ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ
Елзат Ескендірдің «Өліара» («Off-season») қысқаметражды фильмінің тұсаукесер рәсімі Оңтүстік Кореяда Пусан кинофестивалінде өтеді.
Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында 6-15 қазан аралығында ХХІ-ші Халықаралық BIFF кинофестивалі өтеді. Busan International Film Festival (BIFF) – Азия киноиндустриясында ғана емес, дүниежүзінде шоқтығы биік кинобайқау. BIFF кинофестивалінде отандық жас режиссер Елзат Ескендірдің «Өліара» («Off-season») қысқаметражды фильмінің премьерасы өтеді және «Wide Angle section: Short Film Competition» конкурстық бағдарламасында басты жүлделі орынға таласады.
Кинокартинаның атқарушы продюсері Дәурен Дариябек: «Шығыс мәдениетін әлемге үлгі етуді мақсат тұтатын кинобайқаудың конкурс тізіміне ілігудің өзі – үлкен мәртебе. Бұйыртса, терең психологиялық драмаға құрылған «Өліара» туындысы Пусан BIFF кинофестивалінен олжасыз қайтпайды деп үміттенем», – дейді.
«Өліара» фильмінің қоюшы-режиссері Елзат Ескендір – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының түлегі, Ираклий Квирикадзе шеберханасында тәлім алған жас кинотанушы. Сценарий авторлары – Елзат Ескендір және Өміржан Әбдіхалықұлы. Басты рөлдерді белгілі әртістер Асылболат Смағұлов, Баян Қажынәбиева, Дулыға Ақмолда және баланың рөлін Мақсат Әбдірахман сомдайды.