Экспедиция жалғасып жатыр
28.04.2025
91
0

Әулие ата өңірінде

Қазақстан Жазушылар одағы мен Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының бірлескен бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты Республикалық экспедицияның кезекті сапары көне Тараз төрінде жалғасты.
Экспедиция Жамбыл өңіріндегі тарихи һәм киелі мекендерді аралауды Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткішіне тағзым етуден бастады. Бұдан соң экспедиция мүшелері күллі қазақ үшін қасиетті саналатын Айша бибі кесенесіне ат басын тіреді.
Қонақтарды Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев және Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, Жазушылар одағының Жамбыл облысындағы өкілі Хамит Есаман арнайы күтіп алып, тарихи орындардың маңызы мен шежіресіне тоқталды.
Айша бибі кесенесі – ХІ–Х ғасырларға тән сәулет өнерінің інжу-маржаны. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында табиғаттың тылсым күштерінен бүлініп, кейіннен Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен қайта жаңғыртылып, 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында толық реставрациядан өткен. Экспедиция одан әрі Қарахан баба кесенесіне бет бұрып, киелі нысанның тарихымен танысты. Қызылорда облысы мен Қостанай облысының қолдауымен бұл кесене жанынан «Қарахан аллеясы» ашылыпты.
Экспедиция мүшелері сондай-ақ ерте ислам дәуіріне тән көне мешіт пен керуен сарай кешенін, кейіннен Көне Тараз тарихи-этномәдени кешенін аралап, құнды жәдігерлермен, тарихи мұралармен танысты.

* * *

Экспедиция мүшелері Жамбыл об­лыс­тық тарихи-өлкетану музейіне арнайы барды. Қонақтарды музей директорының орынбасары Жанна
Қо­салие­ва мен Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас ма­маны Ғани Нұрсейітов қарсы алды. Музей қызметкері Арайлым Әскербек экспе­диция мүшелеріне тарихқа дейінгі кезең, Әулие ата дәуірі, Қазақ этнографиясы, Тәуелсіз Қазақстан залдарын таныс­тырып, ондағы тарихи жәдігерлер мен мәдени экспозициялар жайлы кеңінен мағлұмат берді.

Шымқала тарихи-мәдени кешенінде

Экспедиция мүшелерін Шымкент қа­ла­лық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыр­жан Орынтаев қарсы алып, қонақтарды бастап жүрді. Кешеннің экскурсия жетекшісі Айдана Смайылова қала тарихының қойнауына терең бойлатып, археологиялық жәдігерлер мен тарихи арте­фактілер жайлы мазмұнды мағлұмат берді.
Одан кейін экспедиция мүшелері Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне аялдады. Музей қызметкері Дариға Дәли тарихи экспозиция залын таныстырып, қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын баяндап берді.
Кездесу соңында Зейнолла Сәніктің қызы, ғалым Жанат Зейноллақызы сөз алып, оңтүстік өңірде өтіп жатқан ұлттық құндылыққа бағытталған сапардың мәніне тоқталып, маңызын атап өтті. Ол сонымен қатар Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев пен Жасөспірімдер кітапханасының директоры Раушан Бабажановаға ерекше ризашылығын жеткізіп, әкесі Зейнолла Мүбаракұлымен бірге жазған «Қазақ этнографиясы» атты еңбегін сыйға тартты.

Шырайлы шымкентте

Республикалық экспедицияның кезекті сапары Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жалғасты.
Сапар бағдарламасы бойынша, ең алдымен, Мұхтартану ғылыми-зерттеу орталығына барған экспедиция мүшелері орталықтың ғылыми бағыттары мен жобалық жұмыстарымен танысты. Бұл – ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұрасын жүйелі түрде зерттеуге арналған бірегей ғылыми орталық.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновті, академик, профессор Ұлықпан Сыдықов пен Зейнолла Сәніктің қызы, PhD доктор Жанат Зейноллақызын университет ректоры Ахмед-Заки Дархан арнайы қабылдады. Кейін Сүлейменов атындағы мәжіліс залында ауқымды әдеби-ғылыми кездесу өтті.
Басқосуда алғашқы сөзді Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов алып, рухани мекен Шымкенттің әдеби және тарихи келбетін әспеттеп, экспедицияның мәні мен мазмұнына тоқталды.
Келесі сөз академик, профессор Ұлықпан Сыдықовқа беріліп, ол Зейнолла Сәнік­тің ғылыми тұжырымдары мен этнографиялық жазбалары жайлы өз пайымын ортаға салды.

Түркі рухының төрінде

Ұлт руханиятын дәріптеуге бағытталған республикалық экспедиция Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне барып, тағылымды кездесу өткізді. Алдымен, университет ректоры Жанар Амангелдіқызы экспедиция мүшелерін арнайы қабылдап, ілтипатын білдірді.
Кездесу барысында Қазақстан Жазу­шы­лар одағы Басқарма төрағасының орын­басары Ғалым Қалибекұлы сөз сөйлеп, экспедицияның мазмұны мен маңы­зын атап өтті.
Бұдан кейін университеттің Ахмет Ясауи атындағы кітапханасында мазмұнды кездесу өтті. Жиында ғалым Жанат Зейноллақызы әкесінің ғылыми мұрасын зерделеу жас ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын жеткізді.

Ұлт тарихының тамыры Түркістанда

Сапардың алғашқы сәті Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы, ислам дінінің көрнекті өкілі – Арыстан баб кесенесіне тағзым етуден басталды. Экспедиция мүшелері қасиетті орынға зиярат жасап, баба рухына Құран бағыштап, рухани тыныс алды. Одан кейін экспедиция мүшелері көне тарихтың куәсіндей болған Сауран қалашығына барды.
Келесі нысан Түркістан маңындағы, есімі аңызға айналған Үкаша ата кесенесі болды. Қазақ халқының рухани әлемінде айрықша орны бар бұл киелі мекенде зиярат жасап, ата рухына Құран бағышталды. Экспедиция құрамы Оғызтау қорымының көне қонысына барып, тарихпен тілдесті. Бұл мекен оғыз тайпалары мекендеген ежелгі қоныстардың бірі ретінде ғалымдардың назарында.
Экспедицияның Түркістан өңіріне жасаған бұл сапары – тек тарихи орындарды аралау емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын рухани қазыналармен қауышу, өткеннен тағылым алып, бүгінгі ұрпаққа жеткізудің игі жолы болды.

Рухани сапар Сыр елінде жалғасты

Экспедиция құрамын Қызылорда облысының шекарасына енген сәттен бастап, жергілікті мәдениет саласының өкілдері, аудан басшылығы және ақын-жазушылар ыстық ықыласпен қарсы алды.
Сапар барысында экспедиция мүшелері Жаңақорған кентінің «Руханият орталығына» ат басын тіреді. Содан кейін экспедиция мүшелері қасиетті Сунақ ата кесенесіне барып, Құран бағыштап, рухқа тағзым етіп, Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қаласына аттанды.
Рухани бағыттағы сапар Шиелі ауданына жалғасты. Мұнда экспедиция мүшелері ерен еңбегімен ел есінде қалған диқаншы, Еңбек Ері Ыбырай Жақаев­тың басына барып, Құран оқыды.

Сыр елі – руханияттың алтын діңгегі

Экспедиция мүшелері Қызы­лор­да қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында жергілікті ақын-жазушылармен, этнографтармен, мәдениет саласының мамандарымен тағылымды кездесу өткізді. Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі, ақын Қаршыға Есімсейітова экспедицияның идеялық мазмұнын таратып айтып, Қызылордадан басталған бұл сапардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Жиын соңында Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығы мен төрағасының шешімімен Сыр өңіріндегі талантты қаламгерлерге Қазақстанның Құрметті жазушысы атағы салтанатты түрде табысталды. Марапатты Қазақстан Жазушылар одағының төраға орынбасары Ғалым Қалибекұлы табыстады. Аталған марапатқа жазушылар Бегімбай Ұзақбаев пен Сайлаубек Жұбатырұлы ақындар Махмұтбай Әміреұлы мен Қаршыға Есімсейітова ие болды.

