БОЯУЛАР СЫРЫНА БОЙЛАҒАН СУРЕТКЕР
Өнердің мәні адам жанының терең тұңғиығына бойлап, өзіңді іздеуге, өткеніңді тануға жетелеуімен құнды болса керек. Әсіресе, мың құбылған бояулар адамды қиялдың әлдеқайда алыс көкжиегіне бастап апаратыны шындық. Ақ матаға сәтті түскен жалғыз сызықтың өзінің маңызы ерекше. Ал қаншама жылдық еңбекпен, төзіммен, оған қоса, парасат пен пайымы ұштасқан шебер қолдан шыққан күрделі картиналардың көрерменге беретін ләззаты тіпті бөлек. Кейде жаның құлазып, әлдебір белгісіз нәрселерді аңсайсыз. Сондайда не жақсы бір өлең оқысаңыз, болмаса шебер суретшінің қолынан шыққан сәтті картинаға ұзақ қарап отырсаңыз – жан дүниеңіздегі кірбің тарқап, көкірегіңіз кеңіп сала береді.
Бүгінгі таңдағы өнер туындыларына қарасаңыз – сан мың стильдер шарпысқан, өткен өнер тарихындағы қағидалар мен ережелерді тәркі еткен, өз алдына шым-шытырық әлемге айналған. Бұл сарын әдебиетте де, музыкада да, кескіндеу өнерінде де жетіп-артылады. Алайда, ұлттық өнерімізде Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде сурет өнерінде тарихи тақырыпқа ден қою жиілеген. Тарихи тақырыпты қозғай отырып, қазақи таным мен болмысқа да зер салу басым. Кескіндеменің әдебиет пен музыкадағы жаппай жаңашылдықтан өзгеше тұсы да осында. Бір қарағанда, тіпті қазақы болмыс бұл күнде тек сурет өнерінде ғана қалған секілді көрінеді. Сондай тақырыптарды өте жоғары өреде жазып жүрген суретшілердің бірі һәм бірегейі Камиль Муллашев.Камиль Муллашев Алматының Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітіріп, кейін Мәскеудің В.И.Суриков атындағы көркемсурет институтын оқып тауысқан. Кәсіби суретші болып жас кезінен қалыптасқан. Ол республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көптеген көрмелерге қатысқан. КСРО Суретшілер одағының және Суретшілер академиясының дипломдарымен марапатталған.
Өзіндік стиль мен жаңа жол іздеген суретшінің студент кезінен-ақ атын шығарған «Таң» (1976 жылы жазылған) атты картинасы мен «Жер және уақыт. Қазақстан» триптихі Мәскеудің Мемлекеттік Третьяков галереясына қойылған. Әлемнің әр түкпірінен келген көрермендер көріп, өз бағасын беруде.Әсіресе, «Жер және уақыт. Қазақстан» триптихі кең таралып, үлкен танымалдыққа жеткізді. 1984 жылы Париждегі атақты Гранд-Пале залында кеңестік өнердің 100 шығармасына арналған көрмеде К.Муллашевтің триптихі Франция суретшілер академиясының күміс медаліне ие болды.
Бүгінгі таңда атағы алыстарды шарлаған Камиль Муллашев ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Көркем өнер академиясының академигі, Татарстанның халық суретшісі, Қытайдың Хан-Шан мен Шан-Тао университтерінің құрметті профессоры, Франция Көркемөнер Академиясының лауреаты. Оның салған суреттері АҚШ-та, Мәскеуде, Германияда, Түркияда, Қытайда, тағы да басқа алыс-жақын шетелдерде көрмеге қойылды. Бұл күнде әр жылдары Астана қаласында көрмелері өтіп тұрады. Әсіресе, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен биылғы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған көрмесінің орны ерекше болды. Бұрындары кейде теледидардан, кейде газет пен журналдардан ол кісі туралы оқып-біліп, картиналарының фотокөшірмелерін талай көргеніміз бар. Туындыларынан қазақтың далалық исі аңқып тұрады. Алайда, түпнұсқада тамашалаудың әсері мүлде басқа болып шықты. Мұндағы ғажайып өнер туындылары жаныңызды марқайтып, әлдебір қиялдағы әлемге жетелейді. Суретшінің әр жылдардағы ізденісі әр тарапта өрбіген. Бір шығарма мистикалық кейіпкерлерді елестетсе, бір шығарма реализмнің асқақ биігінен көрініс табады. Ал портреттерінің орны өз алдына. Бояулардың сәйкестігі мен элементтердің нәзіктікпен құрастырылуы тәнті етеді. Қай суретіне қарамаңыз, қазақи түсінікті дөп басып танисыз. Себебі, суретшінің барша жан дүниесі қазақи болмыспен қалыптасқан, қазақи тұрмысқа етене араласқан.
Ол жазған ұлттық тақырыптағы картиналардың «Сүйінбике-ханбике», «Қыпшақ қызы», «Мейірім шуағы», «Халық әндері» картиналары мен «Ақын Сара» портреті өте жоғары бағаланған шығармалардың бірі. Әсіресе, «Ақын Сара» портреті бояулардың дәлдігі мен Ақын Сара бейнесінің аса сәтті жазылуымен құнды. Камильдің тарихи тақырыптағы шығармалары өте жоғары өреде жазылған. Биылғы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Ұлы көш», «Ер Абылай», «Елбасы» атты үш картинасы мағыналық жақтан цикльді шығарма деуге болады. Өйткені, бұл үш картина тұтас қазақ тарихының триптихі іспетті. Әуелі «Ұлы көш» картинасының концепциясы – сонау 550 жыл бұрынғы бабаларымыздың елдікке жасаған алғашқы қадамын бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанмен үндестіре суреттеуімен мәнді. Картинада Керей мен Жәнібек хандар бастаған ұлы көш сонау тарихи шаһарлар Хиуа мен Бұхараны артқа тастап, бүгінгі жас Астанаға беталып келеді. Ортада кәрі тарих – көкшіл таулар мұнартады. Атқа мінген жас болшаққа құс ұшырады – бұл бабалардың ұрпаққа артқан үміті мен келешекке деген сенімінің бейнесі. Бүгінгі ұрпаққа жүктеген тарихи міндет пен ұлы аманат. Сонау көсілген кең дала, бабалар бойындағы ар-намыс пен еркіндікке деген сарқылмайтын құштарлық – бәрі де бізге аманат деп тұр. Қолына найза ұстаған жауынгер – елдік жолындағы соғыспен, арпалыспен өткен бабалар өмірі. Ескі шаһарлар бейнеленген тұстағы қою бұлт Астана бейнеленген тұста ашылып, жарқын аспанды танытады. Суреттің композициялық шешімдері де өте өлшемді, дәл. Кескіндеменің өн бойындағы бояу палитрасының құбылуы да орынды. Көзге жағымды, көңілге қонымды, өте салтанатты туынды.
«Ер Абылай» картинасы тіптен өзгеше. Бұл туынды адамды бірден өзіне тартады. Қатпары қалың ойлы бет-бейнесі мен ұшқыр һәм мағыналы көз жанары ең алдымен назар аудартады. Суретшінің Абылай бейнесін басқа суретшілерден гөрі өзгеше жолмен бейнелегісі келгені байқалады. Және мақсатына жеткен. Хан өзінің жорық шатырында отыр. Қамшыны мытып ұстаған оң қолы – ашу мен қаһардың, мол қайраттың белгісін берсе, тізесінің үстіне жайымен қойған сол қолы сабыр мен келісімге үндеп тұр. От пен судың ортасындағы қазақ тағдырын аман сақтау үшін жасаған ірі саяси қайраткерлігі осылай бейнеленген. Қатар тұрған кітап пен қанжар да – парасат пен күшті қатар қолдана білген әділетшіл Ханның образын аша түседі. Артқы жағында ілінген қалқан мен қасқыр терісін де ұмыт қалдырмауы суретшінің қазақ өміріне аса білгірлігін танытады. Пердесі жартылай ашылған терезеденжауға шапқан қалың қол көрінеді. Ол, әрине, Хан жанарындағы ауыр оймен ұштасқан арпалыспен өткен қанды, күресті қазақ тағдырының суреті. Жалпы, картинадан бар мен жоқтың, өмір мен өлімнің арасындағы қазақ тағдырының Хан бейнесінен тапқан көрінісін танимыз. Картина Абылай бейнесін беру арқылы сол тұстағы қазақ халін тап басып бейнелеуімен құнды.
Үшінші картинадағы Елбасы бейнесі осыған дейінгі Президент портреттерінің ең үздігі дерлік. Картинада Тәуелсіз Қазақстанның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік саясаттағы орны, Тәуелсіздікке еткен еңбегі мен қазақ елін болашаққа жетелеген нық қадамы мен зор сенімі суреттелген. Зер сала қарасаңыз, Президент ант бергенде Ата-заң трибунаның сол жағында тұратыны белгілі, ал мұнда оң жағына шығарылып, Президенттің тұтас тұлғасын түгел көрсеткен. Аяқ басының жерге қалай орнығуы бұл жерде өте маңызды роль ойнаған. Осы арқылы суретші тұлға бойындағы сенім мен қайсарлықты оның тік және аса орнықты тұрысы арқылы шеберлікпен таныта алған. Үш картинаны тұтас алып қарасаңыз – қазақ тарихындағы үш кезең арқылы тұтас тарихтың суреті шығады. Мәңгілік елдікке алғашқы талпыныс, Тәуелсіздік жолындағы арпалыс, еркіндік бақыты мен ел қуанышы, әлемге танылған бүгінгі қазақ елі – ел иесі хандар мен бүгінгі Елбасының бейнелері арқылы тамаша суреттелген. Мұндай сәтті суреттеме Камиль Муллашевтың ғана қолынан келері анық.
Автор өзінің тарихи тақырыптағы туындылары туралы: «Тарихты көп оқу – адамның патриоттық сезімін оятады. Ел басынан өткен небір зұлмат заманды, қоғамның алға басқан әр қадамын, тәу еткен тәуелсіздігіміздің маңдай тер, аққан қанмен келгендігін ұғынамыз… Бостандық үшін неше рет халық бас көтерді, қанша арда азаматтар соғыстарда қаза болды; ашаршылық қанша адамды жалмады; қазақ қалай еркіндікке жетті?! Осының бәрі тарих беттерінде қатталған. Менің туындыларым да ізім қалған қырлар мен сайлардың тарихынан сыр шертеді» дейді. Шынымен де оның әрбір картинасынан қазақ тарихына, қазақ болмысына, Отанға деген ұшан-теңіз сүйіспеншілікті көреміз.
Осыдан-ақ суретшінің еңбекқорлығы танылып тұр. Біз Камильдің ұлты татар болса да қазақ болымысына осынша етенелігіне, қазақ еліне деген осынша мол махаббатына тәнтіміз. Ол қалай да қазақ елінің төрінде жоғары құрметке бөленуге қақылы және тиісті. Саналы ғұмырында қазақ тұрмысын, тарихын жырлап, Тәуелсіз еліміздің өнеріне өшпес қолтаңбасын қалдырып келе жатқан хас суретшінің мәртебелі бәйгеге қосып отырған үздік туындылары Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты деп білеміз.
Есбол НҰРАХМЕТ,
Сәкен Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері.