БҮГІНГІ КҮНГІ ИДЕЯЛЫҚ ӨРІСІМІЗ
21.08.2016
1425
0

C9208667-1B0F-495E-B9E8-3B97D3D639D2_w640_r1_sАбайды танып-білудегі басты кедергі оның дүниетанымының барлық салаларын, яғни философиялық, этикалық, эстетикалық, саяси-әлеуметтік салаларын анықтауға келіп тіреледі. Осы салалардың бәрін де қазіргі философтар материалистік модель  тұрғысынан қарастырып, санамызға сіңіріп келдік. Осы әрекет, әсіресе, Абайдың 150 жылдық мерекесінде  Қазақстан философтарының ұжымдық  еңбегі  «Абай дүниетанымы мен философиясы» деп аталатын арнайы ғылыми зерттеулерінде көрініс тапты.


044-687x1024

 

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
ҚР Мемлекеттік және халықаралық
«Түрік еліне қызмет» сыйлығының лауреаты,
профессор

 

Бірақ философтардың бәрі де Абайдың жетінші  қарасөзіндегі «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген  сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды.  Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдайтағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан»/Абай. 2 том, Алматы, 1995, 165 бет/, деген даналық сөзіне назар аудармай үстірт қарап келеді.

Абай «дүниенің көрінген сыры» деп бізді қоршаған материалдық әлемді айтса, «дүниенің көрінбеген сыры» деп біздің тылсым сырға толы рухани әлемімізді меңзеп отыр. Бұл іспеттес терең пікірді Иассауидің «Девони хикметінен де» ұшыратамыз:

Ілім екеудүр: тән мен жанға басшы тұрар,
Жан ғалымы хазретіне жақын тұрар.

Тән ғалымы залымдарға  ұқсар ерміш /Иассауи «Девони хикмет, Түркістан, 1993, 74 бет»/ деп ой толғауында «дүниенің көрінбеген сыры» мен жан ғалымы айналысады деп кесіп айтатыны бар. Жан ғалымы көрінбейтін рухани әлем сырымен айналысса, тән ғалымы «дүниенің көрінген сырымен»  біржақты айналысып, нәпсілік бағытқа  ұрынды.

Абай айтқан дүниенің көрінген сырын ашумен айналысатындар тән ғалымы/технократ ғалымдар/ болса, дүниенің көрінбейтін сырын  ашуға ұмтылғандар жан ғалымы болып шығады. Соның бірі хакім Абайдың өзі болғандықтан, Абайды жантану  ғылымының ең көрнекті өкілі  ретінде   танимыз.   Өйткені, Абай 1898 жылы жазылған
38 қарасөзінде жантану ілімі  туралы ой танымдары біздің заманымыздағы квантты физиктерден бір ғасырдан астам уақыт бұрын «дүниенің көрінбеген сырына» айрықша мән беруі арқылы жантану ілімімен айналысып, пәлсапа­лық лирикаларын жазуы ойшыл  ақынның кемеңгерлік тұлғасын асқақтата көрсетуінде қандай тылсым  ғажап сырлар тұнып жатқанына таңқаламыз.

Абай дүниенің көрінген және көрінбеген сырын үйлестіре танып-білуді мақсат тұтты. Абайдан бастап түп иені танып білу жолында пәлсапалық лирика жанрында жантану ілімін меңгеруге, яғни дүниенің көрінбеген сырын ашып, танып-білуге ұмтылды. Абай бастаған бұл дәстүрді ойшыл ақынның дарынды шәкірттері Шәкәрім, Мағжан үдере дамытып, тереңдете түсті. Осы арқылы қазақ поэзиясында  пәлсапалық лириканы әлемдік деңгейге көтеріп, көш бастады. Тіпті, мынау тұрған ХХ ғасыр басында-ақ терең ойлы лирик  ақын Мағжан «Пайғамбар» деген  өлеңінде:

Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.
Білген емес иман деген немене
Қарын деген сөзді ғана жаттаған…
Болған емес жұмысы оның жанменен, – деп Батыс дүниетанымындағы адасушылықты дәл көрсетіп өтетіні бар.  Бірақ бұл дәстүрлі танымды Кеңестік билік тұншықтырып тастады.

Енді ХХІ ғасыр басында квантты физиктер танымынан кейін дүние бастауында САНА тұр деген мүлде жаңа танымға келдік. Бұрынғы материалистік, атеистік дүниетанымымыз түбірінен  қопарыла өзгерді. Бұл жаңа танымды  кванттық физиктердің атасы, неміс  ғалы­мы, Нобель сыйлығының лауреаты Макс  Планк «Ғалам­ды ЖОҒАРЫ САНА билейді. Күллі әлем Оның көзге ілікпес қуатымен өзара байланысып тұр»  деген шешуші байламға келді. Біздің «материя мәңгілік, ол өзгермейді» деген танымымыз жалған таным болып шықты. Материя – сананың туындысы деген жаңа танымға біржола бет бұрдық.

Осы арада бір кілтипанды сыры бар бір мәселені де қозғай кетейін.  Абайтанушылардың өтінішіне  қарай бір кездегі Астана қаласының әкімі Иман­ғали Тасмағанбетов бір сөзге келмей-ақ қаланың  орталығынан  0,80 сотық жер телімін берген еді. Біздің мақсатымыз – сол жерге үкі­­мет­тен бір тиын да қаражат сұрамай, өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ете алатын әлемдік деңгейдегі Шекспиртану, Гететану ғылыми зерттеу инс­титуттары сияқты Абайтану, Жамбылтану ғылыми зерттеу институттарын ашу  болатын. Бөлінген жерді заңдастыру үшін  қала  әкімімен екі жылдай ресми қатынас қағаздарын жазып тайталастық. Іс алға баспаған соң Президентке өтініш хат жазғаннан кейін ғана Астана қаласы әкімінің орынбасары А.Лукин қол қойған ресми жауап хатында: «Сіздің Астана қаласы, Пригородный т.,а., Тәуелсіздік және Қабанбай батыр даңғылдарының қиылысы ауданы мекен жайында «Абайтану»  ғылыми зерттеу институтын жобалау және салу мақсаты үшін жер учаскесін заңдастыруға көмек көрсетуге қатысты өтінішіңізді қарап, төмендегіні хабарлаймыз.

Сұралған жер учаскесі санитарлық-қорғау  жасыл аймағында («Астана қаласының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу  басқар­масы» ММ тұрақты жер пайдалану құқығында)  орналасуына байланысты.  Астана қаласы «әкімдігінің 2015 жылғы  6 ақпан­дағы №120-186 қаулы­сымен «Академия Инновационных Интеллектуальных Технологий» ЖШС Астана қаласы, Пригородный т.та., Тәуелсіздік және Қабанбай батыр даңғылдарының қиылысы ауданы мекен-жайында «Абайтану ғылыми зерттеу орталығын» жобалау мен салу мақсаты үшін жер учаскесін беруден бас тартылды» деп негізсіз уәжін көлденең тартады, тіпті, басқа жерден жер телімін берейік деген ниеті де жоқ. Бірақ стадион салу үшін 3,5 га жерді қаланың  орталығынан сөзге келмей бере салды. Ал абайтану ғылыми зерттеу институтына заңды түрде берілген жер телімін сылтау айтып бермей отырған  Астана қаласы  әкімінің орынбасары А.Лукин мырза танымы жағынан өзінің өресі жетпейтін күрделі    мәселеге орынсыз араласып, ұятқа ұшырап отыр. Себебі,  бір жапырақ жерді қорғаймын деп мемлекеттік, халықтық деңгейдегі  ұлттық рухани  мағынасы ерекше зор құбылыстың сырын ұқпай отырғаны — жаңалықтан артта қалуына алып келген. Өйткені, мәселенің негізі халықаралық деңгейдегі абайтану ғылыми зерттеу институтын ашуда мемлекеттен көк тиын сұрамай  өзін-өзі қаржымен қамтамасыз  ете алатын әрі жаңа танымдағы дүниетанымды ұстанатын бірегей жаңалығында жатыр. Еуропадағы атақты ақын-жазушыларға арналған ғылыми зерттеу институттары осы жолды ұстанып келеді емес пе?  Екіншіден, Абай мұрасында жаңадан ашылып, ғылыми жүйеленіп, жоғары оқу орындарында оқытылып жатқан  толық адам ілімі  адамды заманның көлеңкелі табы жұқтырған келеңсіз мінез-құлықтан,  теріс ниетті келеңсіз әрекеттен арылтып, рухани тазалыққа бастайтын ғажап құбылыс. Баға жетпес  осы ұлттық асыл құбылысты бір шөкім жерге айырбастап жіберетін ойсыз, қамсыз әкімді кім деп бағаласақ болады екен?

Астанаға жаңа танымдағы, бір жақсысы, ұлттық рухани әлемінің уызына қаныққан әкім келді. Мемлекеттен бір тиын да қаржы сұрамай, өзін-өзі қаржымен қамтамасыз ететін жаңалықты ала келген дүниежүзілік деңгейдегі Абайтану ғылыми зерттеу институтының бір шөкім жер телімін қайта қарап шешетін шығар.

Жалпы, адамзат баласының дүниетанымы бүгінде түбірлі өзгеріске түсіп,  бұрынғы ұстанып келген материалистік, атеистік  дүниетаным терістелуде. Материалистік таным бойынша, материя – мәңгілік, ол өзгеріске түспейтін әлем деп келсе, ол енді дүние бастауында Сана тұр деген жаңа танымға жол беріп, тарих  қойнауына кетуде.

Абайтану саласында  ғылыми зерттеу  ісімен айналысатын Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы Абайтану бөлімі, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде ашылған Абайтану ғылыми зерттеу орталығы, әл-Фараби атындағы Ұлттық университетіндегі Абайтану ғылыми зерттеу институты және М.Әуезов атындағы Оңтүстік  Қазақстан облыстық университетіндегі жаңадан ашылған Немат Келімбетов атындағы Гуманитарлық ғылыми зерттеу институ­тындағы абайтану тобы сияқты зерттеу орталықтары баршы­лық.  Бірақ бұлар бір-бірімен байланысы жоқ,  не істеп жатқаны беймағлұм бытыраңқы күйде келе  жатыр.  Бытыраған сайын күш бөлінеді. Бағыт-бағдар беруге біреуі де ұмтылмайды…

Енді Астанадан ашылатын абайтану ғылыми зерттеу институты осы кемшілікті бір ыңғайға келтірер. Өзінің ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған ортақ бағыт-бағдары арқылы жүзеге асырар деген үкілі  үміттеміз. Бұл үкілі үміт жүзеге асуы үшін республикадағы абайтанушы ғалымдардың басын қосып, ғылыми-теориялық семинар ұйымдастырып, пікірлер ағысын айқындап, жаңа ғылыми танымға негізделген ортақ бағыт-бағдарымызды нақтылы түрде айқындап, бекі­тіп алуымыз аса қажет болып тұр. Осы тұрғыдан келіп абайтанудың болашақта алға қойылар міндеттері туралы өз пікірімізді ортаға салудың  және басқалар тарапынан қосымша толтырулар болар деген үмітпен  абайтанушы ғалымдардан, зиялы  қауым өкілдерінен соны таным, нақтылы ұсыныс  пікірлер күтеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір