СӨЗДІҢ ҚАДІРІН БІЛМЕГЕН ӨЗІНІҢ ҚАДІРІН БІЛМЕЙДІ
Бақытжан САТЕРШИНОВ,
философ
Бір ауыз «сөз». Айтуға оңай, әрине, ал түсіндіруге келгенде… Кезінде кең таралған «Бір ауыз сөз қасіретті тыяды, Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды» деп басталатын Кәкімбек Салықовтың өлеңі әлі есімізде. Бір әннің ішіне біраз нәрсені сыйдырған, оның үстіне «ұйқасы қолайлы болса, өлең әнге өлшеп айтса, өңделмек». Тілдің негізгі өлшемдік бірлігіне саналатын сөзді қазіргі ғылым, фонетикалық, семантикалық, синтаксистік, лексикалық, грамматикалық, ақпараттық, танымдық, материалдық, логикалық қырынан жіктей береді.
«Сөздің қадірін білмеген өзінің қадірін білмейді» дейтін дана халқымыз «отыз тістен шыққан сөздің отыз ру елге тарайтынын» ескертіп, «ұялмас бетке ғана талмас жақ беретінін» айтып сақтандырып отырған.
Иә, тіл ақылдың өлшемі, ойдың, ниеттің, пиғылдың материалдық қабығы болғандықтан, «көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» деп Абай айтқандай, ауыздан шыққан сөзге абай болу керек. «Бір атым насыбайдан қалатын көңілді» бір ауыз сөзбен де қалдыруға болады, адами қарым-қатынасты бұзып алуға болады. Сондықтан бет алды бос сөйлемей, біреулерді дәйексіз кінәламай, өсек сөзге жоламай, «сөйлегенше сөзіңе өзің қожа, сөйлеген соң – өзіңе сөзің қожа» дегенді есте ұстаған жөн болады.
Сөзді ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың басты көрсеткіші деп анықтаудың астарында да бір үлкен мән жатыр.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, Қазақстанда қоғамдық-саяси ақпарат алудың бірінші қайнар көзі – республикалық электронды БАҚ, яғни радио және теледидар, одан кейінгі орындарды тиісінше баспасөз, интернет, арнайы ғылыми басылымдар мен мақалалар, ауызекі әңгіме және т.б. алады. Барлық басқа елдердегі сияқты Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірі туралы қоғамдық пікір де осылар арқылы қалыптасады.
Қазіргі жағдайларда БАҚ қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал етіп қана қоймай, қарым-қатынастың тілі мен қалыбын, әлеуметтік қондырғылар мен өзара әрекет стратегияларын (үйлесу, бәсекелесу, жатсыну) да орнықтырады. Қоғамдағы ксенофобияның немесе толеранттылықтың жалпы деңгейіне әсер етеді. Қоғамға дайын құндылықтық-мағыналық және жүріс-тұрыс үлгілерін ұсына отырып, қалың бұқараның санасын басқару құралына айналады. Ол әлеуметтік шиеленіс пен стрестік психологиялық ауыртпалықты бәсеңдету барысында қоғамды топтастырып қана қоймай, бұқараға жау бейнесін сіңіру арқылы, көрермендердің, тыңдармандардың және оқырмандардың сана-сезімін агрессиялық көңіл-күйге дейін жеткізіп, әлеуметтің психологиялық орнықтылығын бұзуы да мүмкін. Тікелей саяси немесе қаржылық тапсырыстың негізінде БАҚ «өзіміз және өзгелер» ажыратушылық ұстынына сүйеніп, тенденциялық бұра тартушылық арқылы, нәсілдік, ұлттық, мәдени және діни қарым-қатынастарда айыптаушы, қорқытып-үркітуші, кекесінді және кемсітуші сөздер мен сөз тіркестерін қолдану арқылы деструктивті ықпал етуі ықтимал.
Сондықтан журналистер мен әсіресе, интернет тұтынушылары сөз бостандығынан азаматтық жауапкершіліктің анағұрлым маңызды екенін ескергені дұрыс. Бәріміз де бір сәт жоғарыда келтірілген ата-баба даналығына құлақ түріп, өзара қарым-қатынасымызда сөздің қадірін білгеніміз жөн болады.
ПІКІРЛЕР1