ҰСТАНЫМЫ БИІК ЗИЯЛЫ
Мәмбет Құлжабайұлының тарих ғылымына сіңірген еңбегі жайлы әңгімені бір ауыз сөзбен түйіндеуге болмас. 70 жасымен құттықтап, газет бетіне арнайы сұхбат беруін өтінгенімізде: «1916 жылы жоғары білімді дәрігер Әбубәкір Алдияров деген азамат қара жұмысқа өз еркімен сұранып барған. Алашорда үкіметінің сапында болғаны үшін 1938 жылы ату жазасына кесілген. Сол азамат туралы бүгінде ешкім ештеңе айтпайды, жазбайды. Сұхбаттың орнына сондай зиялыларымыз жайлы мақала жазып берсем дұрыс болар еді» деуі бізді біраз ойға жетеледі. Тарихшы Қойгелдиевтің ең алдымен өзі зерттеген тұлғалардың дерегін көпшілікке ыждағаттылықпен ұсынуы – міндетіне адалдығын байқатпай ма. Ендеше, «Қазақ әдебиеті» газеті ұжымы мен оқырмандары атынан Мәмбет Қойгелдиевті мерейлі жетпіс жасымен құттықтап, қазақ тарих ғылымына қосатын үлесі қомақтана түсуіне тілектестігін білдіре келе, мақаласын назарларыңызға ұсынып отырған жайымыз бар.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі
Елімізде 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің жүз жылдығы аталып өтуде. Есік қағып Алаш қозғалысының жүз жылдығы келеді. Осы айтулы даталарға байланысты есімдері аталуға тиіс тарихи тұлғалар бар. Олардың қазақ қоғамы алдындағы қызметін дер уақытында еске алып отыру шығармашылықтағы зиялылардың, тарихшы мамандардың төл міндеті. Қолымда бар тарихи құжаттарға сүйене отырып, есімдерді еске алуға лайық сондай екі тарихи тұлғаның өмір жолы туралы оқырман қауыммен бөлісуді өзіме парыз санадым.
Әбубәкір Алдияров
1928 жылдың күзі. Қазақстан көлемінде бай шаруашылықтарын конфискілеу шараларының шарықтау шегіне жеткен кезі. Осымен бір мезгілде Қазақ Өлкелік партия комитеті мен ОГПУ тарапынан алаштық зиялыларға шабуылдың күшейе түскен сәті еді. Қостанай округтік соты РСФСР Қылмыс Кодексінің 58.10 және 169.2 баптары бойынша әкелі-балалы Алдияров Бермұхамед пен Әбубәкірдің ісін қарады. Бұл сот ісі де сол бір тарихи кезеңде бүкіл қазақ даласын құшағына алған көптеген сот істерінің бірі еді. Олар бір-біріне өте ұқсас, мазмұндық тұрғыдан бірін-бірі қайталайтын еді.
Алдымен Әбубәкірдің әкесі Алдияров Бермұхамед туралы. Кезінде большевиктік идеология айтқандай, қазақ байларының бәрі бірдей надан, халыққа қарсы жандар емес-тін. «Айқап» журналы, мәселен, «Сарыой болысының управителі Алдияров Бермұхамедтің қол астындағы пақырларына» ет, бидай, ұн үлестіргені туралы жазды (Қазақ халқының атамұралары. Алматы, 1999 ж. 129 б.).
Осы «Айқап» журналы тағы да бір санында Романовтар әулетінің үш жүз жылдығына байланысты орайластырылып атқарылмақшы шаралардың қатарында Қостанай уезіндегі Сарыой болыстығының тұрғындары басы «волостной управитель Бермұхамед Қауменұғлы Алдияров болып, осы ғинуар жұлдызының 5 күні жиылып, кеңес-мәслихат етіп» ауызбірлік жасап қаржы жинастырып, Сарыой болыстығының «орталық жерінен бір мешіт һәм мешіт жанынан бір мектеп салуға, ол мектепте оқу төрт жыл болып, әуелгі екі жылын мұсылманша оқуға, соңғы жылдарына орысша оқуды қоспаққа һәм бір мұғалім, бір учитель қазақтан болмаққа» келісті деп жазды («Айқап». Құрастырушылар Ү.Субханбердина, С.Дәуітов. Алматы, 1995 ж., 168 б.).
Белгіленген мешіт пен мектептің ашылып, жұмыс жасағандығы немесе тілек түрінде қалып қойғандығы арнайы зерттеуді талап етеді. Дегенмен, міне, осындай қоғам үшін игілікті істерге байланысты болыс бастығы Бермұхамед Алдияровтың атының аталғаны біраз нәрседен хабар берсе керек.
Ал жоғарыда аталған сот ісінде Бермұхамед жөнінде мынадай мәліметтер берілген. Патшалық билік тұсында ұзақ жылдар бойы болыс басқарушысы қызметін атқарған. Атқарған мінсіз қызметі үшін өкіметтен көптеген марапаттар алған, сондай-ақ, мұрагерлікке өтетін құрметті азамат атағын иеленген. Әрине, Совет өкіметі үшін бұл саналған марапаттар соншалықты маңызды емес-тін. Маңыздысы басқа еді. Ол – 82 жасында сотқа тартылған Бермұхамед қарияның Алашорда аталатын «контрреволюциялық» ұйымға материалдық және моральдық қолдау жасағандығы еді. Бұл, әрине, советтік сот үшін кешірілмейтін қылмыс болатын. Соған байланысты болса керек, Бермұхамед Алдияров жасының кәрілігіне қарамастан түрмеге жабылады, ал оның үйінде тінту жүргізіліп, бағалы деген дүние-мүлкі тізімге алынады. Айта кететін жағдай, тінту ісі Бермұхамед Алдияровтың Троицкі қаласындағы үйінде жүргізіледі. Құжаттарда көрсетілген мекен-жайы: Орал облысы, Троицкі қаласы, Ленин көшесі, 86 үй. Ал Әбубәкір арызында өзінің Троицкі округтік соттық-медициналық дәрігер қызметінде екендігін көрсеткен. Соған қарағанда бұл кезде әкелі-балалы Ресейдің Троицкі қаласында тұрғандығы байқалады.
Б.Алдияровтың тінту барысында тізімге түсіп, конфискіленген бағалы заттары: медальдары – алтын – 2, күміс – 5, әрқайсысы 112 гр., 5 дана құйма алтын және 16,03 гр. алтын порошок түрінде, алтыннан құйылған бір крест (с 3-мя накладными коронами) ж.б.
Әбубәкір Қазақ Орталық Атқару Комитетіне жазған арызында әкесінің 56 бас малы (түлік түрінде көрсетпеген – авт.), даладағы қыстауда ағаштан тұрғызылған үйі, сондай үйінің Троицкі қаласында да бар екендігін, ол үйге байланысты салықтың жыл сайын мұқият төлегендігін көрсетеді. Әкесіне тиесілі қымбат мүліктердің, кілемдердің, ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандардың түгел конфискіленгенін айтады. Үкіметтің циркулярында бай ретінде конфискіленген адам міндетті түрде түрмеге жабылуы тиіс деген нұсқаудың жоқтығына қарамастан әкесінің айдан астам уақыт Қостанай қаласында абақтыда жатқанын жазады.
Сот материалдарында Ә.Алдияровтың әкесі жөнінде осындай мәлімет берілген. Енді дәрігер Әбубәкірдің өзі туралы.
Дәрігер Алдияров Әбубәкірдің жүріп өткен өмір жолынан өз кәсібін сыйлайтын және оны сүйген, сол арқылы еліне, Отанына жан-тәнімен беріле қызмет жасаған Азаматтық өмір жолын көргендей боламыз. Өкінішке қарай, оны күрделендіріп, қайғылы тағдырға айналдырып жіберген билік жүйесі екендігі аңғарылады.
Ә.Алдияров 1881 жылы Торғай облысы, Қостанай уезі Сарыой болыстығына қарайтын №10 ауылда өмірге келеді. Әкесі Бермұхамед ұлына орыс білімін беруді қош көріп, Әбубәкірді алдымен Ы.Алтынсарин ұйымдастырған Қостанайдағы екі сыныпты мектепте, сонан соң Орынбордағы ер балалар гимназиясында оқытады. 1899 жылы Қазан императорлық университетінің медицина факультетіне қабылданған Әбубәкір бұл оқу орнын 1904 жылы күміс медальмен аяқтайды.
ХХ ғасыр басында Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алған санаулы қазақ жастар азаматтық ұстанымы тұрғысынан халқына жақын болды деп айту жетімсіз болар еді, олардың әрқайсысы елінің болашағына өз өмірлерін арнауға даяр тұрды. С.Асфендияров, Х.Досмұхамедұлы, С.Шәлімбеков, М.Шомбалов, А.Досжанова сияқты жоғары білімді дәрігерлер ұлт тағдырына қатысты қоғамдық істерде алдыңғы қатардан табылды.
Осы орайда Ресейдегі революциялық өзгерістерге дейін жас дәрігер Әбубәкір Алдияровтың «Қазақ» газеті және «Айқап» журналы арқылы қоғамдық істерге белсенді атсалыса бастағандығы байқалады. Ол 1914 жылы «Қазақ» газетін тұрақты түрде шығарып тұру мақсатында «Азамат» серіктестігі құрылғанда оның құрылтайшыларының бірі болды (Кенжетаев Б.А. Казанские учебные заведения… Казань, 1998, с.74). Осы мезгілде Қазақ оқығандарының арасында өкіметтің өктем отаршылдық саясатына байланысты қарсылық шаралары қарастырылып, мәселен, жер мәселесін талқыға салатын жалпықазақ съезін шақыру туралы пікір алысу жүреді. Троицкі қаласының құпия полициясының қызметкері ротмистр Кучин зиялылар арасындағы осы мазмұндағы саяси жұмысқа дәрігер Әбубәкір Алдияровтың белсенді түрде атсалысып жүрген-дігін жазған (Орынбор облыстық мемл. архиві, 21 қор, 2 тізім, 618 іс, 235-236 п.п.).
Дәрігер Әбубәкір Бермұхамедұлының азаматтық ұстанымы сынға түскен сәт 1916 жылғы аласапыран оқиғалар тұсы еді. Өмірінің осы кезеңіне байланысты ол РСФСР Жоғарғы Сотының Қазақ бөліміне жолдаған шағым-хатында мынадай жағдайды баяндайды:
«1916 жылы қазақ кедейлері Германиямен екі ел арасында жүріп жатқан майдан даласындағы окоп жұмыстарына алынғанда «Қазақ» газеті арқылы олар өздерін емдеуге қазақ дәрігерлері мен фельдшерлерін шақырумен болды. Өйткені, қара жұмыстағы жігіттерге орыстілді медицина қызметкерлерімен өзара түсінісу қиынға соққан еді. Сонда бұл бишара халге тап болған жігіттерге көмек көрсетуге бүкіл Қазақстандағы дәрігерлерден жалғыз үн қатқан мен болдым. Пинскінің сазды батпағы мен жұмысшылардың барактарында бит пен бүргеге таланып жүріп отандастарыма дәрігерлік көмегімді бердім. Жалғыз мен ғана өз еркіммен ешқандай да бақас есепсіз, ішкі ар-ожданымның талабына сүйеніп, жеке өмірімді қауіпке тігіп майдан шебіне бардым. Жұмысшыларды елге қайтарғанға дейін солармен бірге болып, бірге қайттым. Бұл айтқандарымның ақиқат екендігін бұрынғы «Қазақ» газетінде редакторлық қызмет атқарған, ал қазіргі «Еңбекші қазақ» газетінің редколлегия мүшесі Міржақып Дулатұлы растай алды.
1919 жылы мемлекетті аштық және эпидемия жайлаған Азамат соғысы жағдайында Троицкідегі 3-сводтық госпитальда бөртпе, іш, қайталама сүзегімен ауырған 900 қызыл әскерді емдеу ісімен айналысқан дәрігерлердің бірі жұққан дерттен өліп, ал екіншісі сол дертпен ауырып жатып қалғанда, сол дәрігерлердің орнында жалғыз қалып, қауіпті эпидемиялық дертпен күрес жүргізіп, жеңіп шықтым.
Осы атқарған жұмыстарымды санамалап отыруға мәжбүрлеген жағдай менің ешқандай да негізсіз сотқа тартылуым еді, сот орындары менің ширек ғасырлық тозақ отындағыдай дәрігерлік ауыр еңбегімді тура бағалап, Қылмыс Кодексінің 169.2 бабы бойынша жүргізіліп отырған істен ақтап ала ма деген үміт еді. Дәрігер Алдияров».
Дәрігер Әбубәкір Алдияровтың істі болып абақтыда жатқан жағдайын естіген Міржақып Дулатұлының азаматтық ұстанымы ортақ досына араша түсуге мүмкіндігі шектеулі еді. Бұл кезде оның өзі де советтік абақтыда қамаулы болатын. Дегенмен, әрқашанда әділдікке жақ М.Дулатұлы Әбубәкір Бермұхамедұлының азаматтық ерлігі туралы өз пікірін «дәрігерді Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутат ретінде сайлауға болмайды, өйткені ол халыққа зиянды байдың ұлы» деген сөз таратқан ел арасындағы кер ауыздыларға жауап мақала жазып, онда Әбубәкір туралы мынадай ойды айтқан еді: «Біреуді мақтауға да, жамандауға да болады, бірақ ісіне, сөзіне теріс мағына беру керек емес. …Қысты күні майдандағы жігіттер аурудан жүдеп-жадап жатқанда газетте неше қабат ығлан қылынып, тұс-тұсқа телеграмм беріп, хат жазып қазақ докторлар һәм фельдшерлер шақырылғанда, алты миллион қазақтан табылған жалғыз доктор Әбубәкір Алдияров еді. Себептері бар шығар, әйтеуір онан басқа бір фельдшер, бір доктор табылған жоқ еді. Енді жұрт, Әбубәкірге алғыс айтудың орнына «бұл монархист, жауыз адам деп» қарғыс айтпаса екен дейміз. Мирякуб».
Халықшыл азаматқа бәрібір тыныштық болған жоқ. 1928 жылы ол Өскеменге жер аударылды. Мүмкін қудалаудан құтылармын деп Қырғызстанға барып, бір-екі жыл сонда жұмыс істеді. Елге оралып, Жамбыл қаласындағы темір жол ауруханасында дәрігерлік қызметте болды. Бәрібір тыныштық таба алмады. 1938 жылы атылды. Не үшін? Қазақ ұлты басқа елдермен тең, ұлттық мемлекеттігі болсын деген ұстанымда Алашорда құрған әскерде «полк дәрігері қызметін атқарып, гигиена тақырыбына дәрістер оқығаны үшін».
Міне, осындай замандар болған. Кейінгі ұрпақ елдің өткен тарихында, күрделі де сын кезеңінде Әбубәкір Бермұхамедұлы Алдияров сияқты Азаматы болғанын ұмытпаса екен дейміз.