ОҚЫТУШЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМ
02.09.2016
1397
0

1b373f67f30c8474a7ed1762685ec4d4Жиырмасыншы ғасырдың ортасында еңбек еткен университет профессоры өзінің әлеуметтік статусының жоғары екеніне күмән келтірмейтін. Профессордың өз еркімен таңдаған тақырыпта зерттеулер жасап және өз тақырыбы бойынша ізденіп жүрген ортамен қарым-қатынас орнатумен уақыт өткізетін. Жоғары оқу орнындағы оқытушылық қызметі де өнерге жақын еді.  Себебі, оқу бағдарламалары оның жеке тұлғасын айқын сипаттайтын. Бизнес саласына бет бұрса, екі есе табыс таба алатынын білсе де, оқытушы шығармашылық еркіндік берілгендіктен университетте өз еркімен жұмыс істейтін. Себебі, оның ғылым мен оқытушылықтан артылған бос уақыты өзінің жеке мәселелерін шешуге, демалуға мәдени орындарды аралауға әдбен жететін. Оның үстіне, профессор мәртебесі де бар еді. Қоғам мен орта оның осы мәртебесін ерекше құрметтейтін, сыйлайтын. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, қазір жағдай өзгерген. Университеттерде қаржы аз. Сондықтан олар аз қаржыға оқытушыға көп жүк артады. Осылайша университет оқыту­шысы­ның бұрынғымен салыстырған­да, еңбекақысы төмен, оған қоса, уақыты тапшы, себебі, ол аз ақшаға көп дәріс жүргізуге мәжбүр.

Денсаулық сақтау саласының қызметі сияқты, білім беру саласы да «сенім тауарларына» немесе дәлірек айтқанда, «сенім қызметіне» жатады. Себебі, бұл қызмет түрлерінің сапасын алдын ала тексеріп алуға мүмкіндік жоқ.Бүгінде «сенім тауарлары», «сенім қызметтерінің» сапасын бағалау өте қиын. Жаппай тұтынушылар, яғни студенттер, бағасы ең қолжетімді, күрделі емес оқу бағдарламаларын таңдайды. Студенттер таланттарына қарай емес, ата-анасының табысына қарай іріктеледі, бұл оқу сапасының, оқу бағдарламасының төмендеуіне әкеліп соғады.

Бірақ оқытушының университет өндірісінің ең сирек кездесетін факторы –интеллектуалды капитал иесі екендігін ұмытпау керек. Білім беру ісі жаппай өндіріске айналғандықтан, оқытушының оқу үдерісіндегі басты маңызды фактор екені естен шығып кетті. Кафедра академиялық дәстүр болудан қалды.

Батыс Еуропа елдерінде және АҚШ-та университеттерді дамыту, жандандыру және қайта құру – дамушы елдерден келетін студенттер есебінен жүзеге асуда. Басқа мемлекеттерде бұл мәселе өз шешімін тапқан жоқ. Жоғарғы білім жалпыға ортақ және жаппай сұранысқа ие.

Қалада жұмыс істеу үшін жоғары білім туралы диплом қажет. Әрине, барлық еңбек адамына бірдей диплом қажет емес. Бірақ біздің тұрғын халықта қалыптасқан менталитет бойынша білімнен бұрын диплом алу керек. Себебі, бізде жоғары білім туралы диплом белгілі бір әлеуметтік статусты білдіреді. Негізінде жұмыс істеу үшін ең алдымен жоғары мәдениет қажет. Себебі, жұмысшы станокпен немесе детальмен емес, ең алдымен клиентпен қарым-қатынас жасау арқылы бизнес жүргізеді.

Совет Одағында 10000 адамға шаққанда 170 сту­дент келетін. Ал қазір Қазақстанда 10000 адамға 374 студент келеді екен.Қазақстандағы жиырма бес жастан асқан тұрғын халықтың 25,5% жоғарғы білімді. Осы көрсеткіш бойынша еліміз басқа мемлекеттерге қарағанда орташа деңгейде. Себебі, бұл көрсеткіш  Англияда – 31,5%, Оңтүстік Кореяда – 31,6%, АҚШ-та – 38,6%,  Канадада – 43,9%, ал Ресейде – 54,8%. Қазақстанда 10 000 тұрғын халыққа жоғарыда атап кеткендей, 374 студент, ал Малайзияда мен Түркия­да – 399, Швецияда– 405, Данияда – 409, Англияда  – 414, АҚШ-та – 633, Оңтүстік Кореяда – 655 студент келеді.

Біздің елде студенттердің 75% ақылы оқиды. Қазақстандағы жоғарғы білім алу құны ЖІӨ жан басына шаққандағы шамадан, кейбір мемлекет­тегі оқу ақысынан екі жарым немесе бес есе көп. Жоғарыда айтылған мәселелер білім беру саясатында ескерілуі тиіс.

Ләззат СПАНҚҰЛОВА,
экономика ғылымының докторы, профессор,
Нархоз университеті
Қаржы және технология факультетінің ұстазы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір