АЙ ЖАСТАНЫП, АҚ БҰЛТ­тЫ БҮРКЕНЕМІН
28.04.2023
507
0

Ғайса-Ғали СЕЙТАҚ

Алып­пен де тілдесем…

Шүкір деймін бәріне,
Шүкір деймін,
Сынған көңіл айнасын бүтіндеймін.
Сөз найзасы қадалса,
Көремін мен,
Қат­ты батқан жаныма үкімдей бір.

Жүр ме біреу қоздырып делебесін,
Тату болмас, тоқтатпай ел егесін.
Сезем түзу екенін өз көшімнің,
Мейлі, кейде ешкім де елемесін.

Шықсам-дағы басына мың төбенің,
Жоламадым жанына дүр төренің.
Ақиқат­тың ауылын жерден тап­пай,
Ай жастанып,
Ақ бұлт­ты бүркенемін.

Алмағанмен адамды танып демде,
Алып­пен де тілдесем,
Ғаріп­пен де.
…Бұлт астынан шығатын Күн секілді,
Бір қуаныш болары анық менде!

* * *
Білдірмей көздің жасын төктім бе бір,
Неліктен бейуақта азап шектің, көңіл.
Қанымды басымдағы мың шапшытып,
Жанымды алай-түлей ет­тің, өмір.

Тірі жан тап­пас, сірә, өлмей тыным,
Кей кезде сезіле ме көрдей түнің.
Ғаламды шарласам да,
Анық енді
Анамның жүзін қайтып көрмейтінім.

Бір-бірін оңбайды адам өткен күндеп,
Не керек бос жүріс пен текке күлмек.
Бүргедей бауырыма қадалды ма
Іргемді үңірейтіп кеткен індет.

Дауылдай барады ма құрсап алып,
Кім білген,
Сенделер деп мұнша халық.
Біткендей барлық қызық,
Бәрі – оңаша,
Кеткендей қайғысы да тұмшаланып.

Сақтасын құдай шайқас, атысудан,
Тірліктің дәмін бірге татысу бар.
Арасын індет келіп ажыратса,
Ағайын қалар ма екен қатысудан?!

Бәрібір жақсылықты көксер көңіл,
Шіркін-ай,
Шат­тық күйін төксең небір!
…Халқымды менің жапа шектірмеші,
Қаусатып қабырғамды кетсең де,
Өмір!

Қызыл күрте киген қыз

Баста бөтен жоқ ой да,
Шаңғың тұрса оңайда,
Қысылмай-ақ тебесің
Қыстыгүні тоғайда.

Құлаш серме, тосылма,
Керуенге қосыл да.
Қыз түгілі, кемпір де
Жүргендей ме осында.

Жас алпыстан асқанда,
Қызығасың жастарға.
Көңіл кетер аспандап,
Ап­пақ қарды басқанда.
Жастық өткен сол тұс па,
Ой жүйрік те, қол қысқа.
Құрдастар да жүр, міне,
Немереге жол нұсқап.

Көрсете алмай көпке айбат,
Тынығасың, тоқтай қап.
Оқтай зулап кететін
Баяғыдай жоқ қайрат.

Жас боп біз де сүйгенбіз,
Отына да күйгенбіз.
…Басып озып кет­ті, әне,
Қызыл күрте киген қыз!..

Көктемнің жасыл
желегі керім…

Көктемнің жасыл желегі керім,
Көрсем бір,
Қалам өзім де қуанып.
Көшеде жүргім келеді менің,
Қыздарға сұлу көзімді суарып.

Ол көше бірақ өзгерген екен,
Махаббат толы мас күнім де өткен.
Қалыпты алыс көзкөрген мекен,
Жоғалып мәңгі жастығым кеткен.

Жайнаса болды жаңбырдан жерім,
Түйіліп тұр ма қабағы жаздың.
Аңсағанымменен,
Алдымнан менің
Жарқ етпес ару жанары назды.

Бүкпесіз бұл да жария сыр-ды,
Бір шырақ жанса,
бірі өшіпті анық.
Зейнетке шыққан қария сынды
Күз келіп кірді,
Есікті қағып.

Жасырғандай ма жалыныш, мұңды,
Қуарып күзгі атырап қалды.
…Ұстап тұр екем сағыныш сынды
Сарғайып кеткен
жапырақтарды…

Карантин

Карантин.
Қараңғы түн.
Қатал көктем.
Қайғы мен қорқыныш па
қатар жеткен.
Қытайдан таралып у күллі әлемге,
Қасірет аз болмай тұр жаһан шеккен.

Қамалдық, жұмыс алыс, сабақ қалып,
Қайтушы ек сапарға да сан ат­танып.
Қабағы мына күннің бір ашылып,
Қарлығаш қашан келер қанат қағып?!
Қиылып, жіберместей көңілшек түн,
Қалғандай ісі бітпей еріншектің.
Көйлегі қызыл-жасыл, мың құбылып,
Күлімдеп қашан келер келіншек-күн?!

Қазақтың күрсінгендей нар даласы,
Кетер ме жерге сіңіп бар наласы.
Көрінген көз ұшында тіршіліктей
Келеді бүршік атып алма ағашы.

Қырқылған, кей теректер, көп кесіліп,
Керімсал леп жырақтан жет­ті есіліп,
Қуанар сәт туарын сездіргендей,
Қураған шөп астынан көк те шығып.

Кеудені маза менен аза қысқан,
Қақпасын әр есікті қаза – дұшпан.
…Қыстақтан біз де жазға ілігерміз,
Қыспақтан сен аман бол,
Қазақ­стан!

Қылует

Күмән көп баста мынау алаңдардай,
Заманға қуып-тыққан амал бар ма-ай!?
Құлшылық қыласың-ау бір Аллаға,
Қырық күн қылуетке қамалғандай.

Сезініп түн салмағын,
Күн қадірін,
Жүректің жалғыз өзің тыңдап үнін,
Ойланып осындайда,
Білесің-ау
Түбінде болатынын бір қабірің.

Тіріңде бәрі саған қол соғады,
Біртіндеп жіңішкерер жол сорабы.
Кірмейді көрге өзіңнен басқа ешкім де,
Өлдіге қимайтын жан болса-дағы.

Өткен күн шоқтай болып өшкен бекер,
Артыңнан жарқылы көп көштер жетер.
Түк қалмай тойың менен тойымыңнан,
Отыз күн ойының да естен кетер.
Тарқамай тұрғандай бір тұман қалың,
Таусылмай, мазаң қашар, күмән да мың.
Тәубеңе келетінің анық екен,
Түсініп зілдей батпан күнәң барын.

Түк қызық қалмағандай елең етер,
Тиеп бір заман жүгін, кеме кетер.
…Қадірін жарық күннің ұғу үшін
Қамалу қылуетке керек екен.

* * *
«Көзден кетсең,
Кетесің көңілден де…»,
Қарауытып бір көмбе көрінгенде.
Кісі ұғарлық мінезім бар деу қиын,
Қызығарлық болды ма өмір менде?!

Қылығым да болды уақыт түзетпеген,
Қайырыла ма кей іні ізетпенен,
Қалың ойдың жатамын құрсауында,
Қанша қамал қалды екен біз өтпеген?!

Қысқара ма ғұмырдың жылғасы да,
Кетеді анық әркім де қыр басына.
Күйіп ішім, жүрегім өртенеді,
Күйінішім жетерлік бір басыма.

Қалған ізім бар шығар жасыл белде,
Кездестім бе, кім білген, қасыммен де.
Көңілімді әйтеуір бүтіндеген
Күпірліктен шүкірлік басым менде.

Құшағына сыйғызар қолдап ел де,
Қалауыма жеткізер жолдар демде.
Қуартпайтын жүзімді, суалтпайтын,
Қуаныш па?
Қуаныш болған менде!

Кейбіреуден, кім білген, түңілем бе,
Кейінгіге үмітпен үңілем бе?
…Кім-кімнің де бетіне тіке қарап,
Кетем анық өмірден түбі мен де…

Жығылмас жалғыз
бар туым

Жұртыма осы – тартуым,
Әуелеп ұшар құстарым.
Жығылмас көкте бар туым,
Ол – менің Қазақстаным!

Келешек күнге жол ашқан
Құдіреті ме бұл көк тудың!?
Басқа ел емес,
О бастан
Қазақстаным деп тудым!

Елім бар,
Биік еңсем де,
Кеңейер күнде керегем.
Азабын өмір көрсем де,
Қазақстаным деп өлем!

Ойлайды жұрттың кім қамын,
Күйетін отқа жаным бар.
Қазақтың тыңдап мұң-зарын,
Қайысар кейде қабырғам.

Қараймын тура бектерге,
Емеспін қорқақ жүз өлер.
Еңкейіп кейде кеткенде,
Көк туға қарап,
Түзелем.

Барады жылжып көш қайда,
Бақ құсы қонар бұл маңға:
Байлығым кетпес ешқайда,
Байрағым аман тұрғанда!

Жұртыма осы тартуым,
Бар менде берік ұстаным.
Жығылмас жалғыз бар туым,
Ол – менің Қазақстаным!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір