МЕНІҢ ФАРИЗАМ

Фаризаның әдеби, қоғами, саяси дүбірлі жылдары басталды, ал менің бесік ж
ырынан басым айналды.
Ол кезгі коммунистік қоғам қаламгерлерді қатты пайдаланды, жағдайын жасады, сөзін сөйлетті, өз саясатын насихаттата білді және қаламақысын да жақсы төледі. Өкінішке орай, егемендік алғалы бері қаламгерлер шетке шығып қалды. Егемендіктің идеологтарын тәрбиелеп үлгере алмай, рухани саламызды босаңсытып алдық. Бүгінгі талай келеңсіздік содан да кетіп отыр, өйткені, адамзат санасына, ұрпақ тәрбиесіне әсер ететін бірінші қару – Сөз!
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА
Фариза коммунистер ұстанған әйел саясатын қолдап, шығарма жазды. Ол кезде Кәмшат Дөнентаева апамыз даланың тракторшы қызы ретінде сан ұлттан құралатын Советтер Одағындағы әйелдер қатарынан аталу керек болды. Онда Валентина Терешкова космосты игерсе, қазақтың Кәмшат Дөнентаевасы тың даланы неге игермеске! Фариза ол жайлы очерк те, дастан да жазды. Әрине, құптарлық іс.
Съездер сарайы іші. Нұр – бедері.
Айбары дір еткізіп тұр денені.
Шешендер алмасқанмен, қалар мәңгі,
Кремль, оның тарих-мінбелері.
Жетелеп жүректерін үмітті арман,
дүниені тазартуға былықтардан
жиналды коммунистер – жалын жандар
нәр алған дауылпаздық рухтардан.
Жылжымай жалғандықтың қойтастары,
Әділет қашан жерде айқасқалы…
Шындықтың мінбесіне шығып бүгін,
даланың Кәмшат қызы ой тастады.
Еңбектегі ер әйелді жырлаған ақын Фаризаны Орталық Комитет те бірден қолдай жөнелді. Кәмшат апай да, Фариза ақын да баспасөзде дүркіреп тұрды ол жылдар. Екінші қызым дүниеге келгеннен кейін мен бір әдеби жиынға қатыстым, Фаризамен жолықтым. Салқындау сөйлесіп, үзілісте шәй іштік.
– Фариза, – дедім, – Қай қазақ атамыз қызының тракторшы болғанын армандапты? Сен өлең тақырыбыңды өзгертсең қайтеді?
Ол жерде мен қазақ әйелінің қайсарлығын мақтан тұтқанмен, әйел тақырыбын саясатқа салғанды онша ұнатпағанымды айтқым келген. Шынында, Кәмшат Дөнентаева – қайсар да парасатты қазақ әйелінің эталоны ғой. Ол жайлы жазған мына жолдары көңілге мақтан ұялатады, Кәмшат апаға жарасады.
Айналып жүріп бүгін ғарышты мың,
Тарихтың шолам кейде алыс нуын.
Келеді қазақ қызы тік көтеріп,
қашан да халқының ар, намыс туын.
Ғұмырын бастағалы тағдыр-далам,
тылсымды сынақтарға салдың заман.
Ешқашан елін, елдің азаматын
ұятқа дала әйелі қалдырмаған.
Әттең, бүгінгі қыздар Facebook-ке жазысатын өлең жолдары ғой. Әрине, менің Фаризаға бұлай дегенім дұрыс болмаған шығар, бірақ айтылған сөз айтылды. Солай екеуміздің көзқарасымыз да сәйкеспей бара жатты. Ол коммунистерді әдемі жырлады. Ал менің жүрегімде әжем айтқан бершімекше қатып жатты. Ол былай деген: «Әулие атамыздың мешітіне шошқа қамап, өзінің сақалын бояп, кейін сол мешітті өртеп, қорлады ғой бұл бәлшебектер». (Сол «Ақмешіттен» бұл күнде қазба жұмысын жүргізушілер талай қасиетті нәрселердің ізін табуда). Жалпы, әжем Қатира көп нәрсе айтқан. «Ақырзаман болғанда су тартылар, қарап тұрған жігітке қыз артылар» деп, Мөңкенің жырларын да мысалға келтіріп, «Бәлкім, сен оны көрерсің» деп аяқтайтын сөзін. Өткеннің айтары мол, көргені көп қой. Әттең, оларды тыңдар құлақ бұл күнде азайып тұр…
Осындай екі түрлі қалыптасу бертін келе Фариза екеуміздің ішкі жан-дүниеміз де екі бөлек екенін аңғартты.
1981 жылдың наурызы. Жазушылар одағының кезекті съезі өтті. Дүбірлі мерекеге бас қостық.Мен үшінші нәрестемді құрсағымда тербетіп, сегізінші айда жүрсем де, биік өкше етік киіп, съезге бардым. Мариям Хакімжанова апам көре сала, «Сен съездің үстінде туып қалма! Мына түріңмен неге келдің? Үйіңе қайт», – деп күліп жатыр. Ал мен жазушыларды көргім келді, қаламдастармен жүздескім келді, әсіресе, Қонаевты көргім келді.
Ол кезде біз Қонаевты өте сирек көретінбіз. Теледидар да жиі көрсете бермейтін. Ал жазушылар съезіне міндетті түрде қатысып отыратын еді.
Фариза, Шәрбану, Күләш, тағы біраз қыздар жиналып, топталып отырдық. Сөйлесіп, мәз болдық. Облыстан келген қаламгерлермен таныстық. Жазушылар съезі көңілді өтті.
Ол жылдар менің Фаризамен хабарым сиреген. Кенеттен атам дүние салды. Қайным келін түсірді, қайынсіңлім ұзатылды. Садақа да, той да, құдалық та біздің отбасымыз үшін оңайға соқпады. Екі бөлмелі үйде үш баламен, елден оқуға келген ағайын-таныстардың студент балаларымен ығы-жығы өмірдің арпалысынан қолым тимеді. Айранға да, нанға да, сабынға да кезекке тұратын, қайран, сол күндер-ай!.. Балабақша мен мектеп өмірі де аз уақытымды алған жоқ. Үлкен қалада қыз өсіріп-тәрбиелеу сонша қиын екенін кім біліпті… Оларды өсіру үшін ана кірпік қақпайды екен ғой. Музыка мектебіне де, театр, киносына да трамваймен тасып үлгердік. Ол кезде №12 қазақ мектебі біреу-ақ еді. Оның өзін жабылудан сақтап қалған жазушылар тобы болатын. Сол мектепке 17 аялдаманы өтіп, біздің балалар сабаққа баратын. Ана тілі үшін күрес те сол кезде басталған еді…
Фариза бұл кезде Алматы қаласының басшыларын, лауазымды қызмет иелерін, Орталық партия Комитеті қызметкерлерін, яғни «босстарды» түгел танып үлгерді. Алматыдағы «Адай» руының азаматтары ақын қыздарының алдында тік тұрып сыйлады. Әсіресе, Әбіш Кекілбаевты танығандар, маңғыстаулықтар, жаңаөзендіктер ерекше құрметтеді. Соның арасында Алматы қаласы ГАИ-дың бастығы, полковник Ізтұрған Сариев туған ағасындай қамқорлап, Адайларға әдейі тапсырма беріп отырды. Фариза жалғыздық көрсе, бүкіл Адай әйелдеріне «сөгіс» жариялайтын болды. Сариевтің өз әйелі Нұрсан Мұхамеджанқызы – үлкен дүкеннің меңгерушісі, маған да рулас апа болатын.
Бір күні сол зар илеп, «Ойбай, Адай қызға дубленка таппай, жүгіріп жүрген жайым бар. Өткен жылы норка құлақшын сыйлап едік, есікке лақтырып кетті. «Онсыз де еркек сияқты адамға еркек құлақшын сыйлаған не мазағың?» депті Фәкең. Ендігі туған күнге Адайлар дубленка тап деп жатыр. «Югославия тіккенді ғана киемін» депті. «Әбіш Кекілбаевпен туған күнді сәйкес қойып, бірге тойлайық» десе, Клара Кекілбайкеліні бәрін күлдіріпті: «Сонда бір дастарқанда менің екі бірдей «байым» отыра ма?» – депті. Өздері еркелетіп, төбелеріне шығарып, өздері қыран-топан күліп, Адайлар тобы Фаризадан театр жасап алды. Бірақ Әбіш Кекілбаевтан басқасы оның не жазғанын, ішкі күйін ұққан емес, жәй дақпырт еді.
Сол қыста Фаризаға дубленка табылды. Ақпан айында Ақ Жайықтың ақ боранына мамама бара жатырмын деп, мен де дүкенші апамның өз дубленкасын үйінен киіп кеттім. Нұрсан апай ләм деген жоқ, «Саған жарасып тұр екен» деп қала берді (Биыл сәуір айында дүниеден өтті, иманды болсын. Топырақ сала бардым). Ой, дүние-ай, сол кезде киім табу да бір әбігер еді-ау. Қазір ондай дубленкалар өтпей, самсап ілулі тұр.
Біз өмір сүрген социалистік қоғам енді тарих қойнауына кетті. «Коммунизм құрамыз!» деп ұрандап жүрдік. Жайлы аяқкиім тауып кие алмай жүріп, коммунизмді не деп ойладық екен? Өзіміз жаттап өскен тақпақты баламызға үйреттік.
Үйімізде, төрімізде
Портретте тұрған кім?
Ол – Ленин данамыз,
Ол – Ленин бабамыз.
Жеке басқа табыну үлкен қателік екенін Ленин бабаның тағдыры тағы дәлелдеп берді.
Ол жылдары Фаризаға қаламгер қыздан жақын қалған Мағира Қожахметова, жазушы ініден Мереке Құлкенов еді. Отбасына Махиз ағасының ұл-қызы есейіп келе бастады. Махиз аға қайтыс болғаннан кейін бәрін оқыту, бағып-қағу Фаризаның міндетіне айналды ғой. Әр бала тағдырына жауапты болу да оңай шаруа емес еді.
Солай біз бір Алматыда тұрып, бір-бірімізді көретін уақыт таппай өмір кештік. Фариза үлкен ортаға мидай араласып кетті.
Дүркіреп 1986 жыл өтті. Өмір өзгерді. Сана өзгерді. 1991 жылы Қазақстан егемендік алды, қайта құру басталды. Әркім өз күнін өзі көру үшін арпалысты. Барлық қарапайым Қазақстан халқымен бірге қаламгерлер де күнкөріс қарекетімен кетті. Өз басым қатты қобалжыдым. Сол кезде Алматыны басқарған Виктор Храпунов, Алматы құрылысын басқарған Мильграм дегендер биліктің басында тұрды. Кепілдік хаттар беріп үй салды. Соған үй ауыстырмақшы болып, уақытша жатақханаға шығып кеткен едік. Храпуновтың қашатынын кім білген?.. Мильграмның атылатынын кім білген?.. Әйтеуір, Құдай сақтап, үш жыл азып-тозып, кепілдік берген үйімізге кірдік. Ал Фаризаға ол кезде марқұм Нұрлан Балғынбаев жеке үй де салғызып берген. Заманбек Нұрқаділов кейін қалаған пәтерін де берген. Иманғали Тасмағанбетов түрлі мұқтажын толтырып отырды. Атыраудан депутаттыққа сайланды. Фаризаның енді Астана мәжілісінде отырғанын теледидардан көретін болдық. Жиренше шешен айтқандай, «Сен аттылы, мен жаяу, Әңгімеміз жараспас» деп, енді екеуміз мүлде алыстап кеттік. Ол тек Адайларға ғана емес, бүкіл қазаққа еркелей алатын лауазым иесіне айналды. Халық сайлаған депутатқа айналды. Бүкіл биліктегілерді де түгел танып үлгерді. Кей жерде «бәлен жігітті бәлен қызметке қою керек қой» деген үкімді де айтып тастайтын болды. Кей әкімге керек машинасын да алғызып жүрді. Кейін ақындық ортадан шығып, банкирлер ортасына да еніп кетті. «Валют-Транзит Банктің» меңгерушісі Андрей Беляев (Айтпақшы Біләлов) пен оның әйелі Әлиядан ғажап ақындар жасаған кітап шығарылды. Екеуінің «Махаббат жыры» Ләйлі-Мәжнүн дастанынан бірде-бір кем еместей жырлар жазылды. Ол үлкен жинақ боп шықты. Тұсаукесерін Астана, Қарағанды қалалары шулатып тойлады. «Хабар» телеарнасы көрсетті, талай лауазымды «көкелер» бірінші қатарда отырып, қол соқты. Ақша үшін олардың әндерін Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева бастаған таланттар шырқады (Қазір ол әндерді олар да ұмытып қалды, тыңдағандар да ұмытты, «Хабар» телеарнасы да ұмытты). Өйткені ол – жасанды, ақша үшін жасалған нәрсе еді. Міне, осы кітаптың да, шоудың да авторы, өкінішке орай, менің Фаризам…
Нарық заманы қаламгерлерді қинап-ақ тастады. Бастапқыда қоғам өмірі жайлы пікір айтқанмен, бізді ешкім тыңдаған жоқ. Бәрінің аузында «экономиканы дамыту» деген сөз тұрды, бәрінің ойында «ақша табу» деген ұран тұрды. Жасыратыны жоқ, сана тәрбиесі, рухани байлық екінші кезекке шығып қалды. Қоғамда аяқасты байлар пайда болды, шала сауат бала салтанатты сарай тұрғызды, оқыған академик жаңа бәтеңкеге мұқтаж болып, иіні көнерген костюм киді. Елдің ұғымында зиялы деген қалтасы қалыңдау, киімі қымбаттау кісілер болып қалыптаса бастады. «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген мақал бізден бұрын шықса, бұрын да бұл далада, бұрын да адамзат өмірінде әділетсіз қоғам болғанға ұқсайды. Ата-баба ғасырлары аңсаған еркіндік келді. Өз даласын қазақтың өз баласы басқарды. Көк туды көгіне көтерген Ұлы Дала болуға қадам басты. Бірақ ақындар қуаныш дастанын жаза алмай қалды. Неге? Міне, осы сұрақтың төңірегінде өте көп мәселе бар. «Бізге ең қымбаты – әрине, Егемендік! Соның жолында бәріне шыдауымыз керек» деген заманның заңғар ойшылы Әбіш Кекілбаевты өзіміз отырып сынға алдық. Өзінің сатып алған пәтерінен денесі шыққан ойшыл, сауатты қаламгерімізден астананы қызғанғандар да болды-ау. Биліктің сөзін сөйледі деп кінәлағандар да болды-ау. Сонда ол қайда жүріп, қалай өмір сүруі керек еді? Ол – егемендікке қызмет еткен қаламгер! Ешкімнің еңбегін жеген жоқ, ешкімді алдаған жоқ, адалдықты ту етіп ұстаған үлкен ойдың, парасаттың үлгісі еді. Депутат болған жазушы Шерхан Мұртаза да, ақын Фариза Оңғарсынова да кімнің сөзін сөйлеулері керек еді? Халықтың! Ал біз халықтың сөзін сөйлеуді қалай түсінеміз? Елдің бірлігі мен берекесін қашырып, кеше басшы етіп сайлап, бүгін бетінен алып, арпылдау ме екен? Өз үйінде екі бала, бір әйелінің шаруасын оқсата алмай жүріп, ел жұмысын атқарған азаматты мұқату ма екен? Сонда билікте тек жамандар отыр, көшеде ақылдылар жүрміз бе? Елдік, бірлік, татулық, сыйластық деген сөздің мәнін кім түсіндірмек? Иә, «Алтын көрсе, періште жолдан таяр» деген қайдан шыққан сөз? Талай қаламгерлеріміз ақша бергендердің әке-шешесі жайлы кітап жазуға жалданса, сонау мақалдың шығуына бізден бұрынғы жағдайлар себеп болған шығар. Ендеше, банкир Беляевке өлең жазуға Фаризаны сол сәттегі жағдай мәжбүр еткен болар. Үкімет төлемеген қаламақыны марқұм Андрей Беляев бірнеше есе етіп төлегені рас. «Адамды заман билейді, заманға адам күйлейді» дегенді ертедегілер сондай жағдайда шығарған болар. Ендеше, қайсар ақын, әділет үшін күресем деп жыр жазған Фариза заманға бейімделуге мәжбүр болған шығар… Өйткені, оның мойнында Махиз ағасының он баласының жүгі қалып еді.