Саудагерден суреткер, тауардан өнер туындысы жеңілмеуі керек
Әр заманның өзіндік келбеті, өзіндік мазмұны болады. Дәуірлер көшіп, ғасырлар алмасқанда адамзаттың өнерге деген талғамы да өзгеретіні анық. Бүгінгі көркем сөздің көрінісі қандай? Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті өз үдесінен шыға алып жатыр ма? Бұл сұрақтарды белгілі қаламгерлер мен әдебиеттанушы, публицистерге қойып көрдік.
Көркем әдебиетте Алаш қайраткерлерінің бейнесі көрінбей келеді
«Қ.Ә.»: Кейінгі 30 жылда жазылған прозалық шығармалар қандай сипат алды? Жазушылар не жазды?
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ: «Нарықтық қатынасқа көшуіміз мұң екен, қалың жұрт кітап оқуды қойды. Рухани жұтаңдық ұлтты жұтатын болды. Жиырмасыншы ғасырдың аяғы көркем әдебиеттің жаназасын шығарудың аз-ақ алдында тұр…» Саналы өмірінде соцреализмнің сойылын соғып келген жазушылар отряды қапелімде шығарма жазудың жаңа сүрлеуін салудың орнына салы суға кетіп, сарсаңкесекке түскен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары осындай әңгімелерден құлақ тұнатын. Бір жағынан бұл байбаламның баянсыз тірлік екенін құдайдан қорқатын қаламгерлердің біразы түсінді: «Жазушылық стихияны таңдап алған екенсің, қиын кезде де жауапкершіліктен қашып құтылуға құқың жоқ».
Шынында да, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ жазушыларының тосылыңқырап қалғаны рас. Өйткені бір формациядан екінші формацияға ауысқан кезде баяғы социализм заманында бір ізге түсіп алып, социализмді жырлаған көркем шығармалар өзінің актуалдылығын жоғалтты. Осы өліара шақта қаламгерлер абдырап қалды. Жаңа заманның тыныс-тіршілігін, халықтың өмірін кестелеу қиындау болды. Бірақ «үлкен пышақ ұялғанынан өтеді» дегендей, Әбдіжәмил Нұрпейісов ағама риза болдым тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол кісі өзінің «Соңғы парыз» дилогиясымен қазақ жазушыларына дем берді. Осы ғасырдың басында, менің ойымша, Төлен Әбдік ағамыздың «Парасат майданы» повесі де ғажап жазылды. Бұл – тамаша философияға құрылған, қазіргі адамның жандүниесін терең зерттеген шығарма. Психикалық әңгімеден «двухличиенің» табиғатын ашқан хикаятқа дейінгі жолда ол бізді дұрыс ойлауға үйретті. Өркениеттің басты міндеті – ойлануға үйрету екенін тағы да бір еске алсақ, онда біз ағамызға алғыс айтуымыз керек. Жазушы адамның осы ішкі және сыртқы қасиеттерін өте әдемі ашып көрсетті.
Меніңше, осы екі ғажап шығармадан кейін қазақ жазушылары өндіре жұмыс істей бастады. Тағы бір ерекше тоқтала кететін жазушы Рахымжан Отарбаев дер едім. Ол тәуелсіздік жылдарында қазақ прозасының дамуына зор үлес қосып кетті, ұлттық шығармаларды әлемдік деңгейге көтеруге ұмтылды. Қай тақырыпта жазған туындылары болсын, оқырмандарды дүр сілкіндірді.
Дидар АМАНТАЙ: Иә, Тәуелсіздік таңы атқалы кешегі жалынды тақырып (революциялық) өзгерді, жалған құндылықтар (әлемді өрт шарпуы, жұмысшы табы үстемдігі) күн тәртібінен түсті, оның орнына қазақтың өткені мен қазіргі жағдайын һәм келешегін баяндайтын жаңа шығармалар дүниеге келді. Жүзге тарта роман жарық көрді. Бұл – жақсы меже.
