ҚАРАЛЫ КҮНГІ ҚАЙҒЫЛЫ ӘН (Әңгіме)
13.01.2023
4350
0

Ас үйдегі үстелде кітап оқып отырған қалпы қалғып бара жатыр екенмін.
– Еркексіңдер ме?! Еркек болсаңдар шықсаңдаршы, – деп терезе сыртынан булыға жеткен дауыстан басымды оқыс көтердім. Түн ортасынан ауып қалған секілді. Бұрыштағы ескі тоңазытқыштың дауысы жүйкені жүндей түтеді. Үстел үстінде тұрған қалта телефонымды алып сағатына қарай бергенім сол еді:
– Отыз жыл бойы қорлағаны аз ба?! Соншалықты құл болып кеттіңдер ме? –дейді тағы жаңағы қарлыққан, булыққан үн. «Құл» деген сөз ұйқылы-ояу санамды түрткілегендей еріксіз орнымнан тұрып, терезеге қарай жақындадым. Далада кешегі тұман әлі сейілмепті. Терезеден жарты шекемді тітіркене шығарып, айналаға көз салдым. Аба тәрізді қоршай салынған көп қабатты үйлердің алаңқайы құлазып тұр. Үйлердің арасынан бір кесімі көзге шалынып жататын даңғыл бойы да тып-тыныш. Көлік тұрағында түнделетіп келіп қаңтара салған жортуылдың аттарындай қатар тізілген машиналарды аппақ қырау басып, аяз құрсаулап алыпты. Тек бұрыштағы күзетші үйі орналасқан шығаберісте полицей көлігінің жарығы буалдыр тұман ішінде сайтан отындай билейді.
Әлгі адамның үні тағы шықты. Тура қарсыдағы үйдің жоғарғы қабаттарының бірінен.
– Кеше менің жалғызымды алып кеткен ана қанышерлер, еркектер қайдасыңдар, құтқара көріңдер!
Енді анық аңғардым, қартаң әйелдің дауысы. Бұл жолы тіпті қыстыға шықты. Балконнан асып түсердей ұмсынған денесін егде бір еркек белінен қапсыра құшақтап жібермей тұр. Әр-әр жерден үйлердің шамы жанды. Бір тұстан еңгезердей біреу терезеден басын шығарып темекі тамызды. Тағы бір тұстан бірнеше ер адам дабырласып, сыртқа шықты. Оларда топтасып тұра қалып темекі тамызды.
Полицей машинасы орнынан қозғалып әйел тұрған тұсқа келіп тоқтады. Көліктен бронежилет киген екі полицей түсіп, дыбыс ұлғайтқыштарымен орысшалап бірдеңелерді айтып жатты. Сөзінің соңында «барлықтарыңыз тыныштықты сақтап, үйлеріңізге кіріңіздер», – деді қазақша. Бағанағы күзетші үйі тұрған тұстан сау етіп бір топ қара көлеңке келе жатқанын аңғардым. Жақындағанда СОБР-лар екенін анық аңғардым. Темекі шегіп тұрғандар ығысып есікке жақындай берді. Мен де басымды жылдам ішке кіргізіп ала қойдым. Терезені жауып жатқанымда әйелдің:
– Әйелдеріңнің бұтына тығылып жатыңдар намыссыздар… – деген сөзін құлағым шалып қалды. Терезе тұсында бұл сөзге шамырқанып сәл тұрдым. Құлағыма біреу «Несіне налисың, сенің әйелің жоқ қой» деп сыбырлағандай болды. Сосын төсегімнің тұсына келіп, сілейіп тағы тұрдым. «Алайда сен еркексің ғой» дегендей болды жаңағы сыбыр иесі. Терезеге қайта барып әйнек ішінен сыртқа үңілдім. Сау етіп әлгі үйдің есігінен кіріп бара жатқан СОБР-лардың соңын көзім шалып қалды. «Көтеріліс болған күні үйде бұғып жатқаның аз болғандай бұның қай сасқаның» деймін өзіме. Селт етіп шығар есікке бұрылдым. Санама «Қаншама адам қырылды. Шықсам, мені де атып тастайды ғой» деген бір ой тағы сап ете түсті. Содан кейін барып төсегіме келіп қисайдым. Көрпемді басыма бүркеп қанша жатсам да жүрегім тыншыр емес. Бағана түсте әлеуметтік желіден әлдекімнің «Бұл оқиғаны басу үшін Путин арнайы әскер жіберіпті» деген жазбасын оқығаным есіме түсті. «СОБР дегенім соның әскері шығар» деп қоямын. «Полицейлер қазақтар сияқты, ана байғұсты аяйтын шығар» деймін тағы. «Иә, өткенде оқ атқан солар, әйтпесе өз қазағын ата ма?..»
Санамда сан сауал сабылып жатып қашан ұйықтап кеткенімді де білмеймін. Ертесі түс ауа бірақ ояндым. Есіме ел президентінің бүгінгі 10 қаңтарды «Қаралы күн» етіп жариялағаны түсті. «Ереуілге шықпағаным аз болғандай енді қаралы күнде түс ауғанша ұйықтағаным қалай» деп өзімді кінәлай орнымнан тұрдым. Қолымды жуып тұрып: «Қаралы күн басталғалы қашан, енді қаншама адам қанша күн қаралы күй кешер екен» деймін айнадағы жігерсіз бейнеме сүле-сапы қарап. Жатын бөлме жақтан қоңырауы безілдей жөнелген қолтелефоным ойымды бөліп жіберді. Дәурен екен. Кәдімгі өзіме етене таныс, ауылдағы малшы Дәурен:
– Ой, барсың ба? Ұсталып кеткен жоқсың ба өзі? – дейді ентіге сөйлеп.
– Жоқ, тыныштық.
– Сенде не қылған тыныштық, көтеріліске шықпадың ба сонда? – дейді өзеленіп. Мен:
– Шықпадым, – деп күмілжідім.
– Қалаға келе жатырмын, қайдасың? – дейді.
– Кел, үйдемін, – дедім нарау ғана.
– Әлгі Айбарды естідің бе? – деді содан соң. Мен елеңдей қалдым.
– Қайсы Айбар, Чорни ма? – дедім. Өйткені қаңтар оқиғасы басталғалы Айбар деген адамға қатысты ештеңе естімеген едім.
– Жоқ, Қоғалыдағы, сексен екілік, охотник ше, – деді Дәурен айқындай сөйлеп. Сонда барып есіме түсті. Былтыр қыста Дәуреннің ауылына барғанымда, бірге аңға шыққанымыз есімде. Кем сөзді, салмақты жігіт болатын.
– Иә, оған не болыпты? – дедім мен анығын білгім келіп. Дәурен мені болған жәйді естіп біліп отыр деп ойлады ма:
– Оқиға кезінде қаладан ит алып келген ғой ауылға, кеше полицейлер алып кетіпті, – деп қысқа қайырды.
– Итті ме? – дедім таңданып.
– Ой сен де, итті алып кетсе бір сәрі ғой, итімен қоса өзін де, – даусы жаңғырып әрең естілді. – Жә, болды рөлдемін, барған соң айтам.
Одан кейін телефон қоңырауы үзіліп кетті. Мен істің байыбына бара алмаған қалпы аңырып тұрып қалдым.
Кешкірген мезгіл. Далаға буалдыр тұман қайта қаптаған. Сүреңсіз. Дәуренге қоңырау шалмадым. Кешіккен соң төсекте жатып теледидар қостым. Арнаның бәрі – Қаралы күн. Жартылай түсірілген ел байрағы. Қай-қайсысы да: «Жиырма мың террорист әлі қалада жасырынып жүр», – дейді. «Соларды аластап жатырмыз, шықпаңдар» дейді. Көңілім жабырқап, бірінен-біріне бейбейберекет ауыстыра бердім. Аздан соң Дәурен де келді.
– Ой, мына жалған не болып кетті, көшеде СОБР-лар қаптап жүр ғой өзі, – дейді амандасып жатып. Қолында пәкет толы сырасы бар.
– Қаралы күн ғой, мынауың не? – дедім абдырап.
– Шыны керек, шаршап кеттім, Ореке, – деді ол, көзі қызарып, өңі түтігіп кетіпті. Ас үйге жайғасқан соң дастарқан әзірлеп шәй құя бастап едім:
– Шәйді қойшы, күнде ішіп жүрміз ғой, – дейді өзі ала келген қаңылтыр қалбырдағы сыраның бірінің тілшігін сұқ саусағының ұшына іліп, тартып сырт еткізіп ашып жатып. Сырт етіп ашылған сыраның жағымды иісі мұрнымды жарып барады. Өзім де бір тұзы жеңіл адаммын ғой, «болмайды» демедім. Жылы үйге енді кірген соң сырты буланып, терши қалған қалбырдағы салқын сусынды қолыма ала бердім.
– Әй, бағана айтқан Айбар не болды? Итің не? Қайда алып кетіпті сонда? – дедім алғашқы бір қалбыр сыраны екі-ақ бөліп сарқа жұтып жіберіп.
– Айбардың бұрын әскерде болғанын білесің ғой, – деді ол сырасын үстелге қойып жатып,– бірнеше жыл «Ұлттық ұланда» служить еткен
– Иә.
– Алдында, қалада аласапыран басталған күннің ертесінде ауылдан ол да келген ғой.
– Сосын?
– Сосын, ол кезде орыстың әскері келмеген, оқ атуға бұйрық берілмеген, халықтың арыны басым болып, біздің полицейлер үйді-үйіне қашып тығылып қалған кез…
– Иә, бұл «Қаңтар» олардың кім екенін бір танытып берді.
– Айбар солардың көшеде қаңғып қалған бір итін ұстап алыпты.
– Қап, өзі де бір итқұмар неме еді.
– Өліп қалмасын деп жаны ашып ауылға алып кетіпті. Бұрын әскерде болған бәле, ондай иттің тілін біліп тұр, шақырып ұстап алып машинасына салып алған, ертең мойнындағы шифі арқылы іздеп келіп алып кетер деп ойласа керек.
– Ит қадірін білетіндігі ғой.
– Қадірін білгенін қайтейін, кеше үйіне полицейлер іздеп келіпті де, «Әскери қару-жарақ жасырдың» деп итпен қоса өзін де ұстап алып кетіпті.
– Әй, иттен қадірсіздер-ай.
– «Сегіз жылға соттаймыз» деді деп шешесі жылап отыр. Ол көтеріліске ауылдағы еркектер негізінен барып қайт­ты ғой, қазір бәрі қорқып жүр.
– Иә, полицейлер сынықтан сылтау іздеп жатыр. Жиырма мың террористің санын толтыру оңай ма?!
– Мен ғой таудан түсе алмай қалдым, қаладасың ғой сен неге шықпадың, – деді сосын Дәурен бетіме кінәлай қарап.
– Біз шықсақ бәле ғой, мектептегі әрең кірген жұмысымнан айырылып қалам ба деп қорықтым, – дедім мен тағы да төменшіктеп.
Үстел үстіне қарап едім біраз сілтеңкіреп жіберіппіз. Саны көбейіп қалған сыраның босаған қалбырларын бір шетке қарай ығыстырып қойып шылым тамыздым. Тек ішкен кезінде ғана аздап шегетін әдетімен Дәурен шылым сұрады. Тамызып бердім. Ашық тұрған терезеден кірген майда желемік оның мастанып, құшырлана көкке үрлеген темекі түтінін әбден жел қаққан қыртысты маңдайына соқтырмай өзіндік «озон» қабаты қалыптаса бастаған ас үйдің аспанына қарай желпи жөнелді. Енді ортада аз уақыт тыныштық орнай қалды. Дәуреннің өмірге наразылығы күшейе қалған сияқты, темекісін құшырлана тартып, терезеден көрінген Алатаудың асқақ шыңдарына телміре қарап үнсіз отыр. Құлазып қалғанын біліп мен өзімнің «жаман» домбырамды әкеліп ұстаттым. Өйткені ол қазір мал бағып жүргені болмаса, кезінде ҚазҰУ-дың тарих факультетінде оқыған. Тарихтан да, ән мен күйден де хабары бар сері жігіт тұғын. Ол енді бір сәт домбыраны алып, белгілі бір әннің әуенін қарыптап, тыңқылдатып шертіп отырды. Отырды да бір кезде:
– Ореке, – деді қарсы алдында отырған менің назарымды өзіне аудартып, – Ореке, әттең осы біздің халықтың соры әлі арылмапты ғой (жанары боталай қалды), ең берісі «Желтоқсан» мен «Жаңаөзенді» айтайық. Біз өзі сонда азат елміз бе?! Оң қолының алақанын жайып, маған ұмсына қарады. Содан кейін: – кеше отыз нешінші жылдары Аймауытовтан бастап Алаштың арда ұлдарының бәрін атты. Ашаршылықта қара халықтың малын тонап, аштықтан қырды. Ол кезде бодан елміз дейік. Ал бүгінгі азат үкіметтің сиқы осы ма сонда?! – дауысы саңқылдап жарқын-жарқын шықты. Әдетте ауыл арасындағы жеңіл әңгімеден аспайтын аңқылдақ жігіттен мен мұндайды күтпеген едім. Көзім бақырайып қарап отырып қалыппын. Ол ауыр күрсініп қойды. Күрсінді де еңбекке әбден пысқан салалы саусақтарымен шашын артына қайыра сипап:
– Енді біздің халықтың бағы қашан ашылар екен?! – деді тағы да терезеден алысқа көз салып. Сол қалпында домбыраны тыңқылдатып қағып отырды. Сосын бір кезде басын бері бұрып, домбыраны қолтығына қыса қомданып отырып қағып-қағып жіберіп: «Елім-ай, елім-ай» деді ескі әннің қайырмасын солқылдата қайырып. Қайырмадан басталған ауыр әннен көңілімді мұң қабыздап, әсерлене оған қарай бердім. Бұнысы аз болғандай «Елімайдан» кейін ол «Самалтауға» салды. Әннің «Он алтының зары еді-ай» деген жеріне келгенде, бағанадан үнсіз отырған мен қосыла жөнелдім. Қаттырақ шырқап жіберген болсақ керек ән аяқталған соң екеуміз Арқа мен Сібірдің арасында айдауда келе жатқан жандай кенеземіз кеуіп, алдымыздағы сырадан құшырлана сіміре бердік. Содан соң Дәурен «Алаш қонған ақбоз үй бос қалдыма» деп бір ән бастады. Негізінде дауысы барылдаңқырап шыққан болатын. Әңгіменің әсері ме, әлде шалаңдап қалғандікі ме бірақ маған жағымды да, терең болып сезілді. Өзімнің де жасаурап отырғанымды аңғардым. Ән аяқталған соң қолымды сермеп тұрып, «Өмір-ай деймін, өмір-ай деймін кейде мен» деп бастап өлең оқыдым. Өстіп қанша отырғанымыз белгісіз бұл кезде даланы әлдеқашан қараңғылық басып үлгеріпті, әбден арындаған біз үстелде санаулы ғана қалған сыраның екеуін ашып соғыстыра бергенімізде, есікті біреу қатты-қатты ұрғылап жіберді. Біз сыра соғыстырған қалпы аңтарыла солай қарастық. Мен орнымнан тұрып жалғыз көзден сығалап едім, үйірімен келіп тұрған бір топ СОБР-ды көрдім. Жүрегім тас төбеме шығып, алақтап, Дәуренге қайта келдім. Аналар есікті қайта ұрғылай жөнелді.
– Кім? – дейді Дәурен. – СОБР, – деймін мен сасқалақтап. – Аш,– деді Дәурен қолының сыртын есікке сілтеп, – Бірдемесін беріп жолға саламыз.
