ӨҢІРЛІК СПОРТ: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТЫҢ ЖЕМІСІ
Бұқаралық спортты дамыту – салауатты өмір салтын қалыптастырудың алғышарты. Халықтың дене шынықтырумен, спортпен жүйелі түрде айналысуын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар Атырау облысында да қолға алынып келеді.
Биыл өңірде болған су тасқынына байланысты кейбір ауқымды спорттық іс-шаралар кейінге шегерілді. Осылайша, жыл басынан бері 105 000 адамды қамтыған түрлі деңгейдегі 700 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Кикбоксингтен республикалық турнир, ГТФ таэквондодан ҚР чемпионаты, Шинкиокушинкай каратэден ерлер, жастар мен жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты, бокстан Б.Теміров атындағы I халықаралық турнирі, қоян-қолтық ұрыстан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты, шахматтан Қазақстан Кубогі, баскетболдан Халықаралық турнир, күрес түрлерінен халықаралық «Oilkapital cap» Кубогы және т.б. іс-шаралар жоғары деңгейде өткізілді.
БАЛАЛАР СПОРТЫ – ДЕНІ САУ ҰЛТ НЕГІЗІ
Балалардың спортқа деген ынтасын арттыру бағытында да атқарылған жұмыстар баршылық. Облыс көлемінде 31 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 1 олимпиадалық резерв даярлау орталығы, 1 олимпиадалық резервке мамандандырылған облыстық мектеп-интернат колледжі, 2 жоғары спорт шеберлігі мектептері (олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінен) жұмыс істейді. Аталған барлық спорттық ұйым арнайы базалармен қамтамасыз етілген. Оларда жаттығу процестері толығымен тегін жүргізіледі. Бұдан бөлек, облыста 11 спорттық клуб бар. Атап айтсақ, волейбол, баскетбол, футбол, су спорты түрлері, хоккей, 2 ұлттық спорт, параволейбол, бокс, шағын футбол, мүгедектер спорттық клубы. Кәсіби клубтар жанынан үш академия (баскетбол, волейбол, шайбалы хоккей) және теннис, футбол орталықтары, аккредитациядан өткен 53 спорт түрінен облыстық федерациялар жұмыс істейді. Соның бесеуі (ұлттық спорт, баскетбол, волейбол, су спорты, футзал) жекешелендірілген, біреуі (футбол) сенімгерлікпен басқаруға берілген. Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты мүгедектер спорт клубы, ұлттық спорт түрлері, бокс және хоккей клубтары бар. Спорттық клубтарда жаттығушылар саны – 3413. «Мүгедектер спорттық клубы» жанынан мүмкіндігі шектеулі 430 адам спортпен шұғылдануда. Барлық клубта ересектер құрамасымен қатар, жергілікті балалар мен жасөспірімдер командалары бар. Бүгінде 11 клубта 2596 бала спортпен шұғылданады. Республикалық теннис федерациясына сенімгерлікпен басқаруға берілген теннис орталығында мемлекеттік тапсырыс бойынша 110 бала осы спорт түрімен тегін шұғылдануда. Өткен жылы Олимпиадалық резервке мамандандырылған облыстық мектеп-интернат колледжі ашылды. Биыл ұлттық спорт түрлерін бір орталықтан дамыту мақсатында «Ұлттық спорт түрлері клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Облыстық олимпиадалық резерв даярлау орталығында болашағынан үміт күттіретін 233 спортшы тіркелген. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 19 751 бала дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Бұларға қоса мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 20 000-нан астам бала мен жасөспірім тегін спортпен шұғылдануда. Облыста мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің саны 150 мыңға жуықтаса, оның ішінде, тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 43 253-ті немесе жалпы мектеп жасындағы балалардың 29 пайызын құрап отыр.
ДАМЫҒАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – ТАБЫС БАСТАУЫ
Атырау аймағында жыл сайын материалдық-техникалық база нығайтылып, спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Биылдың өзінде бес спорт кешені қолданысқа берілді. Атырау қаласындағы Бірлік және Химпоселок, Ақсай ауылдары, Қызылқоға ауданындағы Тасшағыл, Жасқайрат ауылдарында жаңа нысандар бой көтерді. Бүгінде облыс көлемінде 15 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр, оның үшеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар облыс орталығында дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының ғимараты, 12 000 орындық стадион және ипподром (ұлттық спорт кешені) құрылысын бастау жоспарланып, жобалау жұмыстары жасалып жатыр. Бұл нысандар құрылысын салу үшін жер телімдері бөлінген. Өңірдегі спорт саласы мамандарының тапшылығы мәселесін шешу мақсатында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына түсуді қалаған спортшыларымыз үшін облыс әкімдігінің жергілікті білім беру гранттары бөлініп, жыл сайын үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Биыл да облыс әкімдігі тарапынан 25 білім гранты қаралды. Жоғары жетістіктерге қол жеткізген спортшыларды ынталандыру мақсатында, отызға жуық спорт түрінен 120 спортшы мен 52 жаттықтырушыға ай сайынғы «облыс әкімінің стипендиясы» деп аталып кеткен төлемдер жүргізіліп отыр. Бұған қоса облыстық федерациялар тарапынан спортшыларды қолдау шаралары тұрақты түрде жүргізілуде.
СПОРТШЫ ЖЕТІСТІГІ – ЕЛ МЕРЕЙІ
Франция елінің астанасы Париж қаласында төртжылдықтың басты додасы – олимпиада ойындары өтті. Бұл сынға атыраулық екі дзюдошы қызымыз қатысып, үлкен тәжірибе жинады. Абиба Абужақынова жекелей сында үздік бестікке тұрақтады.
Паралимпиада ойындарына қатысқан Қазақстан құрамасы құрамындағы 44 спортшының 16-сы – атыраулық спортшылар. Токиода 2021 жылы өткен алдыңғы паралимпиада ойындарына біздің өңірден 8 спортшы жолдама алған болса, биыл 16 спортшы үлкен додаға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл – облысымыз үшін үлкен жетістік. Ел өміріндегі маңызды оқиғаның бірі – 8–13 қыркүйек күндері Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Осынау айтулы додаға Қазақстан құрамасының сапында қатысқан атыраулық үш спортшымыз дәстүрлі садақ ату, алыш күресі және құсбегілік спорт түрлері бойынша үздік нәтиже көрсетіп, медальға ие болды.
Жалпы, Ұлттық құрама команда қатарындағы облыс спортшыларының саны жыл сайын көбеюде, бүгінгі күні 451-ге жетті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 401 болып еді. Сала жұмысының ең басты көрсеткіші – Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатысуға лицензия ұтып алуы. Өңірде болған төтенше жағдайға қарамастан облыс спортшылары жаттығуларын үзбей, жыл басынан бері жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Париж Олимпиадасына – 2, Паралимпиада ойындарына 16 спортшы қатысты. Паралимпиадаға тұңғыш рет тарихи жолдамаларды біздің спортшыларымыз паратеннистен, паражеңілатлетикадан және құрамының негізін Атырау облысының спортшылары құрайтын параволейбол командасы жеңіп алды. Екі спортшы Париж Паралимпиадасында, төрт спортшы Әлем чемпионатында медальдарға қол жеткізсе, Азия чемпионаттарында – 24, Қазақстан чемпионаттарында – 485, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 3 спортшы медальға ие болды. Спорттағы жоғары жетістіктері үшін 2 спортшы Құрмет орденімен марапатталды, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спортшысы» құрметті атағына – 2 спортшы, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына – 4 спортшы, «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағына 20 спортшы ие болды. 200 спортшыға «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» атағы берілді. Бір жаттықтырушы Парасат орденімен марапатталды.
Өңірде әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, спорт саласын дамытуға оң ықпал ететін барлық қажет шаралар атқарылуда. Қазіргі уақытта сенімгерлікпен басқаруға берілген мекемелер жұмысының тиімділігіне талдау жасалып жатыр. Өткен айда Мұз айдыны ғимараты коммуналдық меншікке қайтарылды. Орталық бассейн, теннис орталығы, «Атырау» спорт кешені сенімгерлікке берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес спорт түрлерін дамытуда Азия және Олимпиада ойындары, Паралимпиада және сурдолимпиада бағдарламасына енген спорт түрлеріне басымдылық беру ұстанымы назарға алынған. Жалпы, облыста спорттың 80 түрі бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Қолданыстағы заңнамаға қажет өзгерістер енгізілгеннен кейін дене шынықтыру және спорт саласын реформалау мақсатындағы, бұқаралық спортты, жоғары жетістіктер спортын, спорттық инфрақұрылымды дамыту және спорт резервін дайындау жөніндегі жұмыстар жалғасын таба беретін болады.
Нұржауған ТӨЛЕУОВА,
Атырау облыстық дене шынықтыру
және спорт басқармасы
басшысының міндетін атқарушы