Иесін таппаған жүлделер
19.10.2024
405
0

(немесе ХХХ Республикалық театр фестивалінен ке­йінгі ой)

Қазақ­стан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізетін республикалық драма театрларының дәстүрлі фестивалі еліміздің басты мәдени-сахналық алаңы екені рас. Биылғы жылы фестивальді ұйымдастыру мен өткізуді Шығыс Қазақ­стан облысының әкімдігі мен Астананың Қ.Қуанышбаев атындағы ұлт­тық академиялық музыкалық-драма театры жүзеге асырыпты.

Театр фестивалі көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған. Осыған орай, фестивальдің бағдарламасына балалар мен жасөспірімдер қойылымдары топтастырылыпты. Мемлекетіміздің сахналық өнер ұжымдары жас көрермендерге не көрсетіп, немен қуантып жүргені қашан да қызықты. Бірақ таңғаларлығы, сол фестиваль бағдарламасында Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, режиссер Нұрқанат Жақыпбай басқаратын Астананың Жас көрермендер театрынан басқа балалар мен жасөспірімдерге арналған өнер ордалары төбе көрсетпеді.Қазақ­станның Еңбек ері, КСРО және Қазақ­станның халық артисі Асанәлі Әшімов бастаған Қазақ­станның халық артистері Тұңғышбай Жаманқұлов, Тілектес Мейрамов, Қазақ­стан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Жұманиязов, Нұркен Өтеуілов, Нартай Сауданбекұлы және аты аңызға айналған Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмінде басты қаһарманды ойнаған актер Нұрлан Санжарұлы өнер мерекесінің арнайы қонағы болып, фестивальдің мәні мен сәнін кіргізді. Қазақ өнерінің абыз актерлерінен ақ бата мен қолтаңба алған жұрт­тың қуанышы қойнына сыймады.Фестиваль ұйымдастырушылары Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары негізінде қойылған спектакльдеріне басымдық беруге тырысқаны байқалады. Мұнда қатысқан он қойылымның төртеуі жазушының қаламынан туған «Менің атым Қожа» және «Қайдасың, Гауһар?» бойынша жасалған. Қазақ киносының алтын қорына енген «Менің атым Қожа» фильмі көкірегінде сайрап тұрған қалың жұртшылықтың театрдан «Қожаны» көруге деген қызығушылығы саябырсымаған. Фестивальдің салтанат­ты ашылуы қызыл кілеммен жүріп өткен қатысушы өнер ұжымдарының шеруіне ұласып, театр фойесіндегі облыстық мәдениет ошақтары өнерпаздарының ұлан-асыр концертімен жалғасты. Ал сахнада Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театры Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» драмасын көрсет­ті. Режиссері – Жангелді Садықов. Қойылым жасау­шылардың негізгі мақсаты көрерменді бала Қожаның алғашқы махаббаты мен өзін алаңдатқан сұрақтарға жауап іздеген шақтарын көрсету болғандай. Бірақ режиссер заман келбетін жеткізуде музыкалық партитура, сценографиялық бейнелік шешім мен костюмдерде тұтастыққа қол жеткізе алмаған. Режиссер қойылымның лайықты кілтін таба алмағаны байқалады. Оны мизансценалардың қайталана беруінен, оқиғалардың толыққанды ойналмағанынан аңғардық. Сондықтан шығарманың бірегей атмосферасы түзілмей қалған, ешбір актер ойыны дараланып көзге түспеді. Актерлердің ойындары бір-біріне ұқсас, жекелеген қаһармандарды көре алмадық. Бұл – режиссердің актерлік құраммен тиісті жұмыс жасай алмағанының дәлелі.Германиялық режиссер Александр Ганс-Куль қойған Республикалық академиялық неміс драма театрының «Wolgakinder» спектаклі (авторы: Г.Яхина) отаршылдық пен отарланушы халық арасындағы күрделі қарым-қатынас жайында баяндайды. Жүріп өткен тарихқа деген жаңа көзқараспен жазылған шығарманы ұжым көптеген сахналық метафора және символдармен жеткізген. Бұл спектакльдің поэтикалық қуатын арт­тырады. Дегенмен қойылымда өнер көрсеткен жас артистер өз кейіпкерлерін жетер жеріне жеткізіп ойнай алмады. Қойылым темпо-ритмінің төмендігі көрерменнің қызығушылығын баяулатып, өтіп жатқан оқиғаның көркемдік әсерін әлсіретіп жіберді. Болашақта актерлік құрам рөлдерді тереңдетіп жұмыс жасауы тиіс. Сонымен қатар жарық беру тетіктерін қайыра қарастырудың да жөні бар. Шығарма авторы мен режиссер идея­сын жеткізетін актер болғандықтан әр сахнагер өз кейіпкеріне жауапкершілікпен қарауы тиіс дейміз.
