екі сөздің біреуінде ел деймін…

Абзал БӨКЕН
«ЕКЕУ»
Сымдай етіп көрсеткенмен пішінін,
Сырты басқа, іші басқа кісінің.
Күн секілді күліп тұрған пенденің
Шығар, бәлкім, күңіренген іші мұң.
Түр-тұрпатың, күмбірлеген күй-үнің,
Түп жағыңды тұмшалайтын «киімің».
Буырқанған бура шығар, кім білген,
Былайында былқ етпейтін бұйығың.
Болмысыңның бөлектенген айқасын,
Былайғылар қалай ғана байқасын?!
Басыңменен ойлайсың да бір ойды,
Тіліңменен басқаша ғып айтасың.
Аңқылдақсың, ақтарылған ашықсың,
Шын ашықтық бірақ бізге қашық шың.
Әйеліңмен әдемісің, әйтсе де
Әнебіреу қызға әлі ғашықсың.
Кісіңіз де қауымына ұнаған,
Қалыс емес қайдағы бір күнәдан.
«Аз отырып, көп сынайтын қонақты»
Екеу, – демей, дейін қалай, – бір адам?!
Түрлі мінез түрлі жіппен тоқылып,
Тылсым тартқан адам жанын оқылық.
Басым біреу болғанымен, өзім де
Жаздым мұны қақ жарылып отырып.
ДӘМЕТПЕУ
Мен ешкімнен ештеңе дәметпедім,
Дәметкенім – құлқынның қамы еткенім.
Алуды ойлап, бір жаным әлек болса,
Беруді ойлап, қу жаным әлек менің.
Дүниенің соңына еріп өлген,
Дәріс алсаң оңбайсың перілерден.
Дәметпедім дәу көлік кәсіпкерден,
Дәметпедім нән соғым фермерден.
Берсе алам, бермесе құты кеткен,
Жан құсамай, тәубені тұтып өткем.
Дәметпедім мадақты бір мықтыдан,
Дәметпедім атақты үкіметтен.
Тегін келген тайың да, жабағың да,
Тегін емес өмірдің сабағында.
Дәметпесең түспейді көңілің де,
Дәметпесең іспейді тамағың да.
Қарпу үшін қалғандай ақырғы күн,
Қапылу да ісі емес ақылдының.
Мені мұсылман еткен қанағат та,
Тегін затқа теріскей кәпірлігім.
Тосын кәде, ұсынған тосын асың
Көмейімнен өтпесе шошымасын.
Өзге емес, өзімнен дәметтім мен,
Осы – бағам, ұққанға осы – бәсім.
ЫНДЫН
Ананы алам, деуменен, –
мынаны алам,
Көңіл көші қай қырға құламаған.
Ындын деген жаман ғой,
Ыдысына
сыймаса да, сыйса да сыналаған.
Бары жақсы, әрине, жоқ болғаннан,
Бөтен емес, алуға оқталған жан.
Мөлшерде ғой мәселе, мөлшер кетсе
Оқталғаның болады боқтан да әрман.
Андағайлап шығатын азанда алдан,
Алағанның азабын аз аңғарған.
Көк тиының көп тыныш,
миллионнан
«Тағы сонша қоссам!» – деп
мазаңды алған.
Созған сайын қолына тамып көктен,
Сайтан сары сыңғыры жанықты өктем.
Жанды аяймын жалықпай сауа-сауа,
Сол жалқынның астында қалып кеткен.
Ағайыннан ассам деп, қалауы мың,
Алқынуда бүгін де анау інің.
Алтынмен де мұратқа жетпейді адам,
Алтын бастан қоймаса қарауылын.
САЙМАН-КӨЗ
Айналаның бәрі көз орнатылған,
Соған аян кіші ме, зор ма тұлғаң?..
Алтын жатса алдыңда ала алмайсың,
Ауыр тартып қолдарың қорғасыннан.
Қалт жібермей бәрі тұр бақылауда,
Алыс алаң немесе жақын аула.
Камера-көз қасында адам көзі,
Ештеңеге айналды татымауға.
Жалт еткенді жанарға жазып алып,
Жадқа жалғап қояды қазыналық.
Баяғыдай тықпыштап тапқаныңды,
Көбін алып кетпейсің, азы қалып.
Дұрыс бәрі, әрине, дұрыс бәрі,
Күзетуге ел мүлкін тырысқаны.
Көздер бірақ неге көп?
Ол – адамның
Кісілігі емес пе құнысқаны…
Ойы онға жететін, сөзі жүзге,
Оғыланым, оңудың кезін ізде.
Көзде емес,
көз тайса құбылатын,
Көп мәселе секілді өзімізде.
Күдігімен жан-жағын «аймалаған»,
Құралыңды құп көрсін қайдан адам.
Ардың көзін ашайық,
Жапқың келсе,
сайман-көзді самсаған айналадан.
КӨЗ БЕН ТҮЙЕ
Есті сөздің етегінде ербеңдеп,
Еңлік емес, ебелекті терген көп.
Ел көрместі көрді бірақ Жұмекен,
Соның үшін жұрты оны «көрген жоқ».
Арқар бітім топта анау тайпадай,
Ай мүйізбен тұра ала ма жайқамай.
Байқамасты байқап еді, бәлем, – деп
Бақталастар қойды тағы «байқамай».
Өмір сүре алмай-тұғын өлеңсіз,
Өр тұлғаның тұстасынан көрем сыз.
Елеусізден өр жасап ед, қалды ол да,
«Елеулілер» тарапынан елеусіз.
Алабота алып кетсе беткейді,
Арасында гүлің қалай көктейді.
Сол елемеу,
сол байқамау,
сол көрмеу,
Есіл ердің жыр-жүрегін жеп қойды.
Керек жерде кесектерін сүйемес,
Қоғамымда қалмағаны-ау жүйелі ес.
«Көрмес жандар түйені де көрмейді»,
Бірақ оған көз кінәлі, түйе емес!
«БОМБА»
Бүгінгінің, байқасаң, бәрі мақтан,
Бодауына сөз сырғып, әріп аққан.
Қаптырмаған адам аз,
Мақтан атты
Қанды ауызын ашқанда кәрі қақпан.
Біреу аңын айтады жолда қаққан,
Біреу малын айтады қолда баққан.
Ішкен-жеген,
соғымға піскен дөнен,
Жүрген-тұрған, әрине,
ол да мақтан.
Асырды, – деп, –
айрықша атымды елден,
Асқақтайды орденге жақын келген.
Орден жоқ, – деп өлсін бе, енді бірі,
Елеурейді қағазбен әкім берген.
Жусан жина,
жүн қырық,
жабағы сат,
Жариялап жарлының қабағы шат.
Жолға шығып барамын, – дейді бірі,
Тоқымқағар дәметкен бала құсап.
Сыпайының аңдасаң, сыбысы да,
Желік байлап алғандай жіп ұшына.
Мақтан да бір мас-шарап, адам соның
Айналғандай түбі жоқ ыдысына.
Қалғаннан соң тоқырап тыйым ізгі,
Күнесімді қаңғыған құйын үзді.
Атақ мүжіп барады арымызды,
Мадақ мыжып барады миымызды.
Жалын барда, бойыңда арын барда,
Не жетеді жат істен арылғанға?!
Майдан-бомба майдай боп қалады екен,
Мақтан-бомба жайдай боп жарылғанда.
«БОКС»
Тірліктің шамын жаққан шоқысында,
Талайдың ұшырады оты сынға.
Шаршы алаң екен өмір,
Үш кезеңі
Шарпысар әуесқойлық боксында.
Бірінші раундың – жастық шағың,
Екіншің – егде болып бастыққаның.
Үшіншің – қарттық кезің,
Қарсыласың
Түйгіштер толтырғандай қапшыққа құм.
Бокстай бұрыс кетсе ісі қауіп,
Базарың бар болғаны үш раунд.
Төрешің тырп етпейді,
Төре басың
тырапай асқанынша күшің ауып.
Егделік. Жастық. Қарттық шиырлаған,
Өлшемге өкпе арту қиын маған.
Әуесқой бокс сынды, ғұмырдың да
Төртінші «төбелесі» бұйырмаған.
Үнімен қыл қобыздың масаңдаған,
Сұм ажал қала берген қашан да аман.
Біз түгіл, білегі нық Қорқыт баба,
Он екі раундтан аса алмаған.
Киетін киіз қолғап жүнді басып,
Бұл өзі бұлт ететін жынды кәсіп.
Адаммен ісім бітіп, шаршы алаңда,
Ажалмен жатқандаймын ұрғыласып.
ТІЛ
Бұлақ болса – сылдырасын бұлақша,
Бұлақ емес, булығып ол құр ақса.
Құрақ болса – сыбдырасын құрақша,
Жарамайды қалқию құр құлақша.
Тасқын болса – арқырасын тасқынша,
Тасқын тілі арқырау ғой асқынса.
Қасқыр болса – ұлып берсін қасқырша,
Қасқыр емес, итше үруге бас бұрса.
Жолбарысың жортып келген түнімен,
Жөн айтады ыңырану үнімен.
Ал арыстан бола алмайтын күбір ем,
Күркірейді көмей керген үнімен.
Таудың да өз, баудың да өз тілі бар,
Тасың тау боп тантыраса кім ұғар?!
Шымның тілін былқылдаған шым ұғар,
Сұмның тілін сұңқылдаған сұм ұғар.
Түлкі ұғады шәуілдеген түлкіні,
(Шәуілдеткен, мүмкін, оны құлқыны).
Кісінесе, сиырың да күлкілі,
Мөңіресе, жылқы деме жылқыны.
Туған тілде сөйлей алмай қалыпты,
Қайран қазақ, налытты ғой, налытты…
Кімдер дейміз күйі малдан жоғары,
Тілі бірақ одан төмен халықты?!
ТІРІСІНДЕ…
Не берсең де тірімде бер, тірімде,
Шыға алмаспын, кіріп кетсем бір інге.
Таным шіркін таңқы боп тұр, Тәңір-ай,
Өліп, қайта тірілетін ілімге.
Неге керек алыс жүріп, шырағым,
Ғайыптан соң жақындауың бір адым.
Аптауыңды көретұғын жоқ көзім,
Мақтауыңды жоқ еститін құлағым.
Мүсін орнат, тіпті, түзу көше бер,
Майып болған миға жетпей өшеді ол.
Тірі кездің тулағына тұрмайды,
Тіккен күмбез не бір ұста, не шебер.
Ажал жетіп айырылса қауқардан,
Биік болмай, күйік болар тау-тарлан.
Қабы түсті «Мақтау қағаз» мың артық,
Табыт үсті төгілетін гауһардан.
Жақсыларын салып қорлық, қоқайға,
Оңды болса өмір оны отай ма.
«Ұрпақ үшін» демесеңіз,
Мұқаңа,
Мұқағали – мұзарт деуден не пайда?!
Ақиқаттың ашып тастар көзін әр,
Ақыныңның бола бермес сөзі бал.
Түйір сый бер тірлігімде, бермесең,
Түйірін де, үйірін де өзің ал.
ОСЫНДА
Оқта-текте алатын ел алғысын,
О, әділет, әлі де сен бармысың.
Бар болсаңыз бүгін тартқыз
сазайын,
Бұзған қудың жақсылықтың
жарғысын.
Той көретін асылдардың азасын
Тәлімсіздің жырмен алам мазасын.
Суайт біткен,
сұйық біткен,
сұм біткен
Сиратта* емес, осында алсын жазасын.
Осында алсын ел ырысын жеп кеткен,
Осында алсын жебір ісін көктеткен.
Осында алсын бесінші амал іздеген,
Шыға сала төрт амалдық мектептен.
Тозақ бар деп тасыр мінез тосынға,
Тоқтай берме молдаң айтқан жосынға.
Кім сындырса ел сенімін, дәл соның
Сағы сынсын, жағы сынсын осында.
Елді мынау ел етпеуге бекіген
Еренсіздің пейілі – тас, беті – көн.
Қорқауларға Құдай әлі жетпепті,
Сол себепті құдай боп жүр шетінен.
Беу, әділет, бір шығатын төбе-шың,
Мені – өзің, сені – Тәңір жебесін.
Зұлымдарды «көрде өкіред» дейді жұрт,
Көр не керек, осында өкірмегесін?!
*Сират – қияметтің қыл көпірі.
КӨРУ…
Өлең жазам.
Білмеймін неге жазам,
Кетті білем өзіме еге заман.
Өлім жайлы жыр түйем тойда отырып,
Өмір жайлы сыр түйем жаназадан.
Көңіліме көргенім місе емес пе,
Көпшілігі ұқсайды түс, елеске.
Сұңқар көрсем сауысқан сап етеді,
Тұлпар көрсем тұғырлар түседі еске.
Мүлт кетсеңіз мұраттың мығымдығы,
Бола да алмай қалады шыбын құны.
Бір жақсылық көрсем-ақ,
көз алдыма
Келетіні – біреудің зұлымдығы.
Тәнің емес, жаныңыз болатын қан
Сол аштықтық суреті – мола тұнған.
Нан асасам…
өлмеші қызын көрем,
Өзі де аш анаға оратылған.
Тарта-тұғын әнімен, билеуімен
Тамашаның мен қонақ сирегінен.
Жерді көріп басылам,
жел шайқаса
Жоқ боп кетер құмырсқа илеуінен.
Өлең – бізге әуелден ойнақ мекен,
Шөміш-сөзден шөкімдей
оймаққа өтем.
Көріп тұрып берісін,
неге екенін,
Берісіне керісін ойлап кетем.
Дейсіз ғой – гүліңнің жауы сабан,
Сабанмен де сан сырды тауыса алам.
Бір нәрседен көретін басқа нәрсе,
Ақын да бір екен ғой «ауыс» адам.
ТАҢЫЛУ
Екі сөздің біреуінде – ел деймін,
Елдің қамын ұғынады мендей кім.
Төрт тарабын түгендесем деп оның,
Төрде отырған төрені де тергеймін.
Өткенімнің өзгерткенмен қалыбын,
Өрге қадам басқан жоқпын әлі күн.
Сойып тіліп, соны айтамын
мен байғұс,
Ойып тұрып молайтамын арығын.
Тұс-тұсымнан мың-миллион тақырып,
Тұрса-дағы тұнық тұсқа шақырып.
Біреуіне мойын бұрмай, қоғамның
Халін айтам, қамын айтам аһ ұрып.
Махаббат тұр мына жақта «Жырла!» деп,
Табиғат тұр жатқа мойын бұрма деп.
Тау,
тас,
орман,
аспан мен жер,
аң мен құс,
жаз, күз, көктем әкелетін қырға леп.
Бәрі қалды, қайтем анау қайыңды,
Топырақта тұрмаған соң зайырлы.
Қармап алған көптің қамы өзінен,
Өзге сөздің бәрінен да айырды.
Танабында жоқ нәрседен тары үкпей,
Барды – бар деп, жоқты – жоқ деп
жанықты ой.
Мен ел деген тақырыпқа таңылғам,
Арбасынан кете алмайтын ғаріптей!..
«МҰҚАБА…»
Тұра-тұғын ойларын тұтап төніп,
Оқымасаң, қалардай жұтап кеміп.
Ғұламалар – бұлқынған бұлақ олар,
Құлап ағар мен жаққа кітап болып.
Мен айтамын оларға – сөзің майда,
Сөремде тұр, ал енді өзің қайда?
Жүзің қайда айнаны арайлатқан,
Қарайлатқан қауымды көзің қайда?!
Тіршіліктің тынысы дөңгеленіп,
Жүргенсіңдер сендер де пенде болып.
Пенде болған, апыр-ай, қандай жақсы,
Табаныңа тас батып, шөңге еніп.
Жұмсақ сазға жұлығы батырылған,
Жүйрік міндің көбіңіз атырылған.
Балаларың өзіңнен ұрыс естіп,
Қырыс естіп, ал өзің қатыныңнан.
Арыныңа бір мезет жазық тілеп,
Қарыныңа бір мезет азық тілеп.
Бұзықтанып,
думанда қызып қалып,
Кезің қайда жүретін жазықты боп.
Ұлы шыңдар, әрине, ұлысыңдар,
Үрдісіңнен алатын ұлысың нәр.
Тұрысың нән кітап боп,
одан да нән
Қайдан табам әлгіндей жүрісіңді, ал?
О, ұлылар, ойларың тұтап төніп,
Өмір берген өшпейтін бұтаққа өнік.
Кітабың бар,
пенделік «мұқабаң» жоқ,
Соны аңсасам қалам-ау жұтап, кеміп.
ТІРІ…
Аң ба,
құс па,
тау ма,
тас па,
ағаш па?
Адам ба, әлде, жаратылыс я басқа?
Кеудесінде жаны барда болымды,
Жаны жоқ па, толымды деп таласпа.
Келмесіне кеткен жаннан ең керім,
Кемпір қызық, бояп алса өңді ерін.
Қонған күннен жылуы нақ шам артық,
Солған гүлден сұлуырақ шеңгелім.
Қылықтыдан қаза құшқан алқасы,
Қатын құнды қапқа түскен арпасы.
Тұлып болған арыстаннан тышқанның,
Тәуірлігі – тірлігінің арқасы.
Мөңкігенде мұрат-мұхит толқыны,
Маңдайыңа жазар кейде олқыны.
Қайыршы бол,
қаңғыбас бол,
кедей бол…
Бір түзелер, ең бастысы – бол тірі.
