ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАЗАҚҚА ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАДІРЛІ
Ширек ғасыр бұрын егемен ел болдық деп әулиеге ат айттық, қорасанға қой айттық. «Қазақ енді ел болады» деп бөркімізді аспанға аттық. Осы уақыттың ішінде тәуелсіздікті сезіну өлшемі немен белгіленетініне көп алаңдай қоймадық. Енді қарасақ, арамызда кеңестік жүйені көксеп, қайта орнауына тілекші болып жүрген қандастарымыз да баршылық екен. Қазаққа білім-ғылымды үйреткен, қазақтың көзін ашқан орыс деп санайтын бауырларымызға қарсы уәж айту да оңай емес. «Бабаларымыз тау мен тасты көшіп қонып қараңғы күн кешкен. Ресейге қосылмағанда бізге өркениет қайдан келсін?», – деп көкитін оларға тәуелсіздіктің құны көк тиын секілді көрінеді кейде. Осындай келеңсіздіктерге қалай жол беріп алдық? Неге әлі күнге қазақ қоғамындағы індеттерге қарсы иммунитет қалыптастыра алмай келеміз? Уақыт сынына шыдас беретін табандылық қазаққа енді қанша уақыт серік болады? Сананы сан саққа жүгіртетін алуан сұрақ бар. Солардың бір парасына бүгінгі «Дөңгелек үстелімізде» жауап іздеп көрмекпіз.
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері
ТӘУЕЛСІЗДІКТІ БАЯНДЫ ЕТУДІҢ ТЕТІГІ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА
Қазіргі таңда совет кезіндегі кейбір көріністерді айтып, оның бәрін артықшылыққа балайтындар бар. «Жұмыссыздық атаулы жоқ еді», «жоғары білім алу тегін болатын» дегендей бірқатар әлеуметтік саланың артықшылығы үшін қазіргі тәуелсіздікті сатып жіберсек, «ит тойған жеріне» дегеннің кері келмей ме?!
Негізінен ондай әңгімелерді жиі қозғап, ностальгияға тым берілетіндер шын мәнінде, отарлықты емес, өздерінің жастық дәурендерін сағынып еске алып жатқандарын аңғармайтын да секілді. Бірақ сол совет қоғамында Батыс елдеріне ресми сапармен барған жауапты тұлғаларының өзі сауда орындарын аралап дефицит тауарлар іздеп кететін еді ғой. Советтіктер өз дүкендерінен іздеген тауарларын ақшаға сатып алуға таба алмайтын. Мәскеудің қара базарында біреудің үстіндегі былғары курткасы мен бұтындағы джинсы шалбарын пышақ оқтап тұрып шешіп алатын тонаушылар болған. Батыстың тауары үшін кісі өлтіруге дейін баратын. Қазіргі жастарға айтсаң, аңыз-әпсана естігендей сенбейді. Ал қазақ жерін шикізат базасына, тіпті ядролық қаруды тексеретін сынақ алаңына айналдырды емес пе?!
Адам ағзасы үшін жүрек пен ми қаншалықты керек болса, ел-жұрт үшін мемлекетінің тәуелсіздігі мен азаматтарының жеке басының бостандығы соншалықты маңызды болмақ. Абай меңзеген «толық адам» болудың іргетасы еркіндік болса, мемлекеттің ел болып тұруы үшін тәуелсіз дербестігі бәрінен қымбат. Адам мен мемлекет арасындағы сабақтастық деген мәселенің өзі осыдан туындайды.
Ежелгі грек ойшылдарынан бастап, талай дәуірдің ғұлама ғалымдары мемлекет тәуелсіздігіне сипаттама бергенде оны жеке адамның өмірлік мақсатынан бөліп қарамаған. Аристотельге жүгінсек, адам баласының табиғи тума сипатының өзі көпшілдігі мен ұжымшылдығы, яғни ол қоғамдық ортада өмір сүруге ғана лайықталған. Жалпы, бәріміздің пешенемізге жазылғаны – ұжымдасып, қауымдасып ғұмыр кешу. Сонда ғана бақытты бола аламыз. Адам жалғыз жүріп өзінің ең қарапайым қажеттіліктерінің өзін өтей алмайды. Сол себептен де, отбасын құрады. Отбасының қолынан келмейтінін ауыл-аймағы, ұжымы береді. Олардың да қолдарынан келмейтінін елі, мемлекеті өтейді. Олай болса, мемлекеттің құрылуының өзі табиғи заңдылық емес пе.
Аталмыш заңдылықтар жүзеге асырылғанда, ауыл-аймақ шеңберінен асып, тіл-діл, салт-дәстүр секілді ортақ құндылықтармен қатар, ұлттық мақсат-мүдде туындайды. Мемлекетті әскери қару-жарақтың күшімен де құрып, азаматтардың басын күшпен біріктіруге болады. Бірақ оның жүзеге асуы күш қолданумен, бостандықты шектеумен, ұлттық мүддені аяққа таптаумен жүрілетіндігіне қазақ халқы үш ғасырға жуық уақытта әбден көз жеткізді. Сондықтан тәуелсіздіктің бағасын білуге тиіспіз.
«Тарихын білмеген адам орманда адасқан маймылмен тең» демекші, мәдени мұрамыз бен төл тарихымызды жетік білгенде ғана тәуелсіздіктің құнын сезіп, бағалай аламыз. Тәуелсіз дербес ел болудың басты өлшемі өз жерінің шекаралық аумағының біртұтастығын көздің қарашығындай сақтау болса керек.
Егер шекара берік болмаса, мемлекет тарихын, ұлттық мәдениетін, салт-санасын көрші елдер лайлап құрдымға жібереді. Сондықтан ел шекарасын әлдебір одақтың әскері емес, өз ұлтымыздың жауынгерлерінің күзетуі тәуелсіздікті баянды етудің тағы бір елеулі кепілі деп білемін.
Тәуелсіздік деген ұғымның өзі ең алдымен мемлекеттің жеке дара ел ретінде қалыптасуымен тығыз сабақтасатындықтан, саяси жағынан дербес әрі өзгеге кіріптар болмауы тиіс. Өз азаматтарының құқығын толықтай қорғай алатын және саяси-экономикалық және құқықтық жағынан кепілдендірілген болғаны абзал. Ұлттық жазуы мен тіліне, мемлекеттік дәстүріне, халқының ортақ мүддесіне адал үкіметі болғанда ғана тәуелсіздікті толықтай баянды етуге болады. Ал әркімге бір жалтақтаған, өзіндік тиянақты позициясы жоқ, шет жұрттан бірдемені байқап қалса, бәрін көзсіз көшіруге дайын тұратын үкіметі мен шенеунігі көп болса, ондай тәуелсіздіктің болашағы бұлыңғыр.
Айналып келгенде, тәуелсіздікті баянды етудің, оны кепілдендірудің басты тетігі өз қолымызда. Ол үшін әлемдік қауымдастықпен екіжақты пайдалы әрі тең дәрежеде қарым-қатынас жасау, кез келген жағдайда ұлттық мүддені ештеңеге айырбастамау, сатпау, жемқорлықтан, парақорлықтан аулақ болу.
Ел тәуелсіздігіне қатысты игілік те, тарихи жауапкершілік те әр кезде билік тізгінін ұстаған лауазымдылар мен шешім шығарушыларға жүктеледі. Олардың өз тарихи міндеттерін қалай атқаруына сай еліміздің тәуелсіздігі мен оның мән-мағынасы айқындалмақ.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
тарихшы
ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ӨТЕ НАШАР
Біз тәуелсіздікті қалай сезініп жүрміз? Тәуелсіздік, азаттық, егемендік ұғымдарының мәнін дұрыс түсіне алдық па деген сауалға келсек, біз тәуелсіздікті толығымен дұрыс сезініп жүрген жоқпыз және дұрыс түсіне алмадық. Себептері: Біріншіден, қазақ еліне Ресейдің ақпарат шабуылы күшті. Ресейдің азаматтары телевизиясынан қандай идеологилық және психологиялық әсер алса, қазақ қоғамы да дәл сондай әсерде болады. Бір мысал айтайын. Жуырда орыс телевизиясына құмар отыз жастағы азаматпен сөйлестім. Байқоңырда қазақ мектебін бітірген тап-тамаша қазақтың жігіті: «Біз Ресейсіз өмір сүре алмаймыз. Біз оларсыз құримыз», – дейді. Мен оған: «Мен жиырма жыл бұрын Ресейдің Омбы жағында жүріп орыс саясаткерлерінен осы әңгімені естіп едім. Олар: «Біздің, яғни орыстың сантехниктері Қазақстаннан кетіп қалса, қолынан ештеме келмейтін қазақтардың шаруасы бітеді», – деп еді. Мен оларға қазақ егеменді ел бола алатынын дәлелдеп баққанмын. Қазір сантехниктердің көбі қазақтар. Саған басқа қандай дәлел керек?!», – деп әлгі жігітті ұялттым. Сонда байқағаным, ол жігіт бүкіл ақпаратты орыс каналдарынан алады екен. Санасы әбден уланған. Қазір біреулер «референдум» жасауға елімізге кіріп кетсе, осындай намыссыз жерлестеріміз қазақтың егемендігіне дауыс бермейді. Осылардың бетін бері қаратуға күш салу керек. Екіншіден, бізде идеология өте нашар жағдайда. Елімізде қарапайым халықпен кім және қалай жұмыс жасап жүргенін мен бүгінге дейін түсінбеймін. Қайта,1994 жылға дейін Омбыда жүріп, апта сайын «казвечерлерді» ұйымдастырып тұратын едік. Жас студенттерді жинап қазақтың тілін, тарихын, ділін, дінін насихаттап, әжептәуір жұмыс тындыратынбыз. Арасында спорттық ойындар, би ұйымдастырып, қазақтың рухын көтеретін дәрістер оқитын едік. Дәл қазір де билікке қазақи идеологтар керек. Сонда ғана біз тәуелсіздігімізді сақтап қаламыз. Үшіншіден, бізде жемқорлық, «команда» деген үрдістер билеп кеткен. Тіпті жемқорлықтан біз әлемнің бірінші «ондығындамыз»!? Осындай жаман әдеттерге әуестенген кейбір азаматтар егемендікті дұрыс бағаламайды. Сондықтан да бірінші кезекте осы дерттерге шипа боларлық шара қолдану қажет. Төртіншіден, халықтың тұрмысы соңғы жылы өте нашарлап кетті. Егер билік өз халқына өзін-өзі асырай алатындай жағдай жасамаса, тұрмыстан қиналған жұртшылық үшін кімнің қол астында болсақ та дұрыс күн көрсек болды деген түсінік пайда бола бастайды. Сонда оларға басқарушы Қытай ма, АҚШ па, Ресей ме бәрібір болып қалады. Сондықтан тәуелсіздікті сақтауға ең әуелі бізді басқарып отырған үкімет тырысса игі. Бесіншіден, бізде қазір әділетсіздік етек жайып барады. Қай жерге бармасаң да – осы! Жауапты, шешуші қызметтердің тізгінін білімді әрі ақиқаттан аттамайтын таза азаматтарға бермейінше, патриоттық рух төмен күйі қала береді. Өзінің күш-жігерін елге, халыққа дұрыс пайдалана алмаған адам, жабық күйінде қалады. Өзімен-өзі тұйықталып, ақыры елден кетуге, басқа елден әділдік іздеуге мәжбүр болады. Алтыншыдан, ЖОО-да тарихын таныту арқылы ұлттың рухын көтеріп, намысын жани түсетін «Қазақстан тарихы» пәнінің орнына енді «Қазіргі Қазақстан тарихы» пәнін оқытатын болдық. Ендігі жерде патриоттар қайдан шықсын!?
Ал енді тәуелсіздікке деген құрмет сезімі әлсіздігінің басты себептеріне келсек, колхоз-совхоз ыдырағаннан кейін қалада үйсіз-күйсіз жүргендердің саны көбейді. Ел азаматтарының қақ жартысы кредитке белуардан батып, қайғыға көмілді. Мен жуырда несиені 21 пайыздық өсіммен алдым. Ал кішкене қана Чехияда несиені 3 пайызбен береді екен. Бұның өзі халықты қанау емес пе? Осылайша жұрттың жағдайы төмендеп, шетелге шығатындардың саны сиреді. Жиі-жиі болатын девальвация жалақымыздың жартысын жұтып алды. Ең ақыры әлеуметтің зейнетақы қорына да билік қол салды. Жұмыссыздық бұрынғыдан бетер көбейді. Ал қымбатшылық халықтың алқымынан алып барады. Кең байтақ деп мақтанатын қазақ даласының ұлтарақтай жеріне зар болған қандастарымыз орыс пен өзге ұлттардың есік алдында пәтер жалдап күнелтуде. Осылай әупірімдеп күнелтіп жүрген халық билікке қалай сенсін? Уәдесі айтылған жерде қалатын шенеуніктерге тіпті де иек артудан қалған. Жалпы, бізде мемлекеттік менеджмент әлсіреді. Тәуелсіздіктің құны арзандады…
Ашығын айтқанда, осы күні Кеңес Одағын аңсайтындар емес, Ресейге қосылғысы келетіндердің саны өте көп. Оның себебі, біріншіден, ел тұрғындарының 30 пайызы қазақ емес, орыстар және орыс тілділер. Олар психологиялық тұрғыда Кеңес Одағын аңсайды. Кеңес одағының соңғы 30-40 жылының жақсылығын көргендер қазақта да аз емес. Ал халықты қан қақсатқан ашаршылықты, саяси қуғын-сүргінді өз дәрежесінде түсіндіріп, тарихи бағасын бере алмай келеміз. Екіншіден, қазіргі Ресей – Кеңес Одағының мұрагері. Ресейде бізден гөрі халықтың тұрмысы жоғары және кеңес уақытынан келе жатқан әлеуметтік қолдаулар өте көп. Мысалы, олардың азаматтары зейнетке 55 және
60 жаста шығады. Тіпті мұғалімдер және тағы да басқа категориялар 40 жастың ар жақ бер жағында зейнетке шыға алады. «Материнский капитал» деген сертификатпен облыстық орталықтардан пәтер немесе жер үй сатып ала алады. Ауылдағы мектеп мұғалімдерге отын көміріне дейін үйіне әкеліп береді. Жалақылары жоғары. Мысалы, Астанадағы мектеп ұстазы орташа есеппен 70 мың теңге жалақы алса, Мәскеудегі орыс әріптесі біздің валютамен 5 есе артық алады. Олар бағаны да бір деңгейде ұстап тұра алады.
Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ,
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты
ӘДІЛ, ТАЗА, БАЙ, ТЫНЫШ, ТҰРАҚТЫ ҚОҒАМҒА ДЕГЕН ҚАЖЕТТІЛІК БАР
Меніңше, «тәуелсіздіктің қадіріне неге жете алмай жүрміз?» деген сұрақ тым біржақты қойылған. Тәуелсіздікті тереңінен түсінетін де, мәнісін ұғатын да халық, жаңа ұрпақ жеткілікті. Оқушылар мектепте жүрегіне қолын қойып, жан-тәнімен таңертең әнұран айтқанда, Головкиннің кезекті жеңісіне дүйім жұрт қол соққанда, Олимпиадада спортшыларымызға бәріміз біржұдырық жанкүйер болып, жетістіктеріне қуанғанда, Елбасы шапан киіп, елді Наурызбен құттықтағанда бұл сезім ерекше байқалады. Оған қоса, шетелде өз қаражатына немесе «Болашақ» бағдарламасымен оқитын жастар да мемлекетіміз туралы мағлұматы аз жатжұрттықтарға Қазақстанды тек жақсы жақтан танытуға тырысады, оған өзім талай куә болдым. Мұның бәрі тек Тәуелсіздіктің арқасы дер едім. Бұл бос пафос сөздер емес. Себебі жоғарыдағы әрбір әрекет, қадамның артында өз еліңнің бар екендігіне, оның дербес екендігіне сенім сезіледі. Аталған сенім болмаса, елімізде шетелге жаппай көшу байқалар еді. Өзім Англияда босқын күрдтерді көп кездестірдім. Неге? Себеп біреу – егемен елі жоқ, ал туған жерінде сұрапыл соғыс жүруде. Содан амалсыз жырақта жан бағуда.
Алайда, ел болған соң ала да, құла да болады. Жұмыс таппаған, тапса, ондағы командалық жүйеден шаршаған, оған ілінсе де, жемқорлықтан көз ашпағандар түйіншегін жинап, мұхит асуға даяр. Қолынан келгені кетті де. Бұл тізбектелген әлеуметтік проблемалардың салдары. Бірақ алдымыздан кедергі кездессе, бәріміз шабаданды жинап, қаша берсек, алып жер кімге мұра? Мал екеш мал да алдынан шыққан терең өзенді бойламай, кешіп өтуге тырысады.
Бұдан бөлек, бізде әлі де кіндігі Кеңес Одағымен жабысып туғандар бар. Олар Сталинді әулие тұтып, сол замандағы 5 тиындық шұжықтың дәміне құштарланып, келмеске кеткен дәуірді аңсап отырады. Олардың жасы, негізінен, 40-тан жоғары. Бірақ әлеуметтік желінің ықпалы бар, Ресейден тарайтын ақпараттың күші бар, бұл кесел біраз жас өрендерге де кейде жұғып қалатынын фейсбук парақшаларынан байқап қалам. Міне, бұл тәуелсіздігімізге ең қатерлі қауіптің бірі. Оған Украинадағы соғыс дәлел. Украин паспортын 20 жыл ұстаса да, суын ішіп, нанын жесе де, жеме-жемде бүлікті қолдап, елді бөліп, көршісіне бүйрегі бұрып кеткендер жүз мыңнан асып кетті.
Әрине, жоғарыдағы проблемаларды бүгіндегі көпшілік айтатын ұлттық идеологиямен шешіп тастау мүмкін емес. Себебі, бүгінгі нарық уақытында адамда идеологиядан бұрын әділ, таза, бай, тыныш, тұрақты қоғамға деген қажеттілік бар. Үкіметтің міндеті әр азамат өзін Қазақстанда судағы балықтай еркін әрі қажетті сезінетін, мүмкіндіктер тең берілген қоғамды одан әрі қалыптастыру. Мұндай қоғамда жаңа жұмыс та, бизнес ашу да, пәтер де мәңгі проблемаға айналмайды. Сәйкесінше, ұлтына қарамай, әр қазақстандық осы елде отбасын құрады, қаражатын құяды, іргетасын қалайды, яғни Қазақстанның қорғаушысына айналады.
Бұдан бөлек, арамызда Ресейдің армиясына, Ұлыбританияның монархиясына, Жапонияның экибанасына, АҚШ-тың IT технологиясына, Францияның ас-суына тамсанатындар бар. Иә, әр адамда таңдауға да, тамсануға да құқық бар. Бірақ біз ұлттық идеологиямызды 30 секундтық жасанды әрі жаттанды роликтермен емес, өз армия, өнер, тарих, ғылыми жетістік, әдебиетімізді ашып көрсететін, қызықтыратын дүниелермен насихаттасақ, өзгеге мойны бұрылатындардың саны азайып, өзімізге үңілетіндер көбейер еді. Соңғы қадамдар тәуелсіздікті құнттаушылардың санын арттырудың негізгі жолдарының бірі деп есептеймін.
Дайындаған Айнара АШАН.