«СЕМЕЙ ҚАСІРЕТІ» – ОРЫС ТІЛІНДЕ
26.08.2016
1258
0

unnamedЖыл басында «Қазақ әдебиеті» газеті Медеу Сәрсекенің Ертіс бойындағы қалың елдің 42 жыл бойы атомдық, ядролық жарылыстар түзетін радиация тозаңының астында өмір сүрген кіріптарлық азабын түре ашқан деректі туындысы –  «Семей қасіреті» деректі хикаяты туралы сұхбат жасап әрі көлемді үзінді де жария еткені оқырманға мәлім. Ескерту парыз: бұл кітаптың кейбір тараулары республикалық баспасөз беттерінде біршама жария болып, оқырман қауымның ілтипатына ілікті; кітапты жариялаушы «Фолиант» баспасының Астанадағы дүкеніндегі оның қосымша даналары сөреде жатып қалған жоқ; ең ғажабы, баспаға осы туындыны орыс тілінде шығару туралы жер-жерден және Мәдениет министрлігінен де ұсыныс түсуі…  

«1991 жылғы 29 тамызда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлығы жарияланғаны жұртшылыққа мәлім. Демек, Сарыарқаның қақ төрінде ірге тепкен алапат тажалды тұншықтырған Жарлық – соңғы екі жарым жыл ұдайы тынымсыз күрес жүргізген Ертіс атырабындағы дүйім жұртты зор қуаныш­қа бөлеп, алаңсыз тірлікке бөлеген-ді. Содан бері ширек ғасыр өтті. Тарих еншісіне өткен осы оқиғаны ел есінде жаңғыртып, күллі Қазақстан атырабы мереке ретінде атап өтуге ой туғаны сөзсіз… – деді бізбен телефон арқылы тілдескен Медеу-аға. – Қысқасы, Семейге ат басын бұрған сапарында облыс әкімі Д.К.Ахметов, ақпан айының бас кезі екені есімде, мені оңаша кездесуге шақырып, «Семей қасіретін» жеделдетіп орыс тіліне аударып және сол істі тамыз айына дейін дербес кітап етіп шығаруға ұсыныс жасады. Бұл енді нарық заманының қыспағында отырған қаламгерге аспаннан шұжық жауғандай нәсіп. Кітаптың орыс тілінде нұсқасын дайын­дауға және биыл шығаруға РФ-ның алтын қазушы халықаралық NordgoId компаниясынң Семейдегі бөлімшесі  демеуші болды.Қомақты көмек көзі табылған соң-ақ бірнеше сөзбе-сөз аудармашыларды көмекке шақырдым. Өзім де ұйқы-күлкіні ұмытып, жұ­мысқа жегілдім. Нәтижесінде А-4 пішіндегі көлемде 958 бет, яки 70 б.т. болған, жүзден аса суреттермен көркемделіп, қымбат қағазға басылып, әдемі орауышпен безеніп, «Семипалатинская трагедия» атанған еңбегімнің екінші басылымы тамыз айының соңғы аптасында жарық дүниеге келді. Әрине, екінші басылымға бертінде қолға түскен тың деректер қосылды. Қазақша нұсқасынан тағы бір өзгешелігі – жарияланымның соңына «Көз көргеннің куәлігі» деген атаумен ағылшын тілінде қосымша түсініктеме берілді. Аңдауымыз­ша, «Фолиант» баспасы осы кітапты алдағы күзде, 9-12 күндері өтпек «Еуразиялық халықаралық кітап жәрмеңкесіне (Eurasian Book Fair–2016) ұсынбақ…».

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір