Жақсы дүниелерді құндылық ретінде ұсынып келеміз
05.04.2023
2785
0

Отбасы құндылықтарын дәріптеп, неше түрлі жобалармен қоғамға өзіндік үлесін қосып жүрген жандар баршылық. Бұған дейін көп таралыммен жарық көрген «Отбасы хрестоматиясы» кітаптарының авторларының бірі – Әділбек Нәби бұл мәселеге байланысты бүй дейді:

– Құндылықтарды дәріптеу үшін негізгі басымдылықты аңыз-қисса мен ертегілерге береміз. Себебі алаш зиялылары болсын немесе 60-80 жылдардағы аға буынның естеліктерін шолып шығатын болсаңыз, бәрі кішкентай кезінде ертегі, аңыз, қисса, жыр тыңдап өскен. Көкіректегі құндылықтың іргетасын осы дүниелермен толтырған. Осы тәжірибелерді көріп қисса жанрын жаңғыртуға күш салдық. Сөйтіп, ХІІІ ғасырда өмір сүрген Рабғузидің «Қисса сүл әнбие» деген кітабын шығардық. Және осы кітаптың негізінде «Салт-дәстүр сөйлейді», «Әлдиден эпосқа дейін» деген екі кітап құрастырдық. Одан соң «Мың сұрақ» деген кітапты жарыққа шығардық. Бұл да ХХ ғасырда кең таралған кітаптардың бірі еді. Шәді Жәңгірұлының «Назым Сияр Шәріп» және Алты Бармақтың жазбалары негізінде «Сияр Шәріп» деген кітапты құрастырдық.
Марқұм Бейсенбей Кенжебаев деген ғалым ағамыз мынадай бір зерттеу жасайды. Ол Қазан төңкерісіне дейін Қазақ даласында 2828 мектеп-медресе болғанын жазады. 1897 жылдың өзінде сол медреселерде оқыған балалардың саны – 28898 болыпты. Алаш зиялыларының бәрі дерлік осы мектептерден білім алған. Ал енді мектепте қандай пән оқытты дегенді, ол жайлы деректі Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» деген кітабынан табасыз. Сәбиттің өзі де осы мектептердің бірінен сауат ашқан. Сонда жазушы мектеп-медреселерде оқытылған мынадай кітаптардың тізімін береді: «Қисса сүл әнбия», «Мұхаммедия», «Сияр Шәріп», Шығыс шайырларының өлеңдері, ғашықтық, батырлық дастандар.
Біз осы мектептерді оқытылған пәндерді қайта жаңғыртуға негізгі басымдылықты бердік. Шығыс шайырлары бойынша: Омар Хайямның «Наурызнамасы», «Қабуснама», Әттардың «Құстар мәжілісі», Румидің «Піл туралы талас», Сағдидің «Гүлістаны», «Кәлилә мен Димна» сияқты кітаптарды шығардық.
Сонымен бірге Алаш дәуірінде аударылған шетел әдебиетінің балаларға арналған нұсқасын жасап шықтық. Ол бойынша 20 шақты кітап шықты. Алаш зиялылары 1924-1938 жылдар арасында жүздеген шетел әдебиетін аударған екен. Бірақ бұл кітаптардың көбі бір-ақ рет латын хәрпінде жарық көрген, одан соң баспа бетін көрмеген. Сол дүниелерді қайта жаңғыртып, балаларға, отбасына құндылық ретінде ұсынып отырмыз.
Ең соңғы шығарған кітабымыз – «Отбасына арналған 30 сабақ». Бұл кітапта – бала мен ата-ананың бірге отырып оқитын дүниелерін топтастырдық. Бір сабақ он тапсырмадан тұрады. Бірінші тапсырма: ата-ана мен баласы ертегі оқиды. Екінші тапсырма: қара жұмбақ шешеді. Үшінші тапсырма: қисса-cұрақты табады. Төртінші: киелі жерлермен танысады. Бесінші: сыр сөз жаттайды. Алтыншы: шешендік сөздерді оқып жаттығады. Жетінші: Ахметтің «Қырық мысалын» оқып, талдайды. Сегізінші: Қожанасырдың бір хикаясын оқиды. Тоғызыншы: Ыбырай Алтынсариннің бір әңгімесін оқиды. Оныншы: Ән-күйдің аңызын оқып, соны тыңдайды. Осылайша, 30 сабақ бойы осы тапсырмаларды оқып, жаттап, жаттығып шығады. Тапсырмалардың шарты сол – барлық тапсырманы бала ата-анасымен бірге орындау керек. Бұл бір жағынан бала мен ата-ананың арасында коммуникацияны арттырып, ортақ әңгіме, ортақ тақырып пайда болады.
Қорыта айтқанда, осындай дүниелерді отбасының құндылығы ретінде ұсынып келеміз. Біздің кітаптар бастапқы кезеңде, яғни алғашқы 4-5 кітап жеке кәсіпкерлердің спонсорлық көмегімен жарыққа шықты. Кейін баспа өз аяғына тұрған соң, сатылған кітаптар, өз шығынын жауап, кейбіреуі келесі кітаптардың шығуына ұйытқы болып, бірін-бірі сүйреп келеді.

Отбасы институтының нашар жұмыс істеуі – дағдарысқа әкеледі 

Әлеуметтік желілердің бетінде небір сұмдықтар қаптап жүр. «Жарнамалап» таратудың қайнар көзі – смартфондар мен гаджеттер болып тұр. Жат көріністердің көптігі соншалық, қайсыбіріне тіпті селт етпейтін де аудитория, елең етпейтін немқұрайды топ пайда болды. Біздің тыйым мен тағлымға толы қазақы тәрбиеміз бірте-бірте табалдырығымызда қалып, алғашында босағамыздан сығалаған бөгде елдің бөстекі тірліктері, соңғы кезде тіпті төрімізге алшаңдай шығып, ес-ақылымызды алып, ой-санамызды сансыратып тастады. Арзанның сапасы жоқ. Бардың қадірі жоқ.
Бұрын арман болған нәрселерге адамдар мақсат қоя ұмтылатын. Қазір бәрі оп-оңай қолжетімдіге айналды. Дап-дайын. Бұрын құпия көрінген нәрселер тәтті болатын. Бүгіндері бесіктен белі шықпаған балаға да беп-белгілі болды. Шетелдің өркениетін меңгереміз деп, өзіміздің ұлттық көркем ниетімізден айрылдық.
Өзінің өзегінен шыққан үш бірдей балапанының өмірін шімірікпестен о дүниеге қиған (әке деген аттан садаға кетсін) ақтаулық әкенің ісі осындай кесепаттардың барып тұрған сорақысы. Діни ағымның деструктивті жетегінде жүрген жан болса, оған тіпті кешірім болмауы тиіс. Бұл жауыздықтың түп тамыры – отбасынан бастау алып отырғаны мәлім. Отбасынан кеткен қателікті ешбір мектеп, балабақша мен жоғары оқу орындары түзете алмайды. Отбасы – әуелі неке құрудан, екі жастың отау құруынан басталады. Ал біздің ап-ашық, тіпті тыр жалаңаш қоғам не істеді? Экономикалық саясатты жолға қоямыз деп, «мүшеқаптарды» жарнамалады.
Оң жақта отырып-ақ жүкті болып қалған қыздар көбейіп, жаңа туған шаранасын далаға тастайтын жауыз аналар пайда болды. Тастанды балаларды немесе қызылшақа күйінде жантәсілім еткен шараналарды туғандардың әлгі жауыз әкеден несі артық? Оларға да аяушылық болмау керек.
Құрылған жаңа отау ақ некеден ғана сәтті салтанат құрмақ. Заңды неке ғана тату-тәтті, үбірлі-шүбірлі отбасы ұласады. Осы жерде, заңды некеге антоним ретінде қабылданып кеткен азаматтық неке деген де дүдәмал тіркес қазір модыға айналған… Азаматтық некеге қатаң тыйым салынуы тиіс. Тыйым салынса – әке мен ананың балаға деген жауапкершілігі әлсіремейді.
Әңгіме осындағы әке мен анада, ерлі-зайыптыларда. Қазақ атамыздың «ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген мәтелі көптеген отбасы мүшелеріне өздерін-өзі ақтауға әбден жақсы сөз болған. Бұл – өте қауіпті сөз. Ыдыс-аяқ сылдырап тұруы керек екен деп ұққан жас отбасы бір-бірімен үй ішінде ғана емес, бейсауыт жұрт көзінше де қырқысып, қырылысып, жанжалдасуға бейімделіп кетеді. Күнде ырың-жырың болатын күйбең тірлікте, сосын күйеуінің жұдырығы әйеліне қате тиіп кетуі, немесе, керісінше, болуы ықтимал. Қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі де осындай себептермен ушыға бермек. Мұндайға көбіне иманы әлсіздер (орысша мұны «сила воля» дейді) ұшырайды. Иманы әлсіздер жат діни ағым жетегіне де жылдам ереді.
Бұл қатердің алдын алу тек мемлекет басындағылардың қолынан келмек. Құқық қорғау, заң шығару органдарының белсенділігі қажет. Осы орайда, қазіргі уақыттағы өзбек, тәжік, түркімендердің көп нәрсеге қатты тыйым салып жатқан тәртіптерінің үлгісінің тозығын емес, озығын алсақ, сауап болар еді.
Өзімізде де телі мен тентегінің жаманатын сыртқа шығармай, дер кезінде тыя білетін талай шаралар бар болатын. Дала академиясы ерекше дамыған дана қазақтың қазіргі ұрпағында отбасы, аналар, әкелер институттарының нашар жұмыс істеуі – осындай қаныпезерліктердің тууына әкеліп соғып отыр.

Үміт БИТЕНОВА,

ақын

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір