АУАДАҒЫ БАЙЛЫҚ

Біздің жеріміздің ауасында да байлық бар. Себебі «Қазақ даласы ән салып тұрады». Мұны айтқан орыстың ойшылы. Қайдан біліп қойғанын ешкім де түпнегіздеп айта алмайды.
Шетелдіктердің біздің елге қызығатыны сол – жердің асты да, үсті де байлық, ортасы да байлық, аспандағы батыстан шығысқа, шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктен оңтүстікке көшіп жүретін ақ бұлттар, қара бұлттар, қазбауыр бұлттар, арақ ішіп шықсаң да, ішпей шықсаң да адастырып жіберетін қалың тұман, тіпті ауасы да байлық.
Ал сазгерлерге рақат, ақынға өлең жаздырып алады да, кешкісін биік жотаға шығып, қоңыр желдің арасынан әуен іздейді. Екі қолын екі жаққа созады, аузын арандай ашады да «һа-а-а-а-а!» деп қоңыр желді, арасында әуені бар сиқырлы желді, сиқырлы ауаны ішіне сіміре жұтады. Содан соң өзінен-өзі ыңылдай бастайды. Ішіндегі жел ішек-бауырына барып «әуен төңкерісін» жасайды. Бес минуттен кейін ыңылдайды. Ыңылдағаны бір әуен, сол ыңылдан ән шығады. Он минут желге бетін бұрып тұрып, желді, ауаны құшырлана бір жұтады да тағы бір ән шығарады. Сол ар жақ, бер жағы он минутте екі ән шығарады да: «Бүгінге осы жетеді», – деп үйіне жетуге асығады. Себебі әуенді нотаға түсіру керек. Ал ішкі ағзаларына «төңкеріс» жасаған әлгі қоңыр желдер бірнеше минуттерден кейін бірнеше тесіктер арқылы сыртқа шығып кетеді.
Ауадағы байлықты әдіскер мұғалімдер де біліп алған. Анау-у-у-у Астанадан келетін «ән сабағы» деп аталатын оқу бағдарламасында 5-сынып оқушыларына ән шығарудан тапсырма беріледі екен. Әлгі сазгерлер мектепті бітірген соң ән шығаруды үйрететін жоғары оқу орнына түспей-ақ сазгер болып шыға келеді. Бағдарламада мынадай тапсырма бар: «Кез келген бір ақынның өлеңіне ән шығару». Бағдарламаны жазған әдіскер-ғалым әлгі орыс ойшылының «қазақ даласы ән салып тұрады» деген сөзін біліп алған-ау. Оқушы не істеуі керек? Биік жотаның төбесіне шығып алып, қоңыр желді құшырлана жұтуы керек. «Жел», «Төңкеріс», «Ән», яғни жаңа ән пайда болады…
Осы көршім Жаңагүл қызық. «Жотаның төбесіне шығып ауаны ішіңе жұтсаң, ән пайда болады» деп естідім, ауаны қалай жұтамын?» – деп сұрайды менен.
– Айналайын, көршім-ау, ол жел кез келген адамның ішіне кіріп кете бермейді, – деймін мен.
– Енді кімнің ішіне кіреді? Мен адам емеспін бе? Менің де ауызым бар, қандай жел болса да, қандай ауа болса да жұта беремін, – дейді маған өкпелеп.
Кешкісін ауылдың сыртындағы жотаға жақындасам, көршім Жаңагүл, жанында жолдасы бар, біріне бірі айқайлап, бірі біріне бірдеңелерді айтып, қолдарын екі жаққа созады. Содан соң: «Һа-а-а-а-а-а! Һа-а-а-а-а!» – деп айқайлайды.
– Әй, не істеп жүрсіңдер? – деймін ылдида тұрып.
– Ауа жұтып жатырмыз, – дейді көршім Жаңагүл.
– Ауаны не қыласыңдар?
– Сатамыз.
– Естерің дұрыс па, ішке жұтқан ауаны қалай сатасыңдар? Ішке кіріп кеткен соң ол қайта шыға ма?
– Сен қалай сатып жүрсің? – деп, өзімді сұрақпен соққылайды.
– Мен ауаны сатамын деп қашан айттым? Сазгерлер ауаны іштеріне жұтады, – дедім.
– Ішке жұтқан ауаны сата ма?
– Қоя тұр, тыңдап алшы мені!
– Түсіндім, – дейді ол жерден жеті қоян тапқандай. – Желді ішімізге кіргіземіз. Одан соң оны қалай сатамыз, қалай сыртқа шығарамыз?
– Ал сата ғой? – деймін, ашуланып. – Тыңдап алсаңшы.
Ол мені тыңдамайды:
– Енді білдім, ауаны сыртқа шығарамыз, – деп, ішек-сілесі қатып күлді, күле берді.
Келіншегінің не айтқанын түсініңкіремей қалған күйеуі:
– Мен таптым! Мен таптым! – деді қуана айқайлап. – Желді бүйтіп төбеге шығып жұтқанша, шайтанарбамның насосымен біріміздің аузымызға біріміз үрлейік те. Насоспен үрлеген ауа тығыз болады. Сатуға да бағалы болады.
– Әй, ол көп ауаны қалай қолыңа ұстап тұрасың? – деймін.
– Балалар ойнайтын шарға тығамыз.
– Қалай тығасың?
– Шардың аузын тақап ұстап тұрамыз.
– Қай жеріңе тақап ұстап тұрасың?
Жаңагүл ішін ұстап жерде домалап, күліп жатыр. Күйеуі ойланып тұрып:
– Мұрныма тақап ұстап тұрамын, – дейді.
– Мұрныңмен үрлеп толтыра аласың ба, шарды? – деймін.
– Мұрынға емес, – дейді Жаңагүл жерде ішек-сілесі қата .бүк түсіп жатып.
– Енді қайда тақаймын, құлағыма ма?
– Құлақтан ауа үрленбейді, – дейді Жаңагүл. «Ішім, ішім…» деп қояды арасында.
– Қатты шығатын жер қайда? – дейді күйеуі.
– Күнде жел шығарып жүрсің ғой, ұмытып қалдың ба? – дейді одан сайын ішек-сілесі қатып.
– Нені шығарып жүрмін, ішімнен? Айтсаңшы, жұмбақтамай! – деп тебінеді күйеуі. Содан соң:
– Ә-ә-ә. Таптым, таптым, – деді оның да ішек-сілесі қатып. – Оған бір адам керек қой, шарды жел шығатын жерге тақап ұстап тұратын!
Мен «бұлар не айтып тұр?» деп таңданамын.
– Ауа – тіршілігіміздің басты көздерінің бірі әрі бүкіл әуен-ырғақты туындатушы болмыс.
Жаңагүл ішін басып әлі күліп жатыр. Мен еш нәрсеге түсінбеген қалпым үйге қарай зыттым…
ҚОСЕСІМДІЛЕР «ӘЛЕМІ»
Негізінде, біздің қазақтар жан-жақты ғой, «Қазақтар төрт жыл оқып бакалавр, одан соң магистратураға түсіп, магистр болып миын ашытпай-ақ, мектеп бітіре сала аттестатпен кез келген жерде жұмысын дөңгелетіп алып кете береді», – депті шетелдің бір ғалымы. Мұның себебі қазақтарда екі есім болады. Екі есімі болғандықтан олардың миы жақсы істейді. Мұны, көбінесе, қытайлар айтады дейді. Мұндай қосесімділер елімізде Аллаға шүкір, қаптап жүр ғой, қаптап жүр! Қосесімділер мектеп қабырғасында оқып жүрген мектеп оқушыларынан бастап студенттер, ғалымдар, жазушылар, артистер, инженерлер, дәрігерлер… – бәрінде кездеседі.
– Қосесімділер деген кім? – деп сұрайды құдайы көршімнің үйіне Ташкенттен қыдырып келген Юлдаш ака.
– Қосесімділер Жер планетасында бізден басқа елдерде мүлде кездеспейді! Сол үшін біз мақтануымыз керек! Бізде шақалақ шыр етіп дүниеге келген соң көп ұзамай әкесі азан шақырып сәбиге есім қояды. Мысалы, Әсел деп. Әсел – әрине, ғажайып поэтикалық есім! Сол Әселіміз туу куәлігін алған соң Асель болып шыға келеді, яғни Әсел-Асель – қосесім.
– Оны анасы қалай шақырады, Әсел-Асель деп шақыра ма? – деп сұрақ қояды Юлдаш ака маған.
– Жоқ, Әсел, деп шақырады.
– Мәселен, Әсел мектепке барғанша Әсел, мектепке кірген соң Асель болып шыға келеді.
– Оһ! Қандай керемет! – дейді Юлдаш ака басын шайқап таңданып. – Мектепке кіргенде қалай Асель болып өзгереді?
– Сынып журналында Асель. Сабақ біткенше Асель, сабақ біткен соң мектептен сыртқа шығады ғой, сол кезден бастап Әсел!
– А-а-а? – деп таңғалды Юлдаш ака. – Осы қазақтар ғажайып халық!
– Біз көп ойлайтын халықпыз, көп ойлайтын адам көп ұйықтайды.
– Жоғары оқу орнында оқитын студенттер арасында да қосесімділер бар ма?
– Әрине, мысалы, университетке барамын дегенше Әлия болып барады да, аудиторияға кірген соң Алия болып өзгереді. Әлия – профессордың журналында Алия!
– Не деген бақытты жастар! Қосесімділер үлкен адамдар арасында да бар ма? – деп сұрайды.
– Әрине! Мысалы: Әлібек – Алибек, Құтбай – Котбай, Әндірбай – Андирбай, Әнел – Анель, Әсемгүл – Асемгуль, Әбдеш – Абдеш, Сәмен – Семен, Өркен – Оркен т.т.
Көршім Жолдас аға да менің айтқанымды мақұлдайды:
– Иә, солай, біз – қазақтар ерекше халықпыз.
Бірде алтыншы сынып оқушысы Өнімгүлді ұстазы Онимгул деп тақтаға шақырған ғой. Сонда әлгі Өнімгүл үйіне барып шешесіне: «Мені сыныпта ұстазым Онимгул деді, негізі, сыныпта мені Онимгул деп шақыру керек еді», – депті. Сонда шешесі мәз болып: «Менің қызым мұғалімінен де озық ойлайды» – деп көршілеріне мақтаныпты деседі.
– Содан соң?.. – деп Юлдаш ака сұрақ береді. – Онимгул не болды?
– Ештеңе болған жоқ. Өнімгүл – Онимгулдің шешесі қызының ұстазына барып: «Сыныпта Онимгул деп айта беріңіз, Өнімгүл десе, сыныптастарынан ұялады екен», – депті.
Юлдаш ака да, Жолдас аға да ішек-сілесі қата күлді.
– Біздің елімізде бундай проблема иооооқ, – деді.
– Сіздерде иоооооқ болса, бізде бааааар, – деді Жолдас аға. – Өлкебек – Олкебек, Өнімбай – Онимбай, Әкімбек – Акимбек, Өтеубай – Утеубай деп кете береді.
– Қосесімділер өле-өлгенше осылай қосесімді болып кете бере ме? – дейді таңдана сұрақ қойып Юлдаш ака.
Жолдас аға оған:
– Жооооқ. Зейнетке шыққанша ғана. Зейнетке шыққан соң Олкебек, Онимбай, Акимбек, Такебай, Утеубай деген есімдер алынып тасталады. Халықты әлеуметтік қорғау мекемесі қосесімділерді бір есімдікке көшіреді. Әйтпесе зейнетке шыға алмайды.
– А-а-а-а, бұл дұрыс екен… – деп Юлдаш аға қуанып қалды. – Қазақтың қариялары зейнетке шыққан соң неге ақылды болады десем, қосесімнен құтылып бір есіммен қалады екен ғой. Енді түсіндім…
Қосесімділер әлеміне аңдамай кіріп кеткен Юлдаш ака Жолдас ағамен, менімен әрең қоштасты:
– Үкә, сізде қызық әңгіме көп екен. Қосесімділер әлемінен кеткім келмей тұр…
Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