Мен барып кілтті бұрап есікті ашқаным сол еді, ең алдымен кірген алпамсадай біреуі кеудемнен итеріп қалып, алақаныммен жер тірей бергенімде мылтық дүмімен желкемнен ұрып еденге сұлатты. Көзім қарауытып, басым айналып барады… Сәл есімді жиғанымда «Алла» деген Дәуреннің дауысын естідім. Оны да ұрып құлатқан болды ғой деп ойладым. СОБР-лар сырт-сырт еткізіп жарықтың бәрін өшірді де, үйдің ішін астан-кестеңін шығарып қопара бастады. Арасында бізге қозғалмауды әмір етіп, мылтық дүмімен желкемізден ұрды. Арада бес минуттан артықтау уақыт өткенде барып жарықты жағып, бізді орнымыздан тұрғызды. Көз алдымда бүйірін ұстап ыңыранған Дәурен, бірыңғай суық киінген бес-алты СОБР тұр. Бірінің қолында осы үйдің көкөніс турайтын үш-төрт пышағы. Бірінің қолында мен неше жылдан бері банктен қарызға алған қалта телефонымның қорапшалары.
– Мыналар нағыз ұры, террористер екен алып жүріңдер, – деді бірі дауысы гүрілдеп. «Жігіттер біз…», – дей беріп едім оныма қаратпады, ішімнен тағы да бір соққы жасап үлгерді. Менің дауысымның соңы «ыңқ» етіп барып шорт үзілді.
Бір қарасам көлік ішінде соқталдай, суық екі СОБР-дың ортасында қысылып кетіп барады екенмін. Дәурен басқа машинада сияқты. Дала қап-қараңғы. Көлік әйнегінің сыртына үңіліп едім түпсіз құдықтай ештеңе көрінбеді. Қанша жүргенін білмеймін бір кезде қаланың белгілі бір ауданының үш қабатты полицей бөлімше ғимаратына әкеліп түсірді. Түсірді де қолымызды артқа қайырған қалпы ішке алып кірді. Іштен көздері қанталап жініккен, езулері тентек малдай көбіктенген бірнеше жас полицей жігіт қарсы алды. Мен сасқалақтағанымнан: «Ассалаумағалайкум» деппін. «Қ…ды жепсің» деді бірі желкемнен бүріп ұстап. СОБР-лар сойыс малды қасапханаға алып келгендей бізді оларға тапсырып шығып кетті. «Қасапшылар» бекер қарап тұрмады. Сол қалпы тұқыртып, терезесі жоқ тар бөлмеге алып кірді де, сұп-сұр цемент еденге қылтамыздан теуіп, етбетімізден жатқызды. Жатқызды да, әй-шәй жоқ тепкілей жөнелді. Арасында «Сұмпайылар, көтеріліске шықтыңдар ғой, қаланы өртеп тонадыңдар ғой, террористер!» деп қояды. Біз тепкіден қорғанып, бір уыс болып бүрісіп, шынтағымызбен бүйірімізді қорғай бастадық.
– Дұрыстап жатыңдар, енді жиырылсаңдар үтіктеп тастаймын. Шеш…гиіндер, ертең бұйрық берілсін, тақтайдай қылам! – дейді бірі тістене тепкілеп. Біз шамамызша «дұрыстап» жатуға тырыстық. Менің байқауымша бөлімшеде негізінен түнгі кезектегі жас полицейлер қалыпты. Тыңнан екі «қылмыскер» келді дегенді естіген бөлімше ішінде жүрген әрбірі арнайы келіп қарап тұрады да, «менің сендерге сыбағам осы» дегендей өз еншісіндегі тепкісін аямай «сыйлап» қиналғаныңа қарқылдап күліп қызықтайды. Бастапқыда қатты ауырған қос бүйірім енді көп ештеңе сезбей қалғандай болды. Менен гөрі көбірек сілтеп қойған Дәуреннің мастығы әлі тарқамаған сияқты, бағанадан бергі тепкіге өзі мас адам есеңгіреп қалған болса керек. Жанына араша сұрап еш тіл қатпай, жан-жағынан құйылған тепкінің тербелісімен құрдан-құр ыңырана береді.
– Шешес…терорристер! – деді бірі менің төбе шашымнан қапсыра ұстап, басымды көтеріп. – Қаланы неге өртейсіңдер?
– Үйден шықпадым, – деп шыжақтадым мен. – Өзім мұғаліммін, ол малшы таудан бүгін келді.
– Онда мұнда сендері неге ұстап алып келді?
– Ән айтып отырғанбыз, көршілер звондаған секілді. СОБР-лар үйге басып кірді.
– Қаралы күнде атаңның басына жырғап ән айтасың ба? – деді сосын ол шашымнан одан бетер шеңгелдей ұстап, мойнымды қайырып. Мен бұл сөзге қапелімде не деп жауап берерімді білмей қалдым. «Расында неменеме жетісіп ән айттым екен» деген өкініш ішімді өртеп барады. Аузыма басқа сөз түспей:
– Әнді қатты айқайлап айтпаған едік, – дедім ақталып.
– Сен әнші сияқтысың, тепкен сайын айқайлайсың, – деді ол Дәуренді иегімен нұсқап. Бұрын бүйтіп қолға түсіп көрмеген өзімнің соншалықты шыжбалақтап кеткенімді енді сезіп, намыстанып қалдым.
– Әнді ол айтты, мен өлең оқыдым, – дедім тағы өзімді ақтай.
– Не сонда ақынсың ба? – деді жардай болып, семіріп алған бірі ақырып.
– Ақын халыққа жақын, – деді тағы бір шәңкілдек дауыс. Қушық жақ, тылтиған арық сарының өзі екен. Бұл сөзді тауып айтқандай ыржыңдап қояды.
– Кәне, ақын болсаң біздерге бірдеңе құрап айтшы, – деді орындықта отырған тағы бірі. Енді бәрі соған қарасты. Бәрі өзіне қараған соң әлгі қос қолын қусырына нығызданып:
– Ей, ақын! Айт шеш… – деді тістене сөйлеп. Мен сасқалақтап қалдым. Дегенмен есімді тез жиып ала қойдым, сосын басымды көтеріп:
– Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты… –деп әдейі Мыржақыптың өзім қанша жылдан бері оқушыларыма жаттатып келе жатқан өлеңін оқи жөнелдім. Сонша қорқып отырсам да дауысым жинақы, жігерлі шыққан тәрізді болды. Жүректегі шерім тарқағандай сергіп сала бердім. Осылай өлеңді қысқа қайырып, «қандай екенмін» дегендей жаңағы орындықтағыға қарадым. Ол иегіне насыбай салып үлгерген сияқты, астыңғы ернін жымырап алыпты, еденге «былш» еткізіп түкіріп жіберді де басын сәл көтеріп:
– Өзің шығарған тақпақ па? – деді.
– Оттайды, мен бір жерден естігем, – деді шәңкілдек сары.
– Міржақып атамыздың өлеңі, – дедім.
– Атаң да ақын ба сонда? Мықты екен ә, тірі ме? – деді орындықтағы насыбайшы. Бәрі бұл сөзге ыржақтасып алды. Сол кезде бағанадан үнсіз, елеусіз жатқан Дәурен басын көтеріп:
– Жоқ, жігіттер, атамызды отыз бесінші жылы орыстар атып тастаған, – деді. Олар енді Дәуренге оқшарыла қарады. Сосын бірі:
– Екеуің туысқан болдыңдар ғой сонда, аталарыңды ұрайын, үйлеріңде пышақ пен телефон қораптары қайдан жүр? – деп енді сұрақтың ағынын солай бұрды.
– Ол кісі бәріміздің атамыз, – деп міңгірледім мен. Ол сөзім анық естілмеді ме әйтеуір елеусіз қалды.
– Сендердің үйлеріңде пышақ пен телефон жоқ па? – деді Дәурен ойланбастан. Бұл жолы олар тосылып қалды. Үйлерінде пышақ бар екені енді естеріне түскендей үнсіз аз тұрғаннан кейін жаңағы орындықта отырған насыбайшы тағы тістеніп:
– Тілің мен жығыңды айырып жіберейін бе! – деп орнынан тұрды. Содан кейін көздері қанталаған топ бізді ортаға алды да жалғасты тепкілей жөнелді…
Түн ортасынан ауа өздері де шаршаса керек, бізді дәлізге алып шықты. Кіреберіс босағаға орналасқан арнайы қылмыскерлерді қамайтын темір тордың ішіне тоғыта салды. Кіре салысымен мастығы тарқамаған, денесінен әбден әл кеткен Дәурен темір торға арқасын сүйеп, қос тізесін қапсыра құшақтап еденге отыра кетті. Содан маңдайын тізесіне сүйеген қалпы ыңыранып: «Елім-ай, елім-ай» дей берді. Ортада сілейіп аз-кем тұрып қалған менің көзім қараңғылау қапас ішіне енді үйрене бастады. Қос бүйірім шыдатпай ауырып барады. Бастапқыда аңғармаған екенмін, төргі бұрышта астына картон қағаз төсеп, біреу отыр. Шашы ұйпа-тұйпа. Қимылсыз. Басын жерге салып, тұқырайып отыр. Бізге еш назар салар емес. Өлі не тірі екенін сыңар езуінен су аға сырылдап алған тынысынан білдім. Білдім де қырсыққандай оның астына төсеген картон қағазының бір шетін басып, өзін аздап ығыстыра қасына келіп жайғастым. Ақырын көзімнің қиығын салып едім, қолтығына қысып отырған жарты құмыра суы бар екен. Сұрайын деп едім, тілім таңдайыма жабысып икемге келмеді. Ақыры, неде болса көрейін деп қолтығында тұрған құмыраны тартып суырып алдым. Қылқылдата жұтқан су сарайымды ашқандай болды. Енді өзімді кінәлай оған қарап едім, селт етпей, өкпесі сыр-сыр етіп әлі отыр. Тәуекелге барып ақырын иығынан түрттім, сонда ғана басын сәл көтеріп бетіме қарады. Көзінің айналасы көгеріп, аузы басы күп болып ісіп кеткен оның түрі тым сүреңсіз екен. Сасқалақтағанымнан «Ассалаумағалайкум» деппін тағы. Ол жәй ғана басын изеді. Бірақ тіл қатпады. Мен не істерімді білмей қалдым да:
– Қашан келдің? – дедім түйеден түскендей. Сұрағымның тым өрескел екенін сезем, бірақ айтылды амал жоқ, жауабын күттім. Ол сөйлей алады екен:
– Алты күн болды, – деп жауап берді. Дауысы тым ақырын, өкпесінен сырылдап шықты.
– Неге келдің? – дедім тағы сөлекет. Ол шамырқанар емес:
– Мен базардан самса ұрлап жедім,– деді саспай. – Отызға жуығын бірақ жедім, өте дәмді самса! Бұл сөздерді асықпай, тәптештеп айтып шықты.
– Неге ұрладың?
Бұл сұрағым ғана оның шынбайына тие бастаса керек, мойнын сәл бұрынқырап, бетіме үңіліп:
– Ей, жынды, ол деген өте дәмді сам­са тұрса маған не қыл дейсің, – деді өк­песінің сырылы асқына, демігіп. – Мыналар онымды білмей де қалар еді, кө­шеде жүрген жерімнен ұстап алып келіп, тепкілеген соң бар қылмысымды айта салдым.
Ол әлдене іздегендей қалтасын сипалап отырды да:
– Темекі бар ма? – деді. Мен барлық заттарымды полицей алып қойғанын айттым. Ол шарасыз күй кешкендей жан-жағына қарап алып, бағанағы мен ішкеннен қалған суды алып қылқылдатып жұта бастады. Құмыраның түбінде мардымды су қалмаған екен. Тез ішіп тастады. Сосын бері бұрылып:
– Енді келіп қаланы тонадың, өртедің, – деп қылмыстың бәрін үйіп-төгіп отыр. «Сегіз жылға соттаймыз» дейді. Әттең ақшам болса ақталып кетер едім, – деп күрсініп қойды.
– Неге сөйтпейсіз? Бұл жолғы сұра­ғым бағанағыдан да сорақы болған сияқ­ты. Ол басын кілт бұрып, шақшырая қара­ды:
– Ей, мен бір жүрген іздеушісі жоқ, үйсіз-күйсіз жан тұрсам,– деді ашуға булығып. – Бар десе барам сегіз жылға, онсызда өмірім сүреңсіз.
Ол қолының мүйезгектенген алақа­ны­мен бетін сипалай берді. Сосын маған қайта бұрылды да:
– Сендерді неге алып келді?– деді.
– Біз негізінде үйде ән айтып отыр­ғанбыз, – дедім баяғымша. Ол мені мазақтағандай басын кегжитіп алып, асықпай тілін икемге келтіре сөйлеп:

– Мына заманда неменеңе жетісіп ән айтып жүрсің, ей! – дей салды. Мен тап бұдан мынандай сөзді күтпеген едім. Қапелімде недерімді білмей, төмен қарап жердегі бос құмыраны алып, қақпағын бейберекет бұрай бердім.
Дәурен «Елім-ай-ын» доғарып, әлсіз қорылға көшіпті. Қасымдағы адамға одан кейін тіс жарып ештеңе деген жоқпын. Оның да сөйлесуге зауқы болмады. Бір иығын темір торға сүйеді де, өкпесі сырылдап, ұйқыға кетті. Ұйқылы ояу қанша отырғаным есімде жоқ бір кезде таңның алакеуім жарығы бөлімше ішіне түсіп, бұл араның қызметкерлері бірнен кейін бірі келе бастады. Дәуренді түрткілеп жүріп әрең ояттым. Полицей бөлімшесінің іші тым сүреңсіз екен. Көп жылдар бойы жөндеу көрмей жемірілген еден мен ыс басқан аласа төбесінен, бір қабаты қабыршақталып түсе бастаған, түрлі дақ жұққан там қабырғаларынан сонау Совет заманының сұрғылт бояуы сезіліп, қарадай жаныңды тоңдырады. Әлден уақытта бөлімшенің кірер есік жағынан тасыр-тұсыр дыбыс шығып, біреулер келгендей болды. Қарасақ, курткасының етегін қайырып әкеліп басына жапқан бір адамды полицей резеңке таяқпен арқасынан сабалап, айдап келеді екен. Аузынан түрлі боқтық сөздер қарша борайды. Айдаудағы жан ұзын бойлы, сом білекті жас жігіт көрінеді. Артына қайыра кісендеген қолының күре тамырлары адырайып, жұдырығын тарс жұмып алыпты. Шебелене боқтап, тепкілеп келе жатқан полицейге еш тіл қатпайды. Полицей аласа бойлы, төртпақ денелі отызға таяған жігіт көрінеді. Оның да екі көзі түндегілердікі сияқты қып-қызыл, езуі көбікті, жінігіп алған. Әлгі жігітті біздің тұсымыздан айдап өтіп бара жатып, кілт тоқтады. Айдаудағы жанды тамға теріс қаратып қойды да, қозғалмауға бұйрық беріп бізге бұрылды. Бұл көрініске таңырқағанымыз сонша өзіміздің қайда тұрғанымызды ұмытып та кетсек керек, полицей қапасқа қарай келе жатқанда есімізді жиып, бойымызды тіктей қалдық. Полицей қолтығына жара шыққан адамдай екі қолын құстың қанатынша жайып, кеудесін керіп шіреніп алыпты. Келді де қапастың темір торын қос қолымен қысып ұстап, шықырлата ары-бері ырғап тұрып:
– Япты…тар, әкелеріңді танытам қазір, менің кім екенімді анадан сұраңдар, –деді бұрышта отырған баяғы тұтқынды нұсқап. Біз бұрылып, оған қарап едік басын бейберекет изеп, қапастың қараңғы бұрышына тығыла түсіпті. Сосын ол кетуге ыңғайланғандай болып торды шеңгелдеп ұстаған қолын босата берді де, жақын тұрған Дәуреннің кеңірдегіне сап беріп жабыса кетті, қолы қарымды екен, тыпырлаған Дәуренді қылғындыра өзіне тартып тұрып:
– Не менен таяқ жеп, сегіз жылға кетесіңдер, не ойланып, бір шешімін шығарасыңдар. Шешімін анау біледі, – деді тағы да бұрыштағы дудар бас тұтқынды көрсетіп. Сосын жаңағы тамға жапсырып кеткен тұтқынын әлі келгенше тепкілеп, арқасынан итере, ентігіп, астыңғы қабатқа қарай түсіріп бара жатты.
– Енді қайттік? – дедім.
– Алдымен тергеуге алып барсын, сосын көреміз, – деді Дәурен тамағы қырылдап.
Сол сәтте дабырласып әлдебір есіктен шыққан түндегі жас полицейлерді көрдік. Олар бірнеше адамды бастарына қап бүркемелеген қалпы, қолдарын артына қайырып, астыңғы жер асты қабатқа түсіріп бара жатыр. Бірі аяғын сүйретіп, бірі бүйірін ұстап ыңыранған әлгі адамдарды көріп мен шошып кеттім.
– Ақша беріп құтылуға болатын сияқты ғой,– дедім Дәуренге.
– Қылмыссыз болсаң не үшін ақша баресің?
– Бұлар қылмыс саудалайды, керек десең түр-түрі бар, жаңа өзі де айтты ғой – деді сол кезде бағанадан үнсіз отырған бұрыштағы тұтқын. Біз үнсіз қалдық. Кенет үстіңгі қабат жақтан ашуға булыққан әйел адамның дауысы естілді:
– Білә, тыныш ұйықтай да алмайтын болдық қой. Үйге де қайта алған жоқпын, – деді ызалы үн. Қасында қарапайым киінген ер адам бар, полицей формасын киген әйел екен. Ұйпа-тұйпа болып додырап кеткен шашын ретке келтіріп, кеудесін түймелене баспалдақтан асығыс түсіп келеді, қасындағы қарапайым киінген еркектен озыңқырап, аяғын жылдам басып, бізге қарсы бет қабырғада есігі қисықтау тұрған бір кабинетке кіріп кетті. Есіктің сыртында жартысы өшіп көрінбей қалған «Туал…» деген жазу бар екен. Соған қарап оның әжетхана екенін аңғардым. Асығыс кірген әйел есікті толық жауып үлгермеді. Артынан ере келген әлгі еркек саңылауы ашық тұрған есікті нығарлай жауып жатып, бізге қарады:
– Не қылмыспен келдіңдер, ей?! – деді сосын ұйқысын аша алмай есінеп.
– Ән айттық.
Дәурен екеуміз де жарыса тіл қатып.
– Ән? – деді ол ештеңе түсіне алмай басын шайқап. Іштен жаңағы әйелдің:
– Эрик, есікке қарай тұршы, қазір шығам, біреу кіріп кетпесін,– деген айғайы естілді.
– Пиз… – деді Эрик. Сосын тағы да бізге қарап:
– Опшым, сотталып тұрсыңдар ғой сорлылар, – деп бетін тыржитып, дәліздің арғы басына қарай аяңдап кетіп қалды.
Кетіп бара жатып өзімен айқасып өткен біреуге қол беріп амандасты. Айқасып өткен адам да үстіне полицей формасын киген, егде тартқан еркек екен. Біз тұрған жаққа жақындап келген ол аңтарыла қарап тұрып:
– Әлгі әншілер сендер ме? – деді.
– Иә.
Дәурен екеуміз жамырай тіл қат­тық. Маған оның жүзінде сәл де болса жылымық бар сияқты көрінді. Қолына біздің телефондарымыз бен құжат­тарымызды ұстап алыпты. Сосын онысын қалтасына нығарлап салды да жаңағы «туал» деген жазуы бар есіктің тұтқасына жармасты. Мен «адам бар» деп айтып болғанымша, есікті ашып та үлгерген ол табалдырықтан аттай беріп кілт тоқтады. Есікті қайта жауып жатып:
– Гуля, қашан көрсең теңкиіп сен отырады екенсің, – деді. Сосын назалана басын шайқап, есікті тарс еткізіп ішке қарай серпіп жіберді де, бізге қарама-қарсы тұрған бір кабинетке кіріп кетті. Есік сыртына оның аты-жөні жазылған сияқты. Ұзақ әрі ұсақ, өшіңкіреп қалған әріптер көзге бұлдырап анық көрінбеді. Жаңағы туалет жақтан Гуляның Эрикті боқтап айғайлаған дауысы судың сарылымен қабаттаса жетті. Іле-шала туалеттен түлен түртіп шыққан әйел:
– Эрик, зайб… қайдасың? – деп айқайлап, дәліздің басына қарай ол да кетіп қалды.
Әйел шабыт берді ме, әлде егде полицейдің азда болса жылымық жүзі тіршіліктен үміттендірді ме бұл кезде менің де әжетханаға барғым келе қалған еді. Бірақ тордан шыға алмайсың. Дегбірім қашып тұрғанымда, кешегі бізді тепкілеген кабинеттен бір полицей шықты. Ол да алдымен есінеп, керілді. Түндегі насыбай атқыш екенін жазбай таныдым. Кім де болса тілдесіп, таныс болып қалған жөн ғой деп тартынбай айғай салдым:
– Брат, брат әжетханаға баруым керек. Ол бір боқтанып алды да, кабинетке қайта кіріп, салдырлатып, бір топ кілт алып шықты, сосын асықпай аяңдап келіп қапастың шынжырлап құлыптанған есігін салдырлатып ашты. Қапас есігін қайта кілттеп жатып, қайда барарымды білмей тұрған маған:
– Тез кіріп шық, – деп бағанағы Гуля кірген есікті нұсқады. Бұл жерде ер мен әйелге арналған, есігі ішінен ілінбейтін жалғыз әжетхана бар екенін мен ішке кіргенде бірақ аңғардым. «Гуля­ның ашуланатын жөні бар екен» дедім іштей. Сырттан біреу кіріп келмесін деп жұмысымды тез тындырып, беті-қолымды жуып біраз сергіп сыртқа шықсам, әлгі насыбайшы полицей жоқ. Қапастың есігі құлыптаулы, ішінде көздері жәудіреп Дәурен мен дударбас тұтқын тұр. Өзімді оларға қарағанда еркін сезініп, олай-бұлай жүрдім, ақыры ешқайда кете алмайтын болған соң түнде бізді тепкілеген кабинеттің есігінен сығалап насыбайшыны іздедім. Ол көрінбеді. Сосын қайта келіп қапастың есігіне жабысып, тордағы екеумен мұңдасып тұрғанымда қарсы тұрған есік ашылып бағанағы егде полицейдің басы көрінді. Денесін толық шығармаған қалпы ол:
– Не істеп тұрсың? – деді маған таңырқай қарап.
– Кіре алмай тұрмын, – дедім мен қапастың құлыптаулы есігін тартқылап.
Оны аздап күлкі қысқандай болды. Бірақ күлмеді. Енді табалдырықтан аттап толықтай сыртқа шықты да:
– Кука, қайдасың? – деп дауыстады. Әлде бір кабинеттен сопаң етіп насыбайшы шыға келді. Оның атының Кука екенін сонда барып білдім. – Мыналарды тез маған алып кір, – деді сосын егде полицей оған бұйыра сөйлеп.
– Бізге де тергеу болатын болды, дайындал, – деді Дәурен маған бұрылып. Мен шошып кеттім…
Ішке алып кіргеннен кейін жаңағы егде полицей бізге назарын да салмай, үстел үстіндегі қағаздарына үңіліп біраз отырды. Сосын барып:
– Бақыттарыңа қарай телефондарыңнан «Қаңтарға» қатысты ештеңе табылмады, – деді басын көтермеген қалпы.
Сосын орнынан тұрып тура алдымызға келді де қатулы қабақпен түрімізге үңіліп, кезек-кезек қарады. Сосын екі қолымен екеуміздің жағамыздан қапсыра ұстап өзіне таман жақындатып:
– Сонда сендер қаралы күнде неменелеріңе мәз болып ән салып жүрсіңдер,–деді жекіріп.
Дауысы қатты шықты, кешеден бері жауабы табылмай келе жатқан осы сұрақ тағы алдымыздан шыққанда абдырап қалдық. Сосын бұл сөздің қайдан аузыма түскенін білмеймін, Мен:
– Жоқ, аға! Біз негізінде өте мұңды әндерді айттық, – дедім көзім алақтап.
– Иә, аға, кілең мұңды әндер айттық. «Елім-айды», – деді Дәурен де қостай, тілін икемге әрең келтіріп.
Полицей оқыс «мырс» етті. Сөйтті де онысын бізден жасырғысы келді ме жағамызға жармасқан қос қолын сілкіп босатып теріс айналып кетті. Сәлден соң барып бері қарағанында қатулы қалпына қайта келіп алған екен:
– Ананы көрдіңдер ме? – деді бұрышта үйюлі тұрған қоқысты нұсқап.– Жылдам жиыстырып төгіп келіңдер де, көзіме көрінбей жоғалыңдар!
Мен зыр жүгіріп қоқыс жинай бастадым. Дәурен орнынан қозғалмаған қалпы сазарып әлі тұр. Жиыстырған қоқыстарды дорбаға салып, төгіп қайтып келсем, Дәурен босағаға сүйеніп, бүйірін ұстап көзі жасаурап тұр екен. Қолтығынан сүйей бердім де, коридорды бойлай шығар есікке қарай сүйрей жөнелдім…
Біз сыртқа шыққанымызда тұман әлі айықпапты. Он неше сағат қараңғы торда отырғандікі ме, бағытымызды ажырата алмай біраз тұрдық. Жан-жағымызға қарап бұл тұрған орнымыздың қай жер екенін ажыраттық. Маңайда жүргіншілер аз көрінеді. Бөлімше алдындағы бағана басына ілінген, кеше ғана жартылай түсірілген ел байрағы тұманды дымқыл ауадан еңсесін әлі көтере алмай, бағанаға байланбаған екі басы жерге тартып, ұсқынсыз күй кешеді. Дәурен екеуміз бір-бірімізді сүйеп, көшедегі көліктердің бірін қолымызды сермеп жүріп әзер тоқтатып, үйге қайттық. Менің көз алдымнан полицей бөлімшесінде көрген көріністер кетер емес. Құлағыма қайта-қайта «Елім-ай» әнінің әуені келе берді. Қасымда үнсіз отырған Дәуренге қарап едім, оның шерлі жүрегі сол әнді қайталап әлі айтып келе жатқандай сезіле берді. 

Ретбек Мағаз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір