ҰЛТТЫ СҮЮДІҢ ҮЛГІСІ
Кезінде: «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек», – деп ескерткен Жүсіпбек Аймауытовтың сөзі дәл бүгінгі күнге арнап айтылғандай. Себебі, қазақ баласы неғұрлым ғылым-білімді игеріп, өркениетке жақындаған сайын соғұрлым қазақтықтан алыстап бара жатқан секілді көрінеді. Осы ретте туындаған «ХІХ–ХХ ғасырда қазақтан шыққан зиялылардың білімі, отаншыл-ұлтжандылығы, кісілік бітімі ХХІ ғасыр ұрпағына дарыды ма? Бір өзі бірнеше тіл білген, бар білім-білігін қара басының емес, ұлтының игілігі жолында сарп еткен Шоқан Уәлиханов болсын, Алаш қайраткерлері болсын, бәрінен бұрын қазақты сүйетін. Ұлтқа деген осындай сүйіспеншілік пен адалдық бүгінгі ұрпақ бойынан табылар ма екен? Өзгелерге еліктегіш, жалтақ мінез бізді қайда апарады? Ұлттық болмысты сақтай отырып, ұлт беделін көтеру үшін не істемек керек?» деген сауалдар бүгінгі тақырыбымызға өзек болды.
Абзал ҚҰСПАН,
адвокат
САЛДАРМЕН ЕМЕС, СЕБЕППЕН…
ХІХ–ХХ ғасырдағыдай отаншылдық, ұлтшылдық (Ұлтжандылық емес, ұлтшылдық!) қасиет ХХІ ғасыр ұрпақтарының бойынан табыла бермейтіні айдан анық дүние. Оған не себеп екендігі де ойланған адамға белгілі жәйт. «Не ексең соны орасың» деген халқымыз. Біз айтып отырған ХІХ–ХХ ғасырдағы дәстүрлі қазақ тәрбиесінің тамырына ХХІ ғасырда балта шабылды, нәтижесі жоғарыдағыдай. Кез келген келеңсіз құбылыстың салдарымен емес, себебімен күрескен тиімді екендігі белгілі. Тиісінше, бізде себебін анық біле отырып, салдарымен күресуді қойып, түп негіз – ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек еді. Оған жақсы мысалды алыстан (Жапония, Германия) іздемей-ақ, көршілерімізден (Өзбекстан, Түркіменстан) тапсақ та болар еді.
Жапон ғалымдарының зерттеуінше, бала тәрбиесінің негізі 13 жасқа дейін қалыптасады. 13-тен әрі қарай саналы (ересек) адамдар қатарына қосылады. Яғни бізше бірінші мүшелден кейін бала ересек өмірге аяқ басады. Осы кезең ішінде қандай тәрбие негізі қаланды, сол тәрбие қалған өмірінің іргетасына айналады. Іргетасы мықты ғимарат қана уақыт сынына шыдас бере алатыны сияқты, отбасында дұрыс тәрбие алған ұрпақ қана ұлтына адал қызмет ете алады. Сондықтан негізгі көңілді отбасы тәрбиесіне бөлмейінше бұның бәрі бос әңгіме ғана болып қала бермек. Осыған орай, өзімнің «Отбасы хрестоматиясы»сериясымен жарық көрген «Әлдиден эпосқа дейін», «Салт-дәстүр сөйлейді», «Сияр шәріп» кітаптарының жарық көруіне мұрындық болғандығымды атап өткім келеді.
Менің ойымша, қазір біз өзімізді өзгеге таныту деген кеселден толық арылып алуымыз керек. Мемлекеттік билік басында отырған кейбір тұлғалардың ұзақ жылдар бойы ұстанып алған осы бір кеудемсоқ саясаты мен қазақпын деген әр азаматқа да жұққан. Қазір ең дамыған 50 ел, 30 елді былай қойғанда, «Біз Орта Азия көшбасшысымыз», «Түркі елдерінің ұйтқысы біз болуымыз керек» деген ұрандардың өзі күлкілі. Мектептегі «мен атаманмын» деп таласатын балалықтың шалығы сияқты. Тіпті маған салса, Орта Азиядағы мықты ел – Өзбекстан, ал түркі елдерінің ұйтқысы – Түркия.
Мұхтар ТАЙЖАН,
саясаткер
БИЛІК – ОТАР ЕЛДІҢ ПСИХОЛОГИЯСЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙДЫ
Қазір қазақта көзі ашық, көкірегі ояу жастар көп. Бірақ біздің саяси жүйеміз Ресей империясынан қалып қалған жүйе. Ол империяда халықты басқарушы патша. Бар билік бір ғана патшаның қолында. Ал қазақ хандығы хандары халқын тыңдайтын демократиялық ел едік. Дау-дамайда әділ төрелігін айтатын билер институты жұмыс істеді. Халықтың мұң-зарын ашық жырлайтын ақын-жыраулар болды. Біз бүгін сол демократиялық еркіндігімізден айрылып, әуелгі Ресей империясының, кейінгі Кеңес Одағының жүйесі негізінде әлі келе жатырмыз. Бірақ уақыт бәрін өз орнына қояды, қазақ өзінің ұлттық мемлекетіне қайта оралады деген сенімім мол.
Мұхтар Мағауиннің «Ашаршылықтан кейін қазақ халқы басқа бір ұлтқа айналып кетті. Жалтақ, қорқақ болып қалды» деген пікірі бар ғой. Расында да ашаршылық бізді бойымыздағы арлылық, тектілік, иман секілді ізгі қасиеттерімізден ада қылған еді. Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін қазақты зиялыларынан айырды. Одан кейінгі даламыздың сынақ алаңына айналуы, орыстандыру саясаты халық үшін өте ауыр соққы болды. Жерімізде қазақ саны отыз пайызды ғана құрады. Осының бәрінің салдарынан жалтақ, қорқақ ұлтқа айналдық. Ол рас. Ал қазір біздің буын, бізден кейінгі буын өкілдері өзінің ұлттық мінезіне оралып келе жатыр. Мұны байқамау мүмкін емес. Осылайша біртіндеп заман өзгереді. Қазақ тілділердің саны неғұрлым артып келеді. Тек қана биліктің өзі отар елдің психологиясынан айыға алмай, өзге тілде сөйлеп, өзгелердің мүддесін бірінші орынға қойып отыр. Алайда, тілімізді, ділімізді, дінімізді сақтай отырып, өркениетті қазақ мемлекетін құру біздің өз қолымызда, сондықтан байбалам салып, үрей тудырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Өркениетті, зайырлы ел болғандықтан өзге елдерде кездесетін өзгерістер мен ерекшеліктер бізде де болуда. Егер Үкімет пен Парламент қазақ тілінде сөйлейтін болса, барлық БАҚ түрлері де қазақ тіліне басымдық берер еді. Жақында жастармен бірге Көлсайға барып едім. Осы сапарда жастардың ұлтжандылығы мен сауаттылығына, көкірек көздерінің ашықтығына көңілім толып, қуанып қайттым. Сол жастарды көргенде болашақ үшін үрейленетін уақыт өтті деп ойладым. Осылайша халық өзі өзгеретін болса, амалсыздан билік те өзгеруге мәжбүр болар еді. Үкімет басшысының қазақтың қасиет тұтқан мекендерін аралауы, Кенесарының бас сүйегі туралы айта бастауы нені білдіреді? Үкіметтің қазақ халқының көңілінен шыққысы келетінін дәлелдейді. Жер мәселесі көтерілгенде қазақ халқы «жерді сатпаймыз, сатқызбаймыз» деп тұрып алды ғой. Қазір Қазақстандағы ең белсенді ұлт – қазақтар. Оппозициямыз да бұрын орысшыл еді ғой. Ал қазір бәрі өзгерді, өйткені халық өзгерді. Түбінде билік басындағылар да толық қазақ тілінде сөйлейтініне, тілді білмейтіндер біртіндеп басшылықтан кете бастайтынына сенемін. Ол күннің де ауылы алыс емес.
Бақытжан БҰҚАРБАЙ,
саясаттанушы, суретші,
қазақ тілін дамыту орталығының жетекшісі
…СӨЗБЕН ЕМЕС ІСПЕН…
Жалпы, ХХ ғасырдың басында көптеген колониялды елдерде ұлттық интеллигенцияның қалыптасу процесі жүрді. Сол кезеңдегі колониялды елдермен салыстырғанда бізде бұл процесс феноменалды түрде жүзеге асты. Біз әлемдік деңгейдегі ұлттық элитамызды отыз-қырық жылдың ішінде қалыптастырып үлгердік. (Әлемдік деңгей дегенім еуропалық форматтағы, бірнеше тіл білетін, сауатты, білімді болуы). Алаш ордалықтар (1920 ж.) мен олардан жүз жыл бұрынғы (1820 ж.) зиялыларды салыстырсаңыз, дәл Алаш қайраткерлеріндей критерийлерге жауап беретін зиялылар бізде болмаған. Бұның өзі арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып. Ал енді дәл сондай зиялылық қазіргі ұрпағына дарыды ма, бұл да өз алдына бөлек әңгіме. Менің ойымша, ол тұстағы зиялы мен бүгінгі зиялының табиғи сипаты, шығу жолу екі түрлі. Көпке топырақ шашқым келмейді. Бірақ ХХ ғасырдың басында қазақ даласында зиялылар табиғи жолмен қалыптасып еді. Отызыншы жылдары олардың көзін құртты. Ондағы биліктің мақсаты ұлт деген категорияны жойып, интернационал совет халқын құру болды. Бірақ ұлтты жою табиғатқа қарсы шығумен бірдей еді. Сүт бетіндегі қаймағымызды сыпырып алғаннан кейін барып қоғамға элитаның қажет екенін түсініп, зиялыны қолдан қалыптастыруға күш салды. Яғни әуелгілеріміз табиғи түрде қалыптасқан таза зиялы болса, кейінгілеріміз идеологиялық тұрғыда қолдан жасалған номенклатуралы зиялылар болды. Кезінде Әлихан Бөкейханов большевиктермен келісімге келгенде істің ақыры немен аяқталатынын білмеді емес, білді. Бірақ қазақтың болашағы үшін сол қадамға барды деп ойлаймын. Ал қазіргі зиялыларымыз Құдай бетін ары қылсын, ел басына күн туса осындай қадамға бара алар ма екен?
Бүгінгі жастарда ұлтжандылық қасиет аз дегенге мен келіспеймін. Қазір елімізде халықтың жетпіс пайызы, ал он төрт пен жиырма тоғыз жас аралығындағы жастар тобын құрайтындардың сексен бес пайызы – қазақ. Қазақ тілінде білім алып жүргендердің саны да бұрынғыдан басымырақ. Міне, осындай факторлар ұлтжандылықтың қайта қалпына келуіне негіз бола алады деп сенемін.
Еліктеуді жаман әдет деп айт-пас едім. Мәселен, немістердің еңбекқорлығы мен уақытты бағалайтын дәлдігіне неге еліктемеске. Түріктердің батылдығы мен тәуекелшілдігін неге үйренбеске. Түріктер ешқашан кәсіп ашудан жүрексінбейді, масылдық деген нәрсе оларға жат. Қазақ жастарына сын айтқым келмейді, бірақ жастарымыздың арасында жап-жақсы кәсіп бастап, аз-маз табыс таба бастағанда ішіп-жеп, ақыры банкротқа ұшырағандар бар. Соларға қарап қарның ашады. Ақиқаттың да екі жағы бар ғой. Мысалы, Рим империясының құлдырауы римдіктерді қайғыға ұшыратса, варварларды қуаныш-қа бөледі. Сол секілді еліктеудің де екі түрі болады. Солтүстіктегі көршіміздің ішімдікке жақындығы секілді жаман қылықтарына емес, неге жақсы қасиеттеріне еліктемеске. Мысалы, олар еңбек таңдамай кез келген істі атқара береді. Біздегідей Конституцияның не екенін білмей, дипломды сатып алып, заңгер болғаннан гөрі, көлік жөндеп болса да адал еңбегімен нәпақасын тапқан дұрыс емес пе. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, біз неге біреудің алдында жақсы көрінуге тырысамыз? Мен осыны түсінбеймін. Мысалы, 2017 жылы EXPO-ның өтуіне іштей қарсылар көп. Себебі, оның халыққа пайдасын әлі түсінбейміз де. Басында EXPO-ға бәленбай млн. турист келеді деді, кейін одан азырақ сан айтты, ал қазір келетіндердің көбі өзіміздің халық болып отыр. Жұрттың жинақталған зейнетақы қоры да Астанадағы Мега сауда-саттық кешенінің құрылысына аударылатын болды. Осындай малшашпақтық халыққа қаншалықты қажет еді? Пайдасынан зияны, шығыны көп жиындардан бас тартатын уақыт жетті емес пе? Одан да біз еңбекке, білімге ұмтылып, өз ісімізге адал болып, балаларымызға дұрыс тәрбие беруді ойлауымыз керек еді ғой. Шынын айтқанда, қазақтың тәрбие беру формалары да ескірген, қазіргі заман талабына сай емес. Біздің болмысымыздың деңгейі ХVIII ғасырдың деңгейінде қалып қалған. Айталық, үйдегі бала-шаға аш отырғанына қарамай, қалтамызда айфон жүргенін қалаймыз. Айлығымыздың аздығын ескерместен елден қалмай қарызданып, той жасауға немесе тойға баруға тырысамыз. Ылғи біз туралы кім не ойлайды екен деп басымызды қатырып, әуреге түсеміз. Яғни болуға емес, боп көрінуге деген құштарлық басым. Көпшілік жағдайының жоқтығына қарамастан тыраштанып жақсы киінгеннен гөрі артық кітап оқыған пайдалырақ екенін түсіне бермейді. Осы тозық дәстүрлер біртіндеп жастарға беріліп жатыр. Осылай кете берсек, мұның түбі жақсылыққа алып бармайды. Себебі, ХХІ ғасырдың жаһандық талаптары да күшті, адамзаттың даму деңгейі де жоғары. Барын тойға шашу, тойда жақсы көріну үшін күшін салу елдің дамымай, артта қалуына себепші болатын фактор. Біз әбден қазба байлықтарға иек артып, сеніп алған халықпыз. Ертең сол байлық таусылған кезде қаңырап та қаламыз, маңырап та қаламыз. Басқа ел біз туралы ойлайды деген біздің комплексіміз. Айта берсек, қазақтың бойында комплекстер толып жатыр. Ал шындығында бізге қарап тұрған ешкім жоқ. Әлем қазір басқа қағидалар негізінде өмір сүруде. Ал шет тілін үйренген ұрпақ өз тілінен безініп кетеді деген пікірге қосылмаймын. Мен көріп жүрген қазақ жастары шет тілдерін жақсы білсе де қазақ тілінде сөйлейді.
Осы тұста бірнеше мысал келтірейін. Бірде облыстық қоғамдық көлікке отырдым. Көлік ішінде сексен адам отырса, шамамен соның екеуі ғана орыс болды-ау деймін. Ал кондуктор тілі келмесе де қиналып тұрып орыс тілінде сөйлеп тұр. «Қазақша айта берсеңізші, бәріміз түсінеміз ғой» дегенім сол еді, өзіме дүрсе қоя берді. Яғни бізді өзге ұлт өкілдері сыйламай жүрген жоқ, біз өзіміз сыйлата алмай жүрміз. Ұлтқа жанашырлықты әркім өзінен бастауы тиіс. Мақтанғаным емес, соңғы екі жылдың ішінде мемлекеттің де, басқаның да қолдауынсыз бес жүзден астам адамға қазақ тілін үйретіп шықтым. Ал бірде-бір қазақ баспасөзі мұны жазған жоқ. Бірақ қазақ БАҚ-ы тілді үйренбеді, сөйлемеді деп аузын қу шөппен сүртуге дайын тұрады. Құр сөзбен айта бергенше неге осылай іске көшпеске. Мәселен, жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі әдебиет тапшы екенін бәрі біледі. Айтып-айтып шулайды да қояды. Сонда оқып жүрген магистранттар мен докторанттар неге қазақ тілінде оқулық жазбайды? Ғылыми жұмыспен айналысып, диссертация қорғаған адам кітап жазуға қабілетті деген сөз ғой. Бірақ мұны қайсыбірі қолға алды? Орыс дерек көздерінен оқып келген студенттерде ұлттық сүзгі жұмыс істемейді. Қалай жазылса солай айтып береді. Ал ресейлік авторлардың бәрі объективті автор емес. Оларға: «Ғалымдардың барлығын оқығаның дұрыс, бірақ неге сен ұлттық сүзгіден өткізбейсің» деп ренжимін. Осы олқылықты жою үшін кітап жазуды қолға алдым. Сөйтіп, жиырма бес жасымда ғылыми институтқа барып, өзім оқыған курс шеңберінде, бір айдың ішінде, бір тиын ақша алмастан қазақ тілінде кітап жаздым. Үшінші мысал. Қателеспесем, осыдан екі жыл бұрын Фейсбук желісінде жастар үстіне мұздай су құйып, оны видеоға түсіріп, үш адамға шақыру тастайтын флешмоб пайда болды. Мен сол тұста: «Өзімізге еш пайдасы жоқ бұл істен гөрі, әрқайсымыз бір-бір шетел мультфильмін алайық та, қазақ тіліне аударайық. Бәрімізде ноутбук та, интернет те, арнайы бағдарламаны жүктеп алатын мүмкіндік те бар. Мен сендерге жұмыс барысын түсіндіріп берейін», – дедім. Сенсеңіз, бұл бастамама бірде-бір адам қолдау көрсеткен жоқ. Жұбайыммен бірге екі тәулігімді қиып, екі шетелдік мультфильмді аударып шықтым. Сол кезде сөзіме құлақ түрген бауырларым болса, қазір қазақ бүлдіршіндері біраз мультфильмдерді қазақша тамашалап отыратын еді. Яғни шын жанымыз ашыса, бәрі өз қолымызда тұрған нәрсе. Бірақ біз істен гөрі сөзді жақсы көреміз. Бәріне өзгелерді кінәлауға даяр тұрамыз. Әрбір адамның қолынан бір іс келетіні анық қой. Әркім сол өзі атқара алатын шаруаның аясында қазаққа пайдасын тигізуді ойлауы керек. Ұлтқа шынымен жаны ашыған адам болса, сөзден бұрын ісімен дәлелдесін.
Дайындаған
Айнара АШАН.