«АҚЫНДАР БІРІНІҢ ӨЛЕҢІН БІРІ ЖАТҚА ОҚИТЫН»
Қарашаш – Қазақ өлеңінің жарық жұлдыздарының бірі Тынышбай Рахимовтың жары. «Ақынға жар болу оңай шаруа емес. Азабы да, тозағы да көп, бірақ бақыты одан да асып жатыр», – дейді бізге берген сұхбатында. 12 қыркүйекте, тірі болса, жетпісін тойлар азаматтың жары ақынмен бірге өткізген уақыт, сол заманның әдеби келбеті, ақын замандастары жайлы төмендегідей сыр шертеді…
– Сұхбатымызды ағамен таныстықтан, ағаның тырнақалды өлең-жырлары туралы әңгімеден бастасақ…
– Мен ағаңмен шаңырақ көтергенде ақынға тұрмысқа шықтым деп ойлаған жоқпын, жаным. Екеуміз бір мектепте оқыдық, бір ауылда өстік. Тіпті, көрші тұрдық. Тұрмыс құрғанда мен он тоғызда едім, ағаң жиырма бірде болатын. Ауылда жүргенде-ақ ән айтып, домбыра шертетін, түрлі музыкалық аспаптарда ойнайтын. Әуелі мектепте жұмыс істеді. Соңыра Жамбыл облысының Жамбыл ауданында екі тілде «Шұғыла» деген газетте Жауапты хатшы қызметін атқарды. Кейіндеу облыстық газетте бірлі-жарым өлеңдері шыға бастады.
Біздің буын, өзің де хабардар шығарсың, кітапты жата-жастана оқитын ұрпақ болдық қой. Әңгіме, романдарды қызыға, құныға оқығаныммен, поэзияға, өлеңге аса құмартпайтынмын. Тіптен, ағаңмен отау құрғанша, поэзияны ерекше мейірленіп оқып та көрмеппін. Газеттерде ағаңның бір-екі өлеңі шықты, оны маған әкеп оқытты. «Жарайды, жақсы екен», – дедім.
Өлеңі көпшілікке таныла бастаған ағаңды Фариза апасы «Қазақстан пионері» газетіне қызметке алды. Өлеңдері республикалық газеттерге де бірте-бірте шыға бастады. Ағаңның жас кезі, жалындап тұрған шағы. Оңашада маған: «Мықты ақын екенімді әлі-ақ дәлелдеймін» – дейтін мерейленіп.
– Алматыға қай жылы келдіңіздер?
– Алматыға 1975 жылғы 26 сәуірде көшіп келдік. Ағаң Фариза апайдың қарамағына, «Қазақстан пионеріне» хат бөлімінде қызметін бастады.
– Ол кездегі Алматы қандай еді?
– Ол кездегі өмір жайбарақат еді. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман еді ғой. Жақсы заманда өмір сүріппіз қой. Ақындар бір-бірінің өлеңін жатқа оқитын. Ақындар ғана емес, жалпы көпшіліктің өлең-жырға, әдебиетке деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Тәкеңнің ең жақсы көрген ақыны – Жарасқан Әбдірашев болатын. «Ақ бұлақтар.Алқынған ақ бұлақтар. Алдың көктем. Артың жаз. Шапқылап
қал», – дейтін өлеңі бар ғой. Соны ерекше екпінмен оқитын. «Мынау ана ақынның жаңа өлеңі, тыңдашы», – деп күнде шәй үстінде өлең оқып береді. Ол кездегі ақындардың алғашқы өлең жинақтары пышақтың қырындай ғана жұқа кітап болып жарыққа шығады. Сол кітапты түгел оқып, маған тыңдатпай, ағаңның көңілі көншімейді. Кейде: «Кейінірек оқышы», – десем де, «Міне, мына өлең қандай керемет, тыңдашы», – дейтін. Мен сөйтіп жүріп поэзияға құмарттым, тіптен өлеңге ғашық болдым десем де болады. Кешкі шәй үстінде Тәкең Жарасқанның, Сағи ағаның, Тұманбай ағаның өлеңдерін оқиды. Қатарластарының бәрінің өлеңін жатқа біледі. Сөйтіп, ағаңның өлең-жырларын оқумен, өзі мен балаларды күтіп-баптаумен, түрлі поэзия кештеріне қатысып, сондағы оқылған өлеңдерді бірлесе талдап-талқылаумен жастығымыз өтіп жатты.
1976 жылы Тәкеңнің тұңғыш өлеңдер жинағы «Он сегіз – гүл дәурен» жинағы шықты. Бір жылдан соң, «Қаратауым – ақ отауым» деген тағы бір жинағы жарық көрді. Қатарлары Жарасқан, Кеңшілік марқұм «Сен өзің дап-дайын ақын болып, қоржыныңды толтырып келіпсің ғой», – дейтін.
Тұңғыш жинағына пікір өте жақсы болды. Құрттай жинақ өмірінде үлкен орын алды. Мынау ақын екен-ау деген ой маған да келді. Өзі: «мынау тұңғыш кітапты үйге әкелгенде жылап жібергенсің» деп отыратын.
