БАҚЫТ ЖОЛЫ – РУХАНИЯТ ЖОЛЫ
Шәкәрім – рухани жетілудің жоғары деңгейіне көтеріле алды. Қажы өзінің шығармаларында әлемнің терең сырларына қатты көңіл бөліп, оның түпкі мәнін көруге ұмтылып отырған.
Діндер, не болмаса рухани жетілу жолындағы басқа да түрлі әдістер өзіне мойынсұнған жұртты бір жолға бағыттайтыны белгілі. Әуелгі кездерде, мұндай бір жолмен ауытқымай жүру адамды тәртіпке бағындырып, оның рухани жетілуін жылдамдатуға мүмкіндік береді. Бірақ өз жолын ғана дәріптеп, басқа жолдарды мойындамай, өзіне берілген адамның көңілін бір бағытта ұстауды керек қылатын мұндай әдіс тек қана рухани жетілудің төменгі дәрежесіне ғана тиімді.
Ал адам белгілі бір рухани деңгейге көтерілгеннен кейін бұл шектеу адамның аяғына тұсау болып, оның әрі қарайғы жетілуін тежей бастайды. Себебі, бұл да адам еркін шектеу болып, түбінде діни фанатизмге, схоластикалық тұжырымдарға әкеліп тірейді. Сондықтан Шәкәрім, Абай, Л.Н.Толстой тәрізді еркін ойдың иелері діни ой-өрістің шеңберінде қалып қоймай, ойын кеңге салып отырған. Сол үшін оларды дін қызметкерлері шет қағып, сынға алғаны белгілі. Шәкәрім материалдық философияның шеңберінде де қалып қоймаған. Материалдық философия – әлем көріністерін жаратушымен байланыстырмай, керісінше, кейде одан бөліп қарастырады. Шәкәрім схоластикалық діни көзқарасты да, арнасы тар философиялық түсініктерді де ашық сынай отырып, өз жолымен жүреді. Ол дін мен философияны бір-бірінен бөлмей, екеуін біріктіріп пікірлейді. Оның жолы – өзінің ойына ерік беріп, оны жүрек сынынан өткізе отырып болмыс сырларын түсіну. Бұл ойларды ақынның өзі былай деп жеткізеді:
Арақ – ақыл, мастық – ой, жар – Хақиқат,
Жан – нәпсі, шатақ – иман, дін – қиянат.
Маскүнем, әйелсүйгіш, дінсіз ғой деп,
Сырым білмей сыртымнан қылма ғайбат.
Хақиқаттан басқаға бас ұрмаймын,
Дәлелсізге нанам деп болмаймын мат.
Бастағы көз, құлаққа сенімім жоқ,
Терең ой мен ақылға айтамын дат.
Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы,
Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат.
Шатақ дінге, әдетке, не білгішке
Ноқталатпай ойымды қылам азат.
«Ақылға билетпеген пенде айуан»
Десем де бола қоймас сөзім ағат.
Құранның шын мағынасын шатақ ұғып,
Молдалар маған қоймақ кәпір деп ат.
Ақылыңа сынат деп дәлел айтқан
Құраннан табылады талай аят.
Тәпсір деп қасиетін талқан қылып,
Бұзғанмен құран болмас адасқан хат.
(«Арақ, мастық, жар, жан, шатақ, иманның шешуі»).
Осылай ұлы ойшыл өзінің еркін ешкімге билетпей, құлашын кеңге сермеп, ой-өрісін дамыта білген. Сол себептен ойшыл шығармаларында неше түрлі тың, философтарды да, діни білгіштерді де таң қалдырып, дауға түскенді мұрттай түсіретіндей оғаш ойлар мен тұжырымдар кездесіп отырады. Және ең бір керекті жері – оның айтқан ойы қандай оғаш болып көрінсе де, ол ой қасиетті Құранға ешуақытта қайшы келмейді. Ерлік мінез бен ой еркіндігі, әрине, «Құранның шын мағынасын шатақ ұғып, Молдалар маған қоймақ кәпір деп ат» деп ақынның өзі мойындағанындай, кезінде ұлы ойшылға көптеген қиындықтар тудырды. Бірақ өз ойының әділдігін жақсы білетін Шәкәрім ешкімге де мойын бұрмады, ешкімге де ерік бермеді. Барлық ақиқатты тура жазып, барлық шындықты тура ашып отырды. Сондықтан Шәкәрім қажының жазғандарынан қарапайым адамға тосын көрінетін ойларды, тіпті түсініксіз тұжырымдарды кездестіруімізге болады. Бірақ соның барлығын адал көңілмен, ой тереңіне салып қарайтын болсақ, барлығы да адамзаттың ұлы адамдары айтып кеткен болмыс шындығы, қасиетті жазбалармен жақсы үндесетін, бірақ әлі бізге кездеспеген дүниелер екеніне көзіміз жетеді. Себебі, Шәкәрім өзінің ой тұжырымдарын жүрек түбінен алып, таза ақылға салып және Құран тәрізді адамзатқа берілген қасиетті жазбалармен салыстырып, тексеріп отырған. Бұл Шәкәрімнің сана-сезімін ұштай түсіп, философиялық ой-өрістің шыңына көтерген. Сондықтан оның сөздерінде қателік болмайды. Оның данышпандығы да, әулиелігі де оның сана-сезімінің жоғарылығында, сөздерінің хақиқаттығында жатыр.
Кеңес дәуіріндегі атеистік философия тек қана заттық әлемді ғана мойындағандықтан, олардың назарынан рухани болмыс тыс қалды. Сондықтан олардың берген білімі толық емес, жартылай еді. Ал кеңес дәуіріндегілерден бұрынғы дін жолындағы ойшылдар рухани болмысты мойындағанымен, оны материалдық болмыспен байланыстырмады.
Ал Шәкәрім берген білімнің олардан ерекшелігі – материалдық болмыс пен рухани болмысты бірдей қамтитын толық білім. Ол заттық әлем заңдылықтарын, табиғи өмір көріністерін саралай отырып, рухани болмыспен байланыстырады. Осылайша ол қазақ философиясында алғаш рет осы екі дүниені – рухани және заттық дүниені біріктіруге ұмтылып, олардың арасында қайшылықтың жоқ екенін, керісінше олар бір-бірімен тығыз байланыста екенін дәлелдеуге тырысты, дәлелдеді де. Ойшылдың бергені толық білім екеніне «Қасыңа қылыш қайратқан», «Жан беріп, жарық жылы нұрдан», «Басында жан мен дене екі басқа», «Мен адамның таппаймын өнерлісін», «Тауық неге шақырар сағат сайын» және осы тәрізді басқа да көптеген өлеңдерін сараласақ, оған көзіміз жетеді. Ол таза материалист философ та болған емес. Қазіргі заманда оны діни адамдар діндар деп есептесе, ал философтар оны өз қатарына жатқызады. Оны тіпті таза материалист қатарына жатқызғандар да болды (Қарабалина Орынша. Журнал «Қазақ тарихы», №6, 1998 ж.). Ал шын мәнінде Шәкәрім қажының дүниетанымы рух пен тәннің, дін мен философияның синтезі, болмыстың екі бөлігін біріктірген жаңа деңгейді – руханилық, руханият деңгейін көрсетеді.
Руханилық, руханият деңгейі мен діни деңгейдің айырмасы үлкен. Оларды шатастырмай, бір-бірінен айыра білуіміз керек. Қазіргі замандағы «дін» түсінігі рухани болмыстың сыртқы сипатын – ғибадат түрлері мен діни қағидаларды ғана береді. Ал руханилық түсінікті алатын болсақ, ол діннің сыртқы көрінісін ғана емес, оның ішкі мәнін де қамтиды. Діннің ішкі мәніне иман мен руханилық жатады. Бұлар діни жолдың барлығына ортақ. Шәкәрім «мән» деген түсінікті болмыстың қайнар көзімен, яғни Алла тағаламен байланыстырады. Ал дін деп бүгінгі түсінік бойынша қабылданып жүрген діни рәсімдер – діннің сыртқы мәні ғана. Діннің сыртқы көрінісін Абай діннің ішкі мәнін сақтайтын қабыршағы ретінде ғана қарастырады. Бұл туралы Абайдың отыз сегізінші қара сөзінен және Шәкәрімнің дін туралы жазғандарынан анық көре аламыз.
Руханият Жаратушы, жан иелері, табиғат, әрекет және уақытты қамтиды. Абсолюттік Ақиқат дегеніміз осы. Бұл арабтың Хақиқат деген сөзімен сәйкес. Шәкәрім сонымен бірге, Жаратушыға деген сенімнің маңызын, адам өмірінің түпкі мақсатын көрсетеді. Қазіргі кезде Ресейде және Қазақстанда мектеп қабырғасында «дінтану» сабағын енгізуге талпыныс бар. Бірақ әуелі діннің сыртқы және ішкі мәнін дұрыс түсініп алмай, бұл пәнді оқушылардың санасына дұрыс енгізу мүмкін емес. Көптеген діни конфессиялық елде бұл мәселе өте маңызды. Адамдардың діни сеніміне нұқсан келтірмей, келешектегі ел тыныштығын сақтау үшін мектеп қабырғасында діни сабақ емес, руханият берілу керек. Діннің ішкі мәнін түсінген рухани білімі бар әрбір адам өз дінін дұрыс ұстанып, оны дұрыс түсіне алады. Мемлекеттің мақсаты барлық діни конфессияларға ортақ болып табылатын діннің ішкі мағынасын беруі керек, себебі оның сыртқы мағынасын, яғни рәсімдер мен діни қағидаларын үйрететін әрбір діннің өз оқу орындары бар. Сол кезде мектеп бітірген шәкірт барлық діндердің ортақ құндылықтарын түсініп, сонымен бірге, олардың арасындағы өз дінінің орнын, басқалардан ерекшеліктерін дұрыс түсіне алады. Еліміздегі қалыптасқан философияға келетін болсақ, ол қазіргі кезде материалдық әлемді ғана қарастырады. Сондықтан дін тәрізді ол да руханиятқа жатпайды, толық білім бола алмайды. Мұндай біржақты материалистік философиямен Шәкәрім дүниетанымын түсіну мүмкін емес. Шәкәрім заттық әлемді зерттейтін ғылымдарды пән деп атайды. Дін мен философия руханияттың бөліктері, ал руханият бәрін біріктіруші. Өкінішке қарай, қазіргі заманда руханият болмаған жерде діни соқыр сенім адамдардың арасына жік салатынын көрсетіп отыр. Ал философия (атеистік) болмыс көріністерін олардың негізгі себебінен, яғни Жаратушыдан бөліп қарастырғандықтан адамдарды Одан бөліп тастап, кейде тіпті Оған қарсы қойып, олардың толық білім алуына кедергі жасайды. Дін мен ғылымның (Шәкәрімше – пәннің) осындай келіспеушілігі бүкіл адамзат қоғамындағы жойқын қақтығыстар мен түрлі зардаптардың қайнар көзі. Сондықтан біздің заманымызда дін мен ғылымның бір-бірімен өзара келісімге келуі адамзат өркениеті үшін өлім мен өмір мәселесін шешеді деуге болады. Бұл артық айтылған сөз емес. Табиғаттың бізге мәлімсіз құбылыстарын көріп, оның сырын таба алмағанда біз оны тылсым дүниеге жатқызамыз. Табиғат сырын толық түсінбегенде тылсым пайда болады. Шәкәрім өзінің «Үш анық» шығармасында әлемде адамдардан да артық жан иелері барын, олардың көзге көрінбегенімен ойларының, қадір-қасиеттерінің бізден артықтығын, өмір туралы түсініктерінің озықтығын көптеген дәлелдермен көрсетіп берді. Көкірек көзі ашылып, рухани сәуле түскен сайын адамға болмыстың терең сырлары ашыла түседі. Абай атамыз айтқандай, сол кезде «Адамның хикмет кеудесі». Бұл – жетілудің нәтижесі. Адам баласы өзінің жетілу дәрежесін осылай сезе алады. Психолгоия ғылымын алатын болсақ, ол физикалық ғылымдардан мүлде артта қалды. Психология ғылымының табиғи мақсаты – жан мен рухты зерттеу. Бұл ғылымның атауының өзі «жан» деген ұғымды білдіретін гректің «психо» деген сөзінен шыққан. Солай бола тұрса да психология «жан жоқ», не болмаса, жан тәннің физиологиялық құбылысы деп есептейді. Рухани тұрғыдан алғанда, осындай өрескел көріністерді данышпан қатты сынға алады. Заттық ғылымның көп жаңалық ашып, көп жетілгенімен, жанды білу деңгейі жоғарылады ма? Өкінішке қарай, өзінің жеткен жетістіктеріне қарамастан, ғылымның жанды білу дәрежесі әлі өте төмен. Ғылым бүкіл табиғаттың алғашқы шыққан көзі рухани болмыс екенін әлі де мойындағысы келмейді, кейде тіпті жанды жоққа шығарады. Рухани болмыс туралы өзінің ойларының ақиқаттығына толық көзі жеткен ойшыл ақын «Жан тән жасар, тән жанды жарата алмас» деген қағидаға қарсы материалистерді ашық сайысқа шақырады. Адамзат қоғамында бейбіт өмір мен бақыт жолы біреу ғана. Ол – руханият жолы. Руханият діннің ішкі мәнін бергендіктен, ол барлық халықтарға, діндерге ортақ дүние. Ол адамдарды нәсіл, ұлт, не болмаса діни тұрғыдан жіктемейді, керісінше, олардың барлығын біріктіретін күш.
Досым ОМАРОВ,
профессор,
теолог-философ, шәкәрімтанушы.
ПІКІРЛЕР7