ЖЫЛДАР ЖЫЛЖЫП, ЖЫРАҚТАП БАРА ЖАТЫР
Бекен ЫБЫРАЙЫМ
1
Мектеп бітіріп, жүрегіміз алып-ұшып, арман қала Алматыға келген шақ… Сыртымыз дүрдей, ішіміз дүдәмал жүріп, жолымыз болып, оқуға түскен масаң қуаныш бұл күндері көз алдымыздан қиырға қашықтаған алыс-алыс адырлардың арғы жағында көлкіген сағымдай бұлдырайды. Бұлың-бұлың күндердің әр қуысында қалған өміріміздің қимас сәттері енді еміс-еміс елеске айналды…
…Маңдайға біткен жалғыз орысымыз, сүндетке отырған-отырмағанын білмеймін, «кәпірлердің арасында жатпаймын. Өлсем, қазақтардың арасына қойыңдар» деп аманаттап кететін қазақы ауылда өскен, алты жасқа дейін қазақтан басқа да адам баласы болатыны ойына кіріп-шықпайтын, кәмпитті «дәрі» деп қорқып жемей қоятын ойын баласы маған аспан асты, жер үстінің бәрі таң еді. Колхоз орталығынан сәл шеткерілеу, Ақсайдың жағасына жақында жайғасып, алаңсыз жайбарақат монтиып жатқан ауылдан мен сауат ашуға баратын болғасын, ауруханасы, мектебі дейсіз бе, моншасы, кітапханасы дейсіз бе, «адам басы айналатын» түрлі ғимараттары бар, ол аз десеңіз колхоз председателі, орынбасары, парторгы, рабошкомы, бухгалтері, экономисі, есепшісі сияқты атын айтуға адамның тілі келе бермейтін, кім қайдан ойлап тапқаны белгісіз қызметтері бар орталыққа көшіп келдік. Адамды жұмсау үшін, тексеру үшін неше түрлі қызметті айналайын сәбет өкіметі ойлап шығара берген екен-ау деуші еді шалдар.
Ленин деп аталатын біздің бөлімшеде – ұядай ғана құтты мекенде ешбір үй күні-түні бос болмайтын. Ал орталықта – ол кезде Молотов, қазір Береке аталатын ауылда, мектеп, пошта, басқарма кеңсесі, клуб түні бойы бос тұратынын естіп таңданушы едік. Қазақтан басқа да адамдардың он екі мүшесі болатынын қызық көріп жүріп, кейін аралас мектепте ептеп тіл сындырғаныммен, орысша жөнді білмейтін маған Алматыға келу жерден аспанға шыққандай көрінетін.
Содан ба, Алматыда өткен алғашқы екі жыл – бірінші, екінші курста не істеп, не қойып жүргенімді білмейтіндей күй кешкен сияқтымын. «Ауылың Алматыға жақын»,- деп, бес жыл оқығанда, бір күнге де жатақхана бермеді. Сондағы бар жазығым – ауылымның Алматыға жақындығы. Әр бұрышта тентіреп жүріп, ұйқы да жөнді қанбаған шығар, сірә.
Сондай әлде маубас, әлде маужыраған күндердің бірінде бізге қазақ әдеби сынының тарихынан лекция оқуға келген жаңа ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішев бірден пішінімен назар аударды. Біріншіден – қасқа. Екіншіден, онсыз да сирек қасқалардан басқа. Алдында ғана көрген қасқа ағайымыз – Темірғали Нұртазин болатын. Ол кісі асықпай сабырмен сөйлеп, бипаздап шұбататын сияқты еді. Ал жаңа «қасқа» ағамыз үсті-үстіне үдетіп, өршелене сөйлейді. Көрінбейтін көлденеңмен дауласып тұрғандай, сөзін – дәлелін тоқтамай түйдектегенде, шабыттың шарапатымен «шарықтаған» шәкірттердің ұйымасқа, сенбеске амалы қалмайды. «Апырай, солай екен-ау» деп тамсанып, тәнті болып отырамыз. Сонымен не керек, лекциядан да, ағайымыздың шабытынан да қуат алып, күшейіп шығатынбыз. Алған бағытынан айнымай, алған бетінен қайтпай, үдеп келе жатқан ұстазымыз, басқаны қайдам, маған басқа жаққа бұрылмайтын, жолдағының барлығын елең қылмай өте беретін танк сияқты әсер беретін.
Сол екпіннің, сол қызудың лебі шарпығанда, тақырып – лекция дегеніңіз мәселе-лекцияға айналып кете баратын. Әдебиеттегі қым-қуыт таластар, саясат ықпалы, бұған дейін біз атын естімеген әдебиет қайраткерлері, шындық үшін әрқайсысы өзінше күрес жолын іздеген тұлғалар, отызыншы жылдардың бас айналатын талас-тартыстары туралы солардың тап ортасынан топ жарып келгендей ұстазымыз көсіле сөйлейді. Мұның сыры – тақырыпты тыңғылықты зерттеуінде екенін, көп мәселені ол кезде ашып айта алмағанын кейін білдік қой.
2
Бір күні шүпірлеген біздің студенттерге белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романын оқу тапсырылды. Мерзімі жетіп, сабақ үстінде талқыладық. Бәрі түгелдей оқымаған екен. Оқығандар сөйледік. Оқу бағдарламасына енбеген кітаптарды оқуға студенттердің қолдары тие бермейді. Тапсырма берілген соң, уақыттың саңылауынан сығалап жүріп, оқып шықтық.
Қазақ тарихын осылайша алғаш рет көркем әдебиетте кеңінен бейнелеген роман бәрімізді қызықтырды. Әдетте, кейіпкерлердің саны шағын, советтік рухтағы шығармаларды көп оқып, соған дағдыланып қалған маған «Қаһардағы» тарихи шындықтың мол қамтылуы ұнағанымен, кейіпкерлердің көптігі көңілімнен шықпады. Барлығын бірдей есте сақтау қиын, шатасып, ұмытылып қалатынын айттым. Әрине, бұл пікір кітапты біреуден уақытша сұрап алып, асығыс оқып шыққан, прозаны әлі талғай білмейтін, талап қоя алмайтын, оның үстіне қара сөзден гөрі өлеңге көбірек қызығатын, тәжірибесі аз, балаң шәкірттің сөзі еді.
Сөзімнің ұнамағанын ағамыздың қабағын сәл шытынғанынан байқадым. «Ұрсатын болды-ау» деп, қобалжыдым. Бірақ ағамыз ұрыспақ түгіл, елең етіп, ешқандай ескерту де жасамады. Оның үстіне шығарма туралы ауызша пікір айтып көрмеген балаң студент сасқалақтағанын сезген болуы да керек. Комсомол жиналыстарында сөйлеп үйреніп қалған ба, курстасым Шәкір Ыбыраев (бүгінде белгілі фольклортанушы, ғылым докторы, профессор) мақтап шықты. Оның сөзін Тұрсынбек ағай басын салмақпен изеп, ризалықпен қолдап отырғаны есімде қалыпты.
3
Әлде үшінші, әлде төртінші курста шығар, ғылыми үйірмеде баяндама жасау керек пе, әлде курстық жұмыс па, қазір есімде жоқ, Тұрсынбек ағай «сен өлең жазады екенсің ғой. Қазақ өлеңінің кұрылысының зерттелуі туралы ізден» деп тапсырма берді. Одан не жазғаным бүгінде есте жоқ. Курстық жұмыстың қандай болатынын екінші курста іштей шамалап алғанмын. Ханғали Сүйіншәлиев ағамыз «Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларының тілі» деген тақырып бойынша курстық жұмыс жазуға тапсырма берген. Содан Сұлтанмахмұттың екі томын түгел оқып, теңеуі, метафорасы, кейіптеуі, аллитерация, ассонанс, синекдоха, қайталау, арнау, т.т. барлығына мысалды тізіп, бір қалың дәптерді толтырғам. Бұл жұмыс көп уақытымды алған еді… Осылайша аз да болса, тәжірибем бардай сезініп, жаңа тапсырмадан қобалжи койғам жоқ, үйреншікті іс сияқты мерзімінде тапсырдым.
4
Кейін бесінші курста ұстазымыз өзі жетекші болып, «Қазақ өлең құрылысының зерттелуі» деген тақырыпты диплом жұмысының өзегі етіп, бекітіп берді. Диплом жұмысы деген қандай болатынын білмеймін, курстастардың да ешқайсысы білмейтін сияқты көрінді. Ол кезде сұрамсақтану, өтініш айту деген ойда жоқ. «Басқа салды, біз көндік» деп, қозы сияқты момақан, томпаңдап жүре береміз. Жатақханада тұрмаған соң, курстастарым өзінше бір бөлек дүниеде, мен өзім жеке бір өмірді бастан өткеріп жатқан сияқтымын. Комсомол мүшесі болғаныммен, комсомол жиналысына бес жыл оқығанда, екі-ақ рет қатысыппын. Біріншісі – алғашқы курста, соңғысы есімде жоқ. Ол кездегі дос, студент партасында қатар отыратын Шәкір – курстың комсоргы. «Мені қатысты деп белгілей сал» деймін. Шәкір ол кезде айтқанды істейтін, әйбат бала болатын. Айтқанға бәлсініп, ыңыранып, ыздию дегенді әлі біле қоймайтын, содан ғой оңай көне салатыны…
Жиналыстан «қашып», тәжірибе жинаған соң, сабақтан қашуды да үйреніп алдым. Жалғыз қашпай, ол кезде қабырға газетіне жазған өлеңдерін бізден жоғары курстардағы Сағат Әшімбаев, Есқара Көмекбаев сияқты «ғұламалар» назар аударған жас ақын, шарықтаған қиялы абайлағыш ақылынан асатын Сейфиден Сүтжановты әбден «баулыдым». Старостамыз Тоқтыхан Баситова әпкеміз сияқты, бізді қорғаштап, жақсымызды асырып, жаманымызды жасырып, Сейфиден екеуміз бейхабар, атын да естімеген түрлі-түрлі тексерулерден түтелетпей өткізіп, сыртымыздан қамқор болып жүретін. «Ій-и, ол екеуі ақын ғой. Жүре берсінші» дегендей үнемі қорғаштап бағатын. Ол кезде атақты ақындар түгіл атақсыз, «нормальный» немесе сол «нормальныйдың» дәрежесіне жетуден дәмесі бар сары үрпіктердің өзіне де «ләйліп» жүру жарасқан шығар-ау.
Содан күндердің күнінде, кімнің айтқаны қазір есімде жоқ, «бәленінші күні диплом қорғау болады» деген хабарды естідім. Уақыт тар. Амал жоқ, ауылға барып, тапжылмай 13 күн отырып, 126 бет (машинкамен басқанда) дипломды жазып бітірдім. Дипломның қалай жазылатынын білмесем де, ешқандай дайын үлгіні көрмесем де, өлең, өлең құрылысы туралы зерттеулерді оқып, соларға ұқсатуға тырыстым.
Жетекшім қолмен жазғанымды түгел оқуға көзі шыдамай, асығыс қарап шықты. Сосын ұзаққа созылған «мақала» – дипломды үш тарауға бөліп, ғылыми еңбекке ұқсатты. Әр тарауға өзі ат қойды. Қолжазба машинкаға басылған соң, түгелдей оқып, соңғы бөлімді енгіздірмеді. «Өлеңнің зерттелуі емес, қазіргі өлең өрнегі туралы өз пікірлерің екен. Мақала етіп берерсің» деді. Бірақ мақала ретінде жариялауға мойын жар бермеді. Жазу барысында маған Темірқазық болған – Тұрсынбек ағайдың сөзі:
«Тек шындықты айт!».
Тұрсынбек ағайдың диплом жұмысыма жазған пікірінің қолжазбасы әлі күнге менде сақтаулы. 1973 жылдың 10 маусым күні жазған екен. «Өте жақсыға» деп бағалады. Бүгінгі күні қарағанда, балаңдығы, тәжірибесіздігі айқын жұмыста кездесетін «Бүгінгі қазақ өлеңі туралы сөз болғанда, Сырбай Мәуленовті атамай кету – ауыр күнә», «Ағаш аяқтың» әнін тыңдамай-ақ, сөзін оқысаңыз да, езу тартпай қалмасыңызға кепіл бола аламыз» деген сияқты әсіре, қажетсіз, аңқау эмоцияларға ғылыми жетекшім «езу тарттыратын тұстары жоқ емес» деп жазыпты. Осы сөйлемдер сол кездегі Тұрсынбек ағайдан 21 жас үлкен бүгінгі менің көз алдыма өткен күндерді еріксіз әкеледі.
Оқу бітірген жылы Тұрсынбек ағай «сен дипломыңды кандидаттық диссертацияға айналдырмайсың ба?» деді, мен «жоқ» деп бас тарттым. Ойым – өлеңде, мақсатым – журналистикада болатын.
Сонымен Алматыда айлар бойы жұмыс таппай, қаңғырып жүрдім. Бір күні хабарласқанымда, Тұрсынбек ағай «үйге кел» деді. Бардым. Менің көзімше «Білім» қоғамына, кітапқұмарлар қоғамына телефон соғып: «хабарласып тұрған профессор Какишев» деді. Сосын болашағынан үміт күттіретін шәкірті барын айтып еді, арғы жақтағы жауап мәз болмағанын ұстаздың қабағынан-ақ аңғардым. Дағдарып, мұңайған сияқты көрінді. Бір қызығы – ағамыздың көңіл-күйі келбетінен, қабағынан бірден байқалатын. Менің көңілімді тоғайтқаны – ұстаздың шәкіртінің болашағынан үміті бар. Ол кісі ғана емес, әуелім өзімнің де өз болашағымнан үмітім бары. Үмітке үміт қосылып, сенімім нығая түсті…
Осылайша жұмыссыз жүрген көңілсіз, күңгірт күндердің бірінде Дәкең – Дандай ма, әлде Болатжан ба, Шәкір ме, қайсысының айтқаны есте жоқ, «Тұрсынбек ағай айтты: «Бекен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына барсын. Жұмысқа алады» деп. Директоры – партизан-жазушы Әди Шәріпов. Сонымен барған күні түстен кейін бірден жұмысқа қабылдандым. Сол күні кешке қарай, әлде келесі күні таңертең директордың бұйрығымен қайта шығарылдым. Бұл – бөлек, қызық әңгіме…
Көңіліме түйгенім – ұстаздың жалғыз мен ғана емес, келешекте әдебиетке, әдеби зерттеуге бейімі бар жастарды қажетті, ортақ іске жұмылдыра білуі, қанаттандыруы, мүмкіндігінше қамқорлық жасауға деген ынтасы, ықыласы. Сол жылдары Әдебиет институтына көптеген жастар келгені айтылып, жазылып жүр. Әдебиетшілер мен фольклоршылар – Дандай Ысқақов, Болатжан Әбілқасымов, Шәкір Ыбыраев, Жанғара Дәдебаев, Бақытжан Майтанов, Анарбай Бұлдыбаев, Құлбек Ергөбеков, т.б. бүгінде есімдері елге танымал.
Сонымен тағы да жұмыссызбын, наразы жүрмін…
Бір күні әлдеқалай кездесіп қалдым. Хал-жағдай сұраған соң, радиоға, газеттерге қара мақала, очерк, суреттемелер жазып, қаламақымен ілдалдалап, күн көріп жүргенімді айттым. Тұрсынбек аға асықпай тыңдап алды да, «сен енді сын жаз. Көрдің ғой, әне, Сағаттың қалай жазып жүргенін. Солай жаз» деді салмақпен. Осы сөз мені кәдімгідей қайрады. Бұл кезде Сағат Әшімбаев басылымдарда жиі көрінетін, белді, беделді жас сыншы ретінде танылған. Одан үш курс кейін оқыған біздерге Сағаттың аяқ алысы нақты үлгі болды. Алғашқыда сын жазуға ұялыңқырап, тартыныңқырап жүріп, біртіндеп бой үйренген соң, басылымдардың өтінішімен көбірек жазуға уақыт бөле бастадық…
Кейін есейген соң, Тұрсынбек ағамыздың кейде етқызумен екпіндеп артық кетіп қалатын сәттерін де байқадық. Бірақ «әркім сүйгенін шұнағым дейді», «Қарға баласын аппағым дейдінің» ықпалы болу керек, ағамыздың артық кеткенінің өзі біз үшін әдемі, тек сол кісінің өзіне ғана жарасымды, солай болуы тиіс, әбден заңды сияқты, табиғи, сүйкімді көрінеді. Қарсы пікір айтылса, қиянатқа қимай, қисынын тауып, ақтап алуға тырысатынымызды да жасырудың қажеті жоқ шығар.
Қазақ әдебиеттану ғылымының белгілі, белді тұлғасы – нағыз ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің ұстаздық қызметі бізге осылайша зор ықпал еткен еді…
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.