– Ақынның, өнер адамның жарысыз ғой, жалпы олардың тағдырындағы ерекшеліктер туралы не айтар едіңіз?
– «Тегін адам таз бола ма» деген сөз бар ғой. Ағаң сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болды. Отбасы болғасын әлденеге ренжісіп, өкпелесіп қаласың. Ондай сәттерде ағаң қолына домбыра алып, менің жақсы көретін әндерімді орындап беретін. Жақсы әнді тыңдаған менің де ашуым бірден басылатын.
– Мәселен, қандай әндер?
– Мысалы, Ілағаңның «Меңді қызы». Майра Жүрсінова деген әнші болды. Сол кісінің орындауындағы әндерді ұнататынмын. Ағаң күй де тартатын. Жамбылдағы Мәдениет училищесінің домбыра және дирижерлік мамандығын бітірген ағаң бірнеше аспапта қатар ойнай алатын.
– Тынышбай аға Алматыға келіп, бірнеше газет-журналдарда қызмет етті. Қатарлас достары, ақын-жазушы жолдастары кімдер еді?
– Тәкең марқұм газетке орналасқаннан кейін тұңғыш рет Қызылордаға іссапарға шықты. Келе сала: «Қареке, мен керемет жігіттермен танысып келдім», – деп, Асқар Кіребаев пен Иранбек жайлы айтты. Екеуінің де өлең-жырларымен бұрыннан да таныс қой. Сол сапарында отбасымен жақын танысып келіпті.
Бір күні жұмысына хабарласып едім, «Бүгін үйге кісі келеді, дайын отыр», – деді. Тоңашызтқыштағы аз ғана етті асып, майда-шүйде салатты жасап, күтіп отырмын. Сағат кешкі жеті болды, хабар жоқ. Түнгі онжарымдарда Иранбек Оразбаев, Темірхан Медетбеков, Ибрагим Иса, Бақтыгерей Ысқақовтармен бірге үйге сау ете қалды. Шәй дайындап жатыр едім, Иранбектің жүрегі
ауырмасы бар ма? Мен асып-сасып шай да беріп жатырмын, ыстық сүт те беріп көрдім, жедел-жәрдем шақырттық. Иранбектің өзіне жарасатын бір мінезі бар ғой. Өзіне келген соң, Тәкеңе: «Мен жазылдым, өлетін халден кеттім. Енді бір ғана өтінішім бар, таң атқанша маған әйелің ән салып отырса болды», – дейді.
– Сіз ән саласыз ба?
– Аздап ән салатыным бар. Бауырларым: «Қарашаш өзі де әнге құмар болған соң Тынышбайдың әніне ғашық болып тиген», – деп әзілдеп қоятын.
– Қатарластар, замандастар бір-бірінің өлеңін ғана жаттап қоймай, бір-біріне сын да айтқан болар?
– Олар қай кезде де шынын айтатын. Мақтаса, шын мақтайтын, сынаса да солай еді. Шын сынағанға бір-біріне ренжімейтін.
Тынышбай «Жалынның жабық бәйгесін» екі рет алды. Сондай сәттердің бірінде аға жазушыларымыздың бірі:«Сенің қандай ақын екеніңді осы күнге дейін мойындадық қой. Бірақ көпшіліктің, халықтың мойындауы арқылы сенің тағы бір мәрте мерейің асты» дегені бар еді.
Ағаңның өлеңдеріне көп сын айтыла қойған жоқ. Тәкеңнің өзі де сын жазды. Оған Қадыр және Тұманбай ағалары аздап өкпелеңкіреп жүрді. «Қадыр ағамен бір сәлемдескенімде сәлемімді алмай, екінші сәлемдескенімде: «Әй, сенің дұрыс жазған жерлерің көп екен деді», – деп өзі мәз болып жүретін.
«Өзіңе жау көбейтіп, сын жазбай-ақ қойсаң қайтеді» десем, «енді маған сен сыншы болмай-ақ қойшы», – дейтін.
– Осы күні ағаның атында мектеп, көше аттары бар ма?
– Қайтқаннан кейін ағайын елге ас бергенбіз. Соның қарсаңында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма деген ауылдың бір көшесіне сол кезде-ақ ағаңның атын берген. Екеуміздің бірге оқыған мектебімізде ағаң еңбек жолын бастады. Сол мектептің директоры Тілепберген Маманов деген ағай былтыр, 94 жасында қайтты, ағаң жайлы көп жазды. Өкініштісі, ол кісі қанша сұрау салғанымен, аудан орталығындағы көшелердің біріне есімін берудің жөні келмей-ақ қойды.
Жаңатаста музыка мектебі бар. Соның домбыра класын Тынышбай ағаң өзі ашқан еді, сол класқа Тәкеңнің атын берейік десек, облыс, аудан басшылары мораторийді айтып маңайлатпады.
– Ағамыз кезінде талай ғашықтық ән-жыр жазды. Оған сіз қалай қарадыңыз?
– Мен Тәкеңді қызғанбады емес, қызғандым. Тәкеңнің маған арнаған: «Сен мені қырық қыздан қызғансаң, мен сені өз-өзімнен қызғанамын» деген өлеңі де бар. Адам болған соң қызғаныш та болады. Өзінің де мінездері де қызық еді ғой. Кейде көшеде қатар келе жатамыз. Алдымыздан бір қыз шыға қалса маған бір қарап алып: «Мынаның шашын-ай» дейтін. Үндемейсің. «Қиылған қасын-ай, үзілген белін-ай» дейді. Тағы үндемейсің. «Тоқ былтырына қарашы», дегенде: «Осы мынау не мінезің. Айдаладағы бір қыздың тұла бойын тінтіп», – деймін. «Қареке, үндеме, мен жұп-жұмыр жыр жазуым үшін қыз баланың қасын да, шашын да, үзіліп кетейін деп тұрған белін де көруім керек», – дейтін.
«Қыздар, қыздар, өмірдің қызғалдағы, кім сендерді кімдерден қызғанбады» деген өлеңі де бар.
Бірте-бірте ағаңның сол мінездеріне үйрендік. Ашулана берсең, тамтығың да қалмайды. Онан да «Ұзын арқан, кең тұсау» деп, аман жүрсе болды, жазатынын жаза берсінші деген ой болды.
Ал «Алтайдың ар жағынан келген ару» әніне келсек, ол Әминаға өлесі ғашық болғаннан шыққан ән емес. Мен оған өте үлкен түсіністікпен қарадым. Бірақ ел ішінде әңгіме басқаша тарады ғой. Бірде ауылға барсам, туған анам маған: «Ай, Қарашаш бері келші», – дейді. Мен үлкен шешемнің бауырында өскем. «Осы Тынышбай бір қызға ән арнап, соған кетіп қалыпты деген әңгіменің шеті шығып жүр, сол рас па?», – деді төтесінен. «Жалған әңгіме», – дедім. «Тіпті, рас болмай-ақ қойсын, сен отырғанда оның осындай өртеніп-жанып өлең жазғанына қызғанбайсың ба?», – деп тағы сұрады. «Мен қызғансам ол жыр жаза алмай қалады, сонда менің оның обалына қалмаймын ба?», – дедім мен. Сонда шешем маған үңіле қарап алды да: «Сен мықты екенсің ғой», – деді.
Ақынға жар болу оңай шаруа емес. Азабы да, тозағы да көп, бірақ бақыты одан да асып жатыр, жаным.
Ал Әминамен кейін кездестік. Қытайға тойға шақырды. Маған: «Сіздің алдыңызда өзімді біртүрлі кінәлі сезінемін», – дейді. «Жоқ жаным, олай деме. Ақынның сезімін сен де, мен де түсінуіміз керек», – дедім.
– Қазір ағамыздың өлеңдерін, әндерін, жырын, өзін сағынасыз ба?
– Сағынғанда қандай?!
«Көңіл шіркін сен жоқта құла түздей-ау, сені іздеген мен күнде ертеңіме елеңдеп, жан-жағыма қарайлап, келер деп үміттенгеніме де, міне, биыл он жеті жыл уақыт өтіпті. Көңілім бір мұңайып, бір құлазып, мына жалған дүниенің күнделікті тіршілігімен өткен уақыт жәй бекершілік болып көрінеді маған. Қамығып күйінгенде, қуанып сүйінгенде қасымнан табылар сені мәңгі жоғалтқаным шын екеніне сене тұрып, қара жерге түскенше сені есімнен бір сәтке шығармаймын», – деп жазыппын дәптеріме.
Ағаң науқастанып жатқанда, ол кісіге деген назым, өкпемді бірден ұмытқанымды былай қойғанда, жанына титтей де сеп жасай алмағаныма қатты қиналдым.
– Аға балаларға қалай қарады?
– Біреуінің маңдайынан шерткен емес. Есіктен кіріп келіп, төл санағандай, ұйықтап жатқан балаларын санап шығатын да: «Түгел екен» деп жайланып шайға отыратын. Балаларына арналған өлеңдері бар. «Балқұрақ» деген жинағына балаларына арнаған өлеңдерін енгізді. Біздің екінші ұлымыз Қанат – әкесінің туған күні – 12 қыркүйекте дүниеге келген. Қанатқа арнаған «Триптихы» бар. Үлкен ұлымыз Таңатқа арнаған «Тіршілік» деген жеке өлеңі де бар.
– Әңгімемізді ағаның кітаптарын шығарудың жағдайы қалай болып жатыр деген сауалмен түйіндесек…
– Тәкең қайтқаннан кейін «Жалын» баспасынан «Күй сандық» деген кітабы шықты. Өз жоспарымда ағаңның бар өлең-жырын жеке таңдамалы етіп шығарғым келеді. Сын жазды дедім ғой, сындары мен мақалаларын да жеке жинақ жасасақ деймін. Көзі тірісінде маған арнаған өлеңдерін жеке папкаға қаттап, кітап шығарам деп кеткен екен. Әр өлеңнің тұсына өткен күннен естеліктер жазып, жеке кітап болып жарық көрсе деген арманым бар…
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.