«ЖҮЙЕЛІ СӨЗ – ЖҮЙЕСІН, ЖҮЙЕСІЗ СӨЗ – ИЕСІН ТАБАДЫ…»
Жазушылар одағы төңірегінде дау-дамай, талас-тартыс кешегі кеңестер кезінде де толастаған емес. Сол кезеңдердегі Одақ басшыларын, ұлттық әдебиетіміздің өрістеуіне қалтқысыз қызмет еткен даңқты тұлғаларымызды жікшілдік пен топшылдықтың көрігін қыздырушы бекбикелер түрлі алыпқашпа, өсек-аяңның ауласына аз қамаған жоқ еді. Біздің қайсыбір қаламгерлеріміз сол «аурудан» әлі де айықпағанға ұқсайды. Осындайда «Аяғы лас адам есіктен төрге дейін былғайды, аузы лас адам бесіктен көрге дейін былғайды» деген мәтел еріксіз еске оралады…
Таяуда сол бір белгілі топ «болмағанды болды» етіп Қазақстан Жазушылар одағы төңірегіндегі еш дәлелін таппаған «ескі әуенге толы ескі пластинканы» қайта қойыпты. Осыған дейін бұл алыпқашпа әңгімелерге Құрылтайда, Пленумдарда, қаламгерлердің жекелеген жиындарда Одақ басшысының тарапынан әлденеше рет жауап берілген. Жазушылар ұйымын әр саққа жүгіртіп, қалың оқырман қауымды адастыра алмай әлекке түсіп жүрген сол санаулы қаламгерлер «берген жауапты ел ұмытып үлгерген шығар» дегендей, араға екі-үш жыл салып ара-тұра бас көтеріп қояды. Ешнәрсе де ешқашан ұмыт қалмайды.
Бәрі де ел есінде. Әгәрәки, сол дау қуып жүрген дәукестердің өздерінің есінен шығып кеткен болса, еске салайық.
2012 жылдың 25 маусымы күні Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде өткен «Кеңістік. Қоғам. Қаламгер» атты басқарманың төрт көзі түгел жиналған VІ Пленумындағы қорытынды сөзінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин нақты жауап берген болатын. Соны оқырман назарына қайыра ұсынып отырмыз.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы
Қадірлі әріптестер! Бүгінгі пленум талқысына ұсынылған бірінші мәселеге орай, мінбеге көтеріліп, жиырмаға тарта қаламгер-әріптестеріміз өз ойларын ортаға салды. Бес сағатқа созылған мәжілісте сөйлеушілерге барынша мүмкіндік берілді, сөзге жазылған 38 жазушының қалған 18-і бізді айыпқа бұйырмас деп ойлаймын… Сөз жетпей қалған ағайындар өз ойларын басылым беттерінде жариялап, құнды-құнды пікірлері мен ұсыныстары болса, ортаға салуларына болады…
Енді… Баяндаманы талқылау барысында айтылған кейбір пікірлер мен тілектерге, сын-ескертпелерге, сондай-ақ, әдеби ортада жинақталып қалған қайсыбір пікірлерге тоқталып, анықтама айтуға, жауап беруге рұқсат етіңіздер!
Бірінші – бірер айдан бері үздіксіз айтылып, секретариат пен төраға атына бағышталып келе жатқан «Бір жылда 42 қаламгерге халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы бірден берілді» деген әңгіме туралы. 42 сыйлық екені рас! Бірақ бір жыл емес, бұл сыйлық соңғы бес жылға тарта мерзім ішіндегі шығармаларға берілген сыйлық. Бұрынғы сыйлықтар да, орташа есеппен, жылына 8-10 шығармаға берілетін. Бұл жолы ұйымның 75 жылдығы мен қаржы дағдырысы қалыптастырған кедергілерге қарай, сыйлық мерзімінен көп кешігіп берілді. Сыйлықтардың жалпы саны 42 болғанымен, жылдарға шаққандағы саны 8-9-дан аспайды.
Екінші – әдебиетке есімдері белгісіз біреулерді, белгісіз жастарды «топырлатып» аласыздар деген сөз де ара-тұра бас көтеріп, соңғы қабылдауда 70-ке тарта адамды бір-ақ алыпсыздар» деген «гу-гу» әңгіме…
Мұнда да үш жылдан астам уақыт қабылданбай, жатып қалған, шығармашылық кеңестері мен мүшелікке қабылдау комиссиясы созыңқырап алғаннан болған «әттеңнің» бары рас. Жылға шаққанда 23-25-тен келеді. Бір айта кететін нәрсе, сыйлық та, мүшелікке қабылдау да Оразалиннің «айттым-біттісімен…» жүрмейтіні. Іріктеу, сұрыптау жұмыстары болады. Төрағаға дейін кепілдеме берушілер жауапкершілігі мен шығармашылық кеңестер талқысы, онан соң комиссия отырысы болатынын неге ұмытасыздар? Ұйым жұмысы, жарғы нормаларына сай, коллегиялды түрде, демократиялық жолмен талқылау, дауыс беру үлгісімен атқарылады. Секретариат пен төраға алдына жеткенше, мәселе осындай «тар жол, тайғақ кешуден», яғни біраз сүзгіден өтетінін ескеру керек. Оның үстіне жарғыда да, республика заңдарында да мұндай мәселеде шек қою көрсетілмеген.
Иә. Әдебиет – аламан. Аламан тәртібі – «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» озу. Одақ мүшелігіне қабылдауда жастарды көбірек тартуымыздың себебі де осында. Әдебиеттің тынысын ашып, айдынын кеңейту. Тоқсаныншы жылдардың соңында да мұндай сынды естігенбіз… «35 жасты бір Форумның тұсында бір-ақ алдың» деген мін тағылған болатын… Сол жастар – бүгінде сөз өнерінің жүгін көтеріп жүр. Дарындылар! Маралтай, Жарас, Әмірхандардың тобы солар!..
Үшінші – Шығармашылық үй туралы.
Үй орнында. Ешкім ешқайда көшіріп әкеткен жоқ. Бұрын жалға берушінің есебінен 10 бөлмені жазушыларға жеңілдетілген бағамен ұстадық. Үш мерзім тамағы, жеке бөлме, телефон байланысы, тоңазытқышы бар, күндік бағасы – 2500 теңге болатын. Қалған қыруар шығын, егер үш жұлдызды қонақ үйдің есебімен айтар болсақ, күндік бағасы 10 000 теңге деген күннің өзінде, Одақтың иығына әр күн 7500 теңге шығынға түсіп отырды. Біздің ағайындар сол күндік шығыны 2500 теңге тұратын қаржының өзін қымбат көрді. Өзін-өзі қаржыландырып, өлінің ақтық міндетін, тірінің мерейтойын атқаруды мойнына алып, материалдық көмекті былай беріп, ғимараттарды сақтау мен үш басылымның, Орталық Аппарат қызметкерлерінің айлық шығынын, мұның сыртындағы қарастырылмаған өзге де шығындарды жауып отыру оңай шаруа емес. Осының бәрі – бюджет есебінен (мемлекеттік тапсырыстан бөлек) бес тиын алмайтын қоғамдық ұйымның иығында тұрған жүк…
2007 жылдың қыркүйегінде кіріс-шығысымызды түгендей отырып, екі жылдай ұйымның мойнына «масыл» болған он бөлменің тағдырын біржола шешуге бел будық. Екі жыл ішінде небәрі 12 адам ғана әлгіндей мөлшердегі шығынмен Шығармашылық үйдің есігін ашып, аз-кем аялдады. Бұл шығын Жазушылар одағына тиімсіз болды. Сондықтан хатшылықтың ұйғарымымен Шығармашылық үй жалға алушыларға толығымен берілді. Жалдан түскен қаржы әр тиынына дейін есептеліп, ұйым тіршілігіне жаратылып келеді. Осында бір жазушы ағамыз (Қабдеш Жұмаділов) сөз арасында: «қаза берсе, табылады…», – деп қалды. «Басқа тартса аяққа, аяққа тартса басқа жетпей» ілділдалап, әр шығынын әзер жауып келе жатқан қаламгерлер ұйымының «жоқ үстінде отырған» тіршілігінен жасырып-бүгер ештеңеміз жоқ. Жақында ұйымның есеп-қисабын, кіріс-шығысын, бар-жоғын түгендеген үлкен тексеру болды. Төрт айға жуық табандатып отырып жүргізілген арнайы мемлекеттік құрылымдар (фискальды орындар) қорытындысын жария етіп, мәресіне жетті. «Қазу» деген сөздің ар жағы белгілі, тексеру ғой. Ондай індетіп қазу, тексеру өтті. Бұл тексеру «ревизиялық комиссияның» жұмысын жеңілдетіп берді-ау деп ойлаймын. Ұйымның есеп-қисабы да, ұйым басшылығының қолы да, ары да таза… Алаңдамаңыздар!
Ұзын сөздің қысқасы, Елбасы шешімімен, Жазушылар одағына 49 жылға ақысыз негізде пайдалануға берілген ғимараттар заңға сәйкес жалға беріліп, мемлекетпен жасалған шарт бойынша өз мақсатына сай, яғни ұйымның жарғылық міндеттерін жүзеге асыруға бағытталып келеді. Ендігі бір қалың елдің құлағын елеңдетіп, жиі-жиі айтылып жүрген әңгіме – Оразалин мына қызметте 16 жыл отыр деген сөз. Рас! Үстіміздегі жылы, мен осы қызметке келгеніме 16 жыл толады. Мен бұл қызметті жалынып, жалбарынып ешкімнен сұрап алған жоқпын. «Маған дауыс беріңіз, мені сайлаңыз» деп қайсыңыздың алдыңызға бардым? Төрт көзіңіз түгел отырсыздар, айтыңыздаршы! Үш құрылтай өтті… Алғашқы екі құрылтайда баламалы негізде, соңғы құрылтай ашық дауыспен, баламасыз негізде сайладыңыздар. Өздеріңіз солай шештіңіздер. Ешкім зорлаған жоқ. Бәрі қаламгерлердің еркімен болды. Алғашқы екі сайлауға түскен әріптестерімнің қай-қайсысы да осы қызметті атқаруға лайықты, әдебиетте өз орындары бар талантты қаламгерлер еді…
Екі сайлауда да шардың басын маған бұрдыңыздар. Сеніп сайладыңыздар. Сенімді ақтауға мен де күш салдым. Не бітті? Қалай бітті? Нені атқардым? Қалай атқардым? Бәрі көз алдарыңызда өтіп келеді…
Тоқсаныншы жылдардың топалаңында тоз-тозы шығып, шаңырағы ортасына түсе жаздаған ұйым тіршілігі мен қаламгер тағдырын ұмыта қоятындай болдық па?! Сол тұста – ұйым басы дауға түскен жылдарда қасымда жүрген, мені қолдаған, ақыл-кеңестерін берген, тіпті күш біріктіріп, сотқа да, отқа да бірге барған аға буын ақсақалдарымыздың көбі бүгін арамызда жоқ. Ел арасындағы атақ-абыройларын алдыға салып, қажетті жерінде биліктің ең жоғарғы сатысы – Елбасы алдына дейін барған сол ағаларымызды қалай ұмытуға болады? Дүниеден ертерек кеткен қатарлас, өкшелес әріптестерімді де жиі-жиі еске аламын… Аруақтары риза болсын бәрінің!
Мен мұны неге айтып отыр дейсіздер?..
Соңғы бір-екі жыл ішінде әр түрлі басылымдарда, әрқилы басқосуларда «Оразалин ұзақ отырды, орнын бергісі жоқ» дегенді желеу етіп, орынсыз әңгіме айтушылар пайда болды. Оны айтушылар, өкінішке орай, қиын кезде ұйым тағдырына селсоқ қарап, тіпті ұйымның тарап кетуін тілеп, қарсы ағыс ішінде жүргендер. Онда, әрине, шаңырағы ортасына түсудің ар жақ-бер жағында жүрген, ыдыраудың сәл-ақ алдында тұрған ұйым әлгі шіркіндерге керек бола қоймағаны, рас. Енді… Жағдай өзгерді. Одақ, иығын сілкіп, өмірге қайта келді! Түледі. Үй қайтты. Ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Елбасы қолдауының арқасында қолдан шығып кеткен үш бірдей әдеби басылым («Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор») Одақ иелігіне қайта оралды. Жазушылар одағының тұрмысы да, жұмысы да жанданды.
Өзгерген ұйым мен қайтқан басылымдары бар ықпалды төрге қызығушылар көбейді. Турасын айтсақ, Жазушылар одағы айналасындағы әңгіменің қара көрігін үрлеушілер – осылар. Қазақта «Күн ашықта – мойныңда, күн тұтылса – қойныңда» дейтін сөз бар. Менің ойымша, дау атаулының көзі – «өзгерген, жаңарған ұйымды кім басқарады? Тізгінді қайтсек қолға аламыз». Осы!
Қаламгерлер қауымына айтарым – осындай пиғылды дәукестер мен күйе жағушылардан сақ болу. Қиын кезде өз ұйымын қорғау қолынан келмеген «күн тұтылғанда аулақтап», «күн
ашылғанда жалпақтап» жанымыздан табылатындардың ұйымды басқарып, опа береді дегенге сенуге бола ма?! Болмайды!
Адам білмейтін «жолбике» газеттер біресе Жазушылар одағына, біресе ұйымның арғы-бергі тарихына, тарихи тұлғаларға тас атты. Алыптарымыздың аруағын қозғады, қорлады. Ауыр-ауыр сөздер айтты. Кекету мен мұқатудың, «жаптым – жала, жақтым – күйенің» алуан-алуан қитұрқылықтары іске қосылды. Қазақтың тініне түсетіндей ала-құла, алашұбар пікірлер жиіледі. Айтуға келгенде, сол сөзді айтуға ауыздары барған әлгі ойы дүмбілез пенделер аруақты ұйымды қорлау арқылы өздерін өзі қорлағандарын, өз кәсіптерінің қадірін өздері кетіргендерін біле ме? Әй, қайдам?! Білмейді ғой!.. Көзі көруден, құлағы естуден қалған ондай жазушысымақтарға не айтуға болады?!
Осындай «қорлау», «жаралау» бағытында менің де атыма біраз тас атылып, күйе жағылып келеді. Он алты жыл ішінде атқарылған істің бәрін жоққа шығарып, қайдағы бір «мәңгі төраға» деген негізсіз жалған әңгімені ойлап тауып, ағаш атқа теріс қаратып отырғызғылары бар… Өтіріктің аты – өтірік! Ол бола қоймас. Өтірік ешқашан өрге баспайды. «Мәңгі төраға» дейтін әңгіменің негізсіз екені жайлы неше дүркін айтылды. Қайталап жатқым келмейді. «Қамқорлық кеңесі» мен «Құрметті төраға» дейтін нормалардың да ұйымға қажет екені, оны заңды түрде Жарғының соңғы редакциялық нұсқасы арнайы шақырылған конференция делегаттарының жүз пайызға жуық дауысымен бекітілгені белгілі. Ол туралы да қайталап жатуды қажет көрмедім. Өткен жиында да айтылды. Газетке де жарияланды…
Жә! Алланың пешенеге жазғаны жазушылық дейтін кәсіп екен. Көнуге тура келеді, әрине… Төраға болу, болмау, әрі-беріден соң осы отырған ұйым мүшелерінің қолындағы шаруа! Сайлау, сайламауды сіздер шешесіздер…
Қаласаңыздар отырамыз. Ұйым шаруашылығымен айналысып, тәртені қайта мойынға ілеміз. Басқаны сайлап жатсаңыздар, тілегімізді айтамыз, бітпей жатқан қаншама қыруар іс бар… Тапсырамыз. Жолын айтамыз. Қолдан келген көмегімізді береміз. Түптеп келгенде, мәселе бір-ақ нәрсеге тіреледі – әдебиеттің ел өмірі мен қоғамдағы орнын жүдетіп алмау үшін күресе білу! Сол күресте қаламгерлер ұйымының орны айрықша екенін ұмытпауымыз қажет. Ұйымның Жарғысы бар. Сол жарғыға сай басшысын сайлап, қосшысын анықтау – парыз. Сол жарғы аясында әрекет жасап, қоғаммен диалогқа шығып отыруымыз қажет… Билікпен де жүйелі, бағдарлы жұмыс жүргізіп, әдебиеттің, әдебиетшілер қауымының ел өміріндегі міндетін анықтап, жазушылардың өлі-тірісін түгендеу – парыз.
Ең бастысы, ұлт әдебиетін өрістету үшін аянбауымыз керек! Осының бәрін атқару табандылықты керек етеді.
Жазу – осы отырған қай-қайсымыздың да тағдырымыз. Мен де осы ортаның бір мүшесімін. Қолына қалам ұстаған, өз тағдырын Сөз дейтін киелі де қасиетті өнерге байлаған адамдардың бірімін! Жүйелі сөздің – жүйесін, жүйесіз сөздің, айналып келіп, иесін табатыны туралы дана халқымыз қалай тауып айтқан.
Жиынның бірінші мәселесі Сөз өнерінің тағдыры мен тауқыметі жайлы болғандықтан, қорытынды сөзімізді сәл кеңірек айтып, әдеби орта мен қоғамдық пікірді «әрқилы жолға» салуға ұмтылушылардың бар екендігі жайлы ойымды жасырып, бүгіп жатпадым. Ашық айттым. Артық па, кем бе? Бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар. Сөз сөйленді. Ой айтылды.
2012 жыл, 29 маусым
«Қазақ әдебиеті».