КЕШЕГІ МЕН БҮГІНГІ…
Кешегі ата-ана баласының болашағына дәл бүгінгі ата-анадай алаңдап па еді? Жоқ, әрине… Қазіргі мектепке баласын апаратын ата-анамен сөйлесіп көріңізші, не дер екен? Аражігі неде?
Алтыншаш ЖАҚИЯНОВА,
ақын
Бүгінгі ата-ана неге қатты алаңдаулы? Баласының болашағына неге осынша қатты уайымдайды? Қазір не жоқ, баланың білім алуына бар жағдай жасалған емес пе?! Осындай екіұшты сұрақтар бәрімізді мазалайды.
Бізді мектепке апарғанда: балам білім алады, өнегелі, үлгілі оқушы болады. Пионер, комсомол болып, адалдыққа үйренеді деп апаратын. Тіпті, кейбір ата-аналар «еті сенікі, сүйегі менікі» деген ұстанымға да жақындау көзқараста болатын. Үйде жүргенде еркелікке салынып немесе тіл алмасақ, «мұғалімге айтамын» деп қорқытатын. Ал мұғалім деген бүкіл ауылдағы ең қадірлі, беделді, білім мен мәдениетті терең меңгерген жан болып есептелетін.
Қысқасы, ол кездегі мектепке бару деген өмірдің ерекше бір сатысы іспеттес, есеюге, азамат болуға деген алғашқы қадам еді.
Ал қазір бала мектепке барған бойда үш тілді қатар оқымақ. Өз тілінде дұрыстап сөйлеп те үлгермеген сәби-оқушыға ата-анасының алаңдауы заңды да болар. Осыншама ауыр бағдарламаны меңгере ала ма? Мұғалімі қандай адам екен, білімі, біліктілігі заман талабына сай ма, жоқ па? Институтты өз білімімен тауысқан ба, болмаса «көкесінің» арқасында жүрген біреу ме? Тіпті, кейбіреулер ана тілді мектептерге де сенімсіздікпен қарайды. Өзге тілдегі мектептердің білім сапасы жоғары деп есептейді. Ал көзімізбен көргенімізге келетін болсақ, орыс тілді мектепке барған бала бай тіліміздің терең иірімдеріне бойламақ түгіл, қарапайым ауызекі сөздің өзінен мақұрым қалады екен. Ол-ол ма, сыныбындағы орыс балалардың ешнәрсенің қадір-қасиетін білмейтін, оспадар, дарақы, тексіздік мінезін жұқтырады екен.
Міне, кейбір ата-ана осылай да қатты қателесіп жатады. Өз тілін білмей өскен бала ұшпаққа шығарады деген бекер екенін де өте кеш түсініп жатады.
Сонымен, бұрын мектепке баласын алаңсыз апаратын ата-ана қазір жоғарыдағыдай себептермен ұрпағының болашағына қатты алаңдайды. Әрине, кім баласын жаман болсын дейді. Келешегін нықтап шегелеп беру үшін ең жақсы мектептерді таңдайтыны әбден түсінікті. Тіпті, сабақ беріп жүрген ұстаздарына қатты күмән келтіреді. Қит етсе үстерінен шағым айтып, балаларына дәріс беріп жүрген мұғалімнің жанына жара салатыны да жоқ емес. Сабақтарына кіргіштеп, кедергі жасайды. Осылай қорқытып аламын деп те ойлайтындары бар. Әркім өз баласын Құдайдай көреді.
Қазір мұғалімдерге де оңай емес. Өйткені, балалар тым ерке. Ал талап өте жоғары.
Бағдарлама да ауыр. Осының бәрінен жол тауып, оқушыны үлкен жетістікке жеткізу үшін ата-ана мен ұстаз ортақ байланыста болғаны абзал. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қазақ, қашанда бірлікте болайық, ағайын!