Тереңөзек пен Қармақшыдағы тағылымды сапар

Қазақстан Жазушылар одағы мен Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры ұйым­дастырған республикалық экспедиция өз сапарын Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде жалғастырды. Аймақ шекарасынан құрметпен аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев бастаған, өңірдің құрметті азаматы, қолөнер шебері Жәнібек Махамбетов, мәдениет саласының майталмандары Сансызбай Сәдуақасұлы мен Айсин Жантемір қарсы алды.
Делегация Тереңөзек кентіндегі Руханият орталығына аялдады. Кешеннің кіреберіс залын орталық қызметкері Айжан Жұмабекова таныстырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған көрме туралы кеңінен мәлімет берді. Шара аясында аудандық әжелер ансамблі әуезді әндер шырқап, рухани кештің мәнін келтірді. Сонымен қатар жергілікті этнограф ғалымдар мен қаламгерлер экспедиция мүшелеріне өз еңбектерін тарту етіп, ұлттық мұраға деген ортақ құрметті білдірді.
Одан соң экспедиция мүшелері Қалжан ахун мешіт-медресесіне барды. Бұл өңірдің рухани өмірінде ерекше орны бар қасиетті орынды шырақшы Болысбек Ділдебаев таныстырып, мешіт пен медресенің тарихи деректерімен бөлісті. Жалпы, сапарды шеберлік пен шежірені қатар өрген қолөнер иесі, тарих зерттеушісі Жәнібек Махамбетов бастап, әрбір тарихи нысан туралы тағылымды ақпаратпен бөлісіп отырды.
Экспедиция ары қарай Қармақшы ауданына аттанып, Қорқыт ата кешеніне барды. Кешен аясындағы музеймен танысу барысында қатысушылар Қорқыт бабаның өмірі мен мұрасына қатысты тарихи экспонаттармен танысты. Музей ішін аралап, Түркі руханиятының ұлы ойшылының мәдени мұрасымен сусындаған қонақтарға музей қызметкері Айгүл Бермаханова мазмұнды экскурсия жүргізді.
Қармақшы жерінде экспедиция мүшелерін аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов пен Қорқыт ата музейінің директоры Нұрлан Бақтияров салтанатты түрде қарсы алып, өңір руханиятының жүрегі саналатын кешеннің маңызын айрықша атап өтті.

* * *

Экспедиция аясындағы алғашқы бағыт Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі болды. Қасиетті Сыр елінің бай тарихынан сыр шертетін бұл музей – өлкенің мәдени мұрасы мен этнографиялық құндылықтарын ұлықтайтын іргелі мекеме.
Экспедиция мүшелерін музейдің экскурсия бөлімінің меңгерушісі Эльзира Нағашыбайқызы қарсы алып, залдарды таныстырды. Қатысушылар, алдымен, табиғат залындағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне тоқталды. Бұдан кейін археология бөлімі мен XV–XX ғасырлар аралығындағы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған залдармен танысты. Әсіресе этнография бөліміндегі ұлттық киімдер, тұрмыстық бұйымдар мен қолөнер үлгілері экспедиция мүшелерінің ерекше назарын аударды.
Музейдегі әрбір жәдігер – қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен дүниетанымын бейнелейтін рухани мұра. Құнды экспонаттардың көптігі мен тарихи мазмұнның тереңдігі бұл мекеменің ұлттық сана қалыптастырудағы маңызын айқын көрсетті.
Кездесу соңында экспедиция мүшелері музей ұжымына этнограф-ғалым, жазушы Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» атты құнды еңбегін ресми түрде тарту етті. Бұл кітап қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары мен этнографиялық болмысын ғылыми тұрғыдан зерделеген бағалы еңбек ретінде музей қорына қосылған құнды сыйлық болды.

Қазақстан Жазушылар одағының
баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір