КӨРКЕМДІК: ТҮЙСІК ПЕН ТҮСІНІК
Өнерді (мейлі, ол – сөз, саз, сурет, сәулет, кескін өнері болсын) ғылым мен пәлсападан ерекшелеп тұратын – көркемдік. Талант түйсігімен ғана сезіне алатын көркемөнердің сұлулығы теорияға бағынбайды. Кейін соның өзін белгілі бір заңдылықтармен талдап, түсіндіріп жатсақ та, әу баста рухани эстетикамен ғана дүниеге келген өнердің көз қарықтырар сұлулығын да (көркемдігін) түйсікпен сезуге болады екен. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деген тұжырымның бір сыры осында шығар.
Бүгінгі күні талғам да, сөз өнеріне деген классикалық көзқарастар да өзгеріп жатыр. Кей пікірлер алдыңғы анықтамаларды толықтырып жатса, кейбірі өзіне дейінгілерді мүлде жоққа шығарып келеді. Бұрын көркем деп саналған шығармалар заманымен ескіріп, бұрын бағаланған мәтіндер жаңа заман жазушыларының қаламымен қайта жазылып, сұранысқа ие болып отыр. Прозада публицистикалық бояуы бар шығармалар оқылымды дүниеге айналып, үлкен сыйлықтарды иемденіп жатыр. Соған байланысты дау мен талас та қатар жүріп келеді. Бүгін біз үшін көркемдіктің, жаңалық пен ескі түсініктердің шекарасы бұлдырай бастаған секілді. Бірақ түйсік сезген нәрсе ғана көркемдік деп бағаланатындай.
Бауыржан ИГІЛІК
Ыңқыл-сыңқыл әуеннің, қылтың-сылтың сезімнің, жыртың-жыртың күлкі мен шытыр-шытыр ақшаның заманында өмір сүре отырып ел құлағына тосаң естілетін әдебиет, өлең, көркемдік жайында сөз қозғай қалсаң, бірден жаныңды қоп-қою жалғыздық билеп, Абай әулие жазып кеткен Масғұттың хәлі басыңа орнай қалды ма деп шошып кетеді екенсің кәдімгідей… Оның үстіне бүгінгі сананың сықитып қалап қойған иерархиясының ұшар шыңында да шыңылтыр аяздан кірген шөлмектей шытынаған, шырт-шырт түкіріп, шіренген мықтылар мен осы айда нан жеу-жемеуіңді шешіп отырған басекеңдер, жылтыраған жұлдыздар сәнге бекіп алған. Қанша білімің мен парасатың бар болғанымен, қалтаңда бақыр тиының жоқ болса, көзін бақырайтып қойып, бақырып ақыл айтсаң да ешкімге дәрі емес. Патшаның өзі дәргейіне келіп ақыл сұрайтын бөшкедегі Диогендердің дәуірі әлдеқашан келмеске кеткенін ұмытуға болмайды қазір. «Қалтарыс-бұлтарысы мың сан қабат» осындай қоғамда жүріп өлең, өнер, әдебиет жайында ойлау – ерлік, онымен айналысу – ақкөз батырлық. Капиталистік қазанда қайнап жатқасын ел саудаға жарайтынның барын саудалап күнелтіп жүр. Біреу малын, біреу нанын, біреу тәнін, біреу сақалын, біреу перзентін дегендей… Аталмыш тауарлардың жоғары сұранысқа ие боп тұруының бір себебі – әдебиет пен өнердің еленбей қалуынан. Сұраныстан шығып қалуынан. Адамның ішкі сапасына жауап беретін бұл салалардың қаншалықты маңызды екеніне көзіміз әбден жетті. Көркеммінезді, көркемойлы, қараңдап көлеңкедей ілесе бермей өз пікірін білдіре алатын ұрпақ өспейінше, бүгін дертке айналып отырған жемқорлық, бүлікшілік, алаяқтық сияқты мінездер ешқашан жойылмайтынына сенімдіміз.
Қош… көркемдік пен сұлулыққа көшелік. Жалпы, өлең деген ұғымның өзі сұлулық, көркемдік деген ұғыммен синоним болса керек. Қап-қара қорқынышы мен тап-таза күлкісіне дейін, құрмаласқан қайғысы мен кіп-кішкентай қуанышына дейін сұлу әлем емес пе өлең деген?! Жанарымызды көтерсек жұмбақ аспанды, табанымызды көтерсек жұмыр жерді көруіміз – Тәңірі жаратқан әр бөлшек жайқалған көркемдік, ұйыған өлең екенінің дәлелі. Ендеше сол көркемдік жайлы сөз болса әр кітапқа жүгініп, әр авторға үңіліп, қызылкеңірдекті дауға кіріп кететініміз қалай?! Көркемдік деген не екенін көру үшін көзімізді ашсақ жететіндей. Осы тамылжыған әдемілікті сөзге сыйдырған – ақын, суретке сыйдырған – шебер, әуенге сыйдырған – композитор. Бүгінгі күндегі ағыл-тегіл ақпарат адамды арбап, еліктіріп, аяғында өзің де сол доданың ішінде қалай жүргеніңді байқамай қалады екенсің, расында. Сан түрлі пікір, түмен-түрлі ойлар есіңнен жаңылдырса жағажыртыстың бір жағына шығып қалғаныңды ұғу да қиын. Ал көркемдікті сезіну үшін оңашалық, жалғыздық керек пе деймін. Парадигмалар призмасын лақтырып тастап, түйсік құлағымен тыңдау, көңіл көзімен көру, жұлын-жүйеңмен сезу… Бітпейтін теориялардың торына қамалған біздің ойымызға табиғилық жетіспей қалып жатқандай көрінеді кейде.
«Тайсақтап тұрмау үшін де,
Туады өлең арыс боп,
Түр дейтін тордың ішінде
Тулайды мазмұн барыс боп.
Төзе алмай темір қонысқа
Тулайды шіркін, тулайды.
Тоқиды торды барысқа,
Тор үшін барыс тумайды» – деген Қадыр ағаммен келіспеске болмайды. Көркемдік – әуелі мінезде, ойда, мазмұнда. Соны қандай дауыспен айтасың, ол өз еркіңдегі шаруа. Ақынға қойылатын талап жалғыз – жақсы жазу. Бар болғаны сол…
Арман ӘЛМЕНБЕТ
Бұрын «сұлулық әлемді құтқарады» дейтін. Бүгін сұлулық әлемді құтқара алмайтынын түсініп отырмыз. Бұрын сұлулыққа ұмтылған адамдар, көркем дүние жаратуға, оны тұтынуға (оқуға, тыңдауға, көруге) құмар еді. Бүгінде адам білуге құмар. Көркемдіктен бас тартты демейміз, танымға көркем түрде әсер етсе кез келген шығарма өтімді болады ғой…
Нобель сыйлығын алған әйел жазушы Светлана Алексиевич «Бүгінде әлем мен адамзат сан түрленіп, көпнұсқаланып (многовариантный) барады (өнер өзінің дәрменсіздігін жиі мойындайтын болды) және осындай уақытта өнерге құжаттардың араласуы барған сайын қызық болып, онсыз әлемнің жалпы сүгіретін елестете алмайтын болдық» дейді. Өз алдына қозғалатын мәселе болса да айта кетейік, бұл жазушы қазақшаға аударылды дегенді естіген жоқпыз, оны басқа тілде оқыған да жоқпыз, сондықтан «сірә, бұл кісі құжатты, деректі (толық деректі деген сөз емес) шығармалар жазатын болды ғой» деп болжаймыз да қоямыз.
Қазір адамдар білуге құмартып келеді. Көркем шығарма оқыса да, одан бірнәрсе біліп қалуға қарсы емес. Кино көрсе, интернеттен режиссерін қарап алып, «Жақында шыққан пәленшенің түген деген фильмін көрдім» деп әлеуметтік желіге жазып қоюға құштар (Шын білімге құмартып жүргендер де құмартқан болғансып жүргендер де, бар екенін байқауға болады). Одан соң адам баласы ізгілікті сағынып қалғандай. Кез келген есі дұрыс адам үшін аяулы түсінік – баланы да тастап жатыр, өлтіріп жатыр, зорлап жатыр. Оны теледидар егжей-тегжейлі баяндаудан жалықпайды. (Баяндап отырған журналист те, баланы тастаған жас келіншек те әдемі болса ше?).
Көркем дүниені тудыруға итермелейді дейтін сұлулықтың өзі әдепкі нәрсеге айналған жоқ па? Бұрын адам баласы ерекше сұлу әйелді не еркекті, табиғатты, аңды өмірде сирек көретін. Қазір теледидардан да, интернеттен де небір сұлулық үлгілерін тауып аламыз.
Қош, білім, ізгілік секілді құндылықтар алға шықты (Біз өнердің алдыңғы қатарлы тұтынушылары, яғни тыңдарман, көрермендер туралы айтып отырмыз). Бірақ көркемдік, оған құмарлық жоғалып кеткен жоқ. Ол кино, сән, сауда деген секілді ақшасы бар салаларда дамуға көшті. Таза көркемдікке құрылған фильмдер әлі де түсіріліп жатыр. Тауарлардың дизайнына, олардың қаптамаларына қараңыз. Жарнамаларға мән беріңіз. Талғамы бар, іскер адамдар өмірге бейімделіп кетті, қалғаны қалды…
Адам баласы өз өміріндегі сезімдер мен әсерлерден бөлек басқа адамдардыкімен де ортақтасқысы келіп тұрады. Біреудің бастан кешкенін, қандай да бір жағдайда не сезінгенін білгісі келеді. Тура осы сұранысқа өнер жауап беруі тиіс еді. Тағы да интернетке қатысты бір қызық жәйт бар: қазір көпшілік ешқандай көркемдіксіз-ақ бастан кешкендерін жазуға кірісіп кеткен. Әлеуметтік желілердегі парақша, топ, форумдардан қарабайыр комедия мен трагедиялардың үлгілерін көптеп тауып алуға болады. Осы тұста менеджерлігі алға қойылған, жүйелі жұмыс істейтін, жарнама жасай алатын әдеби агенттіктер жұмыс істеп кетсе, біраз табысқа жетер ме еді деген ой келеді.
Қазір біз сағына алмаймыз, аңсай алмаймыз. Шіркін, интернет дамымай тұрған 2000 жылдардың басы, одан бұрынғы уақыт не деген тәтті еді… Адамдар газет алып оқитын. Бүгінгідей асығыс жоқ. Уақыт қалпымен жылжитын. Адамдар титықтатқан тоқсаныншы жылдардың әсерінен айыға алмай жүрді десек те, бүгінгідей масаң күйге енбеген еді ғой. Оның алдындағы, әдебиетке іңкәр, еңбегі сіңген буын бар еді, кейінгілер солардан именетін. Кейін… Кейін ешкім ешкімге қарай алмай кетті, ақпарат күрт көбейді. Осындай апақ-сапақ уақытта шала сауатты жазармандар қаптады (Бұрынғылар әдебиетке үлкен дайындықпен келетін еді). Сөйтті де, онсыз да ұмыт бола бастаған көркемдікті одан сайын қарабайырландырды.
Батырлар жырын оқып жүрген бала кезімде ауыл сыртындағы қараусыз қалған саябақтан өткенде ағаштар арасынан ұшқан жебені елестеткенім… Көктемнің суық түнінде терек бұтақтарының сақыр-сұқыр еткені, әр жағынан жөңкілген қою бұлт арасынан жылт етіп көрінген ай… Тамыздың салқын кешінде бүлкілдеп қайнаған құрт, жанған қидың иісі… «Боранды түнде», «Жусан иісі», «Бөрібайдың тымаған ит алып қашқан қыс». Осы шығармаларды оқығаннан кейінгі бөленген күйім. Осы әсерлерімнен айырылып қалмасам, маған сол да үлкен олжа.