Ұлттық әдебиеттің жаңа белесі
Белгілі жазушы-сатирик Мұхтар Шерімнің «Адамға ұқсайтын адам» атты сатиралық романының алғашқы томы Пәкістанда аударылып, жарық көріп, жақын күндері салтанатты тұсаукесері өтпек.

Бұл – бір ғана қаламгердің емес, тұтас қазақ әдебиетінің халықаралық деңгейдегі мерейін өсіретін маңызды оқиға.
Қазақ сатирасы соңғы жылдары әлемдік әдеби кеңістікке сирек қадам басып жүргені белгілі. Ал Мұхтар Шерімнің шығармасының пәкістандық оқырмандардың қолына тиюі – ұлттық әдебиеттің жаңа белесі. Әлемнің тағы бір бұрышындағы оқырмандар енді қазақ қоғамының тынысын, бүгінгі заманның шындығын, өткір мысқыл мен уытты әзілді өз тілдерінде оқуға мүмкіндік алады.
Жазушының сатирасы – жай күлдіру үшін жазылған шығарма емес, оның әр кейіпкері қоғамдағы мінез-құлықтың, мансапқорлықтың, мақтаншақтықтың, жемқорлықтың, екіжүзділіктің көркем бейнесіне айналған. Автор күлкі арқылы оқырманды ойландырады, ащы шындықты астарлап жеткізеді.
Романдағы Төргебасардың Париждегі Эйфель мұнарасын сатып алмақ болуы немесе Сұмтайдың БҰҰ-ға арыздануы – сырттай қарағанда қиялға құрылған оқиғалар. Алайда осы әсірелеудің ар жағында бүгінгі қоғамдағы орынсыз даңғойлық, мансап үшін бәріне дайын психология, шексіз амбиция жатқанын аңғару қиын емес. Бұл – классикалық сатираның басты ерекшелігі.
Жазушының «Біздің мақтаншақтар», «Әкімшіліктен келдім», «Ертегілер елі жасасын», т.б. көптеген туындылары да күлкі мен мұңды қатар өріп, қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды өткір тілмен түйрейді.
Пәкістандағы тұсаукесер сәтті өтіп, қазақ әдебиетінің абыройын асқақтата берсін. «Адамға ұқсайтын адам» романы әлемнің көптеген тіліне аударылып, оқырман жүрегінен орын алсын.
Бұл – қазақ сатирасының ғана емес, қазақ әдебиетінің халықаралық аренадағы тағы бір жарқын жемісі!
Гүлсара БАЙДАНОВА