ҰСТАНЫМЫ БИІК ЗИЯЛЫ

Алдыңғы қатарда сол жақтан бірінші отырған Ғазымбек Бірімжанов.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі
Ғазымбек Бірімжанов
Ғазымбек – Бірімжановтар әулетінен. Көпшілік қауым Ғазымбектің ағасы Ахмет Қорғамбекұлы Бірімжановты көбірек біледі. Өйткені, Ахмет Қорғамбекұлы 1906-1907 жылдары І және ІІ Мемлекеттік думалардың мүшесі болды. 1917 жылы желтоқсанда өткен Екінші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметіне мүше болып сайланды.
Ғазымбек XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ қоғамының белгілі саяси тұлғасы – Шақшақ Жәнібек батырдың ұрпағы. Ол жөнінде Мәшһүр Жүсіп: «Өр Жәнібек Шақшақ немересі. Жәнібек қалмақтың ханы Қалдан Шерікпен замандас болған», – дейді (М.Жүсіп Шығ., 8 том, 98-бет). Жәнібектің шөбересі Шеген би Мусин (ХІХ ғ.) Ырғыз бен Торғайдың бойына орыс билігіне бекіністер салуға қарсылық көрсеткен. Орыс әкімшілігімен жылы қатынаста болған Шеген би Кенесары Қасымұлының да саяси ұстанымын сыйлаған, орыс әкімшілігіне білдірмей қолдау жасап отырған.
Шеген бидің немересі Қорғамбек Бірімжанұлы Ыбырай Алтынсарин мектебінде оқып, орысша білім алып, орыс әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарады. 1878 жылы ол Торғай уезі бастығының көмекшісі қызметіне тағайындалады. Мұндай қызмет қазақ арасынан шыққан шенеуніктерге өте сирек бұйырған. Ғазымбек, міне, осы Қорғамбектің үшінші ұлы еді.
Осы арада мынадай шегініс жасауға тура келеді. Ғазымбек 1929 жылы 8 қаңтарда ОГПУ тергеушісіне берген жауабында өзінің аты-жөнін «Газымбек Курбанбекович Беремжанов» деп көрсеткен. Бірімжановтардың отбасы шежіресі сақталған. Сол шежіреден біз Құрбанбек деген есімді кездестіре алмадық. Соған қарағанда, әулетте ондай адам болмаған сияқты. Ал Ғазымбек Қорғамбектен тараған ұл балалардың жас жағынан үшіншісі ретінде аталады, яғни үлкені Ахмет, одан соң Әбдікәрім, одан соң Ғазымбек. Қорғамбектің бұл аталған ұлдарынан басқа Кәрім, Батырхан, Мұхтар, Нұрхан және Жұмахан атты ұлдары болған. Біз осы әулет шежіресінің көрсетуіне сүйене отырып, Ғазымбек Қорғамбекұлы деп алғанды жөн көрдік.
Сонымен, Ғазымбек қазақ қоғамының XVIII ғасырдан бергі саяси өмірімен тығыз байланыста болған әулетпен шықты.
Ғазымбек өзі жазған өмірбаянында Торғай облысы, Торғай уезі, Тосын болысының №1 ауылында 1896 жылы, 28 ақпанда өмірге келгенін көрсетеді. Бірімжановтар алғашқы білімін ауыл мұғалімінен ескіше сауатын ашу арқылы алатын болған. Ғазымбек те осы жолдан өткен болуы керек. Өмірбаянында ол мұсылманша білім алғаны жөнінде ештеме айтпаған. Революциялық өзгерістерге дейін Орынбор қаласында реальдық училищеде оқыған. Оқуын жалғастыру үшін Мәскеуге баруды армандап, тіптен ауыл шаруашылығы академиясына құжаттарын да тапсырады. Бірақ бара алмайды. Баруға қаражатының, сондай-ақ, басқа да мүмкіндіктерінің болмағандығын айтады.
Ғазымбек Қорғамбекұлының саяси өмірге араласуы 1916 жылдан басталады. Ә.Бөкейхановтың шақыруы бойынша майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жастарына көмек көрсету үшін ол Киев қаласына аттанады. Октябрь революциясын Орынборда қарсы алады. Басталған аласапыран жағдайда ол 1918 жылы елге, Торғай уезіне қайтады. Бүкіл қазақ даласын құшағына алған Азамат соғысы жағдайында бейқам үйінде жатуды өзіне ар санаған Ғазымбек Алаш зиялыларының қатарына келіп қосылады.
Ғазымбек Қорғамбекұлы 1929 жылы 24 қаңтарда ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығы Петровқа берген көрсетуінде Азамат соғысы жылдары Алашорданың ел азаматтарына тастаған ұраны – «Елді талан-тараждан, бүліншіліктен сақтайық!» («сохранить степь от разгрома!») болды. Зиялылар елді бүліншіліктен қорғау үшін осы ұранға қосылды деген ойды айтады. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейінгі кезеңдегі Алаш ұстанымын дәл беретін тұжырым осы еді. Басқаша айтқанда, советтік орталық билік үшін ең маңызды нәрсе – мемлекеттегі саяси биліктің таптық сипаты мен мазмұны болса, Азамат соғысы жағдайында қорғансыз қалған қазақ қоғамы үшін ең маңызды нәрсе – елдің шаруашылығы мен амандығын, империяны жайлаған талан-тараждан аман сақтап қалу еді. Ғ.Бірімжанов тергеушіге осы жағдайды баяндап: «Бұл кездегі үкіметтің (Алашорда үкіметінің – авт.) саясаты елді талан-тараждан, бүліншіліктен сақтау болды, соған байланысты қызылдардың да, орыс-казактардың да қолдарымен күресуге тура келді. Тіптен кейде жасырынарға тесік жоқ әлсіздіктен қайсысының билігі орнай қалса, соның билігін мойындауға тура келді», – деп көрсетті. Осы ретте Азамат соғысы жылдары жас алашордалықтардың өздеріне тиесілі жүгі болғандығы байқалады. Ал жас алашордалықтардың қатарына М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров, Х.Болғанбаев, Д.Әділев және басқаларды жатқызуға болатын еді. Ғ.Бірімжанов та осы қатардан табылды. Ол көрсетуінде: «Алашорданың Торғай ұйымында мен ресми қызметте болған жоқпын, мені үкімет басқа ұйымдармен байланыс орнату үшін немесе олардан қару-жарақ алу үшін түрлі іссапарларға пайдаланды», – деп көрсетеді.
Алашорда үкіметінің тапсырмасы бойынша Ғазымбек ел ішіне шығып, Алаш әскеріне жігіттер жинайды. Жиналған жігіттерді көлікпен, азық-түлікпен қамтамасыз ету қажет. Алашорданың Торғай бөлімі бойынша да бұл жұмыс Ғазымбекке жүктеледі.
Шамамен 1918 жылдың соңына қарай Алашорда үкіметі Ғазымбек Бірімжанов пен Асфендияр Кенжинді адмирал Колчак басқаратын Сібір Үкіметіне іссапарға аттандырады. Мақсат – Алашорданың Сібір үкіметін мойындайтынын білдіріп, сонан соң қару-жарақ және қаржы сұрау еді. Тергеу материалында Ғазымбек осы сапары жөнінде мынадай фактілерді еске алады: «Есімде, мен Қаржы министрі Петровпен сөйлесіп, одан қаржылай көмек сұрай келгенімізді айттым, онымен өзара тіптен қатты сөзге де келістік. Одан соң Министрлер Кеңесінің Төрағасы Вологодскийдің қабылдауында болып, Петровтың үстінен шағым айттым. Осы сапардан сәл ертерек Алашорда Дутовпен байланыс орнатып, одан қару-жарақ және офицерлер алған болатын. Бірақ арада шатақ шығып, біз олардың офицерлерін тұтқындап, олар біздің жігіттерді қамауға алғаны бар. Міне, сол кезде біздің Алаш әскерінде завхоз болып бір офицер жұмыс атқарған, Омбыға келгенімізде сонымен кездесіп қалдық. Біз туралы сол біраз нәрсе жеткізген болу керек, қару-жарақ та, қаржы да ала алмай кейін қайттық».
Ғазымбектің келесі іссапары А.З.Валидовпен байланыс орнатуға байланысты. 1921 жылы Алаш зиялылары Бұхарадағы А.З.Валидовтан кездесуге шақыру хатын алады. Ташкенттегі М.Дулатұлы мен
Х.Досмұхамедұлы жауап ретінде Бұхараға Ғ.Бірімжановты аттандырады. Осы іссапары жөнінде ол мынадай көрсету береді: «Валидовқа мені іссапарға онымен байланыс орнату үшін жіберді. Менімен бірге Мұса Сейдалин аттанды. Бұл – 1919 жылдың басы еді. Мен Валидовпен таныс емес едім, жақыннан Орынборда Ақпан революциясы тұсында көргенім бар. Бұл кезде оның Дутовпен қатынасы күрделі еді».
Өз ретінде А.З.Валидовтың естелігінен осы сапарға байланысты мынадай жолдарды оқимыз: «Біз Бұхараға Алашорда өкілдерін және түрікмен зиялыларын шақырдық… Ақпанда түрікмен адвокаты Қақаджан Бердиев, Алашорданың өкілдері ретінде Хайретдин Болғамбаев, Мұхтар Әуезов, Дінше және тағы екі кісі келді» (З.Валиди Тоган. Воспоминания М., 1997, с. 288). Аттары аталмаған екі кісі Ғ.Бірімжанов пен М.Сейдалин болса керек.
Ғ.Бірімжановты алаштықтардың Ташкенттік орталығының Бұхараға жібергенін Дінмұхамед Әділұлы да растайды: «Көп ұзамай Бұхарадан Ташкентке Бірімжанов та оралды. Ол Валидовпен кездескендерін, оның мықты ұйым құрып алғанын, Бұхарадағы қызметкерлермен жақсы байланысы бар екендігін жеткізді».
Ғазымбек өз көрсетуінде А.З.Валидовтың, сондай-ақ, бүкіл Орта Азия көлемінде бірігу қажеттігі туралы ұсыныс айтқанын жеткізеді.
Ғ.Бірімжановтың ең үлкен іссапары, әрине, Германияға оқуға аттануы еді. Ол 1929 жылғы 8 қаңтардағы көрсетуінде Германияға оқуға өзбектермен бірге қазақ жастарын да жіберу туралы мәселені Ташкенттегі Түркістан Республикасы (Т.Рысқұлов) көтергендігін, бұған дейін Бұхарадан 60 адам жіберілгендігін, бұл жағдайдың қазақтардан да жастарды оқуға жіберуге түрткі салғандығын айтады. Ғазымбекпен бірге 1922-1923 жылдары Түркістан Автономиялық Советтік Республикасы Тұрар Рысқұловтың және Абдулла Рахымбаевтың, сондай-ақ, Бұхара Халық Республикасының басшылары Файзулла Ходжаев және Абдурауф Фитраттың ұсынысымен Мәскеудегі Орталық биліктің келісімін ала отырып, Германияның түрлі оқу орындарына 70-тен астам жастарды жіберу туралы шешім қабылдап, бұл ойларын іске асырады. Бұл шара Бұхара Халық Республикасының Германиядағы мәдениет істері бойынша өкілі Ғалымжан Ыдрысидың басшылығымен жүргізіліп, жіберілген жастардың артынан олардың жағдайымен танысып қайтуға 1922 ж. Ф.Ходжаев, 1923 ж. Т.Рысқұлов, ал кейінгі жылдары Өзбекстанның оқу-ағарту саласының басшылары барады.
Т.Рысқұловтың ұсынысымен Германияға оқуға өзбектермен бірге қазақ жастарын да жіберу туралы шешім қабылданады. Олар төртеу еді: Ғазымбек Бірімжанов, Әбдірахман Мұңайтпасов, Дамулла Битілеуов және Қазыбеков.
Немістер жалпы түркістандықтарды жақсы қабылдайды. Оларға орын бөлген үй иелерінен бастап, оқытушы-профессорларға дейін неміс тілі мен оның мәдениетін, мамандықты игеруге жақсы да қолайлы жағдай туғызады.
Сонымен бірге, бірінші күннен бастап-ақ Германиядағы түркістандық студенттердің төңірегінде түрлі өсек сөздер айтыла бастайды. Түркістандықтар социализмге, Ресейге қарсы пікірдегі еуропалықтардың, әсіресе, М.Шоқай, А.З.Валидов сияқты эмигранттардың ықпалында екен деген мағынадағы.
Міне, осы мазмұндағы сөз қазақ студенттеріне де байланысты айтылады. Оқуларын бітіріп, елге қайтқан жас мамандарды мұнда ОГПУ абақтылары күтіп тұр еді. Оларға ешқандай да негізсіз жалалар жабылды. Мәселен, 1928 жылы алаштық зиялылармен бірге тұтқынға алынған бұрынғы германиялық студенттерге: «Шет елге қашқан Валидовпен және ұлтшыл Мұстафа Шоқаевпен құпия байланыс орнату мақсатында (алашордалықтар – авт.) шет елге оқу үшін деген желеумен іссапарға Бірімжановты, Битілеуовты және Мұңайтпасовты жіберді» деген үкім шығарды.
Ғ.Бірімжановқа бұдан басқа 1919 жылы өзара байланыс орнату үшін Алашорда басшыларының арнайы өкілі ретінде Бұхарадағы А.З.Валидовқа барып қайтты деген де айып таңылды.
Міне, осы жалаға байланысты тергеушіге берген жауабында Ғазымбек 1924 жылы Берлинде А.З.Валидовпен кездескенін, олардың екеуара қатынасында ешқандай да советтік билікке қарсы әрекеттік болмағанын ашық айтады. «Ол жыл бойы бізге жақын маңда тұрды, сонан соң Түркияға кетті. Екеуара болған әңгімеде ылғи да Орта Азия халықтарының тәуелсіздігіне қол жеткізетін әрекеттер жөнінде айтқанды жақсы көретін. Сондай-ақ, эмиграцияда жүрген басқа да халықтардың (украиндық, грузиндік және басқа кавказдық) өкілдері арасындағы іс-әрекеттер туралы да сөз қозғайтын. Олардың дерлік бәрі де орыстық партиялардан іргесін бөлек салып, еркіндікке ұмтылатындықтарын сөз ететін. Ал біздің қазақтарға байланысты реніш білдіріп, орыстанып бара жатқанымызға өкініш білдіретін. Мені, мәселен, түркологиямен айналысуға үгіттейтін. Берлин университетінің жанында Шығыс семинары бар, сол семинарға бір қазақ студентін апарып қосуды армандайтын еді», – деп көрсетеді.
Бұл берілген мәліметтерді ОГПУ тергеушілері, әрине, нағыз антисоветтік көңіл-күйінің көрінісі ретінде бағалады. Ғ.Бірімжанов 1930 ж. 4 сәуіріндегі ОГПУ коллегиясының шешімімен алдымен ату жазасына бұйырылып, бұл шешім он жылдық концлагерьге ауыстырылды. 1937 жылы ол екінші мәрте абақтыға жабылып, бұл жолы қайтып еркіндікке шыға алмай, қырық бір жасында өмірден озды.
Дегенмен, Ғазымбек Қорғамбекұлы да әділетсіз билікке байланысты өз үкімін шығарып үлгірген еді. Ол Бутырка түрмесінде жатып, мәскеулік тергеуші Павловқа берген жауабында мынадай ойды білдірді: «Мен ұлттық негізіме байланысты қазақ ретінде, сондай-ақ, орыстың тәуелділігіндегі құлы ретінде осында абақтыда отырмын. Егер де мен үнді ұлтшылы орнында болсам, онда мені басымнан сипап, арқамнан қағып, күресіме қолдау жасаған болар едіңіздер. Ал әзірге менің өмірім орыс қаламына тәуелді болғандықтан, маған байланысты жасаған қиянаттарыңыздың бәрін де орыс зорлығы, өктемдігі ретінде қабылдаймын, мен, әрине, ұлтшыл болып қала беремін. Бұған қосымша айтарым, 28 жылдан бері абақтыға жабылған күйде мен таза ауаға серуенге шықпағандығым, оқу мүмкіндігімнен айырылғандығым, туған-туыстармен кездесуден шектелгенім, бұл аздай, менен құпия агент жасағылары келгендігін ескерте отырып, бұдан былай жауап беруден бас тартатындығымды жариялаймын». Бұл айтылған ойға түсінік берудің өзі де артық болар еді.
ПІКІРЛЕР1