Шығармашылық жастар қатары көбейді. Бәрі – белсенді, оқыған-тоқыған, ізденімпаз жұрт. Бірде: «Қанат Тілеухан, Серік Сағынтай, Алмас Мырзахмет сынды жазушылардың шығармашылығынан да олардың өздеріне тән қолтаңбасы анық сезіледі. Маған Бақытбек Қадырдың ізденісі, талпынысы қатты ұнайды. Оның әр жазған әңгімелерінен өсу, жаңару, түлеу үрдісі байқалады. Алмаз Мырзахмет, Есбол Нұрахмет, Әлішер Рахат сынды жастардың алғырлығы, еңбекшілдігі құптарлық нәрсе», – деп айтқаным бар. Әсілінде, мен жастар шығармашылығы туралы көп жаздым. Бәрін жинап, бір кітапқа енгізіп, баспадан шығарсам деген ойым бар.
Таяуда бір жаңалық аштым: көсемсөз иесі деп жүрген Сәкен Сыбанбай дарынды жазушы боп шықты. Әңгімелері ұнады. Тынысы кең, детальға ұқыпты, сөзге бай автор. Дәл жазады. Дәурен Қуатты әдеби орта бірден мойындады. Ол күш салған жоқ: келді, көрді, жеңді.
Жастар шығармашылығы жанр тұрғысынан ғана емес, форма тұрғысынан да әртүрлі. Бұл қазақ прозасы мен поэзиясы тақырыбын қалтқысыз тапқанын білдіреді. Кейде мазмұн жаңа форманы талап етеді, кейде форма жаңа мазмұн іздейді.
Біздің басты тақырыбымыз – Тәуелсіздік. Басқа тақырыптар басты тақырып аясында өрбиді. Бұл қастерлі ұғым – әр қазақ үшін қастерлі.
Айгүл ҮСЕН: Ұлт руханияты дамуының 30 жылы, рухани-интеллектуалды дамудың 30 жылы өтті. Отыз жылдық ұзақ та бұралаңға толы жолымызда тоқтап, артқа қарасақ, не көреміз, не ұғамыз? Әдебиет – қоғаммен тығыз сабақтасқан өнер. Оның негізінде адам мен қоғам тағдыры жатыр. Қоғамды толық танып, жүрегінің соғысын түсіну үшін, тамырының бүлкілін біліп, сезімін сезінуде әдебиетке тең келер не бар? Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетіміз қоғамымыздың айнасы болып, оның тынысын сездіре алды ма? Отыз жыл бойы мемлекеттігіміз қалыптасып бітпей, тәуелсіздігімізді толық ала алмай, ұлттық мәселерде ұтылып жатқанымыз анық. Бүгініміз буалдырланып, анық бедерленіп болмағандықтан, шешілмеген мәселелердің молдығынан жаңа заман туралы жазылған дүниелер де – түсініксіз, бітпегендей, тиянақталмағандай әсер қалдырады.
Тәуелсіздік өткен тарихымызды тың көзқараспен танып, оның ашылмай, жасырын жатқан беттеріне сәуле түсіріп, жаңаша саралауға мүмкіндік бергендіктен, қаламгерлердің көбінің шығармашылығы сол бағытта өрбіді. Оның негізгі мақсаты – ұлттық идентификациялауда тамырды табуға, ұлттың өзінің кім екенін тануға жол ашу. Қ.Жұмаділов, С.Сматаев, Ұ.Доспанбетов, Т.Зекенұлы, Ж.Ахмади, Д.Исабеков, С.Елубай, Д.Рамазан, И.Нұрахмет сынды жазушылардың қазақ тарихындағы тарихи тұлғалар мен ірі оқиғалардың көркем шындығын жасап, оған қазіргі заман тұрғысынан көз салып, зерделеуі елдің өткені үшін ғана емес, бүгіні мен болашағы үшін де зор маңызға ие. Тарихсыз ел – тамырсыз ел. Ал Еуразия құрлығын билеген түркі халықтарының тамыры мықты, терең екендігін ойласақ, оның түбіне бойлау – бүгінгі әдебиеттің үлкен жетістіктерінің бірі. Бұл авторлардың шығармалары қазақ тарихының түрлі кезеңдерін қамти отырып, тарих оқулықтарында айтылмайтын ақиқатты жеткізе білуімен құнды. Тарихтағы зобалаң, нәубеттердің, яғни ашаршылық, басқыншылық соғыстар, асыра сілтеу сияқты трагедиялардың шындығы айтылғанмен, оны насихаттау, жастарға таныту жағы жетілмей жатқаны өкінішті.
Бүгінгі таңда қазақ мемлекеттігінің идеологиялық негізі болып отырған Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне сәуле түсіретін көркем шығармалар жазылуы керек. Олардың адами және шығармашылық тұлғалары әдебиеттануда, жалпы қоғамдық ғылымдарда айналымға кеңінен енгенімен, көркем әдебиетте орындары ойсырап тұр. Қайраткерлер туралы сериал, көркем фильмдерді көпшілік жылы қабылдап жатқаны қуантады. Сондай-ақ ол тұлғалардың тағдыры көркем шығармалардан да көрінетін болса, оқырманды әдебиетке жақындатып, қызығушылығын тудырарына сенімдімін.
Біздің әдебиет – дербес әдебиет
«Қ.Ә.»: Қазақ прозасы қайда бет алып барады?
Айгүл ҮСЕН: Қазіргі оқырман әдебиеттен өзінің, өз замандастары мен кезеңінің, қоғамының келбетін іздейді. Өткен ғасырдың әдебиеті арқылы сол кезеңнің шындығын, тынысын жете білдік. Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Мұртаза, О.Бөкей, Ә.Кекілбаев, т.б. қаламгерлер өз уақытын толық бедерлеп, шығармаларында дәуірдің біртұтас келбетін көрсете алды. Бізге сол қаламгерлердің реалистік принциптері жетіспей жатыр. Қазіргі заманның кейіпкері кім? Осы сұраққа мынау деп көрсете қоятын жарқын образдар әлі тумады десек, артық айтқандық емес. Б.Майлиннің Мырқымбайы, Құрымбайы, М.Әуезовтің Ғазизасы, Ақаны, Ғайшасы, Сыздығы, О.Бөкейдің Ардағы, Жасыны, Еркіні сол сияқты тұтас дәуірдің сипатын, ерекшелігін бойына жинақтаған көркем бейнелер жасау қажет. Қазіргі уақыт – күрделі де қызық. Адамдар арасы – сюжетке, алуан оқиғаларға толы. Неге қазір шығармашылық белсенділік төмендеп кетті? Жас жазушылардың шығармашылық туралы сауалдарға жауаптарын оқып көңілім түсті. Барлығының кесек шығарма жазуға ниеті бар болғанымен, нақты әрекетке баруға тәуекелдері жетпейтінін ұқтым. Кей шығармашылық иелері мен ғылым өкілдерінің: «Жағдайымыз төмен, мүмкіндігіміз шектеулі», – деген уәждері ойландырады. Өзіміз өнеге тұтатын ХХ ғасырдағы әдебиет, ғылым өкілдері тұрмыстың ауырлығына, биліктің шектеп тастаған қиянатына қарамай жанкештілікпен еңбек еткенін біле тұра, осындай уәж айту орынсыз сияқты.
Жазушы Т.Нұрмағанбетов, Т.Мәмесейіт, Д.Рамазан, А.Кемелбай, С.Досжанова, К.Әлпейісова, Ұ.Нұрғалым, Ы.Дәбей, Д.Қуат, А.Мантай шығармаларынан заманауи бейнелерді танып, өз уақытымыз бен кеңістігімізді түсіне аламыз. Жаңа заманның қоғамдық-әлеуметтік дамуын көркем бейнелер арқылы сомдауды, олардың психологиялық, дүниетанымдық ерекшеліктерін, болмысындағы уақыт бедерін аталған қаламгерлердің шығармалары тереңнен танытады.
Қазіргі әлемдік әдебиетте өнердің, оның ішінде әдебиеттің қызметі қоғамды тәрбиелеу екендігі ұмытылып барады. Адамшылық пен эстетикалық үйлесімділікті насихаттайтын өнер туындысы ғана – жасампаз. Қазіргі классикалық әдебиетте қазақ әдебиеті осы бір негізгі ұстанымынан айныған жоқ. Абай, Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Мұқағали, Мұхтар өлеңдеріндегі адамзатқа, ұлтқа, жеке адамға деген құрмет, махаббат, жанашырлық баурап алады. Ал қазіргі поэзияда жеке бастың мұңы басым сияқты. Сондықтан көпшілік қазіргі поэзияны, заманауи ақындарды тани бермейді, іздемейді. Поэзияда дарашылдық сипат алып барады.
Қазіргі кезең әдебиеті өткен ғасырдағы әдебиеттің деңгейіне жете алмады деп ойлаймын. Ол уақыт кеңестік түрменің құрсауында болса да, сөз өнерінің «алтын ғасыры» (академик Р.Нұрғалидың бағасы) болды. Заманауи әдеби дамудың кенжелеп қалуының себебін тұрмыстық қиындықтан іздеу жеткіліксіз. Менің ойымша, оның басты себебі – ізденістің аздығы.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ: Меніңше, қазіргі қазақ прозасы жанданып келе жатыр деп айтуға толықтай негіз бар. Өзім оқығандардың қатарында Тәуелсіздіктің отыз жылында әртүрлі тақырыптарға өндіре қалам тартқандар жеткілікті. Қазақ жазушыларының әсіресе тарихи тақырыптарды көп қозғағанын өте құптаймын. Себебі бұған дейін бұл санаттағы романдар аз жазылды. Ұлтымыздың жекелеген тарихи тұлғаларына арналған романдар тіптен жоқтың қасы еді. 2012 жылы жарыққа шыққан Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романы кейінгі кездегі тарихи романдардың жазылуына ерекше серпіліс берді деп ойлаймын. Өзгелерді айтпағанда, жақында ғана Марат Мәжитов «Хақназар» атты романын аяқтаса, Мәди Айымбетов «Бопай ханым» романын жазып шықты.
Тарихи тақырыптан бөлек, бүгінгі қазақтың тіршілігін бейнелейтін шығармалар да дүниеге келе бастады. Осы орайда, Тұрысбек Сәукетаевтың романдарын айрықша атар едім. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің отыз жылында өндіріп жазып, күн тәртібінде тұрған мәселелерді көркем шындыққа айналдырған Мұхтар Мағауин, Тынымбай Нұрмағанбетов, Жұмабай Шаштайұлы, Жолтай Жұматұлы, Қуаныш Жиенбай, Жүсіпбек Қорғасбек, Дәурен Қуат, Қуандық Түменбай сияқты жазушыларымызды айтқым келеді.
Көркем шығарма қалай жазылуы керек екенін «Қылмыс пен жаза» романының кейіпкері Раскольников: «Кто я в этой вселенской системе отсчета: тварь дрожащая или право имею?» – деп баяғыда айтып кеткен. Мына өмірге не үшін келдік? Жалған дүниеде қалтырап күн кешу үшін бе? Әлде Жаратқанның сыйлаған әрбір жарық таңын жадырап қарсы алу үшін бе? Миссиямыз не? Міне, қазақ жазушылары алдағы уақытта осы әдеби постулаттың төңірегінде еңбек етсе, қазақ прозасын әлемдік деңгейге көтеруге болады деп ойлаймын. Шынында да, енді қазақ жазушылары адамзаттың алдында тұрған мәңгілік сұрақтарға жауап іздегені дұрыс.
Міне, қазақ жазушылары алдағы уақытта осы әдеби постулаттың төңірегінде еңбек етсе, қазақ прозасын әлемдік деңгейге көтеруге болады. Менің түсінігімде жазушы мен оқырманның арасында үлкен гармония орнауы керек. Қаламгер өзінің жылуын оқырманға, ал оқырман жан жылуын жазушыға бере білсе, әдебиетіміз де қарыштап дами түсетіні хақ.
Дидар АМАНТАЙ: Жас қазақ прозасы бізді табысқа жетелеп келе жатқанын мәлімдейді. Ақтығында, біздің әдебиет – дербес әдебиет. Өмір сүруіне, өркендеп дамуына өзге күштің, бөтен өнердің қажеті жоқ. Бізге аға әдебиеттің керегі шамалы. Кіші әдебиет те бола алмаймыз. Кез келген әдебиетпен терезесі тең «сөйлесе» аламыз. Әсіресе жастардың аяқалысы қуантады. Әрине, шетел авторларын көп оқу керек, үйренетін тұстарынан бас тартпаймыз, алайда өзара ықпалдастықта қазақ әдебиеті өз дербестігін, тәуелсіздігін және ерекшелігін сақтап қалуға тиіс. Ел тәуелсіздігі әдебиет-өнердің, тіпті мәдениетіміздің кепілі. Сол сияқты тәуелсіз өнер-мәдениет те ұлттың рухын көтеріп, мәңгі өмір сүретініне кепіл. Бір-бірінің ғұмырына сүйеніш, тірек, кепіл – ұлы күштер. Десе де бұл жағдай әдебиет еркіндігіне қылаудай қиянат жасамауға тиіс.
Шығармашылық адамы көпеске айналды
«Қ.Ә.»: Қай жазушының шығармасы Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің мазмұнын айқындап бере алды? (алады)
Дидар АМАНТАЙ: Отыз жыл ішінде жүзге тарта роман жарық көрді дедік. Күллі шығарма ұлтқа қызмет етеді. Бейсауат шығарма жоқ. Кездейсоқ көркем туындының ғұмыры – келте. Мен бәрінің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, бірақ Ырысбек Дәбейдің «Қоңыз» романы сіз айтқан атаққа лайық деп ойлаймын.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ: Әдебиет бір күндік немесе бір жылдық, оны айтасыз, бір ғасырлық деген шектеулерге әсте көнбейді. Өйткені уақытты алға сүйреп келе жатқан да, адам мен кеңістіктің үйлесім табуына үлес қосатын да ең алдымен – әдебиет. Адамзат өзінің даму сатысында жаңа бір өнерді ойлап табуы мүмкін. Солай болған күннің өзінде де ол алдыңғы өркениеттің үлгілеріне міндетті түрде арқа сүйейтіні анық. Неге, біз Лев Толстой мен Мұхтар Әуезовтің шығармаларына қайта айналып соға береміз? Классиканың ғажап құдіреті оның қай дәуірде де өзінің өзектілігі мен заманауилығын жоғалтпайтындығында жатыр.
Құдайға шүкір, қазақта Маркестен кем түспейтін жазушы жетерлік. Шеберлігі өз алдына, білімдарлық пен ойлылық сияқты қасиеттері логикалық жолымен сындарлыққа әкелген Әкім Тарази, шежіреміздің шерлі топырағында көмулі жатқан тұлғамызды да, қазақтың қолданылудан қалып бара жатқан сирек сөздерін де тірілтіп кеткен Қажығали Мұханбетқалиұлы, жатыпатар пәлсапасының өзімен-ақ елдің бәрін үркітіп біткен интеллектуал, талантын кісілерге көрсетуге тірісінде мойны жар бермей өткен ардақтымыз Асқар Сүлейменов, әңгімелерінің өзімен-ақ табантірек нүктесін тауып алғандай әлемді төңкеріп кете жаздаған Рақымжан Отарбаев… Бұл тізімді ары қарай ұялмай соза беруге болады.
Кейде осы асылдарымыздың шығармалары әлемдік өркениетке қосыла алмай жатқанына қарным ашады. Абайдың кезінде «дүниенің кілті – орыста» болғаны рас. Ал қазір дүниенің кілті ағылшында екенін мойындамасқа амал жоқ. Осы тұрғыда біз көзінің тірісінде шығармаларын ағылшын тіліне аударып, АҚШ-та тұсаукесерін өткізген Әбдіжамил Нұрпейісовтен үлгі алуымыз керек. Осы үрдісті жалғастырған Дулат Исабековтің тірлігіне ұмтылуымыз қажет. Өзім жақсы көретін Дулат ағамның талантты шығармалары шетел оқырмандарына жеткеніне қатты қуандым. Жас жазушыларымыз жазуды да, өнімін жарнамалауды да дәл осы Дулат ағамнан үйренсе деймін.
Айгүл ҮСЕН: Жақсы шығарма оқырманын табады, сондықтан кітап оқымайды деп көпшілікті айыптау – жаңсақ пікір. Әлі күнге дейін, 30 жыл өтсе де, еліміздегі қат-қабат проблемалардың көркем шығармада жеткілікті көрінбеуін әдебиеттегі дағдарыс деп бағалау керек. Өте өзекті, отыз жыл бойы ел назарынан тыс қалмаған тіл проблемасы туралы шығарма бар ма? Қазақ тілінің ауыр ахуалы арқылы ұлт трагедиясы неге айтылмайды? Қазіргі жаһандану кезеңінде руханиятымызға үлкен қауіп – жас ұрпақ ұлт авторларының кітабынан гөрі шетелдік, нақтылай айтсақ, ағылшын, жапон, Еуропа шығармаларын көп оқитындығы. Оқырманның шығармадан іздейтіні – адамзат туралы, қоғам туралы шындық. Шындықты айта білген шығарма жүректен орын алатынына сенімдімін. Біздің қаламгерлерге сондай батылдық, ашықтық, принципшілдік, шығармашылыққа берілгендік керек. Оның үлгісін шетелден іздемей-ақ, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Б.Майлин, Ш.Мұртаза, О.Бөкей, Ә.Кекілбаев, Д.Исабеков, Т.Әбдіков шығармаларынан табуға болады. Биыл 150 жылдығын өткізіп жатқан кемел тұлға А.Байтұрсынұлының «Жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген ғажап қағидасына сай еңбек еткен қаламгер еш ұтылмайды. Атақ, марапат, қызмет, дүние нағыз шығармашыл адамды бағытынан тайдыра алмайды. Қазір сондай бір өнерге шексіз берілгендік, сүйіспеншілік, фанатизм көрінбейді. Заманауи шығармашылық адамы өнімін сататын, пайда табуды көздейтін көпеске, шығарма тауарға айналды. Саудагерден суреткер, тауардан саф өнер туындысы жеңілмеуі керек. Оқырман өз интеллектуалдық деңгейіне, эстетикалық талғамына сай рухани азық іздейді. Өкінішке қарай, біздің рухани кеңістігімізді тауар деңгейіндегі кинолар, сериалдар басып қалды. Ал шынайы өнер туындысын іздейтін тұтынушыларды толық қанағаттандырмағандықтан, олар шетелдік өнер туындыларын азық етуде. Қазіргі кезең жас қаламгерлеріне ХХ ғасыр басындағы руханият өкілдеріндей ізденімпаздық, еңбекқорлық, сүйіспеншілік, жанкештілік, өзіне сенім керек.
Әдеби басылымдарда, сайттарда модернизм, постмодернизм мәселесі көп талқыланады. Бұл – заңды да. Осы бір өте қызық әрі күрделі тақырыпты талқылау барысында негізінен шетелдік авторларға иек артылып, өзімізден саусақпен санарлықтай ғана шығармалар аталады. Қазіргі кезеңде қоғамымыз, тұрмысымыз, әрекетіміз тұнып тұрған постмодернизм, яғни алогизм, абсурд жайлар адамның өмір сүру қалпына айналды. Осы өмір шындығын көркем шындыққа айналдыруда белсенділік, мүмкін шеберлік жетпей ме, жаңа үрдістегі шығармалар жоқтың қасы.
Мені жастар шығармашылығының поэзия жанрындағы ізденістері сүйсінтеді, ал проза жанрында кемшіліктер бар. Жас ақындардың еркін өлеңдерді меңгерудегі жетістігі, яғни верлибрлер жазудағы шеберлігі айтуға тұрарлық. Ал проза жанрында жаңа тұрпатты шығармаларды оқығанда тілдік-стильдік кемшіліктер, композициалық-сюжеттік жүйесін жетілдіру керектігі анық байқалады. Жеке адамның тұңғиық әлемінен шығып, қоғам ортасына, әлеуметтің ортасындағы өзекті мәселелерді көрсететін, қомақты дүниелер жазылатын уақыт жетті. Әлемдік классик жазушылардың шығармаларын оқу, үйрену, аудару, олармен диалог орнату арқылы даму барлық халықтың, шығармашылық тұлғаның өсу жолы. Ұлы Абай Батыс пен Шығысты оқып, үйреніп, аударып, ой жалғастығы, шығармашылық диалог орнатпаса, әдебиетке реформа жасалар ма еді? Өркениеттің дамуының шарты – ашықтық, ізденіс, қызығушылық, сенім. Осы факторларды иеленген талант иесі өзінің шығармашылық келбетін тауып қана қоймай, уақытпен, кеңістікпен үйлеседі.
Қорыта айтқанда, отыз жылдық әдебиетіміз тарихымыздың беттерін түгендеуде үлкен жетістіктерге жетті. Әйтсе де ХХ ғасыр басындағы күрделі саяси оқиғалар мен тұлғалардың қызметіне жаңаша баға беруде, көркем шындығын жасауда тәуекелге бармай отыр. Әйтпесе сол кезеңнің тарихи құжаттары сақталған әрі қолжетімді. Тек тәуекел етіп, көркем шындығын жасау жаңа әдебиеттің негізгі бағыттарының бірі болғаны жөн. Өйткені оның жас ұрпаққа беретін өнегесі мен үлгісі мол. Әдебиетте, өнерде саяси-тарихи тақырыптарға батыл барып, маңызды оқиғалар мен тарихи тұлғаларға ұлттық мүдде тұрғысынан баға берілгені жөн.
Қазіргі кезеңнің өзекті мәселелеріне дер кезінде үн қосып, себеп-салдарын ашып түсіндіріп, дұрыс жол нұсқайтындай қоғамдық-әлеуметтік салмақты дүниелер жазылу кезек күттірмейді. Рухани кеңістік бос болмауы керек. Оның бос орнын хаос, регресс, жат кертартпа идеялар, өзге елдердің рухани ұстанымдары басуы мүмкін. Ұлттық құндылықтарды, ұлттық болмыс пен дүниетанымды, ата-баба жолын, үлгісін насихаттап, ұрпақ санасына сіңіретін және заманауи трендтерді де меңгерген, оның сапаларын жинақтаған әдебиет, өнер саласы әрқашан шамшырақ болып, ұрпақты адастырмай, қуатты мемлекет, рухани мықты ел болуға жол ашады. Өнер адамдары, суреткерлер, ақын-жазушы, драматургтер өткен кезең үшін, бүгін үшін, болашақ үшін жауапты екенін ұмытпауға тиіс.
«Алқа» жиынын ұйымдастырған Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА