БІЛІМ МЕН БАЙЛЫҚ, ПАРЫҚ  ПЕН НАРЫҚ
12.08.2016
5696
0

долларСаңылаулы адамға байлық пен білімнің ара салмағын ажыратып айтып жатудың өзі артық. Десек те, қоғамымыздың бүгінгі бейне болмысынан білімнің емес, байлықтың басты орынға шыққанын аңғаратынымыз рас. Білімнің орнына байлықты мақсат тұтып кетуіміздің себебі неде? Дұрыс қалыптасқан елдерде бұл жағдай қалай шешімін тауып жатыр?
VII ғасырда өмір сүрген мұсылман­дардың алғашқы төрт халифасының бірі – Әзірет Әлінің білімнің байлықтан артық болатынын шегелеп түсіндіретін өнегелі өсиетін естен шығарып ала беретініміз неліктен? Бала күннен санамызға сіңіріп өскен, қайталау – оқу анасы екенін ескеріп, Әзірет Әлінің басынан өткен осы бір ғибратты мысалды оқырман назарына қайталап ұсынғанды жөн санадық.


Ел ішінде «ілімнің қақпасы» аталып кеткен Әлінің даналығын  сынау үшін жерлестері оған күніне бір адамнан он күнде он кісі жібермекші болыпты. Олардың оны да Әліге: «Білім артық па, байлық артық па?», – деген бір ғана сұрақ қоятын болып келісіпті. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана оны шын мойындамақ болыпты. Сонда Әлі әр адам қойған бір сұраққа былай деп жауап берген екен:

  1. Білім артық, өйткені, ол – пайғамбарлардан қалған мирас, байлық – бақылдардан қалған мұра.
  2. Білім артық, білімдінің жанында адал достар көп болады, ал бай адамның қасында амал достар көп болады.
  3. Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.
  4. Білім артық, оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі.
  5. Білім артық, оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің.
  6. Білімің көп болса, ел саған қызығады, байлығың көп болса, ел сені қызғанады, білімнің артық болатыны сол.
  7. Білім артық, білімің көп болғанмен, есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
  8. Білім қанша көп болса да іріп-шіріп кетпейді, дүние-мал болса бүлінеді, сондықтан да білім артық.
  9. Білім артық, ол кісілігің мен кішілігіңді арттырады. Байлық болса сараңдық пен қомағайлығыңды арттырады.
  10. Шынайы білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық, – деген екен.

_MG_0455Шәріпбек ӘМІРБЕК,
саясаттанушы

ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ИДЕЯ – БАЮ

Қоғамда моральдық тежегіш тетіктер қалыптаспағандықтан қандай жолмен болсын баюға ұмтылу жастардың санасына сіңген «жалпы ұлттық идеяға» айналды. Біріншіден, аға ұрпақтан алған үлгі бар. Екіншіден, білім бағаланбаған заманда адамның өлшемі тек байлықпен бағаланады (шыққан ортасы, мекен-жайы, қызметі).

Білім неге бағаланбайды? Себебі, білім саласының жалақысы төмен.  Білім таратушы адамның жағдайы төмен болған жағдайда кім оған еліктейді, кім үлгі тұтады. Ең бастысы, қоғамда білімді адам жетістікке жетеді деген қағида қалыптаспай отыр. Сондықтан біздің жастар «білім» ұғымын тек диплом деп түсінеді, Ресей жастары «білім – зор күш» (знание – сила) деп қабылдаса, ал ағылшын тілділер «білім – ақпарат, даналық» деп түсінеді. Бұл ұғымды қабылдау деңгейіндегі  үлкен қателік жаппай диплом алу қозғалысын тудырды, ал қаптаған жоғары оқу орындары осы қозғалысқа негіз болды. Екінші, үлгі қалыптастыру жүйесі орныққан жоқ.  Бізде миллионер мен миллиардерлер арасында білімімен жетістікке жеткендер саусақпен санарлық. Ғылым немесе техника саласында жаңалық ашып, байып отырғандар да аз. Міне, осы факторлардың барлығы жиналып қоғамдағы құндылықтар жүйесіне әсер етеді.  «Ақылдың азабына» ұшыраған білімді жастар арман қуып шет ел асуда. Қоғам қаншама қаржы салып тәрбиелеген жастарын тиімді пайдаланбағандықтан экономикаға, ұлттық потенциалға қаншама нұқсан келмек.


Галым ЖусипбекҒалым ЖҮСІПБЕК,
АҚШ, Вашингтон
«Қайта өрлеу» институтының сараптамашысы

КӨШ ЖҮРЕ ТҮЗЕЛЕДІ

Жалпылама жауап беру, әрине, қиын және объективті болмауы да мүмкін, себебі әрбір қо­ғам көпқырлы және үнемі дамып тұра­тын құбылыс қой. Бүгін қатты күйзеліп тұр­ған қоғам ертеңгі күні беті бері қа­рауы мүмкін немесе керісінше жағдай болуы да ғажап емес. Яғни көп жағ­дай­да көзге көрінбейтін және тек қа­на арнайы ғылыми жолдармен анық­тауға болатын механизмдер жұ­мыс істеп жатады; сол үшін әлеуметтану, психология, әсіресе, ког­нитивті психология сияқты ғылымдарды, саясаттанудың кей­бір арнайы салаларын дамыту керек және ғылым қоғамнан, ға­лым­дар да өздері өмір сүріп жатқан қоғамнан бөлінбеу керек.

Бірақ дамыған батыс елдері туралы мыналарды айтуға болады.

Әсіресе, оқыған, білімді отбасылар балаларының жақсы, озық білім алып шығуларына қатты көңіл аударады. Тіпті, сәби кезінен бастап ден қоя бастайды. Баланың психологиялық жағынан толыққанды тұлға болып қалыптасуына жіті қөңіл аударады. Яғни бала тәрбиесінде ұру-соғу, жекіп айқайлауға мүлдем жол берілмейді. Баланы тұқыртып тастамайды, қорқытпайды, баланың былдырын кәдімгідей тыңдап, онымен көп сөйлеседі. Жағымды музыка тыңдатады, т.б. Жалпы, балаға жағымды орта туғызады. Ғылымның айтуынша, баланың алғырлығы, эмпатиялық қабілеті (өзгенің сезімдерін түсіне білу, жүрегі жұмсақ болу) және тәуелсіз тұлға ретінде қалыптасуында осы балалық, тіпті, сәби кезі өте маңызды. Тіпті, ғылымда «баланың миын ата-анасы қалыптастырады»  деген түсінік те бар. Баланың оқитын мектебін таң­дайды, жалпы баланы дамытатын факторларға қатты көңіл аударады. Бұлар, әри­не, бізде де бар, алайда менің көргенім, ол елдерде ата-аналар, жалпы үлкендер ба­ламен кәдімгідей санасады, оның пікірін тыңдайды, баламен ақылдасады. Бізде бұны ба­ланы төбеге шығарып алу деп санайды, әрине, бұл орынсыз салыстыру. Осындай ортада өскен, қалыптасқан бала мамандықты да өзі таңдайды, ата-ана оған кеңес береді. Бұндай баладан, жасөспірімнен жақсы маман шығады, себебі, оның өзіндік пікірі бар, өз-өзіне деген сенімділігі және білімі де бар. Бұндай ортада өскен және қалыптасқан бала, жасөспірім өзгені де сыйлайды, этикалық нормаларға қатты көңіл аударады, себебі, өсіп шыққан ортасында осыны көрген, ата-анасы осылай үлгі көрсеткен.

Бір айта кетерлігі, дамыған елдердегі оқыған, білімді адамдар өте қарапайым болады, мақтаншақтық, өзгені сыйламау, дөрекілік, мансабын, атағын бұлдау немесе «сату» (яғни коррупциялық жағдайлар жасау) сияқты жағымсыз қасиеттерді көрмейсіз. Негізі, шын мәнісінде, білімді адамда бұлар болмау керек.

Бізде жағдай, меніңше жөнделіп келе жатқан сияқты. Алайда, әлі де шешілуі тиіс мәселелер аз емес. Жалпы, балалардың құқықтарына көп көңіл аударылмайды, тіпті, бұны көп ата-ана білмейді де. Бала өзгені сыйламауды осылайша өз отбасынан үйренеді. Басқаны айтпағанда, АҚШ-та көп жылдар бойы жасалған зерттеулер бойынша, ересек өмірде ауыр қылмысқа баратын адамдардың сексен пайызы – бала кезінде жақындарынан психологиялық зәбір көрген болып шықты. Бізде бала тәрбиесінде «этикасы жоғары толыққанды тұлға» қалыптастыру мақсатынан гөрі, әлі де «ақша табатын», «ел басқаратын бастық» бала «өсіру» арманы, мақсаты байқалады. Пәленшенің баласы пысық екен, анау жерде бастық болыпты немесе бүкіл туысын, ауылын асыраса, сенің болса қолыңнан түк келмейді деп айту, салыстыру – өте қауіпті құбылыс. Бұл түсінік баланың психологиясын құртумен қатар (бір көрінісі – өзгелердің жетістігін көре алмаудың психологиялық астары да осында), қоғамда демократия мен меритократияны да дамытпайды. Сондай-ақ, ғылым мен білімнің қадірін қатты түсіреді. Дегенмен, бізде, жоғарыда атап өткенімдей, жағдай түзеліп келе жатыр. Жастардың көбі балаларының жақсы білім алуымен, бала психологиясына да дұрыс ден қоя бастады. Көш жүре түзеледі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір