ЕЛІНІҢ ҚАМЫН ЖЕГЕН АЗАМАТ
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ бизнес өкілі ретінде көрініп, халқына қамқор, ұлтына сүйеу болған атпал азамат, «Сарыарқа» акционерлік қоғамының президенті, республикалық «Қарабура» мәдени орталығының төрағасы болған Құрал Ержанов ағамыздың арамыздан кеткеніне көп бола қойған жоқ.
Құрал аға Ержанов көненің көзін көрген, көріп қана қоймай, олардың тағылымын көкейге түйіп өскен кешегі бала, бүгінгі ел ағасына көтерілген еді. Артындағы інілеріне жақсы аға болып қалыптасуы ағаларына жақсы іні бола білгендігінен шығар деп топшыладық. «Бай болсаң еліңе пайдаң тисін, батыр болсаң дұшпанға найзаң тисін». Осы халық даналығы Құрал ағамыздың негізгі ұстанымдарының бірі еді. Оған мысал ретінде кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының халқын бір қыстан аман алып қалуға сеп болған пәленбай тонна қайтарымсыз көмірді айтуымызға болады.
Құрал Ержанов Қазақ елінің Тәуелсіздігін көзімен көріп қана қоймай, оның іргетасын қаласқан асыл азаматтардың қатарында. Артында қалған төрт ұлы да кәсіппен айналысады. Келіндері, немерелері мен Алтынай есімді жолдасына сабыр тілейміз.