ТАУЛАР ДА ЖЫЛЖЫП ЖАТЫР БҰЛТ КӨШКЕНДЕЙ
09.09.2016
2060
0

tashenov

 

Төреғали ТӘШЕНОВ

 

 

КӨНЕ ҮРГЕНІШ

Көне Үргеніш!

Көне Үргеніш!

Үргеніш!

Көріп сені –

Жанған жүрек,

күйген іш…

Көк тіреген 

Көп мұнараң

Кемінде

Үш гүлденіп,

Түскен екен күйреп үш.

 

Қаһарынан

Қиратпаған қалмай қыш,

Қауға өрт қойған –

Алмайтындай самғай құс,

Тегістеген –

Тегеуріні Темірдің;

Ал Әмуді

Ары аунатқан

Қандай күш?!

 

Көне Үргеніш!

Елеңдер іш,

сен десем!

Тереңге өріс

Тартар едің

 – тергесем!

Самарқандқа

тиіп қамшың – сермесең,

Бұхарадан 

Бұрын оздың

төрге сен…

Енді неге

тұрсың толып шерге сен?!

 

…Қоңыраттан

Қалған сынық құмыра,

Құм астынан

Қатады тіл құмыға.

Құбыладан

Жалғап зорға шұғыла,

Күбірлейді

Нәжмеддин Кубра…

 

ҚЫЗ МҰНАРА

Босфор бұғазындағы алақандай ғана  аралда 2500 жылдан бері тұрған тарихи мұнараны түріктер «Қыз мұнарасы» ( «Қыз күлесі» )  деп атайды. Су ортасында тұрған сұлу мұнара Стамбул қаласы символдарының бірінен саналады.

Стамбул.

Босфор.

Түнгі қала.

Арбап көзді

Қыздырады, ә!

Азан айтты

Мың мұнара.

Айнала ұшып

Жүр шағала.

 

Түнгі қала,

Мың құбыла,

Астаң-кестең,

Қызды жаға.

Үйдей толқын

Үн шығара,

Тұншыға ма,

Бұлқына ма?..

 

Су ма, сұлу

Шымшыды ма?

Су үстінде

Нұр шұғыла:

Қыз мұнара,

Мың бұрала,

Толқын тербеп,

Тұр ырғала…

 

Қыз мұнара,

Тұнжырама

Түн жылама,

Күн жылама.

Ағытылмас

Шынжыр ана.

Айыға алмас

Мұңлы нала.

Қыз мұнара,

Қыз мұнара!

Саған жаным,

Тым құмар, ә!

Түн жамыла

Қайықпенен

Тартар едім

Шын, күнара.

 

Қыз мұнара,

Қыз мұнара…

 

КІМ БОЛДЫ ЕКЕН?!

Кім болды екен жанымда тыныс алған,

Жоқпыз әлі ол екеуміз ұғыса алған, – 

Қорғаушым ба – періште көрінбейтін,

Арбаушым ба – жын қуып,  пері шалған?!

 

Жете алмастан түбіне есебімнің,

Тағы бүгін қайтқаны меселімнің.

Тым болмаса көзіме көрінсе-ші,

«Қара адамы» секілді Есениннің.

 

Демі естілер – бардай-ақ қос жүрегім,

Дос тілегін, білмедім, қас тілегін.

Оңашада оқыстан пайда болған,

Жан иесі кәдімгі,  бәс тігемін. 

 

Жан иесі… жетті ме жақтасқалы?!

Бейуақытта осы ма,  нас басқаны…

Қулана ма, жоқ әлде, күрсіне ме,

Қызық екен қос демнің астасқаны.

 

Еш нәрсе жоқ – етердей  осынша уайым,

Мен ғана естір тыныс-дем (шошынбайын).

Қырық жыл сап араға іздеп келген,

Бала күнгі бейкүнә досымдайын.

 

***

Ақын  ол  – аққу  емес сұңқылдаған;

Қыран да емес – қанаты сусылдаған;

Тұлпар да емес – тұяғы жер тарпыған;

Бура да емес – қаңтарда бұрқылдаған;

Ақын ол  –  жұртта қалған жерошақтың

Күлінде қалған бір шоқ жылтылдаған.

 

Түбі өмір сол бір шоқтай шым-шымдаған,

Үрлеуге келіп ешкім ұмсынбаған.

Шоқ шіркін соңғы сәтте не айтар деп,

Жел ғана қайырылып тың тыңдаған…

 

***

Алаңсыз емген нәресте,

Айырса бір күн  емшектен,

Аңсай да аңсай ақ  уыз,

Ай бір аңырап өксиді-ау!

Бебеулеп жатса баласы,

Омырауы сыздап солқылдап

Қосыла жылар анасы!

Қу жаның бір күн айырылса,

Қимай да қайтып қайырылса,

Қабырғасы қарс сөгіліп,

Қоймай бір жасы төгіліп, 

Қара жер  де солай жылай ма екен!..

 

***

 Сұр топырақ, сұр бейіт, өзің көрген,

(Үнсіз бәрін  жатқандай сезіп жерден).

Қоршаулы  шарбағына тіреліпті,

Қашса да қаңбақ қанша кезіп желмен.

 

Қаңбақтай сол безілдеп, өзім деумен,

Тыншымайды айтсам деп сөзін кеудең.

Жалаңаяқ жар кешіп жүргеніңді,

Жаман не бар «шүкір» деп сезінбеуден.

 

Көріп тұрып адамды көзің көмген,

Өткересің көзіңнен өзіңді өлген.

Өлетінің белгілі… о, құдірет,

Өлмейтіндей бірақ та сезім берген.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір