ЖАЗУ МЕН КӨЛЕМ
09.09.2016
1602
0

roРоманды шалқар теңізде шайқап жүретін алып китке теңейтін Қытай жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Мо Янь бір мақаласында аталмыш жанрдың негізгі ерекшеліктері мен қадір-қасиетіне тоқталыпты. «Романның көлемі, тығыздығы және күрделілігі (құрылымы, тілі, ойы) осынау ұлы жанрдың басты бөгенайы» депті жазушы. «Маған салса роман дегенді жеткен жеріне дейін көсілте жазу керек дер едім. Әрине, Көлемді жаз дегенде келсін, келмесін оқиғаларды тықпалап, қырттыққа ұрыну деген сөз емес, көкіректен қайнап шыққан  детальдардың басын сәтті біріктіру. Өз басым роман жаза алатын жазушыда ұлы арман болу керек деп есептеймін. Ірі суреткердің кесек кескінді болатыны – кеудесінде үлкен аңғарлар, алып тау сілемдері мен жойқын кеңістік сол күйі кеудені жарып сыртқа шығатынында» дейді.

 

Ырысбек  ДӘБЕЙ

Алуан түрлі құбылыстарды қой­­­нына сыйдырып жатқан жой­қын әдеби жанр жайында қазіргі біздегі айтылар уәж де әрқилы.  Ро­манның көлемі туралы айтылар көп талас – со­ның ішіндегі біреуі. Романды бұ­рынғының жазушыларындай кө­сілтіп, көлемді қып жазу керек пе? Әлде, жұрт айтып жүр­ген­дей қа­зіргінің оқырманын аяу қажет пе? Әрине, бұл сұрақ біздің ха­лық­тың тарапынан ғана емес, әлемдегі бас­қа жұрттың да қызу талқысына түскен мәселе болса керек. Өйткені, әр романында біраз көлемді ең­сер­тіп тастайтын жазушы Мо Янь бұл туралы бүй дейді. «Біреулер айтатын да шығар, мынадай алмағайып, ұшқыр заманда ұзын-сонар дүниені кім оқиды? Жауап біреу-ақ. Оқи­тын адам ол шығарма қанша кө­лем­ді болса да оқиды. Оқымайтын адам жарты беттік дүниеңе де көз қы­рын салмайды. Көлем – ешқа­шан сауатты оқырманға ықпал жа­сайтын басты себеп емес. Қытай қор­ғаны неге сонша жерге созылып жатыр? Себебі, оның күнгей бе­­тіндегі кең көсілген жазира ал­қап оның солай салынуының шар­ты болды. «Тыр­наның аяғы неге ұзын болды екен» деп өкпелей алмайтынымыз секіл­ді, оқырманның шығарманың кө­лемі туралы өкепе-реніші де сол секілді табиғи құбы­лыс­­қа қарсы­лық. Әрине, көркемдік – кө­лемнің алғы шарты. Роман қай­­сыбір оқыр­мандардың көңі­лі­нен шығу үшін ұзын тұрқын қыс­қар­тып, тығыз қал­пын сиретіп, күр­­делі сипатын бұз­бауы керек. Ме­нің ізде­генім сол – көсіле шабатын көлем, тіс  батпайтын  тығыз­дық,  күрделі­лік. Оқығың кел­се, оқыр­­сың, оқы­ғың келмесе, өзің біл. Маған десе жер бетінде жал­ғыз оқыр­маным қалса да бәрібір солай жа­замын!..».

Қызықтың бәрі осы жерден бас­­­­талады. «Қайтсең, өйт» деген жазу­шының амбициясынан кейін қа­ламгердің шығармаларын ан­нан-мұннан сұрастырып, оқуыңа тура келеді. Сонша көлемге көсіле ша­батын жазушының сырын ұқ­қың келеді. Көлем мен көркемдік жазу­­шы жасап жатқан кеңістік пен уа­­қыттан еш ауытқымай, шебер қиы­­­лысады.  Яғни жазушы өзі жа­­сап жатқан заманды және сол за­­­манның адамынжазады. «Са­рым­­сақ жыры» романы туралы қа­­­­­лам­гердің өзі: «Біраз жылдың ал­дында мынадай бір сұмдық оқи­ға болды. Мыңдаған дихан сарым­сақ (чеснок) екті. Жиын-терін аяқ­­талған соң үкімет мән бермей, са­рым­сақтары шіріп, бүкіл қыс­тақ­ты сасытты.  Ашынған мыңда­ған ди­­хан зиян шеккені себепті, ереуіл­ге шығып, аудандық үкімет кең­сесіне басып кіріп, қиратты. Бү­кіл қы­тайды дүрліктірген «Са­рым­сақ оқи­ғасы» дүниеге солай келді. Мен қа­тты қапаландым, бұл оқиғадан сырт қала алмадым. Жазып жатқан басқа шығарма­ла­рым­ды уақытша тоқ­татып, 35 күн тын­бай еңбек­те­ніп, «Сарымсақ жыры» атты рома­ным­ды жазып шық­тым…», – дейді.  Осыны оқып оты­рып, көңілге талай нәрсе кіріп, шы­ғады. Тәуелсіздіктен бұрынғы тар кезеңді айтпағанда, онан ке­йінгі ширек ғасырда біраз нәрсе бо­лып өтті. Мәселен, арыға бар­май-ақ, Шаңырақ-Бақай оқи­ғасы, Қызылағаш қырғыны, маң­дай терін даулаған мұнайшылар мұңы секілді біраз трагедияларымызды еске түсіріп көрейікші. Не болды, не жазылды? Түк те болған жоқ, еш­теңе де жазылмады. Әйт­песе осы­ның бәрі бір-бір романға жүк болатын біздің дәуірдің траге­дия­лары емес пе еді? Қоғамы мен жазушысы іргесін бір-бірінен ал­шақ салған тап бүгін романның кө­лемі туралы айту да бір сүйегіңді жасытатыны нәрсе. Қазақ мұны «атың­ның басы бітіп, жорғасы қал­ды ма?» деуші ме еді?..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір