі социо­гуманитар-лық пәндер бойынша тұжырымдық ке­шенді білім алуға бейімдеу және та­рихты жазудағы теориялық мә­тін­нің маңызы басты орынға шықты.

Тарихта орын алған оқиғалар туралы қалдырылған мәліметтер сол кезеңдегі нақты ақпаратты емес, оған қатысты нақты мәдени ортаның қабылдауы ретінде қарау қажеттігі айтылуда. Басқаша айтқанда, тарихи таным шынайы ақпаратты емес, сол ақпаратты жеткізіп отырған адам немесе топтардың сол оқиғаны қа­лай қабылдауымен интерпретациясына сүйенеді. Сондықтан тарих­шы­ның міндеті тарихи шынайылықты берілген деректердегі өткеннің бейнесін қалай қарастырылғанын түсіндіруде жеке қабылдауға көңіл бөлуі тиіс. Қазіргі заманда тарих ғылымы ішкі трансформацияға ұшы­рауы зерттеу парадигмалары мен ұстанымдардағы жаңа бағыттардың тарихи жазу тілінің де өзгерісіне әкелді. Тарихтағы объективті шы­найылықты сол заманның адамы бұл оқиғаны қалай қабылдады деп қарас­тыру тарихи жадыға сүйену негізге алынды.

Қазіргі қоғамға тарих ғылымы өткендегі оқиғаларды баяндап беріп, оның салдарларын талдаудан, бүгінгі қоғамды құрайтын тұлғаны қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Елімізге «жасампаз тұлға» қажет, барынша зияткерлік қоғамға ұмтыл­ған халық ретінде әлемдік көштен қалмай, сонымен қатар өзіміздің тарихтағы дәстүрлі келбетімізді ардақтайтын ұлт ретінде тарихта өз орнымызды табуымыз қажет.

 – Тә­уелсіздік алған алғашқы жыл­дар­дағы қиындықтарды, дербес мемлекеттің талаптарына сай жүйе қалыптастырудағы атқарыл­ған жұмыстарды ғылыми тұрғы­дан қаншалықты бағалап жүр­міз?

Талас ОМАРБЕКОВ:
– Шынын айтқанда, бұл өте қиын мәселе. Біз өз халқымыздың тари­хын­­дағы ақтаңдақтарды 1980 жыл­дар­дың екінші жартысындағы жария­­лылық, демократияландыру деп аталатын кезеңде айта  баста­дық. 1989 жылы Колбин кетіп Орта­лық Коми­теттің басшылығына Нұрсұлтан Әбішұлы келді. Коммунис­тік партияның Орталық Комитеті арнайы қаулы шы­ғарып ұлттық тарих­тың ақтаңдақ­та­рын, Ұлт-азаттық қоз­ғалыс мәселе­ле­рін еркін айтуға мүмкіншілік туды. Алаш қозғалысына қатысқан шығар­ма­шылық топтың Шәкәрім, Міржа­қып, Мағжан шығар­малары­ның ақталуы да 1989 жылдан басталды. Демек, ұлттық тарихты қалпына кел­тіру тәуелсіздіктен бұрын ойласты­рыл­ған еді. Бұл  жолда қазіргі Елбасымыз көп еңбек сіңірді. 1998 жыл «Ұлттық тарих» жылы деп жарияланып, 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарла­масы қолға алынды. Оның аясында шетелдегі тарихи дерек­терді елге қайтару жүзеге асты. Көп кешікпей бұл жоба «Халық тарих толқы­нын­да»  деген  пре­зи­денттік  бағдарлама­ға жалғас­ты. Елбасының тікелей қолда­уымен ­бұ­рын беймәлім болған тарихи дерек­терді жинақтауда көп шаруа атқарылды. Оны айтпай қалуға болмайды. Тарихи-мәдени мұралар жинақталды, ақтаңдақтар ашылды. Алайда, қыруар қаржы, көп қажыр жұмсалып жинақталған деректер архив құжаты ретінде ғана қалып, жүйелі түрде ғылыми айна­лым­ға түспеді. «Халық тарих  толқы­нын­да»  атты прези­дент­тік бағ­дар­ла­ма «Мәдени мұра» бағдарламасының деректерін іске қосуы тиіс еді. Әрине, жинақталған деректерді жүйелі түрде ғылыми айналымға қосу үшін ұзақ уақыт қажет. Алайда, дерек­тердің ғылыми айналымға шығуына уақыттан бұрын өзге кедергілер тым көп болып отыр. Ең басты кедергі – басшылық орын­дардағы бюрократия. Білім және ғылым министр­лігінде министр тұрақ­тамай қойды. Одан кейін ғы­лым комитетінде де, ғылыми қор­ларда басшылық жиі ауысты. Бұл жұмыс­тың жүйелі түрде, сабақтас­тықпен жүзеге асуына жол бермеді. Әрбір жаңа басшы (комитет басшылары, департамент басшылары) жаңа жұмыс орнына келіп мә­селенің байы­бына барғанша тағы бір-екі жыл өтеді. Екінші ке­дергі – қаржы мәселесі. Мысалға айтсақ, Экономика министрлігі бөлетін «Халық тарих толқынында» атты бағдар­ламаның қаражаты бізге Білім министрлігі арқылы келеді. Екі минис­трлік өкілдерінің қабағын бағып, арасында сарсаңға түскен ғылым көп тығы­рыққа тірелді. Жаңа­дан ашылған ғылыми орта­лықтарға немесе ғы­лыми бағдар­ламаларға қажет жыл сайын берілетін қаржы жылдың аяғында бір-ақ бөлінеді. Жариялануы тиіс монографиялар, жарық көруі қажет ғылыми жоба­лардың авторлары жылдың аяғына дейін бір тиын ақша алмайды. Тек гранттық қар­жылан­дыру жобасы жылдың ортасынан бастап, қар­жыландырыла бастайды. Ғылымды қаржыландыру мәселесі қолға алынғанымен қада­ғалайтын жанашыр орган болмаған соң, жүйе­сіз­дікке тап болды. Бір жылға жос­парланған ғылыми жоба­ның қар­жысы жылдың аяғында, қараша-желтоқсан айында (тіпті жалақының өзі) бір-ақ бөлінеді. Оған дейін ол ақша қайда жүретініне ғалымдардың миы жетпей қойды. Ғылымға қаржы бөлу жүйелі қолға алынбағасын тарих ғылымы шат­қаяқ­­тап қалды. Оның үстіне ғылыми шындықты ашу мәселесі де қиын­дыққа ұшырауда. Тәуелсіздіктің соң­ғы онжыл­дық­тарында министр­лік­терде, билік аппараттарында тәуел­сіздік кезін­дегі проблемалар мен қиын­шы­лықтарды емес, негізі­нен жетіс­тіктерді айту, марапаттау, мадақтау етек алды. Кеңестік жүйе кезінде қалыптасып қалған бұл жаман әдеттен тәуелсіздік алған алғашқы жылдары арыла бастап ек, енді бюрократиялық кедергілерге тап болдық. Тарихшылар да, жетіс­тіктерді ғана көрсету керек деген тапсырмаға тап болып, қазір біздің тарих бір жақты тарихқа айналып бара жатыр. Тәуелсіздіктің тарихы негізінен табыстар мен жетістіктер тарихына айналды. Ешқандай қиын­шылығы жоқ, ешқандай кедер­гісі жоқ, ешқандай проблемасы жоқ тарих бар болса, ол – 25 жылғы тәуел­­сіздік тарихы деп айтар едім. Егер тарихшылар тәуелсіздік тұ­сын­да орын алған әділетсіздіктерді, қоғам­ның дамуына кедергі кел­тірген жемқорлық пен бюро­крат­тықтың күшей­генін жазатын болса оны ешкім қабылдамайды, әрі ол тарихшы оппозициялық көзқарас­тағы адам ретінде шеттетіледі. Осы се­бепті біздің тарих оқырманды (сту­дент­терді) қызықтырмайтын, еш­қандай проблемалар қозғал­май­тын, жо­ға­ры­дан келген шешімдердің орындал­ғанын, ондағы марапаттарды жазатын, жоғарыдан келген шешімдердің орындалмағанын ашып жазатын  аналитикадан жұр­дай біржақты тарихқа айналды. Тек жетістіктерді жазатын болған­дықтан ең сүреңсіз, ең қызықсыз тарихқа айналды. Бұған тарихшылар кінәлі емес, бұған бюро­кра­тия­лық үстем­дік кінәлі. Бола­шақ тарихшылар бұл қателікке сын көзбен қарап, шы­найы тарихты жазу үшін күш салатын болады. Ол кезде Талас Омарбеков сияқты тарих­шы­лардың еңбектері сынға ұшырайды, өйткені біз шын­дық­ты толық айтуға мүмкін­шілік ала алмай отырмыз.

Гүлжауһар КӨКЕБАЕВА:
– Қазақстанның тәуелсіздік алған сәтінен бастап, ал­ғаш­қы қиынды­қтар, тағы басқа мәсе­ле­лерді алып қарасақ, мұның көпшілігі ғылыми тұрғыдан терең зерттелген жоқ. Ең алдымен КСРО ыдыраған сәтті алып қарайық­шы, бұл оқиғаны тек қана 1991 жылғы 19-21 та­мыздағы оқиғалар­мен байланыстырамыз, Беловеж кездесуінің ма­ңызын асыра көтере­міз, ал кеңес империясының ыдырауын туғызған объективтік үдеріс­терге талдау жасамаймыз. Көбінесе бұл мәсе­леде ресейлік тарихшылар­дың пікірін негізге аламыз, соның салдарынан «егемендіктер шеруі» деген сияқты тәуелсіздіктің рухын төмен­дететін, маңызын көмескілей­тін түсініктерді қайталаймыз.

Ал Қазақстанның тәуелсіздік ал­ғаннан кейінгі дамуының  да негізінен тек қана нақты оқиғалары  тізбек­теліп айтылады, теориялық талдау жоқтың қасы. Орталық және Оң­түстік-Шығыс Еуропа елдері де бұрын социалистік ел болды, олар да өткен ғасырдың 90 жылдарында тота­ли­тарлық қо­ғам­нан либералдық де­мократияға, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшті. Ал тура сондай үдерістер Қазақ­стан­да қалай жүріп жатыр? Осы мәселені жақсы түсіну үшін осы екі аймақты салыстыра зерттеу қажет шығар. Бұл мәселені зерттеп жүрген бірде-бір тарихшыны кездес­тір­медім. Мұндай ұсыныс жасаса­ңыз, «Әй, осы сенің Еуропаң кімге керек, олар Қазақ­станның тарихын оқы­майды ғой, біз оны оқып қай­теміз» деп айқай салады. Тарихи құбылыс­тарды салыстыру нәтиже­сінде ғана түсінуге болады. Салыстырмалы зерттеу жоқ жерде ғылыми нәтиже де жоқ.

Тәуелсіз Қазақстанда саяси, әлеуметтік-экономикалық модерни­зациялау үдерісінің барысын зерттеген еңбектер бар, бірақ бүгінгі модернизацияның кеңестік модернизациядан айырмашылығын тео­риялық  жағынан талдаған еңбек­терді кездестірмедім. Сондай-ақ, ада­мзат­тың тарихындағы ең үлкен жетістігі болып табылатын құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам моделінің біздің елімізде қалып­тасуының ерекшеліктері мен перспективалары қандай деген мә­селені зерттеу кенже қалып келеді. Жалпы алғанда, тәуелсіз Қазақстан­ның саяси даму мәселе­лерін сая­саттанушылардың, әлеу­меттік даму мәселелерін  әлеу­мет­тану­шылардың қолына беріп қойдық. Бұл маман­дықтардың өкілдері сая­саттың, әлеуметтанудың теориясымен айналысады, ал нақты тарихи кезең­дегі нақты саясат, нақ­ты құбылысты тарихшылар зерттеуі қажет.

Тарихшы ғалымдарды «отан тарихын зерттеушілер» және «шетел тарихын зерттеушілер» деп бөлуге болады. Осының екінші тобының өкілдерінің Қазақстан тарихы мен шетелдер тарихының ұқсас құбылыс­­тарын салыстыра зерттеу мүмкін­шілік­тері бар. «Мүмкіншілігі бар» деп тек ғылыми тұрғыдан алғанда айтып отырмыз, ал нақты алғанда, мұндай ғылыми жұмысты қаржыландыру мүмкін емес, өйткені ғылыми жоба­лар­ға сарапшы бола­тындардың жә­не қаржы бөлу ісін шешетіндердің мұндай тақы­рыпты қолдауы неғай­был. Бұл жерде жеке таныстық факторы да да әрекет етеді.

Рашид ОРАЗОВ:
– Әрине, 1991 жыл­дан бергі қарай еліміздің тәуелсіздік жолын­дағы мемле­кет­тік деңгей­дегі ат­қар­ған ізгі істерін тарихтан ешкім сызып тастамайды. Аталған уақыт аралы­ғындағы біздің жетістіктеріміз жарық көрген еңбектерде барынша ұлық­талуда әлі де ұлықталады. Мем­лекеттің негізгі тірегі тілі, тарихы десек, осы тарихқа мемлекеттің жа­саған қамқорлығы деп мыналарды атап айтқанымыз орынды. 1997 жылғы қабылданған «Ұлттық тарих» жылы, 2004 жылы қабылданған «Мә­дени мұра» бағдарламасы, 2013 жылы қабылданған «Халық тарих толқынында» атты бағдарлама және былтырғы жылы «Қазақ  хандығының құрылғанына 550 жыл» толуын мемлекет деңгейінде атап өттік. Осы бағытта қыруар шаруалар атқарыл­ды. Бұл – тәуелсіздіктің жемісі. Өкініш­ке орай, тарихқа көңіл бөлу осы бағ­дарламалардың аяқталуымен тоқтайды десек, қателесеміз. Дегенмен, біз осы 25 жылдық тарихқа тек саяси тұрғыдан ғана баға берудеміз. Ал кез келген тарихқа нақты баға елу жылдан кейін беріледі, аталған кезеңді зерттеушілердің алдында болашақта қандай міндет тұрғанын бағамдай беріңіз.

Эльмира ТЕЛЕУОВА:
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кеңестік құрсаудан шыққан ұлт ретінде тарихтың орны саяси өзгеріс­термен қатар жүрді. Кәсіби тарихшылардан басқа, жалпы білімі бар кез келген адам өзбетінше ізденіп, шежіре жазушылар, қоғам қайрат­кер­лері тарихтан қалам тартты. Бұл, әрине, дұрыс құбылыс. Әлемдік тәжірибеде де бұл бар. Оны public history деп атайды. Сондықтан қо­ғам­да тарихқа қатысты түрлі көз­қарас­тар орын алды. Бірақ кәсіби тарихшылар тарапынан зерттеулер өз жолымен жүргізіле берді. Кейбір жағдайларда тарихи шындықты бұрмалауда орын алып отырды. Тарих ғылымының ерекшелігі сол, ол құбылыс емес, адам тағдырымен тікелей байланысты. Сондықтан кейде дәріптеушілікке де жол беріліп отырды. Бірақ тарих шынайылық қандай жағдай болсын, үстем болары анық. Сондықтан кейде тарихшылар өз руын, тайпа, жүзінің тарихын дәріптеп, танымал тұлғаларын айшықтап жатса, кәсіби тарихшылар бұл мәселені кезіндегі кеңестік дәуірдегі ақпараттық қысымның сипаты ретінде қарайды. Әрине, бұл мәселе тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында басым болды. Қазір көп жағдайда кәсіби тарихшының пікіріне жүгінеді.

XX  ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан структурализм ғылы­м­а­ра­лық және халықаралық көрініс ретінде қазақстандық зерт­теу­шілер­дің еңбектерінде көрініс табуда. Структуралистер  адамзат  әрекетінің ортақ құры­лымын жасау және мә­дениеттің қызметіндегі ішкі ойлау тетіктерін көрсетуге көңіл бөледі. Қазіргі зерттеулерде  баяндауды (нарратив) зерттеу және оның тиімділігін қарастыруда. Негізгі құралдар ретінде:  нарратив, нарра­тив­ті өзгеріс, нарративті талдау, баян­даудағы желі, «әңгімелеген Мен» және уақыт қолданылады. Қазақс­танда бұл бағытта, яғни ай­тылған тарих әдісін «Халық тарих толқынын­да» атты бағдарламасы бойынша «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығы жүзеге асыруда (т.ғ.д., профессор М.Қ.Қойгелдиев басқара­ды). Мұнда өз заманы туралы жеке адамдардың мәліметтерін бойынша зерттеу басты назарға алынады. Оның ішінде кеңестік дәуірдің тарихына қатысты мұрағат құжаттарынан табыла бермейтін қарапайым адам­дар­дың бастарынан өткен қиындық­тары, ойы, өмір­лік құндылықтары анықталады. Жеке адамдардың немесе  әлеу­мет­тік топтардың, қауым­ның есіне сақ­тауы зерттеледі. Күн­­делікті есте­ліктер және жады саясаты, аңсау мен келеңсіз тәжіри­бе, медианың жадының  сипатына ықпалы және бірегейлікті зерттеуде бұл әдістің берері мол. Бұл зерттеу бағыты қоғамның бейнесін ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бүгінде «Халық тарих  толқынында» атты мемле­кеттік бағдарламасы бойынша «Орталық Азияның дәстүрлі өрке­ниеттерін зерттеу» ғылыми жобасы жүзеге асты (т.ғ.д., профессор Омарбеков). Бұл зерттеу орталығы жаңа ке­шенді ұстанымды бас­шылыққа алды. Дәстүрлі өркениет тарихын әлеуметтік саяси және мәдени жоба тұрғысынан талдап зерттейді. Не­гізгі құрылымдары: ұлттық саясат және ұлттық мемлекет, ұлттық біре­гейлік, ұлттық белгі түсініктер мен жадысы, ұлтты құрудағы құрал, пси­хологиясы, зияткерлік мұрасы, дү­ние­танымы мен құқықтық мә­де­ниеті, шаруашы­лығы мен тұрмысы ортақ зерттеледі. Әрине, бұл зерттеу нәтижесі тарих ғылымындағы жаңа ғылыми бағыт­тардың қалып­тасуына әсер етуі сөзсіз.

Сонымен қатар, тарихшылар тарапынан кеңестік дәуірді зерттеу ер­екшеліктері де басты назарға алынған. КСРО-дағы саяси, әлеумет­тік, экономикалық және мәдени тәжірибені талдау, «кеңестік»  біре­гей­лік негізгі тұжырым ретінде қарас­­ты­ру­да өтпелі кезеңдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік және мә­дени трансформациялардың кешенді зерттелуі, тоталитарлық ойлауды зерттеу және оны жеңудің жолдарын ұсыну тарихшылардың маңызды мәселелеріне айналып отыр.

Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеушілер қоғамдағы құқықтық және нарықтық мәдениет, ұлттық саясат және әлемдік қауым­дас­тықтағы интеграция, мемлекет пен қоғамның өзара байланысы, дағ­дарыстар және оған икемделу мен шығу жолдарын талдайды.

Бұл зерттеулердің басым бөлігі­мен кәсіби тарихшылар таныс және оның нәтижелерінің  жариялануынан кейінгі таралуы, қарапайым халық­тың танысуы қандай деңгейде жүзеге асатынына тарихшылар мән бермей келеді.

– Осы жылдардың тарихын тануда дәлдіктен бұрын дақпырт­қа көп сүйеніп кетпедік пе?

Талас ОМАРБЕКОВ:
 – Зиялы қауым өкілінің әр­қайсы­сы өзінің руынан шыққан би-ба­тыр­ларды мақтап, тарих жазу­ға, әр ру өз шежіресін жариялап, сол рудағы айтулы адамдардың тұлға­лығын мақтаныш  ететін тарих пайда болды. Бұл – біздегі баяғыдан келе жатқан, рулық, жүздік бөлі­ністің салдары. Қазақ халқының ұлттық санасының әлі де толық қа­лып­­тас­пағанын бай­қатады. Құдайға шүкір, біздің ұлты­мызда  хандар, ұлттық тұрғыдағы би-батырлар бар. Егер солардың тарихын зерттесек, тамаша болар еді. Бұған баспасөз құрал­дарының да қатысы бар. Майда-шүйде тұлға­ларды ұлттық деңгейге көтеруге құл­шынып, олар­ға ас берген кезде республикалық, тіпті халықаралық деңгейде конференция өткізу белең алды. Біздің тарих ұлттық тұлға мен рулық тұл­ғаны ажы­рата алмайтын тарихқа айналып бара жатыр. Екінші бір мәселе, дәстүрлі деректерді орнына қоя алмай жүрміз. Дәстүрлі дерек­тердің қатарына кейінгі жылдары жарық көрген Қазыбек бек Тауасар­ұлының, Өте­бойдақ Тілеу­қабыл­ұлының, т.б. еңбектері, Тауарих Хамса жатады. Осындай кітап­тарды тарихшылар айналымға қоса алмай отыр. Осы­ның салдарынан біздің тарих ұлттық сипатынан ажырап барады. Өзіміздің ұлттық дерек­терімізді, дәстүрлі дерек­терімізді архивтік мұрағаттық, орыс, қытай­­ жазба деректермен байланыстырып, ұлттық сипат­тағы, еш­кімге ұқсамай­тын көшпен­діліктің өсу мәдениетінде қа­лып­­тасқан тарих жазу қолға алынбай отыр. Көптеген тарихшыларымыз кеңестік жүйе тұсында қа­лып­тасқан соң орыс, араб, парсылар жасаған деректерге бас шұлғып отыр. Олар­дың жүр­дім-бар­дым, саяхат жасап жүріп деректер қал­дыр­ғаны белгілі және орыс де­рек­терінің көбісінде қазақ хал­қының тарихын бұрма­лауға тырысу бар екені белгілі. Аға буын тарихшылар негізінен жазба деректермен жұмыс істеп қалып­тасқан. Жаңа заманның талабымен жұмыс істейтін жаңа буын тарихшы­лар­ қалыптаса алмай отыр. Бюро­кратия­лық кедергі көп, ғылым­ның қаржы­лануы жүйелі болмай шықты, қаржы жылдың аяғында берілетін болса, бір жыл бойы айлық алмауға қай жас тарихшы шыдайды. Ең бастысы,шындық бір жақты мақтау, марапаттау тұрғысынан айтылатын болды.Қазіргі жастар оған көне бермейді, сондықтан тарих факуль­етін бітірген түлектердің көбі басқа жұмысқа кетіп жатыр. Тарихтағы тағы бір мәселе – аңызға бет бұру. Мәселен, Шыңғысханды түрік, қазақ деп жазып жатқандар бар. Олар, әрине, тарихшылар емес, кәсіби тарихшылар олай жазбайды. Бағанағы айтқан қиыншылықтардың салдарынан тарихшылардың жаңа буынының қалыптаспағанын, тарих ғылымын­дағы бос кеңістікті (вакуум) пайдаланып, жазушы-журна­листер, ауыл­дағы мұғалімдер тарихшы болып кетті. Олар Шыңғысхан секілді тұлға­ларды орынсыз тықпа­лап, тарихты бұрма­лап жатыр. Шындығына келгенде, Шыңғыс­хан өмір сүрген дәуірде түрік деген халық біздің аймақтан, Орта­лық Азиядан кетіп қалған еді. Түрік деген халық түр­кімен, о баста оғыз атанып,  ІХ ға­сыр­да қазіргі түркі­мен­дер мекен еткен аймаққа ауып кеткен болатын. Түрігі жоқ аймақта Шыңғысхан қалай түрікпін деп айта алады. Қазақтың көп руының біре­уінің аты түрік емес. Ал Шыңғысхан шыққан қият руы болса, қазаққа кірме жеті рудың біреуі. Төре, Қожа секілді Қият та үш жүзге қосыл­майтын шағын ру. Тарихи шындықтың бұған дейін айқын айтылғанына қарамастан тарихты аңызға айналдыру, тарихи тұлғалар­дың шығу тегін, ұлтын бұрмалау әдет болды. Мұны кәсіби емес тарихшылар жасап отыр. Кәсіби тарихшылар мұндайға аттап баспайды.

Гүлжауһар КӨКЕБАЕВА:
 – Кеңестік кезеңде тарихи та­нымның негізгі қағидаларының бірі – оның партиялылығы дейтінбіз, осылайша тарих ғылымын саясатқа мүлде бағындырып қойғанбыз. Бірақ соған қарамастан, кеңес ғалымдары кеңестік тарихтың негізгі құбылыс­тарын марксистік философия тұр­ғы­сынан зерттеген терең теориялық еңбектер жазатын еді. Ал қазір тарих ғылымын ешкім күштеп саясатқа бағындырып отырған жоқ, бірақ терең теориялық талдаулар жоқ. Қазіргі жас ға­лымдар «теория», «концепция», «методология» деген сөз­дерді көп айтады, ал іс жүзінде олар­дың мәнін түсінбейді, теориялық еңбектер жаза алмайды. Өйткені, олар марксизмді де, марксистік емес ілімдерді де білмейді. Оған себеп – қазіргі жоғары оқу орындары­ның оқу жоспарында тарихтың философиясы мен теориясын оқытатын пәндер жоқ. Сондықтан тек тәуелсіз Қазақстан ғана емес, тарихтың басқа кезеңдеріне қатысты да дақ­пырт көп, негізсіз жорамал көп. Бұл, әрине, еліміздегі қазіргі заманда жүріп жатқан үдерістерді талдау мүлде жоқ дегенді білдірмейді, жекелеген мақалалар бар, алайда іргелі зерттеулер туралы ауыз толтырып айту қиын.

Рашид ОРАЗОВ:
– Тарих өткенің мен болашағыңа бағыт берер шамшырағың. Тарихи шындық уақыт өте келе бәрібір ашы­лады. Болашақ ұрпақ уақыт өте осы ширек ғасырға тарихи талдау жасап, өз бағасын береді. Жақсы мен жаманын екшеп алады. Біз соңғы жыл­дарда тіліміз бен тарихымызды өзге­нің табанына жығып бердік. Ащы да болса, бұл шындық. Кез келген мемлекеттің негізгі тірегі – тілі мен тарихы. Мына өзбек еліне қара­ңыз, аталған екі мәселеде біз­ден оқ бойы алда тұр. Шекарадан өте салып қайда келгеніңізді бірден байқайсыз. Бізде үш тіл, біз қайда бара жатырмыз. Мектеп бағдарла­масын қараңыз, бала өз ана тілін толық меңгере алмай жатып, орыс, ағылшын тілін оқытуымыз қай сас­қанымыз. Бұл тұрғыда Ахмет Бай­тұрсынұлы: «Бала бесінші сы­ныпқа дейін тек өз ана тілінде білім алуы керек. Содан кейін өзге тілді мең­геріп алады», – деп айтқаны бар. Бүгінгі шенеуніктер Ахмет Бай­тұр­сынұлынан да өткен білім­дар.

Ал ғылым саласында, әсіресе, докторантура мамандықтарын дайындауда тарих пен тілде бізге шет елдік маман керек пе? Қазақтан артық олар тіл мен тарихты біле ме? Біз неге ол мамандарға қазақ тілін біл деп талап қоймаймыз деген сансалалы сауалдар министрліктің санасына да кіріп шықпайды. Ағыл­шындар мен орыстар тарихын жазу үшін қазақ тілінен емтихан тапсырмайды. Ал бізде қазақ тілі мен тарихын жазып, ағылшын тілінен емтихан тапсыр деп талап кіргізуі мем­ле­кетімізге сын. Өте өкінішті! Шет елге біздің тари­хымыз емес, асты қазбаға толы байлығымыз керек, осы бай­лыққа қол жеткізу үшін шетел түрлі экспанциялық жолды жасауда. Соның бір көрінісі – білім саласын­дағы экспанция. Өт­кенімізге үңіліп  кө­релік, ХІХ ға­сыр­дың екінші жартысында Ресей империясы қазақ халқын білімді болып көзі ашылсын деп қазақ жеріне мектеп, гимназиялар салған жоқ. Сол мекемелерде өзінің отар­лық саясатын жүргізу үшін жергілікті ұлттан тілмаштар  дая­рлау үшін ашты. Міне, осындай білім орындарынан білім алған Ә.Бө­кей­ханов, А.Бай­тұр­сынов, М.Шоқайлар ұлты­ның тәуел­сіздігі үшін күресті. Біз осыны айтуды жас­тардың санасына  кіргізуді ұмыт­пайық деп сөзімді түйіндеймін.

Эльмира ТЕЛЕУОВА:
– Қазіргі  БжҒМ министрі Е.­К.­­Са­­ғадиев осыған қа­тыс­ты өте қызықты мә­лімет берді. Оның айтуы бойынша, жеке адамның зиялылық деңгейінде оқуға тиісті, қарапайым ақпарат­тар­дан тұратын 2011 жылғы мәліметтер бойынша басылып шық­қан кітаптар туралы айтып өткен. Мұндағы статистика бойынша ағылшын тілінде бір жылда 550 мың жаңа кітап шыққан, (қайта жария­анбаған) орыс тілінде 97 мың, қазақ тілінде 2 мың, осылайша біз қоғамға қандай талап қоя аламыз деген орынды сұрақ қояды. Шындығы сол, тарихи арнайы зерт­теу­лердің тиражы және таралымы өте төмен осы мәселені қолға алу қажет. Зерттеулер жарық көр­генімен, әсіресе, тарих бойынша, ол оқыр­ман­ның қо­лы­на жетпесе «жасампаз тұлғаны» қалай қалыптас­тыр­мақ­пыз.

Тарихтағы кейбір ірі оқиға­лардың немесе жеке тарихи тұлға­лардың мерейтойларына қатысты дақпырт көп орын алуда. Баспа­сөзде, медиада сол жылда кезекті атап өтуде еске алып, жиын, ес­керткіш қою шараларды жүзеге асырып, сонымен тоқтайды. Бұл, әрине, дұрыс емес, өлкетану немесе тұлғатану тұрғы­сынан зерттеу үнемі жалғасын тауып отырғаны  жөн. Осындай  зерттеулерді жүзеге асыратын бағдарламалар қажет.

Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.09.2019 | 15:20

Котак

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір