ҚАЗАҚ СЫНЫНЫҢ ЖАҢА КЕСКІНІ
– Өлеңдерің жаман емес екен. Қайда оқыдың, не бітірдің?
– Бітіргенде, – дедім мен кібіртіктеп. – Большевик жеті жылдық мектебін. Осы сәт жаңа ғана іш тартып өлеңдерің жаман емес екен деп отырған ағам жыландай жиырылып сала берді.
– Бәсе, өзім де әдебиет теориясынан бейхабар біреусің-ау деп отыр едім, – деп өлеңдерімді алдыма атып ұрды. Біршама сасып қалсам да:
– Аға, – дедім мен. – Сіз жаңа әдебиет теориясы дедіңіз бе? Ол не? Оны қайдан оқуға болады?
– Әдебиет теориясы, әдебиет теориясы… – деді ол әлден соң, – ол сын ғой.
Бар енді, оны саған тәтпіштеп түсіндіріп отыруға уақытым жоқ. Әлден соң:
– Ә-ә-ә, есіме түсті, – деді ол риза көңілмен. – Оны «Жұлдыз» журналы бар ғой. Соның соңғы беттерінен, сонан соң «Қазақ әдебиетінен» табасың. Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналын екінің бірі, егіздің сыңары жаздыртып алатын. Мен де солардың бірі едім. Үйге келісімен, «Қазақ әдебиеті» газетін, одан соң «Жұлдыз» журналын қолға алдым. Ағай айтса айтқандай, жазушы, ақын біткенді сыншылар тілдерінің жеткенінше сынап-мінеп тақияда сау тамтығын қоймайды екен. Қызыға, құныға оқыдым. Алғашқыда сыншының айтқанын айна-қатесіз шындықтың өзі екен ғой деп қабылдасам, бірте-бірте бұл қалай деген сыңайлы ойға берілетін болдым. Тіпті, оғаштау көрінгендері де жоқ емес еді. Соның кейбіріне тоқтала кетейін. Сәбит Мұқановтың «Жолдас май» атты өлеңін талдаған сыншы ақын: «Май сынды дерексіз ұғымды жан иесіне айналдырып, оған жолдас май деп қайрылады. Сөйтіп дерексіз ұғымды жан иесі ретінде кейіптейді. Бұл – қазақ әдебиетіндегі жаңалық, Сәбеңнің енгізген жаңалығы. Олай дейтініміз – жануар да жан иесі. Алайда, біз ешқашанда жолдас айғыр, жолдас сиыр деген емеспіз. Ешқашан да олай демейміз де», – деп пікір түйіндейді.
«Сұлтанмахмұт – діншіл ақын», «Қазақтың бас ақыны Абай емес – Тұрмағамбет Ізтілеуов». «Жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған – Жәкең». «Сталинге тең таппаған жағымпаз» деген негізсіз пайымдаулар жарық көріп жатты.
Көп ұзамай қайтсем жұрттың аузына ілігіп, қайтсем сыншы атанамын деген кеудемсоқ талайлардың аптығын басып, қалың оқырмандардың ой-санасын тура бағыттайтын тура билер – әділ сыншылардың еңбектері басылған кітаптары да қолыма тие бастады. Олардың қатары жылдан-жылға көбейіп, нығая түсті. Енді жалғыз мен емес, басқа да ондаған, жүздеген, бәлкім, мыңдаған оқырмандар Есмағамбет Ысмайловтың, Шериаздан Елеукеновтің, Зейнолла Қабдоловтың, Мұхтар Мағауиннің, Зейнолла Серікқалиевтің, т.б. толғаныстарын, зерттеулерін қызыға оқып, өздерінің әдеби талғамдарын тәрбиелеп, «қай шығарма несімен құнды, осал соққан тұсы қайсы?» деген сауалдарды өздерінше пайымдап, өздерінше пікір қалыптастыра бастады.
Қағылған қалта сарқылған қаражат, жылдан-жылға жалғасқан экономикалық дағдарыс. Еңсені тіктетіп, есті жиғызар емес. «Ашқарын жұбана ма, майлы ас жемей ме» деп ұлы Абай айтпақшы, міне, осындай ауыр кезеңде «Қазақ әдебиеті» газеті рухани аштыққа ұрындырмай қажетімізді өтеп-ақ тұр. Жауһар жыр, әсерлі әңгіме мен қатар газет бетінде соңғы жылдары әдебиетіміздің қол жеткен биігі алда алар асуы туралы толғақты да түйінді сынға да кеңінен орын беріліп келеді. Әсіресе, сыншы Әмина Құрманғалиқызының сындары маған қазақ сынындағы соны бетбұрыс. Тың құбылыс сынды көрінеді. Сыншының тілі жатық. Айтар пікірін он ойланып, жүз толғанып барып, қағазға түсіретіні байқалады. Сыншы ретінде Әмина байқағыш талғам таразысы да әріптестерінің көбінен озық. Ең бастысы, Кеңестік кезеңде қазақ ақындары анадан үйренді, мынадан үйренді деген көбіне дәлел-дәйексіз тықпаланып, оқырманды мезі қылатын жалаң пайымдаудан таза. Әр ақынның жетістігін де, кемшілігін де өз қазанында қайнатады. Өз үнін өзіндік менін қатардағы оқырманның танып-білуіне үлес қосады. Әлгі Кеңестік кезеңде сынға көңіл толмай, әлденені аңсай күткеніміз осы болды ма екен. Қазақтың әдеби тіл тануына ешкімнің аласы, бересі жоқ. Қазақы кейіпте кескінделген сын қол ұшын беріп жатса, қалай қуанбассың, қалай шаттанбассың. Ал Әмина замандасымыздың «Жұлдыз», «Жамбыл» журналдарында басылған қазақ ақын-жазушыларының еңбектеріне талдауынан осыны таныдым.
Бір сөзбен, мұз құрсаулап, қар көмкерген кеңестік кезеңнің көбесі сөгілген тұста да қазақ сынының қағанағы қарқ, сағанағы сарқ бола қоймады. Мұны ақын-жазушылар да, қалың оқырман да күн тәртібіндегі мәселе деңгейінде сөз етісті. Ақыры, сол күнде келіп жеткендей.
Әмина Құрманғалиқызының өз басымды қуанышқа бөлеген осы батыл қадамы біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Қостап-қуаттайтындар да сын айтушылар да табылар. Алайда, «Жарақат орны батырға сымбат» демекші, кім не десе де сыншы Әминаның білімдарлығын, батыл ойларын жоққа шығара алмас. Бұлай дегенде Әминаның айтқанының барлығы айна-қатесіз деуден аулақпын.
Мәселен, Әминаның «Сынның да естісі бар, есері бар» атты мақаласында сыншыларға «Біреуге бата беріп, отырған кісі неге қателеседі» деуі сәл артықтау, сәл асығыстау айтылған сынды. Өйткені, «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», тіпті қазбалай берсе, классиктерден де жаңсақ айтылған пікір, дұрыс құрылмаған сөйлем табылуы мүмкін. Өйткені, ақын да, жазушы да, тіпті сыншы да – пенде. Ал пендеге қателесу, жаңылысу тән. Тек бұл «Сені ме» деген астарлы ойдан туып жатпаса болды да.
Абай: «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез» демеп пе еді. Кейінгі жылдары ойлы сындары-мен көрініп жүрген сыншылардың бірі – ақтөбелік Ертай Ашықбаев. Оның да сын мақалаларында қаламгерлерге деген жылылық, ең бастысы, көп сыншыларда кездесе бермейтін шынайы білгірлік байқалады. Сол сияқты, төл газетімізде жарық көрген сыншы Бағашар Тұрсынбайұлының «Өмірді білу және жазу» атты сын мақаласындағы «Бір қарағанда, сол өмірді жақсы білетін сияқты. Бірақ одан соншалықты бейхабар екендігін де аңғардық. Осы шығармада жастардың өмірі жазылды дегенмен, бүгінгі қазақ әдебиеті үшін, қазақ қоғамы үшін қаншалықты өзекті тақырып? Ол жағы белгісіз. Шығармада көркем баяндау, суреттеу, кейіпкерлердің жан дүниесіне тереңірек үңілу онша байқалмайды. Құрғақ баяндау бар. Тілдік жұтаңдықты айтпасқа болмас».
Сонан соң ол Дархан Бейсенбекұлының «Қыл тұсау» романының 134-беттен тұратынын айта келіп, қазіргі кезде қысқа роман жазу сәнге айналған сияқты деуі жазушы шығармасы роман деуге татымайды-ау деген көңілге күдік ұялатса, «Екі айдың ішінде жазылған шығарма көтерген мәселесі мазмұн ауқымдылығы жағынан да роман деп айтуға келмейді деген түйінін оқығанда білетіндердің роман күрделі сюжетті кесек тұлғалы әдеби шығарма деген тұжырымы ойға оралды. Дегенмен, Бағашар Тұрсынбайұлы жазушы шығармасындағы олқы соққан тұстарды сынға алса да, бәлкім, «Қыл тұсау» жазушы ізденісінің бір көрінісі шығар. Бүгінгі прозасының бір деңгейі болар деген екен. Осы жолдарды оқығанда «Өсетін елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген қанатты қағида ойға оралғаны.
Сүлеймен БАЯЗИТОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Павлодар қаласы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.