Мен атақты игенім жоқ қырғын ғып,
Мен ақшаны үйгенім жоқ ырғын ғып.
Мен сәулені өбектедім, өмір деп,
Мұқағали айтып кеткен бір күндік.
Бұл өмірдің майдасы бол, ірі бол,
Бұлғақ жетсе бүтін тұяқ сүрінер.
Мың жылыңа мыңқ етпейтін медаль жоқ,
Таста оны,
Тәубеңе кел,
тірі бол!
ДАУЫЛ
Кемінде жүз жасаған ағашымды
Жынды жел жұламын деп аласұрды.
Антенна-спутник кетті ұшып,
Ұқсайтын НЛО-ға таба сынды.
Көрген соң көнбеймін деп сабалғанды,
Көк өрім басын иіп аман қалды.
Жертөле жанын сақтап,
биік үйдің,
Орнында опырылған саман қалды.
Жусатып тастамаққа желек бетті,
Жұлынып шоғыр құйын бөлек кетті.
Тырс етпей тасбақаңыз,
тасыр дауыл
Тулақша тай өгізді дедектетті.
Дауылдың ірі болып тұтынғаны,
Майданың мәлім болды құтылғаны.
Құлынның құйрығындай көкше құрақ
Қайыңша құлап түспей, тыпыңдады.
Түйгенім көріп осы озбыр халді,
Дүмділер дүмпиді екен көзге ұрғанды.
Көзге ұрып талай көсем кетті күйіп,
Кез қылып қайырымсыз тозғынды әлгі.
Дабылын әкететін іліп үйі,
Дауыл да дүниенің тірі биі.
О, қайран, кесектер-ай!
Есепке орай
еңкеймей, кете-тұғын ірі күйі.
КҮЗ-КӨЗ…
«Болардай кім едің деп, әлі мықты»,
Күз келіп күңірентті кәрілікті.
Секілді менің шыт-шыт алақаным,
Оның да жапырағы жарылыпты.
Сойқаның қыр соңымнан, сірә, қалмай,
Сұрыма еніп мені сынағандай.
Терегі теріс қарап тарбияды,
Терісін теспек болған бұғанамдай.
Көңілім қарсы алатын күле күнді,
Қурайдай күйі кеткен құр егілді.
Саласы сал қайыңның сидияды,
Еске сап еті қашқан білегімді.
Желегін бырт-бырт үзіп желбіреген,
Жаз бойы жарау атпен жол күрегем.
Сиреген самайыңмын – деп тұрғандай,
Селеуі тағы мына селдіреген.
Қуарса қонысыңның бас алқабы,
Хошы да көңіліңнің қашар тағы.
Қартайтты менің көзім күрең күзді,
Сіздің көз, бәлкім, оны жасартады.
Көз де бар шалқар көлді – шөлсің деген,
Кез де бар салқар белді менсінбеген.
Түзулеп көрейікші, тегін емес
«Құдайдың көзі түзу болсын», – деген…
ӨЛЕҢ БАССА…
Тым көбейіп кетіпті өлең менде,
Өлең болып көрінер төменгі елге.
«Берерменге айналам!» – деген басым,
Айналуға таяпты өлерменге.
Бәрі сезім, осының бәрі де ой ма,
Байырқатар емеспін кәрі бойға.
Көсек-көсек жырларым көмес тартты,
Тұра-тұғын, сөз түгіл, әрібі ойда.
Жұртта жоқты бір өзім жасағансып,
Мен жүргенде жүлгені қашап, аршып.
Бір ойымды – бір ойым қалқалапты,
Бір жырымды – бір жырым баса жаншып.
Шөмелесін молайтқан шөптегі адам,
Секілденіп жасаппын текке қадам.
Азы жаман – деуші еді, ауанынан,
Асып кетсе екен ғой көп те жаман.
Бұлақ кезім кешегі мөлдір еді,
Көл болам – деп көрсеттім енді нені.
Аз өлеңім көк тіреп аспан жаққа,
Көп өлеңім текпілеп көмді мені.
Асығыстың дей-тұғын – шалқыт онда,
Айналарын білмеппін арты тоңға.
Қараймын да қысылам,
Қасекең мен
Қара шалдан қап кеткен жалқы томға.
«Сара сөзбен» сақалын бояса әркім,
Сауғасында кеткені той, асардың.
Өзің бассаң өлеңді өкірте бер,
Өлең басса өзіңді, қоя салғын.