Жасөспірімдер мен ұстаздардың бүгінгі өмірінен сыр шертетін драматург Қолғанат Мұрат­тың «Мұғалім» әлеумет­тік-мультимедиалық драмасын Талдықорғанның Бикен Римова атындағы өнер ұжымы сахналады. Спектакль жанр аясынан дөп шыққан. Режиссер Данияр Базарқұлов мультимедианы спектакльдің мазмұнын ашуға тиімді пайдалана біліпті. Әр көрініс көрушіні қызу интерактивке шақырып отырады. Шын мәнінде, бұл қойылым жастар аудиториясына арналған. Әсем әндер мен көрікті билер арасында драмалық көріністерді шендестіре жеткізу жасөспірімдердің қабылдауына ыңғайлы әрі бір сәт оларды өз өмірі туралы ойлануға итермелейді. Әртүрлі заманауи гаджет­тердің құрсауына түскен жастардың мінезі, балалық жарақат­тары (комплекстері), балалық фобиялары (қорқыныш-үрейлері) туралы баяндалатын спектакльде актерлік ансамбль берік шыққан. Сахналық серіктестік жоғары деңгейде, өнерпаздар өз ойындарымен бірін-бірі толықтырып отырады. Ата-ана мен мектеп, отбасы мен оқушының қарым-қатынасы мәселесін көтере отырып, шығармашылық ұжым әрбірімізге «өз балаларымызға қаншалықты көңіл аударып жүрміз?», «ұстаздың қоғамдағы рөлі қандай?» деген ашық сауал тастап, сол өзекті сұраққа жауап іздейді. Жастарға бағыт­талған қойы­лым мәселені көтергенімен біржақты жауап та қайтармайды. Әр көрерменге жауапты өз жүрегінің түбінен іздеуге үндейді.
Қазақ сахнасына алғаш рет шыққан Бердібек Соқпақбаевтың «Қайдасың, Гауһар?» драмасы – жазушы әлемін зерт­теуге деген қызығушылықтан туған талпыныс. Соңғы екі жылда халық­аралық, республикалық, аймақтық, театрішілік фестивальдерге қатысып, өнер додаларынан тыс қалмай келе жатқан Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының көркемдік һәм менеджерлік-басқарушылық талпыныстарын құптаймыз. Бәйгеге қатысқан жүйріктермен таласа жүріп, оза шабатын мүмкіндік туар шаққа да жетері сөзсіз. Ал режиссер Шағуан Үмбетқалиев сахналаған аталмыш қойылым ұжымның көркемдік мәселелері әлі де шешімін таппай жатқан тұстары барын байқат­ты. Актерлік құрамды жастардан жасақтау, режиссерлік өрені биіктету бойынша ізденістер жалғасын табуы керек деп есептейміз. Бозбала шақтағы жастарды қырықты алқымдап қалған актерлердің ойнауы, сыпайылап айт­қанда, сахналық шындыққа кері әсерін тигізеді екен. Кәсіби шеберлікті былай қойғанда, сахнаның эстетикалық-мәдени, сұлулық ортасы екенін естен шығармаған дұрыс-ақ. Алайда барын салып, ақ тер-көк тер болып жұмысын атқарған актерлердің еңбегіне жеміс тілейміз. Сахнада өздері ойнайтын болғандықтан, режиссерге табынып қана отырмай, өз рөлдерін ашып көрсетуге қарекет­тену де артықтық етпейді дер едік.
Қазақ театр режиссерлері арасында сахналық формамен сауат­ты жұмыс жасайтындар – саусақпен санарлық. Солардың қатарына Дина Жұмабаеваны жатқызамыз. Ақтөбе облыстық Тахауи Ахтанов атындағы драма театры әкелген «Қобыланды» эпосын тамашалау үстінде біз тағы бір мәрте Динаның режиссерлік ізденісіне тәнті болдық. Режиссер «Қобыландыны» жаңаша трактовкамен оқыған. Біздің ұғымымызда Қобыланды – батыр, қаһарман. Ал Дина оның батырлығымен қатар, пенделік келбетін көрсетеді. Бұл оқылымнан біз Қобыландыны (актер Мұхтар Әділет) ғашықтық сәтінде, ыстық махаббат алдында сезімнің жетегіне елітетін қарапайым еркек ретінде танимыз. Нәзік жандылар үшін жасалатын ерлік, көзсіз батырлық та жоқ емес, бірақ қойылым соңында шатысқан қаһарманды, рухани құлдыраған Қобыландыны көріп, еріксіз ойланасыз. Адасқан Қобыланды дінмен жан жарасын емдейді. Намазға бас ұрады. Финалдық сахнаны да режиссер ерекше шешкен. Қарлығаш қыз (актриса Фатима Бердібекова): «Қобдада туған Қобыланды», – деп дастанды жаңаша басынан баяндай бастайды. Бұл арқылы режиссер Қобыланды туралы аңыздың (мифтің) таралуын бейнелейді. Осылайша, қойылым режиссерлік қолтаңбасымен көкейімзде қалды.
Замандас тақырыбын арқау еткен Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» драмасын Астананың Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекет­тік драма және комедия театры ұсынды. Режиссері – Әли Бидахмет. Соңғы театрлік маусымда хитке айналған А.Елгезектің қаламынан туған бұл шығарманың көптеген сахналық нұсқалары бар. Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасына» еліктеуден туған аталмыш шығарманың әлеумет­тік астары, айтар ойы тереңде. Жас баланың азамат болып қалыптасуын, өмірді түсінуін бедерлей келіп, оның жан дүниесіндегі қопарылыстардан сыр шертеді. Әкесінен ерте айырылып, балалық шақтың кермек дәмін татқан бас кейіпкер бала Ақоштың (актер – Қазыбек Аманжол) атынан баяндалар оқиға көптің көңілінен шықты. Режиссураға енді ғана қадам басқан Әли Бидахмет­тің ізденістері семантикалық астарымен, метафоралық тілімен ерекшеленді. Кинематографиялық монтаж тәсілін пайдалана отырып, өткен күн мен бүгіннің арасына алтын көпір орнатып, көрерменнің де жүрегіне жол салыпты.
Фестивальге Орал облыстық Хадиша Бөкеева атындағы драма театры Ф.Достоевскийдің «Мальчики» шығармасы бойынша қойылған «Қара бала» трагедиясымен (аударған – М.Омарова, режиссері –Алмат Шарипов) қатысты. Қойы­лым театрдағы актерлік шеберлік және режиссураның қадау-қадау мәселесі бар екенін айғақтады. Болашақта театр ұжымы фестивальге үлкен дайындықпен келу керегін баса айтар едік. Қойылым соңында сыншылар тарапынан айтылған ескертпелерге құлақ асудың артықтығы болмайды.

***

Табиғат пен адамның мінезін шендестіре отырып мүсіндейтін жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің пьесаларын сахналау – ең күрделі шаруа. Соған қарамастан, жазушының қойылымдық жағынан қиындау туындысы «Қар қызы» драмасын Шығыс Қазақ­стан облыстық драма және опера театрының ұжымы халық назарына ұсыныпты. Бұл қойы­лымның да режиссері – Дина Жұмабай. Режиссер бұл жолы дәстүрлі сахналық пішінді қолданып, Бөкей шығармаларының болмысына тән психологиялық бағыт­та шешкен. Қарапайым адамның табиғатпен тартысқа түсетін сәтіндегі психологиялық арпалыс Нұржан (актер – Еділ Мекешов), Аманжан (актер – Еркебұлан Кәкімов), Бақытжан (актер – Арыстанбек Мұқият) арасында өрбіп, жантәсілім етер боздақтардың драмалық хал-күйін шынайылықпен бейнелеп берді. Қойылымның негізгі кейіпкері – миғұла даладағы қарлы қыстың қаһары. Режиссер мен суретші сценографиялық шешім арқылы қарлы қыстың бейнесін шарт­тылықпен әдемі жеткізген. Әлсін-әлсін үскірік шашқан толассыз қар табиғат­тың құдірет­ті тылсымын бейнелейді. Қойылымда сыртқы бейнелік шешім мен актерлік ойын әдемі үйлесім тартқандықтан көрерменнің ыстық ықыласына бөлене алды.
Семей «Дариға-ай» жастар театры Мұхтар Әуезовтің «Жетім» әңгімесімен фестивальге қатысты. Қойылым режиссері – Жұлдызбек Жұманбай жанрды «әңгіме» деп шешіп, ашуға тырысқан. Бірақ қойылымда басты кейіпкер Қасымды кәсіби актерге емес, мектеп оқушысы Заңғар Қайыржанға сеніп тапсырыпты. З.Қайыржан қанша тырысқанымен трагедиялық рөлді биік деңге­йіне жеткізе алмағаны рас. Бұл рет­те, Әуезовтің классикалық туындысында өнер көрсету кәнігі актердің өзінен мол шеберлік даярлықты талап ететінін режиссердің естен шығарғанына қайран қалмасқа шарамыз жоқ. Болашақта театр басшылығы осындай тәуекелдерді ескерсе дейміз. Әгәрәки, бас кейіпкерге баланы ойнатуды дұрыс деп санаса, онда режиссер орындаушымен мықтап жұмыс жасағаны артық болмайды.
Фестивальге байқаудан тыс қатысып өнер көрсеткен Астана қаласының Жастар театры Б.Соқпақбаевтың «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…» сахналық повестін ұсынды, режиссері – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин. Тұла бойы тұнық әсем сазға толы бұл спектакль жаныңды бірден баурап алады. Режиссер Қожа рөлін бірнеше актерге ойнату арқылы әрбір адамның жан түкпірінде Қожадай баланың отырғанын көрсеткісі келеді. Лирикалық ән мен драмалы-романтикалық көріністер өзара үйлесім тауып, көрерменнің жүрегіне жылы сезім ұялатып, бала махаббат­тарын естеріне түсіргені сөзсіз. Фестивальдің шымылдығын жапқан бұл сахналық повесть көрермендердің көңіліне ұялап, ұзақ уақытқа сақталары рас.
Сонымен, сәтімен аяқталған фестивальдің қазылар алқасы «Үздік әйел рөлі» және «Үздік ер адам рөлі» аталымдарына лайықты актерлік ойындарды жоқ деп қорытындылады. «Үздік спектакль» аталымын Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театрының «Болмаған балалық шақ» драмасы еншіледі. Ал «Үздік режиссерлік шешім» Ақтөбе облыстық Тахауи Ахтанов атындағы драма театры «Қобыланды» қойылымының режиссері Дина Жұмабайға бұйырды. «Үздік сценографиялық шешім» және «Шығыс Қазақ­стан облысы әкімінің арнайы сыйлығы» аталымдарына Өскемендегі Шығыс Қазақ­стан облыстық опера және драма театрының «Қар қызы» қойылымы лайықты деп танылды. Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық музыкалық-драма театрының «Менің атым Қожа» спектакліне «Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлық» берілді. «Екінші пландағы үздік әйел адам рөлі» Талдықорған қаласындағы Б.Римова атындағы драма театрының актрисасы Алихан Ыдырышеваға Нариманның әжесінің рөлі үшін, ал «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» Республикалық академиялық неміс драма театрының актері Заңғар Ахметқызына Васьканың рөлі үшін ұсынылды.
Фестиваль шымылдығын жап­қанымен, театрлық ортаны ойландыратын мәселелерді тілге тиек етсек. Біріншіден, режиссерлердің жалаң форма қуып, актерлермен тиісті деңгейде жұмыс жасамауы нәтижесінде жоғары деңгейдегі актерлік бейнелер өмірге келмей жатқанын айтуымыз керек. Екіншіден, спектакльге діни элемент­терді, атап айт­қанда, намаз оқу, құран оқу, азан шақыру, т.б. жөнді-жөнсіз қолдану сәнге айналып бара жатуы да алаңдатады. Бұл фестивальдің өзінде бірнеше қойылымда орынды да, орынсыз да қолданылған сәт­терге куә болдық. Сахнагерлер бұл қадамға терең оймен ғана барса дейміз. Үшіншісі, сахналық түтін мен жаңбырдың ретімен пайдаланылуы, қолданыс аясының тиімсіздігі таптаурын шешімдерге итермелейді. Сахналық пішінді қолдануда сауат­тылық, тазалық жоқ. Микрофонды қолданудың да жолдары болуы тиіс. Төртіншіден, сахнада айқай басым, бұл – актер ойынының дәрменсіздігінің дәлелі. Психологиялық тереңдікті жеткізе алмай жатқан сәт­те айғайға көшу қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны да қат­ты сезіледі. Бесіншіден, соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі кейіпкерлерді сахна арқылы көрсету басымдық алып барады. Ол қойылым мазмұнына сай ма, сай емес пе маңызды емес, қол арбаға салып алып, сахнаға шығарып қою өте жиі көрінетін көрініс қатарында. Бұл шешім де режиссерлердің соңғы сәнге еліктеуінің көрінісі дер едік. Алтыншы, кәсіби театр­да бала бейнесін актер емес, балаға ойнатудың қаншалықты мәжбүрліктен туғаны түсініксіз. Әркім келіп ойнай берсе, актерлік шеберлікті оқытудың қаншалықты қажет­тілігі бар деген ойға қаламыз. Жетінші, режиссерлеріміздің ұлт­тық салт-дәстүрімізден, өткен тарихымыздан хабары аздығы, басқаша айтсақ, танымы мен зияткерлік білімінің қораштығы қойған спектакльдерінен қат­ты байқалады. Өткен тарихты былай қойғанда, жиырмасыншы ғасырдың (нақтырақ айтсақ, Кеңес кезеңі) бейнесін көрсетуде әлсіздік танытқандарын жасыру дұрыс болмас. Сегізінші, мифтік кейіпкерлерді ашудың жаңаша тәсілдерін қарастыру керек. Техника мен медианың дамыған заманында мифтік бейнелердің әлі де шынайы адамнан айырмашылығы жоқ болып кейіптелуі сенімсіздікке әкеледі.
Өткізіліп жатқанына мерейлі отыз жыл толған Қазақ­стан драма театрларының республикалық фестивалінің ұйымдастырылуы жоғары деңгейде. Келесі жылы көркемдік деңгейі жоғары қойы­лымдар көбейсін деген тілек білдіреміз. Сөз соңында ұйымдастырушыларға, Шығыс Қазақ­стан облысының әкімдігіне, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлт­тық музыкалық-драма театрының ұжымына алғысымызды білдіреміз. Қазақ театр өнері жасай берсін!

Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
театртанушы, өнертану
кандидаты, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір