ЖЕТІ ТАРАПТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ
Қойылған сауалдың өзінде біздің Президентіміз қайталап айтып жүрген уақыттың тарихи дөңгелегі жөніндегі белгілі концепт байқалады. Тарихи өлшеммен қарайтын болсақ, біздің тәуелсіздігіміздің өзі қысқа сәт іспетті. Бірақ осы қысқа кезеңнің өзінде жеке адамның, бірнеше ұрпақтың, елдің өмірі түйіскенін байқаймыз.
Зарема ШАУКЕНОВА,
Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор
Әдетте, біз тарихи уақыттың ұшқырлығын ақпараттық ғасырдың технологиясы тұрғысынан пайымдаймыз. Әлемдік өркениет цифрлік революцияны басынан өткеруде және сандық технологиялар бүгінгі таңда әлемдік ЖІӨ-нің үштен бір бөлігін жаулап алды. Интернет-банкинг, электронды үкімет және басқа да қызметтің түрлері бізге де жетті. Әлеуметтік желілерде болатын жаңа ұрпақ пайда болды. Ол – Net ұрпағы деп аталады. Қазақстандағы әлеуметтанулық сауалнамалардың деректері бойынша респонденттердің 29 жасқа дейінгілерінің 65%-ы әлеуметтік желілердің өкілдері болып табылады, олар смартфондарды қолданады және бұл көрсеткіш үлкенірек жастағы топтарға да тарап, қатары көбейіп келеді, ал үлкен апаларымыз бен аталарымыздың арасында әлеуметтік желілер мен смартфондарды қолданатындардың үлес салмағы 7% құрап отыр.
Теориялық тұрғыдан алғанда, кеңістік пен уақыт жалпы ортақ ұзақтық құбылысы арқылы өмір ағымына сәйкес келетін ұғымдар. Физика мен әлеуметтік уақыттың өзара байланысын, яғни басқаша айтқанда, біздің өмірімізді жақсырақ түсінуге белгілі академик С.П.Капицаның тұжырымдары көмектеседі. Оның пайымдауынша, адамзат тарихындағы әрбір жаңа кезең алдыңғыларынан 2,5-3 есе қысқарақ. Уақыттың қысқаруы адамдарды өмірлік өзгеруге итермеледі. Адамдар тарихи бір дәуірден екінші дәуірге ауысуда. Өзгерістер пәрменді болатыны соншалық, кейде адам санасы барлығын бірдей сүзгіден өткізуге шамасы жетпей жатады.
Шыңғыс ханның Орталық Азияға бір жыл бойы жорық жасағанын көзге елестетіп көріңіз. Бүгінгі таңда дыбыстан жылдам ұшатын ұшақтар Парсы түбегінен Сирияға дейін санаулы минуттарда жетеді. Метапарадигмалардың ауысуы орын алуда. Сыртқы әлеуметтік қабық секунд сайын өзгеруде және осы ауыспалы заманда адамзат үшін бір ғана міндет қалғандай. Көптеген міндеттер емес, бір ғана – ол өзінің гуманитарлық табиғатын эрозияға, яғни бүлінуге ұшыратпауы.
Әлеуметтанулық теория қауіп-қатерлерді анықтауға көмектеседі. Атап айтқанда, бұл теория бойынша әрқилы ықпалы бар өзгерістердің қабаттасуынан, қас-қағым сәттік өзгерістердің нөлдену қозғалысы, яғни дерек жүзінде прогресті болдырмауы мүмкін. Тіпті, ол кейін қарай кетуі де ықтимал. Адамзат үшін жоғары технология ғасырында жаңа орта ғасырларға ендеу болашағы күтіп тұрғандай әсер қалады. Постмодернистердің төмендегідей белгілі ұраны бар: барлығы өзгереді – демек, ешнәрсе өзгермейді.
Осындай жағдайларда барлық қозғалыстарды бақылай отырып, ғаламның жетілген бағдарламасын қалай түзеуге болады. Адамзатқа ғаламның кішкене ғана бөлігі бұйырған, ал бірақ біз осы мекенде өзара бір-бірімізбен үйлесе қарым-қатынас жасай алмаймыз.
Осы барлық ғаламат өзгерістердің кілті болып табылатын жаңа әдіснаманы біздің Көшбасшымыз – Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Ол халықаралық және өркениеттік қатынастардағы тұрғыларды базалық түрде өзгертуді, яғни тетіктерді минустан плюске бұру арқылы табысқа қол жеткізуді ұсынды. Бұл жерде аталған тетіктер баршаға белгілі – Қазақстан халқы Ассамблеясы, діндер съезі, этносаралық және конфессияаралық келісім, антиядролық қозғалыс, аймақтық экономикалық интеграция, Еуразияның жаңа өлшемі және т.б.
Қазақстандықтар үшін бүгінгі таңдағы біздің көптеген қомақты нәтижелеріміз біртұтас күйге жинақталғаны маңызды. Қазіргі күні тек оқиғалар ғана емес, сонымен қатар, оларға деген қатынастың әдіснамасы да маңызды. Адамдар қол жеткен жетістіктерімен ғана шектелмей, қалай қарай қозғалу керек екенін түсініп, болашақты бағамдауға тырысуы керек. Ал әдіснаманың жоқтығы, дүниеге кең түсініктердің болмауы дамуға, өзгерген әлемде өзінің бірегейлігін табуға кедергі келтіретін кейбір қорқыныштар мен жаңылысуларды туындатады. Қазақтардың бойында іргелі басымдық танытатын табиғи қасиеттер бар. Ұлттың ұстанымын нақ білдіретін бір ғана цифрді атай аламын. Мәселен, сауалнамаға жауап берген қазақтардың 40% ұлттың бойында ерекше дарындылық бар екеніне толық сенімді. Бұл әлемдік экожүйенің әрқилы өзгерістеріне сәйкес біздің этникалық табиғатымызды және оның сыртқы әлемін (география, экономика, саясат) дамытуға бағытталған тамаша әлеуетіміз бар екенінен хабардар етеді.
Біздің отандық гуманитарлық ғылым бүгінгі таңда Қазақстанның идеологиялық жағдайын жаңа сапалы сатыға көтеретін жаңа деңгейдегі зерттеулерге өту үстінде. Әр түрлі салалардың базалық монадалық деңгейінен макротеориялар мен ірі қолданбалы зерттеулерге өтудеміз. Оған негіз болатын іргетас – Бірінші Президентіміздің, Ұлт Көшбасшысының «Мәңгілік Ел» Патриоттік идеясы болып табылады. Жеті тараптық құндылықтардан тұратын Мәңгілік Ел жаңа метатеория құрудың, қалыптасқан мемлекет ретіндегі Қазақстанның доктриналдық негіздемесін жасаудың басты факторы екені анық. Келесі жылдан бастап «Мәңгілік Ел» қоғамының практикалық моделін өрнектейтін «Мәңгілік Ел» Гуманитарлық платформасы жүзеге аса бастайды және ол өз кезегінде кезінде әл-Фараби мен Абайлар армандаған қайырымды қаланы қалыптастырумен ұқсас. Сөйтіп, кезінде біз зерделеп болдық деген данагөй авторларымызды қайта оқудың да уақыты келді.
Осындай идеологияның негізінде болашақтың шабыттандыратын бейнелерін жасай аламыз. Осындай әлеует «Мәңгілік Ел» атты кодталған терминде қуат көзіндей қордаланған.